ТОБЫРЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ТОЗДЫРЫП БАРАДЫ
23.09.2023
562
1

Мұнай көбейсе, қазаққа Құдай көбейеді екен

Көңіліңізге келсе де айтайық, инвестор тарту деген сылтаумен мұнайын, газын, жерасты, жерүсті байлығын сатып, тарихи жергілікті ұлтының тілін қажеті жоқ тілге айналдырып, аузынан емшек сүті кетпеген сәбиінің уылжыған жас миына үштілдік деген уды құйып, әлемдегі озық мемлекет­тердің қатарына кірген ел не о заман, не бұ заман тарихында болған емес. Кезінде мұндай «нұр саясат­ты» ойлап тапқан тек Қазақ­стан басшылығы ғана және оны Қазаққа ниеті мен ішкі пиғылы теріс адамның «ойлап тапқанына» күмәнданудың қажеті жоқ. Мұнайды қойыңызшы, мұнай көбейсе қазаққа Құдай көбейеді екен, одан да тілді ғана айтыңызшы. Әлемдегі ең озық, ең қуат­ты елдерді былай қойғанда, ауылы аралас, қойы қоралас көрші Өзбекстан мен Түркіменстанның өзі ең әуелі өзбектің, түркіменнің ұлт­тық тілін, ұлт­тық мәдениетін мемлекетінің ең басты идеологиялық қаруы етіп-ақ аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ. Қытайыңыз да, орысыңыз да ғасырлар бойы басына қандай зауал шақ туса да ұлт­тық мәдениетін, ұлт­тық тілін аман сақтап қалуды бірінші күн тәртібіне қойып келгенін тарихтан оқып отырмыз. Ал 2000 жылға жуық алты құрлықты аралап кеткен еврейлер ше? Олар қай әдіспен болса да әйтеуір 1947 жылы мемлекетін құрып ала салысымен ең әуелі еврейдің ұлт­тық мәдениетін, ұлт­тық тілін, ұлт­тық салт-дәстүрін қалпына келтіруді, қазекеңше ұрандатып айтсақ, «Рухани жаңғыруды» бірден қолға алды. Сөйткен алақандай ғана Израильдің ішкі, сыртқы саясатымен бүгінде әлемнің ең бір алпауыт елдерінің өзі терезесі тең ел ретінде санасады. Ендеше, тілі орысша шыққан, екі ауыз сөз жазса, біреуін орысша жазатын тәуелсіз Қазақ­стан Республикасы деп аталып кеткен елде әлі де болса қандай мәдениет, кімнің мәдениеті, кімнің тілі көбірек салтанат құрып келеді деп ойлайсыз? Мұндай сұрақ қоюға неге мәжбүр болып отырмыз?
Өйткені өткен 30 жылда біз ғасырлар бойы біресе патшалық Ресейдің, біресе Кеңестік Ресейдің табаны астында ұлт­тық мақтанышынан, ұлт­тық ерекшелігінен айырылған, тілі шұбарланып, тілі үстем ұлт не ішсе соны ішіп, ең күшті, ең білгір ұлт та солар деп ұлт­тық санасы әбден тапталып қалған қазақты оятатын не бірде-бір қаулы-қарар, не бірде-бір заң қабылдаған жоқпыз.
Керісінше…

Құлдың мәдениеті – құлдық мәдениет

Керісінше, сол жылдары, «қазақ жері мен қазба байлығы басқа елдердің бәріне де ортақ, инвестор болып келіңдер де алыңдар» деген даңғой, дарақы ұран тасталғаны аз болғандай, күндердің күні болғанда төлқұжат­та (паспорт­та) ұлтын көрсетудің қажеті жоқ, «қазақ­стандық» деген ұлт құрамыз деп біраз шалабын шайқағандар шықты. Қай ұлт­ты да бір Алла Тағала ғана жасай алатынына биліктің тас төбесінде отырғандардың көзі жет­ті ме (әй, қайдам-ау!), әлде өздерінен күші басымдау біреулер көзге көрсете бермейтін бір жерін ашып күлді ме қайдам, ол сөз бүгінде көп айтылмайды, бірақ ара-тұра ұлт дегеннің не қажеті бар дейтіндер әлі де жоқ емес. Және оны айтатындар – қазақтар мен Қазақ­станда тұратын орыстар ғана. Енді қазақ атқамінерлері оның орнына «біртұтас ұлт», «біртұтас ұлт мәдениеті» дегенді шығарды. Бұл жымысқы сая­сат-сымақтың мақсаты – қай құрлықтың адамы екенін айыру мүмкін емес, әлдебір ұлт өкілінен некесіз туған, тілі алашұбар ұлт­тық ерекшелік, ұлт­тық нышан, ұлт­тық сана дегендерден мақұрым бір тобырдың тамағын тоқ қылып, орыстың арағын, ағылшынның вискиін, қытайдың жун-жунын қазақтың қымызына қосып беріп, әнші еместерді әнші қып, көзі жыпылықтаған сайқымазақты телеэкранға шығарып ішкенге – мәз, жегенге – тоқ тіршілік иесі қып қою ғана. Басқа түк те емес. Бүгінгі қазақтың осындай тобырлық мәдениетке табынушыға айналғанын қазіргі үйлену, қыз ұзату сияқты той-томалақтарынан, тіпті бақиға ат­танған адамды жерлеу үрдісіне (традициясына) қарасаңыз да ап-анық көресіз. Сенбесеңіз, келін боп түсіп жатқан қыздың омырауы қос анардың ұшына шейін, арқасы мен беломыртқасына шейін ашық-шашық көйлегіне қараңыз. Ал оның біресе күйеуімен, біресе тойға келгендермен қосыла секіріп билегеніне, ешкімнен қымсынбай, шамадан тыс мәз-мәйрам жүріс-тұрысына қосыла қол соғып отырған жасы әлдеқашан 70-тің желкесіне мінген немесе 80-нің белортасына кеп қалған қазақтың кәрі-құртаңдары ше? Солар дір-дір қаққан қолына шарап (не арақ) толы шыныаяқты ұстап тұрып сөз сөйлейді, оны өздері бата бердік дейді. Ол ол ма, сол кәрі-құртаңдар әрі-берідесін қос қолын аспанға сермелеп, тәлтіректеген аяқтарымен жерді тепкілеп билей бастайды. Сосын атасы аузын арандай ашып, келінінің қасық толы тортын асап жататын «жаңа дәстүр» қандай жиіркенішті десеңізші?! Одан соң «тост» көтеру басталады. Бірінен соң бірі сөз алғандардың бәрінің айтары – «қане, ағайын сол үшін алып қояйықпен» аяқталады. Шымшық сирақ рюмкаларды ауыз бен дастарқан арасына бірнеше рет «сапарлатып» алған кейбіреулер енді «Горько, горько» деп айғай салады. Со бойда күйеудің еріндері мен қалыңдықтың еріндері бір-біріне желімше жабысып, алай-дүлей «ыстық сүйіс» басталады. Бұл да бізге орыстан келген «мәдениет». Бұл тойлардағы бүкіл рәсім орысша ішу, тамаданың грузинше, армянша анекдот айтуымен, батысша аласұрып билеуімен, қалтасы қалыңдардың белгілі әнші атанып жүрген әнші еместерге сөзі мас адамның сандырағындай бір нәрселерді ән қып айт­қызып, соларға мыңдап доллар бергеніне мәз болумен өтеді.
Абзалы бүгінде қазақ арасына кең таралған осының бәрін той-мереке, мәдениет дегеннен гөрі өзінен үстем, күші басым ұлт не істесе соны істейтін, солардың тілінде сөйлейтін, солар не ішсе, соны ішіп, солар не жесе, соны жейтін «Құлдық мәдениет», яғни, өзгеге бағынышты тобырдың мәдениеті деп атауға әбден болады.

Не өзгерді?
Қызыл түс көкке өзгерді

Бүгінгі қазақ өзі де, сөйлеген сөзі де құлдықтан арылмаған, тобырлық мәдениет­тің тобына айналғанын о дүние­лік болған ата-анасының, бауырының басына қоятын құлпытасты да құлпытас деуді қойып, орысша «памятниктен» тәржімелеп «ескерткіш» деп жүргенінен-ақ көресіз.
Бүгінгі қазекеңнің марқұм болған адамды о дүниеге жөнелтіп салуының өзінен-ақ орысқа еліктеушіліктің және басқа да тобырлықтың неше атасын көресіз.
Бұрын коммунистер қайтыс болғанда оның табыт­тағы мүрдесінің қос қапталында қарына қызыл шүберек байлаған «қарауылдар» сапқа тұратын еді. Қазір бізде елге танымал бір тұлғаны бақиға жөнелту рәсімінде қарына көк шүберек байлағандар тұратын болды. Осының өзінен-ақ біздің ұлтшылдығымыз, қасиет­ті дінімізді қадірлеуіміз тек сырт киімімізді, қарымызға байлаған шүберектің түсін ғана өзгерткен, бірақ баяғы қызыл өкіметке, «ұлы орыс халқына» адал берілген құлмінез екенімізді байқатпай ма? Бұл да кеше ғана Мәскеуге адал қызмет еткен, кейін сыртын өзгертіп, билік пен байлықты басып алғандардың ойлап тапқан сайқали саясат-сымағы емес пе?
Оны да қоя тұралық. Ал сіз о заман да, бұ заман не қазақтың, не басқа мұсылманның жерленіп жатқан өлі денесінің қасында тұрып алып сұңқылдап, қолын сілтелеп өлең оқығанды көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, бұл да бүгінгі қазақтың жаңа мәдениетінің бір көрінісіне айналды. Осыдан біраз бұрын бір әскери қолбасшы марқұм болғанда Жазушылар одағының бір өкілі «бүлінбеген жерім едің, тілінбеген төрім едің», «қабағымен ай ұстаған», қиындықты кесіп өткен» деп, біресе «ту ұстаған далам», біресе «құрыш сынды ғалам», «Алаш ойлы заман» едің дегендей қисынсыз, бейпәтуа сөзге толы өлең оқыды.
Исі қазаққа есімі белгілі ақын апамыз дүниеден өт­ті. Сонда еліміздегі жасы ең үлкен қарт­тың бірі ғой деп сөз берілген ақсақал марқұмның бұрын бір жігіті болғанын, содан кейін бұл марқұм күйеуге тимей дүниеден өткенін «баяндап» берді. Ал телеарналардың сол ақын апамыз туралы түсірген жобалары нағыз ток-шоу болды. Әуелі жүргізуші жігіт, сосын жиналған жұрт үнсіз мелшиіп бір минут қат­ты да қалды. Сосын біреулер сөз сөйлеп, апамыз өзіне «Шабыт» фестивалінің дипломын тапсырғанын, үйіне келгендерге ол кісі асты мол қып пісіргенін айтып жат­ты. Оны да қоя тұрыңыз! Сол кез­дері, яғни сол кісінің жамбасы жерге тимей жатып М.Мақатаевтың оған арнаған өлеңін қосып отыруды әдетке айналдырды. Біле-білген адамға бұл да әлдебіреулердің Мұқағалиды ана жерге де, мына жерге де тыққыштағысы кеп жүретін парықсыздығы, парасатсыздығы, әрі надандығы сияқты көрінеді де тұрады. Ал Мұқағалидың сол «Фариза, Фаризажан» деп басталатын өлеңі әсіресе адам өліп жатқанда кірістіріп отыратын өлең емес еді. Мұнда Мұқағалидың Фаризаға деген ғашықтық сезімі де жоқ. Жәй бір ақынның бір ақынға өмір, тағдыр хақында жазылған сыры мен мұңы ғана.
Әдет­те тобырлық мәдениет­те құлдық психология басым, ол сондықтан өзінікінен гөрі өзгенікіне құмар болады. Егер билік басында өз ұлтының тілін, дінін, бүкіл ұлт­тық, яғни қазақи қадір-қасиетін бірінші кезекке қоюды ойламайтын дүбәра, шұбартіл мәңгүрт­тер отырса, олар ең әуелі өз ұлтын оңай басқарып, тұқыртып ұстау үшін де осындай тобырлық мәдениет­ті қолдап, жел беріп отырады.

Шұбартіл шұбатылып төрге шықты

Қазақ­станда осыдан біраз бұрын дүркіретіп басталып, бүгінде қазақ арасында ың-шыңсыз жүргізіліп жатқан үштілділік дегенді енгізу де осы жымысқы саясат­тың, қазақты тобырға айналдырудың үлкен бір тәсілі. «Үштұғырлы тіл» деген өте залалды сұрқиялықпен жасалған ұсыныс. Бұл жобаны жасаушылар қазақтың жастайынан бірнеше тілді үйренем деп миы қасаңданған жас ұрпағы өсе келе өзінің ұлтын ұмытатын, неғұрлым мемлекеті күшті елдің тілінде сөйлейтін, яғни, ұлтсызданған мәңгүрт қазақ болып шығатынын өте жақсы біледі. Оларға керегі де сол. Жоғарғы жақтағы ондайлардың өздері де орысша сөйлеп өскендер. Міне, тобырлық мәдениет бүгінде осылайша әлгіндей шұбартіл, өзгені пір тұтатын, жат жерліктердің жүрген-тұрғанына, ішкен-жегеніне шейін еліктейтіндердің кесірінен қазақтың қақ төріне шықты.
Егер қай мемлекет­тің де жоғарғы тобында ең әуелі жергілікті тарихи ұлт­тың салт-дәстүрін, дүниетанымын, ұлт­тық тәрбиесін қадірлемейтін, оның орнына, қайткенде де елді жуас момын күйде ұстап, оңай билеп-төстеуді ғана ойлайтын адамдар отырса, олар осындай тобырлық мәдениет­ті қолдап отырады.
Қазіргі қазақ телеарналарынан көрсетіліп жатқан, адам жанына рухани азық болудың орнына, керісінше, адамдарды мас адамның сандырағы сияқты ойсыз, түйсіксіз шуылдақ әндерге, мағынасыз селкілдеген биге құмар қып қоятын көрсетілімдер мен неше түрлі арзанқол, дөрекі әзіл-сымақтар, бет-аузын қисаңдатып, көзін жыпылықтатып сөйлейтін сайқымазақтарды экранға шығарып қою­дың ар жағында осындай үлкен сұрқиялылық жатыр. Бұл тұтас бір ұлт­ты санасыз, қарны тоқтығына мәз тойқұмар жануаризмге айналдырып барады.
Бүгінде Қазақ­станның қай қаласына, қай аудан орталығына, тіпті ауылдарына барсақ та бір-бір бетон атқа мініп, қолына бетон қылыш не найза (іші арматура) ұстаған, көздері бадырайған, мұрты едірейген бірінен-бірі айнымайтын батырдың ескерткішін көреміз. Олардың әрқайсысы бір-бір рудың, тіпті сол рудың ішіндегі аз ғана аталықтың батыры. Олар кіммен, қай жерде, қай жылы соғысты, ол туралы қандай дерек бар десең, айтатындары жоңғарға қарсы соғысқан дейді. Соларға қарап, кейде қазақтың батырлары жоңғардың әскерінен де көп болған ба деп қаласың. Олар туралы әр ру, әр аудан, әр облыс кітап шығарады. Ішінде «е, солай болған екен ғой» деп көзіңді жеткізерлік сыңар ауыз дерек жоқ. Ол қайда десең, қытай жазбаларында бар дейді. Сосын, е, бір елдің тарихын басқа бір ел қайбір шынайы жазатын еді дейсің іштей тағы да. Сосын оларға арнап шартараптан меймандар шақырылып, ағыл-тегіл ас беріледі. Баяғы құнан бәйгі, дөнен бәйгі, бал­уандар күресі, айтыс, концерт, лепірме сөз! Міне, «өлгеніміз-тірілгенінің, өшкеніміз-жанғанының», «әсіресе тәуелсіздік алғанымыздың «айқын айғағы» осы ғана.

Олар рухани жаңғырмай-ақ жаңғырды

Тобырлық мәдениетке душар болған ұлт­тың әдебиеті де, ән-күйі де не дәмі, не татымы жоқ, жанды баурайтын көркемдіктен мақұрым, сөйте тұра дақпырты құлақ жарарлық даңғаза, құнсыз сыпырындыға айналады. Өлең деп жазғандарында не тұжырым, не кейіпкер, не айтар ой жоқ өлеңшілер күпінің битіндей қаптап келеді, әртүрлі деңгейдегі және дүниеден өткен тұлғалардың 100 жылдығына берілетін жүлделер мен сыйлықтар соларға шүлен таратқандай үлестіріледі. Сосын әлгілер өздерін шынымен де жазушы не ақын деп есептеп, жұрт жиналған жерде еліре, екілене сөйлейтін болады. Міне, әдебиет­тің құлдырауының бүгінгі бір себебі – осы. Әдебиетке, музыкаға не шалажансар, не талғамсыз, жанр талаптарына жауап бермек түгіл сол жанрға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қоқыс дүниелер әкелгендер ана сыйлықтың, мына жүлденің лауреаты атанады. Кейбіреулер бұл сөзге тулап, өті аузына құйылып кетсе де айтайық, бүгінде, әсіресе ақын атанып жүрген өлеңшілер арасында, «Шабыт», «Дарын» сыйлығы, Мемлекет­тік сыйлық жүлдегері атағын алып жүргендердің ішінде әртүрлі жүлдеден жолы болғыш сондайлар қаптап кет­ті.
Мұндай тобырлық мәдениет­тің жанкүйерлері Дінмұхамед (Димаш) Құдайбергеннен, Әлішер Каримовтен гөрі Қайрат Нұртас пен өзге де даңғаза әншісымақтарға «табынады». Осы күні ерлі-зайыпты екеу қосылып ел аралап концерт қоятын болды. Ол екеуінің айтып тұрған әндері дуэтке мүлде келмейтін нәрселер екенін тобырлық мәдениет­тің қарны тоқтығына мәз думаншыл көрермендер қайдан білсін?!
Иә, бүгінде екі қазақтың бірі ақын, екі қазақтың бірі жазушы болды. Әнебір жылдары Жазушылар одағын басқарған басшылық Одаққа әншіні де, актерды да, спортшыны да, кәсіпкерді де мүше қып, әдебиет­ті де тобырлық әдебиетке айналдыра жаздаған еді. Енді кім көрінген ақша тапса, ешқандай жанр талабына сәйкес келмейтін шимай-шатпағын ағылшын, испан тіліне тәржімалатқанына мақтанып, әсіресе поэзиямызды шетелдің күлкісіне айналдырып болды.
Астана мен Алматының Орталық кітапханасында күнде «Тұсаукесер». Қазақ аяғын апыл-тапыл баса бастаған сәбидің тұсаукесерін жасайтын еді, енді не көркемдік деңгейі жоқ, не ғибрат алар үлгі-өнегесі жоқ шимай-шатпақ кітаптардың тұсаукесері деген шықты.
Қазір қалай екенін қайдам, күні кешеге шейін мұндай шаралар «Рухани жаңғыру» дегеннің айқын көрінісі деп берілетін болды. Тобырлық мәдениет емес дей беріңіз, бірақ қазақпен көршілес тілі бір, діні бір, салт-дәстүрі, тағлым-тәрбиесі ұқсас мемлекет­тер бізге ұқсап «рухани жаңғырмай»-ақ, Еуропа мен Американы аралағанына мәз болып шуылдамай-ақ, сонау 1991 жылдың қара күзінде мойнынан Мәскеудің рухани отарлау қамытын алып тастап, тілін де, дінін де, ұлт­тық сана-сезімін де, ұлт­тық ар-намысын да ың-шыңсыз қалпына келтіріп, рухани жаңғырып алғанын ойласа, білсе, түсінсе, есі дұрыс қазақ еңіреп жылар еді ғой! Әлде ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері айт­қан «пенденің бәрі де арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» дегені рас па? Сол Әбубәкірдің:
Айрылсаң өмір бойы жиғаныңнан,
Ей, пенде! Айрылмашы иманыңнан, – деген жолдары бүгінгі Қазақтың ат үстінде отырған азамат­тарына қаратып «әлі де есіңді жи, ұлтыңның, ұрпағыңның ертеңін ойла!» деп тұрғандай көрінеді де тұрады, маған. Сізге ше?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.09.2023 | 12:51

Тіл саясаты комитетінің басына Ербол Тілешов деген жемқорды қойыпты. Ол жемқор да бірдеме дейтін болыпты. Ол «Тіл мәселесі эволюциялық жолмен шешілуі тиіс» дейтін болыпты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір