Құрылтай мен Жолдаудың бірлігі
Қуандық Түменбай:
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда академик Асқар Жұмаділдаев болашақ үшін бірнеше ұсыныс айтты. Ел Президенті қорытынды сөзінде бұл ұсынысты қолдап, қуаттады. Міне, бүгінгі Жолдауда сол ұсыныстардан туындаған біраз мәселе ел назарына ілігіп отыр. Ашып айтсақ – су мәселесі. Биыл оңтүстік өңірдің егіншілері су тапшылығынан егінін жинай алмай, төккен тері зая кетті. Жамбыл облысының диқандары еккен қызылша мен қырыққабат сусырап, күйіп кеткенін көгілдір экран алдында көргендердің күрсінбегені жоқ шығар. Президент «Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндет» деп қадап айтты. Осы жерде Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы еске түседі. Қаһарлы Сталин 1940 жылы «Орта Азия елді күрішпен қамтамасыз етсін» деген жарлық шығарып, Сыр бойының еңкейген кәріден, еңбектеген баласына дейін арнасы Сырдарияға барып тірелген 120 шақырымдық Шиелі каналын қазып, сол алып арна соғыста жауынгерлерді күрішпен қамтамасыз етті. Сәбит Мұқановтың еңбегі халық кәдесіне асып, шығарма Одақ көлемінде жоғары бағаланды, яғни әдебиет адам еңбегін паш етіп, адамға қызмет етті.
Президент аузымен айтылған екінші бағыт – Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі. Президент «Бұл – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын» деп халық талқысына салып отыр. Қазір атомы жоқ ел – қауқарсыз ел, менің көз алдыма мылтығы жоқ қарауыл елестейді. Бұл жерде Түркия мен Жапония үлгісін алуымыз керек. Семейдегі ирелеңдеген түтінге тұншығып болдық, енді өз атомымызды бейбіт мақсатқа жұмсасақ дейміз.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді» деп Президент ашып айтты. Осындайда «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы» деп Жарасхан Әбдіраш «Ауыл» партиясының ұрансөзін жазғаны еске түседі. Ауыл шаруашылығын өркендету деген сөз – жерге ұқыпты қарау, егін егетін жер мен тұрғын үй соғатын жерді алмастырмау, жаңа да озық технологиямен қамтамасыз ету, ең бастысы – ауыл еңбеккеріне қамқорлық көрсетіп, мерейін өсіру. Инновация дегеніміз – осының тасасында бұғып жатқан қазына.
Ауыл былғанып бітті. Қазіргі ауыл таза қолды аңсайды. Бөлінген бюджетке коррупциялық әдіспен емес, диқан көңілмен қарау керек. Жер өкпелесе, сілкінеді. Мұны Лев Толстой «жерді сатуға болмайды» деп, өзіміздің Мұхтар Әуезов «шаруаны бірлестіру жолы – машина» деп өткен ғасырларда айтып кеткен.
Жолдауда адамзат бойындағы адалдық пен адамгершілік концепциясы туралы да дәл айтылды. Енді диқанымыз тракторын уақтылы жүргізіп, өскен дәнді адал қолмен аяласақ, миллиард пұт астық басқаға емес, өз аузымызға түседі. Жер ренжісе, сілкінеді. Орман ренжісе, өртенеді. Адамзат таза болса, табиғат та онымен етене. Құрылтайдағы ұсыныстардың Жолдауға жол тапқанына көңіліміз мәз-мәйрам. Біз қанағатшыл елміз, қолымыздан келмейтіні жоқ. Енді айтылған сөз жерде қалмаса дейміз. «Бірлік бар жерде, тірлік бар».
Берекелі қоғамның негізі – білім
Айгүл ӘМІРБЕКОВА,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми қызметкері
Адамның интеллектуалды капиталы өркендеген сайын жаһандық бәсекеге қабілеттілік арта түседі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі қағида. Расымен де, әлемде интеллектуалдық еңбекке, ғылым мен мәдениеттің жетістіктеріне, инновациялар мен шығармашылыққа негізделген экономиканы дамытуға көңіл бөлетін елдердің саны күннен-күнге артып келеді және сол қоғам – берекелі. Демек, қазіргі әлемдік жарқын өмір үздіксіз дамуды, қоғам сұранысындағы мұқтаждықты өтейтін сапалы жаңаруды, мультисалалардың тоғысынан туындайтын әмбебап технологияларды қажет етеді. Бұндай креативті-инновациялық дамуға әрине интеллектуалды капитал ауадай қажет. Сондықтан берекелі қоғам болуды көздесек, біртұтас ұлттығымызды сақтауды көздесек, Президент Жолдауында айтылғандай, әрбіріміз интеллектуалды капиталды дамытуға талпынғанымыз жөн.
Президент Қ.Тоқаевтың талантты шығармашыл адамдарды тарту идеясын қолдаймын. Бірақ сырттан емес… Қазақстанның өз ішінде де талантты жандар көп. Ең бастысы, оларға қолдау керек. Қазақстанның бренд мектептері – РФМШ, БИЛ, НИШ талантты ұрпақты дайындап жатыр. Мультикәсіптік мамандар дайындау жобалары құрастырылуда. Мәселен, моушн-дизайнер мамандығын меңгеруге талпынатын жастар көп-ақ. Осы арқылы аталмыш дарынды мектептердің әдісі мен тәжірибесі мойындалғанын көреміз. Қазіргі Қазақстанның ірі индустриясы мен мемлекеттік қызметінде осы мектептерді бітірген түлектер қызмет етуде. Білім инновация лицейлерінде «ғылым жәрмеңкесі» болып тұрады. Бұл – оқушының ғылыми-шығармашылық өнімін жариялауға, насихаттауға, сол арқылы өзінің интеллектуалды даму деңгейін анықтауға үлкен мүмкіндік. Ендеше, креативті ойлауға, шығармашылық еркіндікке, ғылыми дамуға мүмкіндік тудыратын алаңдар мен олимпиадалық кеңістіктер жалпы білім беретін мектептерде де қарқынды бола түссе, шіркін! Немесе дарынды балаларға арналған мектептердің санын көбейту керек шығар!?
Президент Жолдауында айтылған ғылыми өнімді коммерцияландыру тұжырымы да – өте өзекті. Себебі дамыған елге айналу үшін экспортты ұлғайтудың да маңыздылығы зор. Қазіргі қазақстандық жастардың бизнес сауаттылығы артып келеді, оған өмірдің өзі бейімдеп жатыр. Ендігі кезекте оларға интеллектуалды капиталды сіңіру қажет. Демек, Президенттің стратегиялық болжамы дұрыс және оң қадаммен орындалып жатқаны сөзсіз. Сондай-ақ Мемлекет басшысының қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, өндірістік, өнеркәсіптік, технологиялық шеберлікті пайдалану арқылы, Қазақстанның креативті индустриясын қалыптастыруға басымдық беруі – уақыт талабы. Геосаяси қауіпсіздікте «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген позицияны ұстануы да интеллектуалды даму бағытында екенімізді мойындатады. Мен Президенттің стратегиялық жолдауымен дамитын Қазақстанның болашағына сенемін!
Ел дамуының кепілі
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
жазушы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен журналистика факультетінің, сондай-ақ Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын аса ынта-ықыласпен тыңдап, зор сеніммен қабылдады.
Президент сөз басында елімізде жүргізілген саяси реформаларға тоқталып, елімізде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы бекем орныққанын, әділдік пен заң үстемдігін орнату үшін ілкімді істер атқарылғанын айта келіп, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты.
– Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз. Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент осы Жолдауда өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін қолдау жөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтуға, экономиканы монополиядан арылтуға, макроэкономикалық саясатты қайта қарауға, салық, бюджет саясатын және әкімшілік басқару жүйесін реформалауға қатысты бірқатар маңызды бастама көтерді. Мәселен, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру, еліміздің туристік әлеуетін көтеру, геологиялық барлау ісін дамыту, қорғаныс-өнеркісіп кешенін нығайту, елімізді аграрлық орталыққа айналдыру, энергетикалық қауіпсіздік және трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану, Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру. Міне, осы қадау-қадау міндеттердің бәрі – болашағымыздың жарқын болуы мен ел дамуының нақты кепілі. Біз Қасым- Жомарт Тоқаевтың Жолдауын қызу қолдап, онда айтылған міндеттердің дер кезінде орындалатынына бек сенеміз! Өйткені осы Жолдауда атап көрсетілген міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс екендігін Президенттің өзі қадап айтты.