Қайнар ОЛЖАЙ:
20.05.2025
100
0

Сәуір айының соңынан бері қаламгер атаулыны елеңдеткен жаңалық бар. Түрлі әлеуметтік желілерде ерекше жарнама жүріп жатыр. «Қазіргі заманғы қазақ романы» атты бәйге жарияланып, жазушыларды соған қатысуға шақырған жарнаманың астарын аңдатуды мақсат етіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің төрағасы Қайнар ОЛЖАЙДЫ әңгімеге тартқан еді.

– Қайнеке, «Қазіргі заманғы қазақ романы» атты бәйге жарияланғанына қаламгер қауымының делебесі қозып, қатысуға асығып жатыр. Өйткені мұндай қомақты әдеби бәйге бұрын-соңды жарияланбағаны анық. Жеңімпазға 15 миллион, басқа төрт авторға 3 миллион теңгеден беріледі. Осыншама қомақты қаржы қандай Атымтай жомарттан шығып отыр?
– Атымтай жомарт бар, аты-жөні де бар. «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесіне қаржы бөлуге белсенген азамат – ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов. Сырттан келіп, осында орнығуға тырысқан кәсіпкер емес, өзіміздің мемлекетіміздің азаматы әрі демеушілікке компанияның қаржысын емес, жеке ақшасын бөледі. Осы айырмашылықты ескеру керек.
Мұны неге айтып отырмыз? 2024 жылдың қорытынды дерегіндегі ERG компаниясының акционерлер тізіміне көз салсаңыз: 40 пайызы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне; 20,7 пайызы А.Машкеевичке; 20,7 пайызы Ибрагимовтер отбасына; қалған 18,6 пайызы П.Шодиевке тие­сілі болғанын көресіз. Егер бәйге ERG компаниясының атынан жарияланса, онда аз да болсын біздің бюджеттің қаржысы қосылар еді. Сондықтан ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің жеке ақшасы бәйгеге тігілгенін атап тұрып айту керек.
Бұл бәйге арқылы Шухрат Алид­жанұлы қазақ әдебиетін қолдап қана қойған жоқ. Бүкіл еліміздің рухани өміріне қозғау салады. Өйткені бәйге барысында жазылатын романдар жақсылыққа үндейді. Жаны ізгі адамдардың образы жасалады. Үш ұрпақтың бастан кешкені көркем тілмен, орнықты ойлармен сипатталған соң Отан деген ұғымның мәні ашылады. Сіз бен біздің кітап сөремізге бақандай бес роман қосылады. Шухрат Ибрагимовтің жеке шешімінің арғы жағында осындай үлкен мән жатыр.
Мұндай шешімге келудің алдында ол қазақ әдебиетінің ақсақалы Төлен Әбдікұлына арнайы хат жазды. Онда Қазақстанға экономикалық жетістіктермен қатар рухани түлеу қажеттігін түсінгенін айтады. Ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, қазақ жастарына жол сілтейтін шығармалардың болуы өте маңызды екеніне тоқталады. Хаттың соңын сөзбе-сөз келтірейік:
«Құрметті Төлен Әбдікұлы, осы орайда қазіргі заманғы қазақ әдебиетін қалыптастыруға өз үлесімді қоссам деп шештім. Ол үшін өз атымнан қомақты жүлде қоры тағайындалатын қазақ тіліндегі шығармалар үшін «Қазіргі қазақ романы» атты жыл сайынғы әдеби конкурсын (конкурстың концепция жобасы қоса берілген) тағайындауды ұсынамын.
Сізден аталған конкурстың ұйымдастыру комитеті мен әділ қазылар алқасын басқаруыңызды сұраймын. Оның өтуіне қажетті қолдауды көрсететін боламын.
Мұны қазақ ұлтының дамуына деген үлесім мен ел алдындағы азаматтық парызым деп қабылдаңыз.
Құрметпен, Шухрат Ибрагимов,
Eurasian Resources Group Директорлар Кеңесінің төрағасы».
Міне, осындай хат жазып, ақсақалдың батасын алды. Мұны қалталы азаматтың дер кезінде суырылып шығып, шешім қабылдауы деп бағалау керек. Өйткені бұл жыл қазақ әдебиетіне көп қайғы әкелді. Бірінен соң бірі Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Әкім Тарази өмірден өтті. Әдебиетті орман десек, ең биік бәйтеректері құлап жатты. Осы уақытта олардың орнына жас шыбықтар егілуі керек емес пе? Сол себепті Шухрат Алиджанұлы ең қажет кезде маңызды қадам жасады.

– Шухрат Ибрагимов қаржысын бөлген «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесін ұйымдастыруды әдеби бірлестік қолға алған екен. Енді соған тоқталсаңыз.
– Әдеби бірлестік деген – қоғамдық ұйым емес. Есеп-қисап жүргізілмейді, мөрі мен төлтаңбасы, тура мына жерде тіркелген дейтін мекенжайы да жоқ. Кітапқұмарлар клубы деген сияқты. Бұл – қызығушылығы ортақ, көзқарасы үйлесетін адамдардың пікір алысуға басқосуы. Кейде бильярд залында, кейде кітапхана залында, кейде кафеде отырып сөйлесе береміз.
ХХ мен ХХІ ғасыр тоғысқан тұста «Хабар» агенттігінде бірге жұмыс істеген Арман Сқабыл деген досымыз бар. Сіздер де танитын шығарсыздар. Саясатты шемішкеше шағады. Өзі Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, тағы басқа жазушылар, ақындар, сыншылар шыққан Нарынқол ауданында туғандықтан әдебиет десе, ішкен асын жерге қояды. Оның кітап болып шыққан «Жаным» атты лирикалық туындысы жастардың қолында жүргенін талай көрдім. Өткен ғасырда елуінші жылдардың жастары «Инеш», алпысыншы жылдардың жастары «Көк мұнар», жетпісінші жылдардың жастары «Махаббат, қызық мол жылдарды» қалай жата-жастана оқыса, ХХІ ғасырдың екінші он жылдығында «Жаным» да өскелең ұрпақ үшін өнегелі кітап болды. Дереу кино болып түсірілген.
Сол Арман бар, басқамыз бар «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесінің жұмысын жүргізу үшін әдеби бірлестік құрдық. Арнайы сайт ашылды. Жарнамалау басталды. Мұның бәрі Шухрат Ибрагимовтің жеке қаражаты есебінен. Соншама қаражат бір мақсатқа – осы заманғы адамдар бейнесін көркем сөзбен айшықтайтын жаңа романдар жазғызуға жұмсалмақ.

– Тарихи романдар керек емес пе? Олар бәйгеге қосылмай ма?
–Тарихи романдардың желісі түсіп жатса, сарапшылар оны да қарастырады ғой. Бірақ уақыт жағынан үлгерерін кім білген?! Арыдағы Мұхтар Әуезов «Абай жолын», Ілияс Есенберлин «Көшпенділерін», Ғабит Мүсірепов «Ұлпанын», берідегі Мұхтар Мағауин «Шыңғыс ханын», «Алтын ордасын», «Аласапыранын», Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» мен «Махамбеттің жебесін», Әбіш Кекілбаев «Үркері» мен «Елең-алаңын», Софы Сматаев «Елім-айы» мен «Жарылғап батырын», Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезеңін», Сәкен Жүнісов «Ақан серісін», Ахат Жақсыбаев «Иса ақынын», Қабдеш Жұмаділов «Дарабозын», «Тағдыры» мен «Соңғы көшін», Қалмұқан Исабаев «Шоң биін», Шерхан Мұртаза «Қызыл жебесін», Әнес Сарай «Еділ-Жайығын» жазуға талай жылдар жұмсаған. Тарихи романды төрт-бес айда тамамдау мүмкін бе? Материалын бірнеше жыл жинайды. Деректерді салыстырады. Оның бәрі оңай атқарылмайды. Соны ескергенде бәйгеге тарихи романдар емес, осы заманғы оқиғалардың романдары көп келеді деп ойлаймыз.

– Сіз – журналиссіз. Өмір бойы ақпарат құралдарында қызмет істедіңіз. Публицистика саласында саңлақсыз десек, асыра мақтағандық болмас. Бірақ сіз жүрген журналистиканың өрісі басқа да, бәйге жарияланған әдебиеттің өрісі басқа емес пе?
– Сұрақтың ішінде «өріс» деген сөз жүр екен. Теңеу түрінде айтсаңыз да, соны өрістетейік. Әдебиет пен журналистиканың жайылатын өрісі бір, тек қамалатын қорасы бөлек. Екеуі де қазақтың сөзін пайдаланады. Неғұрлым сөзді көп білгеннің өрісі ұзара түседі. Тілдік қор екеуіне ортақ.
Біз журналистика факультетінде оқығанда әдеби бірлестіктеріміз болды. Алғашқысын үш-төрт курс жоғары оқыған, кейін үлкен жазушы болған Дидахмет Әшімханов ағамыз құрып, басқарды. Кейінгісінің жұмысына курстасымыз Жұмабай Әбілов жегілді. Ол әдебиет сыншысы еді.
Екеуі де журналистика факультетінде оқыды. Осы әдеби бірлестікте қаншама жас жазушылардың кітаптарын талқыладық. Тіпті үлкен ағалардың романдары жайында пікір айттық әрі өзіміз роман жазғанбыз. Осы заманның романы. Керек десеңіз, сатиралық роман. «Атамыз Аласанбай» аталған. Есенғали Раушанов «Жазушы» баспасынан шығарған. Мұрат Әуезов ағамыз Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасын басқарып тұрғанда Кореяның SAMSUNG компаниясын демеуші еткен осы заманғы романдар бәйгесіне қосқанбыз. Шерхан Мұртаза «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп теңейтін Несіпбек Дәутайұлы аға екеуіміз екінші орын алғанбыз. Демек, өзімізді әдебиеттен мүлде алыс адамбыз демес едік. Рас, Жазушылар одағына өту туралы ұсыныстан талай рет бас тарттық. Өзімізге «жазушы» аты жараспасын білеміз.

– Ал неге басқа емес, Шух­рат Ибрагимовтің белсеніп шыққан сырын айтасыз ба?
– Оны өзінен сұрау керек (Қайнар Олжай әдемілеп жымиып алды). Мен тек өз топшылауымды айта аламын. Кеңес Юсупов деген ағамыз болды. Былай қарасаң, өмір бойы журналист болған адам. Біз бірінші көргенде «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы екен. Оның алдында Шығыс Қазақстан облыстық газетінде істеген. Кейін «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет етті. Сол кісінің журналист бола жүріп керемет хикаялар, әңгімелер жазғаны бөлек тақырып. Әсіресе «Қарашадағы көктем» кітабы қандай. Қазақ прозасында флотқа арналған бірден-бір көркем шығарма. Біздің айтайын дегеніміз – сол ағамыздың «Әкелер түске енеді» деген әңгімесі.
Мұнда да сондай жағдай болуы керек. Александр Машкеевич өмірден өткенде оның Израиль азамат­тығын алғаны, қазақ руханиятына үлес қоспағаны айтылып жатты. Шодиев Бельгияның азаматы болып шықты. Ендеше, Шухрат Ибрагимов ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған соң олқылықтың орнын толтырғысы келген шығар. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай, ол – Қазақстан Республикасының азаматы. Өз еліне салық төлегеннен басқа тағы бір пайдасын тигізгісі келген шығар. Бұл, әлбетте, өз болжамымыз.
– Түсінікті. Ал осы бәйгеден 15 миллион теңгелік бас жүлде алған роман және әрбірінің авторына 3 миллион теңгеден олжа түсірген төрт роман оқылады деп ойлайсыз ба?
– Өткенде бір мақаламызда жазсақ керек, әлемде көркем әдебиет оқылады. Егер ол керексіз болса, әдебиеттегі Нобель сыйлығын тоқтатып тастар еді ғой. Жоқ, оған жыл сайын үміткерлер ұсынылады. Сыйлықтың әділқазылары үшін таңдау оңай емес. Өткен жылдың өзінде Кэролайн Коуридің «Ыстанбұлдан Парижге дейін», Эбби Хименстің «Жаздағы жағдай», Лиз Томфордтың «Жойдасыз жоспар», Ричард Османның «Албастыға арналған қақпан», Маша Траубтың «Ағашқа айналғысы келетін кейуана», Евгений Кремчуктің «Фаюм», Бренда Наварроның «Үңірейген үйлер», тағы басқа романдар баспадан шығыпты. Бұл – әлемнің мысалы. Бізде де оқылады. Мәселе жазуда. Көлемді де көркем туындыны жазуға бірнеше ай, тіпті бірер жыл керек. Отбасын, бала-шағаны ойламай жазуға отыруға кімде мүмкіндік бар? Талантты қазақ жастары такси болып нәпақа табудан аса алмай жүр.
Енді бесеудің бірі болып екінші кезеңге іліксең, онда алаңдамай жаза аласың. Өйткені қолыңа 3 миллион теңге алатының анық. Әлбетте, салығыңды төлеген соң. Демек, көпшілік қызыға, құмарта оқитын роман жазатын мүмкіндік туады. Оған дейін тұжырымдамасын нақтылап, идеясын қызғылықты етіп, бірер беттік ұсыныспен бірінші кезеңге қатыс. Болашақ кітапқа аңдатпа жазу – бір күн емес, бірер сағаттың ғана жұмысы. Бірінші сатыдан өтпесең оқа емес, бар болғаны әлгі бірер сағаттық уақытың кеткені.

– Жеңімпаз да, екінші кезеңге өтетін бестік те көпшіліктің СМС дауыс беруі арқылы анықталмайды екен. Басқа бір бәйге осы тәсілді қолданып жүр емес пе. Одан неге бас тарт­тыңыздар?
– СМС дауыс беру бізден қалған. Арман дос екеуіміз 2000–2001 жылдары Алматыдағы Республикалық сарайда «Хабар-2» телеарнасынан тікелей көрсетілетін ақындар айтысын ұйымдастырғанбыз. Сонда дауыс беру жүріп, интерактивті түрде экранның бұрышында тікелей эфирде әр ақынға қанша адам СМС арқылы дауыс бергені көрініп тұратын. Ақын әлі тамағын дұрыс кенеген жоқ, ал дауыс бергендер жүзден асып кететін. Осы дұрыс па? Содан тікелей эфирге дауыс беруді тоқтатқанбыз.
Сол тәжірибе еске түскендіктен, «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесінің алғашқы бестігі мен үздігін баршаның электронды дауыс беруі арқылы анықтаудан бас тарттық. Сарапшы болуға шақырылған, бірақ аттары конкурс барысында аталмайтын айтулы әдебиет мамандары болашақта жақсы роман шығады деген бес желі, яғни аңдатпаны екінші кезеңге өткізеді. Осылай 3 миллион теңге алатын авторларды анықтайды. Жылдың соңына қарай бес романды оқыған соң арасынан топ жарған авторын жеңімпаз деп жариялайды.

– «Сарапшылар кімдер?» деп сұраушылар көп шығар?
– Өзіңіз де сезіп отырсыз ғой. Сарапшылар кімдер екенін және қанша адамнан тұратынын айта алмаймыз. Шухрат Ибрагимовтің ақсақал жазушымыз Төлен Әбдікұлының алдынан өткені ғана белгілі. Тағы бір нәрсе анық, сарапшылар бастапқыда түскен идеяларды да, кейін жазылған бес романды да бірлесіп отырып талқыламайды. Олардың әрбірінің пікірі жеке жиналады. Содан соң есептеледі. Арман екеуіміз ол есепке араласпаймыз. Арнайы техникалық қолдау құрылған. Оның қызметкерлері – тілге, әдебиетке мүлде қатысы жоқ, Аи-ти технологияны қолданатын есеп-қисаптың адамдары. Дауысты солар есептеп, бізге нәтижесін ұсынады. Біздің міндет – бірінші жолы бес авторды, соңғы жолы жеңімпаз бір авторды ресми жария ету.
Содан соң техникалық қолдау сол қаламгерлердің құжатын, есепшотын Шухрат Ибрагимовке ұсынады. Біз әрі кеткенде бәйгені тапсыру қайда, қашан болатынын анықтап, соған дайындық жасаймыз. Демеушінің есебінен бес романның баспадан жеке-жеке кітап болып шығуына араласуымыз мүмкін.

– Киноға ше?
– Иә, «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесінде жеңімпаз роман кітап болып шығумен қатар көркем фильмге айналады. Оның бюджеті бөлек есептеледі. Оған да Шухрат Ибрагимов толық қаржы бөледі. Сөйтіп, руханияттың бір емес, екі саласына осы азаматтың жеке ақшасы жұмсалады.
Сөзіміздің басында мысалға келтірілген елуінші жылдардың жастарын «Инеш», алпысыншы жылдардың жастарын «Көк мұнар», жетпісінші жылдардың жастарын «Махаббат, қызық мол жылдар» соншалықты еліткенмен, олар кітап болып шыққан соң киноға айналмады. «Махаббат, қызық мол жылдар» беріде бірнеше рет фильм болып түсірілді. Біздің ойымызша, оның бірнеше нұсқасы да көңілдегідей емес. Бірнеше рет түсірілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» кебін киді. Ол енді – басқа әңгіме.
Бұл жолы романның сиясы кеппей жатып, оны фильм ретінде көрудің мүмкіндігі туады. Біздіңше, жаман емес. Әсіресе жастар барлық керегін интернет арқылы іздейтін болған мына заманда.

– Иә, Қайнеке, жаман емес. Көкейдегі сұрақтарға тыңғылықты жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Мұратқали Дүйсенбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір