ҚАЛАЙ «ЦВЕТНОЙ» ЖЕЗДЕ АТАНДЫМ?
15.09.2023
317
0

Басқалардың әйелдері күйеулерін қалай жақсы көретіндіктерін білмеймін. Ал менің Сықсимам мен дегенде шыбын жанын қоярға жер таппайды ғой, шіркін! Не, сенбей отырсың ба? Неменеге мазақ еткендей күле бересіз? Орынсыз ыржалақтай бергенше, тыңдаңыз! Сонымен, не айтып отыр едім өзі? Иә, иә, әңгіме менің Сықсимам жайында екен ғой. Жаңа мені әйелім сондай жақсы көреді дедім. Енді, құдайшылығын айт­қанда шынымен жақсы көретіні рас. Әсіресе жалақымды алып, оны шашау шығармай қолына «салтанат­ты жағдайда» тапсырғандағы бақыт­ты сәт­ті айтсам, тыңдап отырған сіздің де, әңгіме айтып отырған менің де көңіліміз босауы әбден мүмкін.
Сықсиманың нағыз ұрыс үшін сирек жаратылған салпы ерні ақшаны санаған кез­де бар ғой, ғажайып құбылысқа бөленіп кетеді. Күс басқан саусақтары «автоматический» жылдам қимылдап, теңгелердің санынан еш жаңылмайды. Бар ақшаны ыждаһатпен санап, шеті мүжілмей, өзіне жеткен байлыққа масат­танған Сықсима оны қыжым желеткесінің ішіндегі қалтаға мұқият салып қояды. Одан әрі қалтаның сыртын сақтық үшін түйреуішпен қымтап қоюды да естен шығармайды. Сосын өзінен-өзі көңілденіп, жайма-шуаққа бөлене түскен ол бар жылы-жұмсағын дастарқанға шығарады. Шайдың қоюын, нанның жұмсағын менің алдыма жақындатады. Астыма қалың көрпешені қат-қабатынан төсеп, шулаған балаларды: «Тәйт әрі, айқайламай тыныш отырыңдар, әкелерің жұмыстан шаршап келді», – деп далаға қуып тастайды. Содан бір аптаға дейін әйелім үстіме шыбын қондырмай әлпештеп, өзінің аялы алақанына салып үлбіретіп жүреді. Шіркін-ай, қолымнан келмейді ғой, қолымнан келсе, күнде ақша әкеліп, Сықсимамның мерейін үстем етіп жүрген болар едім.
Әлгінде айт­тым ғой, менің бұл бақыт­ты кезеңім бар-жоғы бір-ақ аптаға созылады деп. Бір аптадан соң ақша толық жұмсалып біткенде мен баяғы таз қалпыма қайта түсем. Сықсиманың сүйегі жоқ «шырын» тілі қайта жұмысқа кіріседі. «Әкесі-ау, балалардың көкесі-ау» деген әдемі сөздері еріксіз «сұмырай, алқаш, сүмелек» ат­ты жаңа теңеулермен алмасып жатады. Содан жалақы қашан қолға түскенше Сықсима екеуміз бір-бірімізбен сөйлеспейміз. Үн-түнсіз қалпы, көбінесе топырақ бет­теніп отырамыз. Қысқартып айт­қанда, ақша тапсам адаммын, ақша таппасам адам кейпіндегі сайтанмын… Ақшадан қысылған кез­дері қатқан нан, қантсыз шай, қатықсыз көже ішуге де үйреніп алғанмын. Қайтейін тағдырдың жазуы солай болса, қайда қашып құтылайын…
Кеше айлығымды алып, Сықсиманың қолына табыстадым… Аяқ астынан қуанып кеткен ол енді істейін деп отырған сылдыр су көжесін доғара қойды да, бірден қазанға ет салды. Астыма екі көрпешені қабат­тап салып, шынтағыма үйге сыйлы қонақтар келгенде ғана көрінетін үлкен құс жастықтың біреуін ыңғайлай берді… «Шайың суып қалмасын» деп, қайта-қайта ерінбей жаңартып отырды.
Азанда қас қылғандай екеуміз де ұйықтап қалыппыз. Оның үстіне «қырсыққанда қымыран іріп», свет те өшіп қалыпты. Көрдей қараңғыда шала-пұла киініп, жұмысқа кет­тім. Мені как будто соғысқа ат­тандырғандай Сықсима ерніме ернін молынан жабыстырып, қимай, әрең шығарып салды. (Қайран ақшаның буы-ай! Ақша болмаса, көрер ем сүйіскеніңді).
Шынын айт­қанда, түні бойы жөнді ұйықтамағандықтан, түске дейін мазам болмады. Түсте жағымды жаңалық естідік. Бастығымыздың оң қолы, яғни сыпайылап айт­қанда сүйкімді хатшысы Мануара ханым қарап жүрмей, отызға келіп қалыпты. Тайлы-таяғымыз қалмай бүгін түс кезінде туған күн иесінің шаңырағына баруымыз керек екен.
…Міне, Мануара ханымның аумағы ат шаптырымдай кең залында қаздың балапандарындай тізіліп отырмыз. Үстел үстіндегі тағамдардан көз сүрінеді. Төрде қасқа басы жалтырап бастығымыз – Тәкен мырза отыр. Одан берірек екі беті бал-бұл жанған Мануараның өзі жайғасыпты. Ансамбль дегенің құтырына ойнап тұр. Кезекті тостың құрметіне алдымдағы арақтан қағып салған мен кенет­тен аяғыма көзім түсіп кетіп, жүрегім бірден тоқтап қала жаздады. Бір аяғымда өзімнің қара нәскиім де, екінші аяғымда Сықсиманың өкшесі жамаулы қызыл нәскиі… Ал керек болса! Қалай байқамадым екен, азанда… Айтпақшы, свет болмай қалды емес пе? Қап әкеңнің аузын… Сықсима-ай! Оңбайсың ғой, оңбайсың, қожайынына еркелеген мысықтай, бір сүйкенбесең жүре алмайсың-ау…
Енді қайт­тім?!. Шешіп тастап, жалаңаяқ отыруға тағы болмайды… Сасқанымнан қызыл нәскиді көрпешенің астына тыға бердім. Бір кез­де тойды басқарып жүрген асаба жігіт:
– Ал енді келесі сөзді Мануара қарындастың жақын жездесі Ебелек ағаға береміз. Қане, Ебеке ортаға шығып, балдызыңызға жақсы тілек білдіріңіз! – демесі бар ма?
Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Әрине, жайшылықта болса мен сөзден де, ортаға шығудан да қашайын деп тұрғам жоқ. «Мені құртқан көкшолақ» демекші, мені құртайын деп тұрған Сықсиманың қызыл нәскиі болмаса не қылсын!
– Балдызыма тілекті осы жерден-ақ айта берсем қайтеді, – деп міңгірледім.
– Жоқ, Ебеке, оныңыз болмайды, ортаға шығыңыз, балдызыңызды сыйламайсыз ба? – деп асаба жігіт қылқылдап қоймады.
– Ты что, жездешка, ортаға шыққың келмей тұр ма? Давай, бұралмай тез шық. Тілектен соң жабысып тұрып билейміз. Менімен билемей, бәрібір құтылмайсыз. Болмаса әпкеме айтып, сабатып алам, – деп балдызым Мануара да әзіл-шынын араластыра орнынан тұра берді.
Мен шалбарымды түсіріңкіреп, мүмкін болса қызыл нәскиді көрсетпегенсіп амал жоқ, ортаға шықтым. Обалы не керек, жүз грамды өңешке ат­тандырып, орныма тезірек кетсем дегем. Қайдан…
– Музыка! Давай, «Андижан полькасын» орындаңдар! Жездеммен лично өзім билеймін, – деп Мануара қолын көтеріп, ортаға шыға берді.
Ал мықты болсаң, билемей көр. Ансамбль де дереу ойнақы әуенді бастай жөнелді. Шегінер жер жоқ! Амалсыз қорбаңдап, билеуге көштім… Мен билемей жатып-ақ дастарқанда жағалай отырғандар мырс-мырс күле бастады. Әсіресе бастығымыз ішін басып, күлкісін тия алмай, домаланып жатыр… Аяғымды шошаңдатқан сайын жұрт ду күледі. Ақыры болары болды ғой деп мен де жұлқынып билеп жатырмын. Бір кез­де би аяқталды-ау әйтеуір…
– Жарайсыңдар! Екеуің де әдемі биледіңдер. Әсіресе Мануараның «цветной» жездесі сондай жақсы билейді. Ал кәне, «цветной» жездеге бір приз әкеліңдер! – деп асаба жігіт жұрт­ты тағы да ду күлдірді.
– Простой жездемді «цветной» жездеге айналдырған менің әпкеме рақмет айтайық! – деп Мануара онсыз да лаулап тұрған күлкіге май тамызды да жіберді.
Сонымен қойшы, сол отырыстың «бас кейіпкері» мен болдым. «Цветной» жезде, «Мода-2001», «Қызыл аяқ», «Павороты жанған кісі», тағы басқа да атаулардың авторы атандым. Мені ұятқа қалдырған қызыл нәски кейінірек видикке де әдемі түсіріліпті. Бір аяғыма мужской, екінші аяғыма женский нәскиімді киіп, тайраңдап билеп жүргенімді көргендер әлі күлкінің астында қалады. Енді жалақы алғанда Сықсимаға үн-түнсіз ұсынатын болдым. Қалай ойлайсыз, дұрыс па менің ойым? Дұрыс болса, осы әңгімені оқып болған соң қызыл нәски хикаясын ешкімге айтпай, құпия сақтауыңызды өтінем. Өйткені менде болған жағдай сіздің басыңызда кез­десуі мүмкін ғой. Так что, бекерге маған күле бермеңіз, ендеше…

Орынтай КӨМЕКОВ,
Түркістан облысы
Түлкібас ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір