ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙТІН ЖАСТАРДЫҢ АЗАЙУЫ

Қазақ жастарының ана тілінде сөйлеуі неге сиреп барады? Бұл сұрақты көп адам қояды, бірақ нақты әрі біржақты жауап табу қиын. Өйткені мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр. Қаланың көшелерінде, қоғамдық орындарда, жоғары оқу орындарында көбіне орыс тілін естиміз. Тіпті қазақ отбасыларында да ата-аналар балаларына орысша сөйлеп, соның салдарынан балалар қазақша сөйлеуден алыстап барады. Мұндай жағдай әсіресе үлкен қалаларда қатты байқалады. Ауылдарда қазақша сөйлеу қалыпты нәрсе болса, қалаларда керісінше, қазақша сөйлеген адам біртүрлі көрінетіндей әсер қалдырады. Жастардың басым бөлігі күнделікті өмірде орысша сөйлейді, қазақ тілі тек сабақта немесе ресми ортада қолданылатын тілге айналып барады. Бұрын қазақ мектептерінде оқыған балалар кем дегенде отбасы ішінде қазақша сөйлейтін, ал қазір кейбір қазақ мектептерінің өзінде оқушылар үзіліс кезінде тек орысша сөйлесетінін байқауға болады. Бұл нені білдіреді? Бұл – қазақ тілінің қолданыс аясының тарылып бара жатқанын көрсетеді. Кейбір ата-аналар өз балаларының болашағын ойлап, оларды орысша сөйлетуге тырысады, өйткені олар орыс тілін білмесе, жақсы жұмысқа тұра алмайды, беделді университетке түсе алмайды деп есептейді. Кеңес заманынан қалған осы стереотип әлі де жойылмаған. Рас, орыс тілі – посткеңестік кеңістіктегі маңызды тілдердің бірі. Бірақ қазақ баласы өз ана тілін білуге міндетті емес пе? Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – халықтың жаны, рухы. Егер тіл әлсіресе, ұлттың болашағы да күңгірт тартады.
Жастардың орысша сөйлеп кетуіне ең алдымен ақпараттық кеңістік ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда интернет – ең үлкен ақпарат көзі. Жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілерден, YouTube, TikTok секілді платформалардан контент тұтынады. Ал сол платформаларда қазақша сапалы контент аз. Көптеген блогерлер, вайнерлер, танымал тұлғалар өз видеоларын орысша жүргізеді, өйткені орыс тілді аудитория ауқымды, қаралым саны жоғары. Орыс тілінде сөйлеген адам тез танымал болады, ал қазақша контент жасаушылар көрермен жинау жағынан қиналады. Қазақша сапалы фильмдер, сериалдар, бағдарламалар жетіспейді. Сондықтан жастар өзіне қызық ақпаратты қай тілде көбірек тұтынса, сол тілде сөйлей бастайды. Бұл – табиғи процесс. Егер қазақ тіліндегі контент бәсекеге қабілетті, қызықты әрі сапалы болса, жастардың ана тіліне деген қызығушылығы артар еді.
Тағы бір маңызды себеп – әлеуметтік орта. Егер бала ес білгеннен бастап, айналасындағы адамдардың бәрі орысша сөйлесе, оның қазақша ойлауы қиындайды. Қазір ата-аналардың көбі баласын қазақ мектебіне берсе де, үйде орысша сөйлеседі. Кейбір ата-аналар қазақша білсе де, балаларына орысша сөйлегенді жөн көреді. Мұның себебін сұрасаң, «Болашақта қиын болмасын, орысша білмесе, жұмыс таба алмай қиналады» деген жауап аласың. Осылайша, бала есейгенде қазақ тіліне деген қажеттілікті сезінбейді, өйткені үйде, мектепте, көшеде, университетте, жұмыста тек орысша сөйлейтін болса, қазақ тілін қай жерде қолдануы керек? Қоғамда қазақша сөйлеуге деген сұраныс болмаса, жастар да оны қажет деп санамайды. Бұл – өте үлкен проблема. Тіл тек заңмен, талаппен дамымайды, ол ең алдымен ортада дамиды. Егер қазақша сөйлейтін орта болмаса, тілді сақтау мүмкін емес.
Кейбір жастар қазақ тілін менсінбеуі де мүмкін. Қазір орысша немесе ағылшынша сөйлейтін адамды интеллектуалды, заманауи, мәдениетті деп қабылдайтындар бар. Керісінше, қазақша сөйлейтін адамды «қарабайыр», «ауылдың адамы» деп кемсітетіндер кездеседі. Әсіресе, қала жастары арасында мұндай көзқарас жиі байқалады. Бұрынғы кезде қазақша білмеу ұят саналса, қазір кейбіреулер қазақша білмеуді мақтан тұтып, «Мен қазақша түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын» деп еркін айта береді. Бұл – үлкен мәселе. Тілді білу – ұлтқа деген құрмет, мәдени мұраға адалдық. Ана тілін білмеуді мақтан ету – өз халқыңның тарихын, мәдениетін, дәстүрін менсінбеумен тең.
Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін не істеу керек? Біріншіден, қазақ тіліне деген сұранысты арттыру қажет. Мемлекеттік мекемелерде, бизнес саласында, қызмет көрсету орындарында қазақ тілін қолдану деңгейін күшейту керек. Екіншіден, жастарға арналған сапалы қазақша контентті көбейту керек. Фильмдер, сериалдар, ток-шоулар, блогерлер қазақ тілінде контент ұсынса, жастардың қызығушылығы артар еді. Үшіншіден, қазақ тілін үйренуді сәнге айналдыру қажет. Орысша немесе ағылшынша сөйлеуді сән деп қабылдайтын көзқарастан арылу керек. Қазақша сөйлеу – заманауи, интеллектуалды адамның белгісі болуы тиіс. Төртіншіден, ата-аналар балаларына ана тілін үйретуді ең басты міндет деп қарауы керек. Қазақ тілі – тек мектептің емес, ең алдымен отбасының тілі болуы тиіс. Егер балаға кішкентайынан қазақша сөйлесек, ол есейгенде тілді шеттетпейді.
Қазақ тілін сақтау – тек тіл мамандарының немесе мемлекет саясатының міндеті емес. Бұл – әрбір қазақ азаматының борышы. Біз өзіміз қазақша сөйлесек, айналамыздағылар да қазақша жауап береді. Тілді дамыту үшін оны күнделікті өмірде қолдану қажет. Қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақша сөйлеуге қысылатын кезең әлдеқашан өтуі керек. Біз ана тілімізді өзіміз дәріптемесек, ешкім оны біз үшін дамытпайды. Тілдің болашағы – біздің қолымызда.
Жанерке АБДУЛЛА,
Абылай хан атындағы
халыкаралык катынастар және
әлем тілдері университетінін
журналистика факультетінің, 1-курс студенті