ЖЫР АЛЫБЫ МҰРАЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Алматыда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Алматы облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толу мерейтойына арналған «Ата толғауы» атты салтанатты кеш өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты концертке байланысты Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұжымына және кеш қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Іс-шараға Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты кеште сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жыр алыбы – Жамбылдың қазақ руханиятында айрықша орын алатынын атап өтті.
– Жамбыл қазақ сөз өнеріне жаңа тыныс, соны соқпақ әкелген ақын. Ол – айтысты тек ел ішіндегі сөз сайысы деңгейінде қалдырмай, оны халық рухының биік мінберіне айналдырып, айтысты халықаралық дәрежеге көтерген тұлға. Ол – жырды кәсіп емес, халықтың тағдырын арқалаған аманат деп түсінген ақын. Домбыраның қос ішегіне ғасырлардың үнін сыйғызған, сөз арқылы ұлттың рухын тірілткен жырау болатын. Ол ақсақал ретінде тұтас делегацияны Мәскеуге бастап барды. Бұл кезең қазақ халқы Абайын толық танып-біліп үлгермеген, біреу ұлы ақынның етегінен тартып, біреуі төбесінен басып, оның ұлылығын мойындағысы келмей тұрған күрделі уақыт еді. Ұлт руханияты таразыға түскен, сөздің салмағы саясатпен өлшенген ауыр заман болатын. Осындай кезеңде Жамбыл Жабаев секілді дала даналары халықтың ішкі жан айқайын, ғасырлық ойы мен парасатын өлең арқылы сөйлетті. Жамбыл – тек ақын емес, халықтың жадын сақтаушы шежіре десек қателеспеген болар едік. Ол жыр айтқанда жеке өзінің емес, тұтас ұлттың үнін жеткізді. Оның өлеңінде қазақтың қуанышы да, қасіреті де, үміті мен ертеңге деген сенімі де қатар өмір сүрді. Сол жылдары әлем Қазақстанды география арқылы емес, руханият арқылы таныды. Қазақ деген халық бар екенін, оның сөз өнері бар екенін, оның жырмен өмір сүретін жұрт екенін дүниеге танытқан да Жамбылдың дауысы еді. Жамбыл жырлаған сайын қазақ даласының үні шекарадан асып, әлемдік мәдени кеңістікке жетті. Соғыс жылдары ел рухын көтерген де осы жыр болды. Іргеде тұрған Ұзынағаш өңірі, бүгінгі Жамбыл ауылы – жай ғана қатардағы ауыл емес, қазақ руханиятының орталығы. Сол жерде отырған Жамбыл – бір ауылдың емес, тұтас ұлттың ақсақалына айналды. Оның қара шаңырағы халық үшін рухани орда, жырдың қасиетті бесігі болды. Жамбыл – ғасырлар тоғысындағы көпір. Ол өткеннің жыраулық дәстүрін сақтап, жаңа дәуірге жеткізді. Сондықтан Жамбыл тұлғасы – уақыттан биік, ұлт жадынан өшпейтін рухани құбылыс. Қазақ бар жерде Жамбыл жыры өмір сүреді, ал Жамбыл жыры бар жерде халықтың рухы ешқашан әлсіремейді, – деді ол.
Сондай-ақ Қырғызстанның халық жазушысы, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті мен өнері халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев:
– Жамбыл – қазақ рухының символы. Әр дәуір өзінің алыптарын тудырады. Әр ұлттың әр кезеңінде сөзін сөйлейтін, әнін әндеп, күйін күйлеп, жырын жырлайтын әнші, күйші, жыраулары болады. Олар заманының тамыршысындай дәуірдің сөзін айтып, ұлтына ұлан-ғайыр пайдасын тигізеді. Мұндай тұлғаларға деген құрметтің жемісін сол замандағы халық көреді.
Бүгін біз 180 жылдығын тойлап отырған Жамбыл Жабаев – ғасыр жасап, ғасырының сөзін айтқан, қазақ халқының жағасы жығылмаған жырауы, батагөй абызы, аңызы.
«Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай!
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай!
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап
Қара дауыл құйындай! »–
деп Жамбыл жырау өзі жырлағандай, қара дауыл құйындай жырларымен адамзатты жырына арқау етті. Халқын өнер-білімге, еңбекке насихаттады. Көне заман мен жаңа дәуірді таразылап, халықтың қамын қамдап, мұңын мұңдады. Жүз жылдық ғұмырында абыройын елінің игілігіне арнады. Бұндай тұлғаның өмірге сирек келетіні анық. Ол әрқашан туған халқымен бірге болды, солар үшін күйінді, солар үшін сүйінді.
«О, балалар, балалар,
Қарашығы көзімнің,
Қуанышы сөзімнің.
Кеудемдегі жүрегім
таянышым, тірегім.
Ардақтысы елімнің,
Гүл-шешегі жерімнің.
Алдыңа келді қарияң,
Өлең боп аққан дарияң», –
деп елінің болашағы – өрендеріне үнемі өсиет айтып, жырына қосып, батасын беріп, келер күннің жақсылығына жаршы болды.
ТҮРКСОЙ ұйымы түркі халықтарынан шыққан бір өзі – бір дәуір іспетті алыптардың мерейтойларына үнемі атсалысып келеді. ТҮРКСОЙ түркі халықтарының рухани құндылықтарын – ортақ мәдени мұрамыз деп қарайды.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының «Ата толғауы» атты бүгінгі салтанатты кеші – ұлы жыраудың рухына тағзым, қуана қол соғатын мәйегі бөлек мәдени шара деп білемін.
Мен сөзімді Сәкен Сейфуллиннің Жамбыл атамыз туралы айтқан сөзімен аяқтауды жөн көрдім: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз». Жамбыл атамыз рухымен қолдап жүрсін! Бірлігіміз бекем болсын! – деп жыр алыбының рухани мұрасын жан-жақты айшықтап, сөз сөйледі.
Концерттік бағдарлама аясында «Отырар сазы» оркестрі мен Алматы облысының өнерпаздары бір сахнада өнер көрсетіп,
М.Маңғытаевтың, Е.Үсеновтің және Л.Хамидидің шығармаларын орындады. Сонымен қатар биыл туғанына 165 жыл толып отырған күй анасы Дина Нұрпейісованың мұрасы да ұлықталып, Баян Сәтқызының орындауында «Науысқы» күйі шертілді. Сондай-ақ Қазақстанның халық артисі Рамазан Стамғазиев Жамбылдың «Жиырма бес» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кешке Қырғыз Республикасының халық артисі Бақытбек Тілегенов бастаған өнерпаздар арнайы қатысып, қазақ пен қырғыздың тамырлас тарихын әсем әуенмен өрнектеді. Филармония фойесінде Жамбыл музей-үйімен бірлескен көрме ашылып, келушілер жыр алыбының көзін көрген құнды экспонаттарды тамашалады.