Жыр алыбы — Жамбыл
11.03.2025
109
0

Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай Алматы облысы, Жамбыл ауылында «Жыр алыбы – Жамбыл» ат­ты мерекелік іс-шара өт­ті. Қазақтың жыршылық дәстүрін дәріптеген ақынның шығармашылығына арналған бұл кешке еліміздің танымал ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдері қатысты.
Жиында алғашқы сөзді Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков алып, жыр алыбының қазақ руханиятындағы айрықша орны туралы баяндады. Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов сөз сөйлеп, ақынның әдеби мұрасы туралы терең ой өрбіт­ті. Сонымен қатар Қасымхан Бегманов Грузияның астанасы Тбилиси қаласындағы Важа Пшавела атындағы Ұлт­тық мемлекет­тік мұрағатынан қазақ тарихы үшін аса құнды дерек тапқанын тағы бір мәрте сүйіншіледі.
Ұлт­тық мұрағат­тан 1937 жылы Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдық мерейтойына арнайы барған Қазақ­стан делегациясының құрамында ұлы Жамбыл Жабаевтың домбырамен толғау айтқан сәті түсірілген деректі фильм табылған болатын. Бұл жаңалық шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері тарапынан зор қызығушылық пен қуанышпен қабылданды.
Мәдени шара аясында «Сүйінбай» театрының «Ғасыр жасаған жүрек» ат­ты прологі сахналанып, одан ке­йін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концерт барысында жыр-термелер орындалып, Жамбыл Жабаевтың жырларынан шашу шашылды.
Ұлт руханиятының ұлық мерекесіне айналған бұл күн қазақ сөз өнерінің мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлы жыраудың мәңгілік мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымен бірге жасай бермек.

Қазақ­стан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір