Қытай тілінде жазатын қазақ қаламгері
07.12.2024
131
0

Өткен аптада Алматыдағы Ұлт­тық кітапханада Қазақ­стан Жазушылар одағы және Д.А.Қонаев университетінің ұйымдастыруымен, қытайдың танымал жазушысы, Қытай Халық Республикасы Халықтық сая­си Консультативтік Кеңесінің экс-депутаты, жазушы, аудармашы Акбар Мәжит­тің 70 жасқа толуына орай, «Еркіндік туралы ертегілер» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өт­ті. Жиынды Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы ашып, жүргізіп отырды.

Өз шығармаларын, негізінен, қытай тілінде жазатын қаламгерді қазақ оқырмандары біле бермеуі мүмкін. Бұл жерде Акбар Мәжит ұлтымыздың көрнекті тұлғасы екенін айта кеткеніміз орынды. Ол қытай тілінде қалам тербейтін бірден-бір қазақ қаламгері ретінде елеулі еңбек сіңіріп, Бейжіңдегі «Қытай жазушылары» баспа тобы директорының орынбасары, «Қытай жазушылары», «Ұлт­тық әдебиет» сияқты әдеби журналдардың бас редакторы қызмет­терін атқарған. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» қытай тіліне аударумен қатар, «Қайран онбестегі Халида-ай», «Ақсақ құлан», «Мұхаммед пайғамбар», «Мұқали», «Тау хикаялары» қатарлы прозалық еңбектерімен оқырман ықыласына бөленген. Бүгінге де­йін 28 кітабы жарық көрген қаламгер алдағы уақыт­та да қытайлық оқырманды ұлт­тық әдебиеттің озық туындыларымен таныстыра беруді жоспарлап отырған көрінеді.
Алқалы басқосуда алғашқы болып сөз алған Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов шет мемлекет­те жүріп, қазақ сөз өнерінің құдіретін танытқан, Қытай мен Қазақ­стан қаламгерлерінің арасындағы мәдени байланысты нығайтуға шама-шарқынша үлесін қосып келе жатқан жазушыны мерейлі жасымен құт­тықтап, Одақтың алғысхатын табыс еткен.
Осыдан ке­йін сөз алған Қазақ­станның мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Наурыз Қылышбаев Акбар Мәжитұлымен қытай елінде қалай танысқаны жөнінде айта келіп, Шыңғыс ханның әскербасы, аспанасты мемлекетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан қолбасшы Мұқылай жайлы жазылған еңбегіне жоғары баға берді. Жиын барысында Ұлт­тық кітап палатасының төрағасы Әділ Қойтанов, «Түрксой» жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, «Нұр-Мүбәрак» Египед-Ислам мәдениеті университетінің ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим, ақын, Бүкіләлемдік Шыңғыс хан академиясының академигі Әміре Әрін, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты,Қазақ­стан Ұлт­тық академиясының академигі Мүсәпір Жанұзақ, Мемлекет және қоғам қайраткері Тынышбай Досымбеков сөз алып, мерейтой иесіне ыстық ықыластарын жеткізсе, пленарлық отырыста әйгілі актер, Қазақ­станның халық артисі Нұржұман Ықтымбаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлт­тық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҰҒА-ның академигі Кәрімбек Құрманәлиев, «Металургия және кен байыту институты» АҚ-тың бас директоры Бағдәулет Кенжәлиев, Мемлекет және қоғам қайраткері, медицина ғылымының докторы Ерасыл Әбілқасымов, ҚР Құрмет­ті жол қызметкері Серіктес Тоққұлов, қоғам қайраткері Құралай Кәрібаева, Д.А.Қонаев университетінің президенті, заң ғылымының докторы, профессор, Қадырғали Жалайри атындағы Халықаралық қордың президенті Өмірәлі Жалайри Акбар Мәжитұлының жазушылық һәм ақындық және аудармашылық қырына кеңінен тоқталып, шығармаларымен екі миллиард­қа жуық халқы бар қытай оқырмандарына қазақ ұлтының асыл қазыналарын таныстырып жүрген жазушының ұлт әдебиеті мен мәдениетін өрістетуге қосып жүрген еңбегіне жоғары баға берді.
Алқалы жиында көрнекті ақындар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иелері Зайда Елғондинова мен Сайлаубай Тойлыбаев мерейтой иесіне жырдан шашу шашса, қаламгердің өзі Қазақ­станда көрсетіліп жатқан құрмет-қошеметке алғысын білдіріп, алдағы жоспарлары жайлы ой бөлісті.
Атажұрт­тағы ағайындар алыста жүрген қадірлі қаламгерге деген ыстық ықыластарын ақтарып, кәдесый жасауды да ұмыт қалдырмады. Конференция соңында Акбар Мәжит­тің құрметіне дастарқан жайылып, ән мен жыр әуелете шырқалды.

Қуат Әбіл 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір