АҚҚАЙЫҢДЫ ӨЛКЕНІҢ АҚ ҚАЙНАР ҰЛЫ
06.07.2024
48
0

Адамның тағдыр талайы маңдайына жазған жолы болады. Біреудікі тақтайдай тегіс, екіншісінікі ой-шұңқыры көбірек соқпақты. Бірақ әркімнің жолы – өзінше дара. Қызылжарлық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жарасбай Сүлейменовтің де бүгінге дейінгі ғұмыры ешкімдікіне ұқсамайды.

Еліміздің теріскейі ақ қайың көмкерген алқаптарымен әйгілі. Бір ерекшелігі – ағаштары ит тұмсығы өтпес ну орман емес, топтасып өсетін шоқ қайың. Жезкиік ақын Кәкімбек Салықовтың сөзімен айтсақ, «Шоқ қайың тұр көрші ауыл қыздарындай, Сыбырласқан бірдеме біліп келіп». Мың бұралған ақ балтыр биші ағаштардың арасындағы Балуан деп аталатын шағын ғана ауылда кіндік қаны тамған Жарасбай Қабдоллаұлы да бала кезінен табиғатқа етене жақын болып, бар әсемдігін бойына сіңіріп өсті. Әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары, көпбалалы отбасы болғандықтан үлкендерге қолғабыс етіп, жұмысқа ерте араласты. Шілденің ұзақ күнінде қой соңында жүріп, самал желмен тілдесті, таңның атқаны мен күннің батқанына ұзақ көз тастап, қиялына қанат бітіретін. Трактор тізгіндеп, теңіздей тербелген егіс даласында да маңдай терін төккен кездері әлі есінде. Өзге еңбеккерлерден басты ерекшелігі – көрген-білгендерін бірден өлеңмен, кейде қарасөзбен қағаз бетіне түсіріп отыруды әдетке айналдырғандығы. Жазу әдеті кейін өмірлік мақсатына айналатынын балаң жігіт ол кезде білген жоқ.
Әскерден оралған шағы. Солдат формасын әлі шеше қоймаған. Қызылжардың көшесімен серуендеп келе жатып, «Ленин туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») газеті редакциясының жанына келгенде кілт тоқтады. Бұған дейін бірнеше рет мақаласы шыққан басылым. Әскерде де үнемі хат жазып, хат алысып тұрды. Сондықтан сәлем бермей өтіп кетуге болмайды. Табалдырықтан аттағаны сол екен аға журналистер ескі танысын көргендей жас жігітті кең құшақтарын айқара ашып қарсы алды, басшылық бірден жұмыс ұсынды. Осылайша Жарасбай Қабдоллаұлының журналистік жолы басталды. Кіші әдеби қызметкер болып кіріп, іргетасын кезінде Алаш қайраткерлері Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасовтар қалаған қарт басылымның бас редакторлығына дейінгі жолдан өтті. Сан-алуан тақырыпқа қалам тербеді, соның ішінде еңбек майданын қыздырған даңғайыр диқандар жайлы очерктері, қоғамның өзекті мәселелерін өткір сынаған фельетондары бірінен кейін бірі шығып жатты.
Жәкеңнің қаламын көсілте сермеген кезі, өндірте жазған тұсы – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі шақ. Бұрынғыдай шектеу жоқ, ойыңдағыны көркем сөзбен-ақ қағазға ақтара бер, ақтара бер. Газеттің қарбалас жұмысынан қолы қалт еткенде шағын әңгіме-хикаялар жазуды бастағалы қашан? Оқиғалары өзіміз өмір сүріп жатқан ортадан алынған, кейіп­керлерін күнделікті көріп жүргенімізбен көбіміз байқай бермейтін адамдар. «Еменнің иір бұтағы», «Көмескі із» деп аталатын алғашқы екі кітабына енген шығармаларын оқыған кісі өзін сол оқиғаның ішінде жүргендей сезінеді. Себебі бұл – бәріміздің басымыздан өткен шындық. «Таңның атқаны жаңа ғана сияқты еді, енді міне, төңірек тағы да тұмшалана бастады. Асқа зауқы жоқ, ұйқы қашқан. Жайшылықта жастыққа басы тисе, кірпіктері айқаса қалушы еді, қазір қалжырап барып бір-ақ ұйықтайды. Неше түрлі ой миын шағып жатқаны». Бұл суреттеу – «Еменнің иір бұтағының» басты кейіпкері Алтайдың жай-күйі ғана емес, тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі аласапырандағы ауылдардағы әрбір тұрғынның басынан кешкен жайт.
Жекешелендіру деген желеумен қора-қора мал, мыңдаған техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Қоғам тәуелсіздік таңымен бірге жеткен нарықтық қатынастарға бірден бой үйретіп кете алмай, көп қателікке жол берді. Бәрін қиратып тастап, отыз жыл бойы қалпына келтіре алмай жатқанымыз соның кесірі. Жарасбай Қабдоллаұлы сол қиын сәтті солтүстіктегі шағын ауылдың сұрқия басшылары мен аузын ашса жүрегі көрінетін қарапайым тұрғындарының қайшылыққа толы қарым-қатынасы арқылы көрсете білген. Сол кезеңнің ерекшелігі, адамдардың мінезі ешбір артық бояусыз дәл берілген. Бұл туынды мықты режиссер табылса, көркем фильм­ге сұранып-ақ тұрғандай.
Теріскей – қазақ әдебиетінің талай марқасқалары дүние есігін ашқан қасиетті топырақ. Өкінішке қарай, отарлау саясатының кесірінен қазағынан «қонағы» көбейіп, ұлтымыздың ұлыларының есімдері ұмытыла бастағаны шындық. Әлі күнге дейін артында ұрпағы бар, ел аузында әндері шырқалып жүрген Сегіз сері сияқты тұлғаларымызды тарихта болмаған, ойдан шығарылған кейіпкер деп жүргеніміз соның бір көрінісі. Алпысыншы жылдары Алаш қайраткерлері ақталғанымен, тағдыры ауыр Мағжан ақынның адал есімін елге қайтару егемендіктің елең-алаң шағында ғана жүзеге асты. Қызылжар топырағында туған қаламгерлердің ішінде сөзге жан бітіріп, өлеңді әуенге айналдырған Мағжанды айналып өткені кемде-кем. Ол – ақын-жазушылардың пірі, қараңғы түнде адастырмас темірқазығы іспеттес. Құпияға толы, соқпағы көп өмірі, осы күнге дейін жұлмаланып, өртеліп, бір бөлігі ғана жеткен шығармалары – әдебиет зерттеушілерінің басты нысанасы. Жарасбай Қабдоллаұлы – Мағжантану тақырыбына бел шеше араласып, өндірте жазған зерттеушілердің бірі. Ол Мағжантануды 2008 жылы жарық көрген «Сөнбейтін шырақ» деп аталатын шағын эссе кітабымен бастап, араға он жыл салып басылған «Мағжан» энцик­лопедиясымен түйіндеді. Бұл жерде ерекше айта кететін бір жайт, бұған дейін елімізде баспа бетін көрген энцик­лопедиялардың бәрі дерлік – ұжымдық еңбек, арнайы зерттеу институттардың жұмысының жемісі. Ал Жарасбай Қабдоллаұлы бір өзі қазақтың ұлы деген атақтан әлдеқашан асып кеткен, күллі түркі әлемі пір тұтатын жарық жұлдызға айналған тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты барлық деректі жинастырып, энциклопедия талаптарына келтіріп жазып шықты.
«Менің жолымды ашқан Мағжан. Қазақтың ең ардақты ақынына деген сүйіспеншілік қаламгер ретінде жетілуіме ықпал етті. Өмір болған соң менің де алдымды ораған түрлі сәтсіздіктер кездесті. Жұмыстан шығып қалған, жоғарыдағы басшылардың маған қырын қараған кездері де болды. Оны ешкімнен жасырған емеспін. Сондай күндердің бірінде мен Мағжанды оқыдым. Даңқты тұлғаға тәу етіп, қилы тағдырын зерделегім келді. Алғашқы кітаптарым жарық көрді. Содан менің алдымнан нұрлы жол қол бұлғап шақыра берді, шақыра берді», – деген болатын Жарасбай Қабдоллаұлы жақында оқырмандармен кездесуде.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Мағжанды сүйемін, еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін», – деп поэзия пайғамбарына деген сезімін білдірген екен. Біздің мақаламыздың кейіпкері де – Мағжанға, оның отты өлеңдеріне ғашық жандардың бірі. 2007 жылдан бері «Мағжан» әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналын шығарып келеді. Бұл жұмысты Парламент Мәжілісінің депутаты болған шақта да тоқтатқан жоқ, қазір де жалғастыруда. Қалам ұстауға қауқары барда шығара беретініне бек сенімдіміз. Мағжанға деген адалдық осындай болса керек. Алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Биыл ғана оған «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының берілуі – қаламгерге көрсетілген үлкен құрмет, көз майын тауысып жазған жұмысының өтеуі.
Қаламгердің осы күнге дейін жоғарыда аталған туындылардан бөлек «Өмір-бәйге» («Фолиант», Астана), «Мағжан» (қазақ және орыс тілдерінде, «Асыл кітап», Алматы), «Шал ақын» («Алтын кітап», Алматы), «Мағжан әлемі» («Асыл кітап», Алматы), «Дала-бесік» («Фолиант» баспасы, Астана), «Шынның жүзі» («Асыл кітап», Алматы), «Жауынан бір қайтпаған Сары, Сүйір» ( «Асыл кітап», Алматы), «Мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы» («Зерде», Алматы), «Дауылпаз баба Қожаберген жырау» («Фолиант», Астана), «Өмір-өзен» (Астана), «Қарашаңырақ», «Дара жол» («Асыл кітап», Алматы), «Сәулелі ғұмыр» («Асыл кітап», Алматы) кітаптары жарық көргенін айта кеткен жөн.
Жарасбай Қабдоллаұлы – шығармашылық пен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген жан-жақты азамат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалалық кеңестің, кейін облыстық мәслихаттың депутаты болып, халықты алаңдатқан өткір мәселелерді ашық айтудан қаймыққан жоқ. «Сессияларда Қызылжар өңірінің тағы бір әйгілі журналисі, халық қалаулысы Мәлік Мұқанов екеуі кезек-кезек сөз сөйлеп, жұрт көкейінде жүрген өзекті мәселелерді өткір тілмен, облыс басшыларының бет-жүзіне қарамай тіліп айтқанда, айызымыз қанып отырушы едік залда…», – деп белгілі журналист Кәрібай Мұсырман сол кез­дерді еске алады.
Еліміздің басты заң шығарушы органы – Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған тұста да бұрынғы екпінін еш бәсеңдеткен жоқ. Әсіресе, тіл мен діл мәселесіне келгенде тартынып қалмады. Петропавл қаласына байырғы атауын қайтару қажеттігі туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағанын ерлікке пара-пар іс дер едім. Бұған дейін қаланың тарихи атауы Қызылжар екені, тіпті 1925 жылы шаһарды ресми түрде солай атау туралы қаулы шығып, кейін Мәскеуде ол белгісіз себептермен бекітілмей қалғаны жайлы газет-журналдарда ара-тұра мақалалар шығып жүргенімен, жоғары мінберден Жәкең сияқты ешкім көтерген емес. Депутаттың бұл сауалы ұлтжанды болып көрінетін кейбір белсенділердің бетін ашып, маскасын шешті. Олар жергілікті биліктің айтақтауымен депутатты қаралап мақала да жазды, бірақ Жарасбай Сүлейменов одан жаман болып қалған жоқ. Қала атауы өзгермесе де, соған үлкен ұмтылыс жасалды. Бұл дүмпу бүгін болмаса да, ертең өз жемісін берері, қала атауы бір күні ауысары айдан анық. Оған тек уақыт керек.
Жарасбай Сүлейменов жергілікті газет пен телеарнада және облыстық радиода басшылық қызмет атқарған тұста да, Қазақстан Жазушылар одағы өңірлік филиалының директоры ретінде де қолына қалам ұстаған жастарға үнемі қамқорлық көрсетумен келеді.
Биік шыңды бағындыру өз алдына, сол жеткен биігіңді аласартып алмау, құлдилап төмен құлап кетпеу мүлдем басқа. Соңғы уақытта биліктің құзар басына шығып, кейін абыройын айрандай төгіп алғандар, кеше ғана түкірігі жерге түспей жүргендердің бүгінде темір тордың арғы жағында отырғаны, кезінде көсемсіп телеарнадан түспейтіндердің қазір халыққа қарауға бет жоқ, бой тасалап жасырынып жүргені сөзімізге дәлел. Жарасбай Қабдоллаұлы болса – ақырын жүріп, анық басқан, біреуге қият көрсетіп, біреудің ала жібін аттамаған, ары таза азамат.
«Мөлдіреп жатқан тұнығы,
Туған жер мәңгі тұғыры.
Аққайың тұнған алаптың
Ақ қайнар бұлақ бір ұлы», – деп ақын Ғалым Жайлыбай жырға қосқан Қызылжар өңірінің қазіргі таңдағы сөз ұстар тұлғасы, ақыл айтар ақсақалы өзгелерге үлкендіктің үлгісін көрсетіп келе жатқан сияқты.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір