62 жоба және 8 мыңнан астам жұмыс орны, Жамбыл облысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр
30.11.2025
80
0

Дінмұхамед СҰЛТАН,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ журналистика факультетінің 1-курс студенті

2025 жылдың Караша айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы 9,8 пайыздық тұрақты экономикалық өсім көрсетті. Өңірдің өнеркәсіптік өндірісі 1,1 триллион теңгеге жеткенін облыс әкімі Ербол Қарашукеев СЦК алаңында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, Жамбыл облысы өнеркәсіп өсімі бойынша республикада үздік үштікке енеді. Өңір өңдеу саласында да көш бастап келеді. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін триполифосфат натрийінің, натрий цианидінің, аммофостың, сары фосфордың 100 пайызы және қанттың 40 пайызы осы облыста өндіріледі. Өңдеуші сектордың үлесі – 63 пайыз.

Ербол Қарашукеев инвестиция көлемінің айтарлықтай артқанын да атап өтті. Биыл өңір экономикасына 553,6 миллиард теңге салынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе көп. Инвестицияның 82 пайызы жеке капитал, бұл кәсіпкерлердің өңірге деген жоғары сенімін көрсетеді.

Жыл басынан бері 21 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды.

2029 жылға дейін жалпы құны 4,1 триллион теңге болатын 62 инвестициялық жобадан тұратын портфель құрылды. Бұл жобалар 8,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік инфрақұрылым да қарқынды дамуда. «Тараз» индустриалды аймағы мен «Jibek Joly» еркін экономикалық аймағында 40 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді. Онда кәсіпорындар жеңілдетілген шарттармен өндірістік орын жалдай алады. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары болғандықтан, СЭЗ аумағы 1,2 мың гектарға дейін кеңейтіледі.

Аймақ басшысы Президент тапсырмаларын орындау аясында өңір жаңа индустриялық деңгейге көтеріліп жатқанын айтты.

«Индустрияландыру мен инвестициялар өсімінің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Ендігі міндет — осы қарқынды сақтау, экспортты арттыру және жаңа өндіріс ошақтарын қалыптастыру», деді әкім.

Білім саласында 25 миллиард теңгеге 26 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде жеті мектеп пайдалануға берілді, соның төртеуі — «жайлы мектеп» форматында. Жыл соңына дейін тағы жеті нысан аяқталмақ.

Бұл шаралар апатты мектеп мәселесін, үш ауысымды оқитын бір мектептің жүктемесін, сондай-ақ алты мектептегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алты ескі ғимараттың орнына жаңа нысандар салынады.

Бұдан бөлек, білім беру саласындағы 16 нысанға 11 миллиард теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізілді.

Денсаулық сақтау бағытында да жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Өңірде жасанды интеллект негізіндегі инновациялық жоба іске қосылды. Бұл жүйе 22 медициналық мекемені бір цифрлық платформаға біріктіреді. Технология өкпе және сүт безі обырын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 2264 адам тексеруден өтті. Бұл жүйе ТМД елдері арасында баламасы жоқ бірегей жоба саналады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір