БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН БІРТҰТАС ТҮРКІСТАН
21.05.2024
92
0

Түркінің түп мекені Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан ежелден сауда-саттық пен түрлі мәдени қарым-қатынастардың орталығы. Сондықтан бұл – тек қазақтар ғана емес, сан түрлі ұлыстар бас қосқан бірлік пен татулықтың ұясы. Осыдан бес жыл бұрын облыс орталығы мәртебесіне ие болған бұл көне шаһарда бүгінде 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік (өзбек, славян, түрік, күрд, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзірбайжан, грек және «Ынтымақ» этномәдени бірлестігі және олардың аудандар мен қалаларда 4 филиалы және 23 өкілетті өкілі жұмыс атқаруда.


ҰЛЫСТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН МЕКТЕП

Қазақтықтың қаймағы сақталған, мемлекеттік тіл тұғырына қонған Түркістан өңірінде көпұлтты ерекше білім ошағы бар. Ол – Төлеби ауданы Бірлік ауылындағы Бірінші мамыр орта мектебі. Онда 20 түрлі ұлыстың балалары оқиды. Терең тарихы бар мектеп, облысқа бауырмалдығымен үлгі болып отыр. Олар қазақша сөйлегені бер жағы, мектепке қазақша киініп, ұлдар жағы асыр салып асық та ойнайды. Туғалы қазақ арасында өсіп келе жатқандықтан аты өзгеше болса да, олар өздерін қазақ санайды. Солардың бірі – Рауан Ван. Әкесі – қытай, анасы қазақ Рауан биыл 10-сыныпты аяқтайды. Барлық сабақтан оқушылардың алдында тұратын Рауан қазақшаға судай. Өйткені тілі қазақша шыққан, қала берді қазақ балаларымен ойнап өскен.
– Қазақ тілі – өз тілім. Үйде анаммен қазақша сөйлесеміз. Достарымның бәрі қазақ. Оның үстіне біз Қазақстанда тұрамыз ғой. Күнделікті сабағымыз да қазақ тілінде, – дейді Рауан ВАН.
Ғасырға жуық тарихы бар Бірінші Мамыр жалпы білім беретін мектепте 219 ұстаз, 1818 оқушы бар. Олар қазақ және орыс тілінде білім алады. Мұндағы ұжым да көпұлтты. Білім ұясында орыс, өзбек, түрік ұлтынан бастап, әзербайжан, шешен, күрд, татар, украин, тәжік, авар, кәріс, неміс, ұйғыр, иран, қытай ұлтының балалары білім алуда. Ал жалпы ауылдық округте 21 мыңнан астам тұрғын тұрады. Оның 11 мыңы қазақ болса, қалғаны өзге ұлыс өкілдері. Бүгінде мектеп атына заты сай, бірлігі жарасқан қарашаңыраққа айналған.

ҚАЗАҚҚА ТАСТАЙ БАТЫП, СУДАЙ СІҢГЕН КЕЛІНДЕР

Көп этносты өңір болғанымен, Түркістан сол ұлыс өкілдерінің бәрін өзіне сіңіріп, қазақ етіп отырған жайы бар. Тіпті қазаққа келін болып жатқан орыс, өзбек, укарин, татар, т.б. ұлттың қыздары да аз емес. Солардың бірі – Карина Бектемирова. Кентауға келін Карина – Арыс қаласының тумасы. Әкесі – татар, анасы – орыс. Алайда қазақ тілін жастайынан меңгерген көрінеді. Соның арқасында қазір әулетінің ибалы келіні, ұжымға сыйлы қызметкер атанып отыр. Оған қоса, алтындай 3 қыздың анасы. Оның кентаулық атанғанына 12 жылдан асқан. Келіншек тұрмыс құрарда еш қиындық болмағанын айтады. Ата-анасы да қазақ отбасына келін болуға ешқандай қарсы болмапты. Өйткені татар халқының қазақтармен дәстүрі де, тілі де, діні де ұқсас екен. Бұл – бір ғана мысал. Жалпы, бәріне ортақ ұқсастық, қазақшасы судай болғаны өз алдына, келіндердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы бәрі қазақыланып кеткен.

АССАМБЛЕЯ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Биыл Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан халқы ассамблеясы залының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында көрме ұйымдастырылып, түрлі этностардың ұлттық тағамдары мен киімдері, заттары таныстырылды.
Халықтар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған шараға Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі де қатысты. Аталған бірлестік төрағасы Шакирджан
Игнатьевичтің айтуынша, әр этностың өз тілі мен дәстүрін ұмытпай, дәріптеуге мүмкіндігінің болуы үлкен жетістік.

Шакирджан БУРНАШЕВ, Шымкент қалалық Татар-Башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Біздің этномәдени бірлестігіміз еліміздегі бірлік пен ынтымақтың нығаюына, тұрақтылықтың сақталуына өзіндік үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда еліміздегі әрбір этностың өз тілі мен салт-дәстүрін ұмытпай, өскелең ұрпаққа үйретуге мүмкіндігі болғаны – үлкен жетістік. Біз осыны өзіміздің этномәдени бірлестігімізде жүзеге асырамыз.

Нәзік АЛАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір