Жағдайың қалай, жас қалам?
Ақын, сыншы Мырзан Кенжебай үнемі қазіргі жас қаламгерлердің шығармашылығына қырағы көзбен қарап жүреді. Әсіресе жастар поэзиясының бүгінгі жай-күйін жіті бақылап, пікірін бүкпесіз айтады. Газетіміздің «Жас тұлпар» қосымшасына жарияланған екі ақынның өлеңдеріне жазған сынын ықшамдап ұсынып отырмыз. Мақаланың толық нұсқасын «Жұлдыз» журналының қыркүйектегі санынан оқи аласыздар.
…Ал қазіргі «Жастар поэзиясы не күйде?» деген сауалға да бір тоқталмай өту мүмкін емес шығар.
Қазір есімі көп ескеріле бермейтін, өте талантты ақын Жарасқан көзі тірісінде замандас үлкен-кіші қаламгер атаулыға түгелдерлік эпиграмма жазып, өзіне қарсы қалың дұшпан жинап алғаны, талайлардан ауыр-ауыр сөз естіп, енді бір жегжат-жұрағаттарымен көрместей болып кеткені бар. Сондағы Жарасқанның бар «айыбы» қып-қысқа ғана, әрі кетсе үш, не төрт шумақтан аспайтын эпиграмма арқылы өзі кейіпкер қып алып отырған жазушының, не ақынның бүкіл болмыс-бітімін, ішкі ниет-пиғылын, ең бастысы оның қаламгерлік қарымы мен шама-шарқын сол бір-екі шумақпен дәл суреттеп бере білгендігі болатын. Сол бір-екі шумақтың әр жолы, әр сөзі нысанаға дәл тиіп, әлгі адамның ап-айқын портретін жасап тұратын еді. Қазақ әдебиетінде эпиграмма жанрын дәл Жарасқан Әбдірәшевше ширата, шиыршық атқыза шебер пайдаланған қаламгер ешқашан болған емес. Және оның эпиграммасына іліккендердің ешқайсысы оған қанша өкпелесе де, оның қате екенін айтып дәлелдей де алған емес.
…Иә, біздің бүгінгі поэзиямызда ешқандай сын, талдау деген атымен жоқ боп кетіп, оның орнын бірін-бірі мақтау, мадақтама жанры басты. Және ең бір жиреніштісі, мақтаушылар мен мақтанушылар бір-бірімен курстастар, университетте қатар оқығандар және одан да жиреніштісі сол, олар бір-бірімен тайпаластар, руластар, жерлестер екені айдан анық көрініп тұрады. Бұл ұлттық әдебиетке жасалған зор қастандық деп бағалайтын, тіпті қатаң бақылауға алса да артық болмайтын ауру десеңіз де асырып айтқандық емес. Себебі ешқандай сын айтылмайтын, ұдайы мақтаудан ғана тұратын әдебиет –күндердің күні болғанда әбден азғындаған, құлдыраған әдебиетке айналады. Ал әдебиеті азғындаған, оның ішінде поэзиясы құлдыраған ұлт та құлдырауға душар болары сөзсіз. Өйткені өлең, жыр, яғни поэзия – қазақтың ең киелі, ең қасиетті өнері.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді». Ағаға қарап іні өседі. Сөксеңіз де, тепсеңіз де өз еркіңіз, бірақ қазіргі қазақ жастарының өлеңдерін оқып отырғанда бұлар осынау поэзия деп аталатын киелі өнерімізді бүйткен поэзиясы құрысын дейтін күйге түсіруге шыққан ба деп қаласың. Өлең дегеніміз – оны жазған ақынның өзі. Оның бүкіл ақыл-ойының, ес-түсінің, психикасының, ішкі жан дүниесінің көшірмесі (егер ол нағыз ақын болса). Жақында ғана «Қазақ әдебиетінде» жарияланған жас ақын Азамат Серікұлының төрт өлеңін бастан-аяқ бір жолын қалдырмай оқып шықтым. Неге олай өте мұқият оқығанымды еш қоспасыз ақиқатпен айтсам, Азамат деген азаматтың осы бес өлеңінен не жалын атқан махаббатқа, не осынау жалған дүниеге деген бір ризалыққа, не наразылыққа, қуаныш пен шаттыққа, не орны толмас қасірет пен қайғыға, не адам жанын кенет селт еткізер үрзада үмітке, не қылаудай кіршіксіз пәкизат сырға, тіпті болмаса табиғаттың мың құбылған бояулы көріністеріне тән сөз таппақ болып едім. Үміт ақталмады. Үміт ақталмақ түгіл, әншейінде киелі жанр, қасиетті жанр деп аузымыздан тастамайтын поэзия деген дүниеден безіп кеткің келеді екен.
«Қызғалдақ – Қыз ғұмырындай ерке күн,
Күнәмді де жамыласың көрпе қып», – деп күнәні көрпе қып жамылатын күйді тұтас ғұмырмен шатыстырып басталатын бұл өлең:
«Өлім жайлы келе берді еске сұм
Құбылаға бұра берді құс көшін».
Одан әрі:
«Мен ымыртқа сіңіп кеттім сыр ашып,
Сен іңірде оқылатын дұғасын».
немесе
«Қиялдауды біле бермес жер тегі
Қара түнді құшақтадым ертелі
Ай көрінсе бетін басып жылайды
Сен ұнатқан еркелік», – дей келіп,
«Қызғалдақ қыз, біз құшатын жұлдызға
Сағынышпен қарап қана жүрсің бе?» – деп аяқталады.
Басқасын былай қойғанда осы шумақтан не түсіндіңіз? Егер жаныңызда біреу отыра, қап осылайша:
«Жер құшақтауды білмес», «ертелі бері қара түнді құшақтадым», «сен ұнатқан еркелік Ай көрінсе бетін басып жылайды», – деп «өлең» оқып отырса, оны есі дұрыс адам ба деген күдік көңіліңізге ұяласа қайтер едіңіз?» Бұл ақынның бұдан өзге «Өлім жайлы келе берді еске сұм», «Мен ымыртқа сіңіп кеттім сыр ашып» дегенінен қандай ойшылдық, қандай ақындық тебіреніс немесе бір шынайылық көре аласыз? Ал оның «Беймезет» деген өлеңдегі бір ғана:
«Кезетін кезің бе жықпылдар шалғынын,
Түсімде шошимын мүрдемнен алқынып
Аспаннан жауатын жаңбырдың тәніндей
Миымның ішінде шала оттар қалқыған», – деген ше? Оның «кезетін жері жықпыл-жықпыл болса, жықпылда шалғын бола ма? Шалғын деген кеңістікте, ең құрығанда ат шаптырым алаңқайда өседі ғой. Адам басқа біреудің мүрдесін көруі мүмкін, ал өзінің мүрдесін өзі көрген Серік кім болғаны? «Жаңбырдың тәніндей» дегенді қанша қияли болса да дұрыс адамның сөзі дей аласыз ба? Жаңбырда тән бола ма, сосын «Аспаннан жауатын жаңбырдан» басқа да жаңбыр көрген адам бар ма екен? Ішінде «шала оттар қалқып жүретін» ми қандай ми? Оның «өлең» деп жазғанын, оларды өлең деп жариялап отырған мұндай елірмелерді әрі қарай оқи берсеңіз… Онда сіз де ақ білегімен аймалаған қыздың «күзгі жапырақтағы шықтай үлбіреген үрпілерінен даланың шалқыған күйін саумақшы» болып жүрген Азамат Серікұлының сыңары құсап кетуіңіз әбден мүмкін. Әйтпесе, о заман да бұ заман, шықтың үлбірегенін кім көрген, ол сұйық емес пе, әлде Азаматтың шығы құстың мамығы ма? Үрпі дегеніміз – емшек, желін. Ал енді өзін жақсы көрген қыздың үрпісін сауғысы келетін адамды көрдіңіз бе, әлде естідіңіз бе? Ондай болғанның өзінде де оны өлеңге қосып не таппақ? Осымен тоқтайық!
Бұл бір ғана Азамат Серікұлының бүгінгі поэзиямыздағы «жаңалығы» емес. Қазір осылай не айтқысы келіп отырғанын, не айтып, не қойғанын өзі де білмейтін, оқырманды не адам баласына тән үмітке, арманға жетелейтін, не өткенін сағынтып, мұңды бір ләззатқа бөлейтін сезім дегеннен жұрдай, қатты науқастанып жатқан адамның елірмесіндей бірнәрселерді жазып жас ақын атанып жүргендер көп. Олар және оларды қорғаштаушылар поэзияның бүгінгі бұл ауруын «жаңа толқын үні» деп атамақшы. Олар мұның поэзия емес екенін біледі. Біле тұра сөйтеді.
Ендеше, бүгінгі поэзияның мұндай елірме күйге түсіп құлдырауының себебі не дейсіз ғой?! Біріншіден, қазіргі жас ақындарыңыздың көбі кітап оқымаған. Олар оқыған болып көріну үшін өздері оқымаса да жұрттан естіген немесе баспа сөзбен теледидардан көздері шалып қалған Абайдың, Жұмекеңнің, Мұқағалидың бір-екі жолынан үзінді келтіріп оқыған болып көрінгісі келеді. Енді біреулері Батыстың, не орыстың белгілі бір тұлғаларының бір ауыз сөзін эпиграф қып алады.
…Екіншіден, қазіргі жастардың өлеңдерінде сурет, картина, табиғат көрінісі деген атымен жоқ. Мысалы, Лермонтов «Горные вершины спят, во тьме ночной» десе, Абай «Қараңғы түнде тау қалғып», «Пушкин «Буря мглою небо кроет, вихры снежные крутя, то как зверь она завоет, то заплачет как дитя», өзімізден сәл ғана ересектеу Ө.Өмірзақов «Шыңдар тіліп қара бұлттың бауырын, сұр жартастың су сыздатып сауырын» деп бір екі жолмен осынау жарық дүниенің алуан бояуға толы суретін айнытпай салады да, сол сәттерді өзгенің де, өзініңде жан-күйімен қатар өргізеді, параллель жасайды. Қазіргі жастар ондай нәзік сезімнен, ондай суреткерліктен мақұрым, бейхабар.
Үшінші кемшілік – жалаң, жасанды, оқырманды сендірмейтін өтірік ойшылдық, сендірмейтін өтірік уайымшылдық, өтірік қиялшылдық. Иә, дәл солай! Ұтыры келгенде осы айтып отырғанымызға тағы бір мысал келтіре кетейік. Осы Азамат Серікұлымен бірге «ҚӘ» газетінде Айдана Бейсен деген қыздың өлеңі жарияланыпты. Ол бір өлеңінде:
«Жетер ме екен түсінгенім, түйгенім,
Өзімді өзім сабағандай күйдемін.
Уа, тіршілік,
мен ешкімді дәл сендей
Есімде жоқ мұншалықты сүйгенім», – депті.
Жарайды, «өзін-өзі сабағандай күйге» түссе түскен де шығар. Бірақ тіршілік деп аталатын шет-шегі жоқ әлемді ешкімді сендей сүйіп көрген емеспін деп жеке бір адаммен салыстыруын қандай тапқырлық деуге болады? Бүкіл тіршілікті өзі сүйген бір адаммен салыстыру көңілге қона ма? Оның «О,Муза» деген өлеңі:
«Мейлі, маған қуанып кел, жылап кел,
Шынайы кел, шуақ бер де, қуат бер.
Мәңгі өлмейтін махаббат бер.
Ол үшін
Жүрегімде дайын әркез жұмақ төр,
Сен соны түсінші, Муза.» –
деп аяқталады. Әлгінде айтқан жасандылық дегенімізге осы бір-ақ шумақ толық куә бола алады. Өйткені бұл ақын қыздың аузына бүкіл әлемдегі ұлы ақындардың бірде-біреуінің есімі түспей, ерте-ерте замандардағы антикалық грек ақындарының кейіпкері муза әйелдің есімін атап, соған өтініш жасауы өзі айтып отырған «Шынайылықтан» тым шалғайда жатыр. Яғни, жалған шабыттану, жалған табыну! Оқыған адам боп көріну ғана! Әйтпесе, әуелі Жаратушы Иемізден бастап, бүкіл Шығыс, Батыс әдебиетіндегі небір заңғар биік тұлғалардың біреуі де аузына түспей грек ертегіндегі муза қатынға сонша бас июді жүрек сөзі, ақындық шынайылық деуге кімнің аузы барады?
Міне, бүгінгі көптеген жастар қазір қазақ поэзиясын осылай «шөп те өлең, шөңге де өлең» күйге түсірді.
Иә, нағыз поэзия – Азат, Еркін, Тәуелсіз ойдың Отанға, өмірге, екі адамның біріне-тірі үрзада жүрекпен үздігіп тұрған махаббатына толы қылаусыз саф сезімнің жанры.
Өлең – оны жазған ақынның өзі. Жазған өлеңіне қарап оның авторының жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, мақсат, мүддесі қандай екенін ап-анық көруге болады. Ажалсыз пенде жоқ, ақынның артында қалған өлеңі – оның өзінің де, өмірінің де, бүкіл жан дүниесінің де көшірмесі. Айдай анық суреті. Мысалы, бір ғана Қасым Аманжоловты алып қарасаңыз, оның артында қалған «Өзім жайлы» деген өлеңін оқып отырып, оның өзін көріп отырғандай күй кешесің. «Күніге жүз ойланып, мың толғанам, өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» дейді ол. Оның артында өзінің қапысыз көшірмесіндей болып өлеңі қалды.
Ал бүгінде мынадай жыр жазып жүргендердің артында не қалады?
Бүгінгі ұлттық поэзиямыздың осындай оспадарсыз күйге түсуіне себепкер болып, кешегі 30 жылдықта Елбасыға, Астанаға, той-томалаққа, ақша тіккен мүшәйраларға арнап зуылдаған ұйқас пен жел сөздің жалауын желбіретіп Мемлекеттік сыйлық, әртүрлі жүлде, бәйге алған, сөйтіп поэзияны табынушылық поэзиясына, жағымпаздық поэзиясына, күнкөріс поэзиясына айналдырып, бүгінде аңқау елге мықты ақын деген атағы шығып жүргендер кейінгі келер ұрпаққа рухани азық боларлық не қалдырдық деп ойлайды? Бұл бәрімізге қояр ортақ сауал емес пе? Енді не қылмақ керек? Әлде поэзияны қатаң талқыға салып, талдап, таңдап, талғап отыратын сын жанрын қатаң қолға аламыз ба? Сірә, сөйту керек шығар!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ