ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ДЕ ӘЛЕМ ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ТАҢҒАЛДЫРАР ЕДІ-АУ…
18.09.2023
267
0

Кітап оқу – адам баласын кемелдікке жеткізетін, көкірегіне сәуле дарытып, жанын байытатын бірден-бір тетік екені әмбеге аян. Кішкентайынан үлкендердің, ата-ананың, ұстаздың ықпалымен кітап оқып әдеттенген бала сол пайдалы ғадетті бойына барынша сіңіріп алады екен. «Талғам-таразы» айдарының кезекті шығарылымында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Заря Жұманова да мектеп қабырғасынан кітапқұмар болудың, көркем шығармаларды үзіліссіз оқудың пайдасы жайында сөз қозғай келіп, кейінгі кезде қандай туындыларды қызыға оқығанын баяндайды.

  Бала күнімде мені сыртқы үлкен әлеммен байланыстырған жалғыз нәрсе – кітап еді. Сабақ пен мектептегі қоғамдық жұмыстардан сәл мойным босай қалса, бірден кітапқа бас қоятынмын. Мен үшін әдеби кітап оқудан асқан рахат болмайтын. Қазіргі балалар қолдары қалт етсе, ұялы телефондарына үңілсе, мен әке-шешемнің көзін ала беріп, әдеби кітаптарға шұқшия қалатынмын. Біз сияқты кітап десе ішкен асын жерге қоятын, кітапқұмар жастар қазір бар ма, жоқ па, білмеймін. Бір білетінім: біздің қазіргі болмысымызды қалыптастыруға әдеби кітаптардың қосқан үлесі шексіз.
Әкем іссапармен Гурьев (қазіргі Атырау), Астрахань, Орал, Волжск, Саратов, Волгоград қалаларына бара қалса, бізге базарлыққа түрлі-түсті кітаптар әкелетін. Бүгінгі балалар теледидар мен интернет арқылы көп ақпарат алса, біз жаһан жаңалықтарын газет-журналдар мен танымдық-ақпараттық кітаптардан оқып, білдік. Әке-шешеміз жұмысқа кеткенде, үй тірлігін балалары – біз істейміз ғой. Іш пыстыратын шаруа­лармен айналысып жүрсем де оқыған кітаптарымның әсерінен шыға алмайтынмын. Бірде туғалы өзім көрмеген, арыстан жал асау толқындары көкке атылған, шеті мен шегі жоқ телегей-теңіз мұхиттардың ар жағындағы алыс елдерге, теңіз қарақшыларымен бірге, қазына аралын «іздесем», бірде Шерлок Холмс пен доктор Ватсонға ілесіп, Англиядағы небір тылсым құпияларды ашуға қалай «араласып» кеткенімді білмей қалатынмын. Тап бір иесіз аралда Робинзон Крузомен бірге, шытырман оқиғалардың бел ортасында жүргендей сезінетін сәттерім де есімде…
Қыз болып қуыршақ ойнағаннан гөрі, өз інілерім мен көрші балалардың маңдайларына әтештің қауырсынын тағып, бет-ауыздарына балшық жағып, шағын лашықтар тұрғызып, талдан иіп садақ жасап, үндістер болып ойнағанды ұнататын едім. Бәрі де сол оқыған кітаптарымның ықпал-әсері ғой. Ақ тер-көк терім шыға ойнап жүргенімде анам: «Қарағым-ай, жұрт мына түріңді көріп, не ойлайды екен? Соқталдай қызы бар дейді-ау бізді!..» – деп кейісе, «Ой, апа, қазір ойнап алайын, ертең өскесін ойнай алмай қалам ғой!» – дейді екем… Бертін келе, үйдегі үлкендер сол қылықтарымды сағынышпен айтып отыратын.
5-сыныптан бастап Сансызбай
Төлеев деген ағай бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Өз мамандығын шексіз сүйетін, нағыз ұстаз деген атқа лайық, тамаша жан еді, жарықтық. Үй тапсырмасын жақсы біліп тұрсақ, «Қандай әдеби кітап оқып жүрсің?», «Ол кітаптың авторы кім?», «Оқиға желісі не туралы?», «Басты кейіпкерлері кім?» – деп тәптіштеп сұрайтын. Сондықтан бір дәптерді оқыған кітаптарымызға арнап, қысқаша деректерді жазып жүруші едік. Сансызбай ағай сабақ сұрап болған соң, сол дәптерімізді қарап шығатын. Сосын жақсылап тұрып, сынып журналына жуан «4» деген баға қоятын. Кейде тақтаға түрлі-түсті картина іліп, сол жайлы шығарма жаздыратын. Буырқанған теңіз, асау теңіз төсінде жападан-жалғыз қалт-құлт етіп жүзіп келе жатқан ақ желкенді ағаш кемеге қарап отырып, қиялымыз бен тіл байлығымыз жеткенше оқиға құрастырып, әңгіме жазуға талаптанатынбыз. Талабы жоғары, талғамы биік, бағаға сараң, өзі қатал ұстазым – «Қазақстан пионері» газетіне (қазіргі «Ұлан») алғашқы мақалаларым мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне шағын новелла мен әңгімелерім шыққан соң ғана, «5»-ін аямай қоятын болды. Өскен соң, менің жазушылық жолға түсуім сол кісінің тәлімі мен тәрбиесінен екені даусыз.
Қыз болып қылтиып, бой түзей бастаған кезімде жазушы Әзілхан
Нұршайықов ағамыздың «Махаббат, қызық мол жылдары», қазіргі тілмен айтқанда, керемет хит болды. Оны үйдегі үлкендерден жасырып оқыдым. Мұқабасын газетпен қаптап, жазу үстелімнің суырмасына тығып қоятынмын. Апам кейде: «Осы сенің сабаққа дайындығың қашан бітеді? Бір жерге жұмсай қояйын десең, өмірі кітаптан бас алмайсың!» – деп ренжитін. Әзілхан ағаның көптеген ой-пікірлерін қойын кітапшама көшіріп жазып, қыз балаларға берген кеңестерін ойыма тоқып жүретінмін.
Студент кезімізде ҚазМУ қалашығының әйгілі 5-жатақханасында тұрдық. Жаңа шыққан әдеби кітаптарды бір-бірімізден сұрап алып оқитынбыз. Өзара кітап алмасатынбыз. Кейде кешкі асымыз оқыған кітаптарымыз жайлы қызу пікірталасқа ұласып кететін. Кітап авторларымен кездесу кештеріне қаздай тізіліп баратынбыз. Бізден бір курс жоғары оқыған қиялилау бір қыз талантты, жас жазушы Дулат Исабеков ағамыздың жазған дүниелеріне ғашық болып, оған сыртынан «Ду» деп еркелете ат қойып, кітаптарын өліп-өшіп оқып жүретін… Қазіргі әнші Димаштың «фанаттары» секілді, жас жазушы Оралхан Бөкеев ағамыздың да талантына табынатындар көп болатын.
1980 жылы өндірістік практиканы курстасым Г.Иманқұлова екеуміз Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакциясында өткіздік. Ол кездері Қытаймен шекаралас алыс аудандарға кім-көрінгенді жібермейтін. Сырттан келген адамдар КГБ-нің арнаулы рұқсатымен ғана барады екен. Бас редактордың көмегімен, Оралхан ағаның кіндік қаны тамған, өзі сұлу табиғатын талай шығармасында тамсана жазған Алтай тауларын, Катон-Қарағайды, Шыңғыстай, Өрел мен Берел ауылдарын көріп, ерекше әсермен оралғаным бар.
Кей-кейде балалық шағымды сағынған кезде Стивенсонның «Қазына аралын», Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс жазбаларын»,
Джеймс Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғын» қайталап оқып қоямын. Сол кезде көптен көрмеген бала күнгі досыммен қайта жүздескендей болып, жаным сергіп, бір серпіліп қаламын.
Жаңа кітаптарға келсек, таяуда жас жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Қайыршының миллиардер досы» хикаятын асықпай оқып шықтым. Қазіргі қазақ қоғамын ащы мысқыл, өткір әжуаға толы кестелі тілмен шебер сипаттаған екен. Астарлы да қатпарлы, өте ойлы туынды.
Кезінде «Жансебіл» атты жалғыз әңгімесінің желісімен тамаша көркемфильм түсірілген қабырғалы қаламгер, танымал жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің кітаптарын қазір шетінен рахаттана оқып жатырмын. Шынымды айтсам, бұрын оның «Миллион жылан, миллион ара және мен», «Шіркін, Шекер», «Өлмейтін құс», «Соқыр» сияқты үздік әңгімелерін әдеби басылымдардан оқығаныммен, кітаптары қолыма енді тиді. «Қыш адамы» атты кітабы әдеби эсселер мен өмірбаяндық хикаяттардан тұрады екен. «Шыңғысханнан Шахановқа дейін» деп аталатын кітабына әр жылдары белгілі тұлғалармен болған сұхбаттары кіріпті.
Таяуда үш томдық «Көкжалдарының» алғашқы томын қолыма алдым. Бұрын еш жерде жарияланбаған «Көкжалдар» атты роман-тәмсілі мен «Кіреш» атты хикаяты, эксперименттік үлгіде жазылған жаңа туындылары сол 1-томға еніпті. Сондай-ақ бұрын баспасөзде жарық көрген, оқырмандар көңілін баурап, жүрегін жаулаған бірнеше әңгімесі көзіме оттай басылды. Таптаурын жолдан қашатын, ойлы дүниелерінен өзіндік қолтаңбасы айқын көрінетін Жүсіпбек Қорғасбектің кітаптарын оқып, күнделікті күйбең тірліктен бөлек, бір әдемі әлемде жүргендеймін қазір.
Әлем демекші… Күллі әлемде әдеби кітаптар сұмдық көп қой. Оның бәрін бір адам қамшы сабындай қысқа ғұмырында түгел оқып шыға алмайды. Біреулер: «Ойпырмай, анау керемет екен!», «Мынау сұрапыл екен!» – деп көзін жұмып, аузын ашып, таңдай қаға тамсанып жатқан шетелдік жазушылардың кейбірін оқыдым. Бізде де олардан артық болмаса, кем жазбайтын мықты жазушылар бар. Бірақ олар көп емес (Саусақпен санарлықтай десем, тым аз болар ма екен?). Сол санаулы ғана қазақ жазушыларының таңдаулы туындыларын мемлекетіміз әділ сүзгіден өткізіп, шетел тілдеріне жатық тілмен аудартып, жақсылап насихаттай білсе, қазақ әдебиеті де әлем жұртшылығын таңғалдырар еді-ау!..

Заря ЖҰМАНОВА, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір