ЖЫР АЛЫБЫ – ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ЕЛ БІРЛІГІ
Жуырда Астанада жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толған мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Жыр алыбы – Жамбыл және ел бірлігі» атты іс-шара өткізді. Мерейтойлық іс-шара алдымен Астана төрінде жыр жампозына арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Оған Қ.Мәми, Жоғарғы Соттың судьялары мен Астана қалалық сотының басшысы қатысты.
Одан кейін Жоғарғы Соттың мәжіліс залында жалғасын тапқан іс-шараны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми ашып, ақынның елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақырған, туған ел мен жерді қастерлеуге, ұлы Отанды сүюге үндеген өміршең жырларына тоқталды. Ақын шығармаларының жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызды ролі айтылды.
Жиын барысында сөз алған Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Жоғарғы Соттың судьясы Әділ Құрықбаев дауылпаз ақынның өмірі мен шығармашылығына жан-жақты тоқталып, әділдікті, ынтымақ-бірлікті арқау еткен өлеңдерін арқау етті. Сонымен қатар, ақынның халқымыздың рухани қазынасына айналған туындылары оқылып, сот әділдігін жүзеге асыруда қажырлы еңбек етіп жүрген судьялар мен аппарат қызметкерлеріне тағылым боларлықтай мазмұнды баяндамалар жасалды.
Шара барысында Жоғарғы Сот қызметкері, ақын Алма Түсіпбекова жырдан шашу шашты. Сот төрелігі институтының магистранты Әсел Тасболатова ақынның «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңін оқып, салтанатты шараны тамашалаған қауымның ықыласына бөленді. Жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова ақиық ақынның «Угай-ай» әнін тамылжыта шырқады. Ал жас әншілер Айдос Оңғарбай мен Толғанай Кеңес Жамбылдың айтыс өнеріндегі үздігі саналатын Жамбыл мен Айкүміс айтысынан үзінділерді нақышына келтіріп орындады.