Хакім ақынның құрметіне бөленген Мұса Шауымовты кім біледі?
Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінің Абай облысы бойынша тілшілер қосына Семейдегі тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев бауырымыз телефон шалған. Асқаралы алпыстың асқарына көтеріліп жатқан бұл азаматты көптен білетін едік. Оның есімі былайғы жұртқа да айтыскер һәм бірнеше жыр жинағы шыққан жазба ақын ретінде де кеңінен танымал қаламгер. Мұның сыртында оның кезінде «Ертіс өңірі» атты қалалық басылымның тізгінін ұстағаны да бар. Енді, міне, біраз жылдан бері бастауында хакім Абай тұрған киелі тарихи, мәдени ошаққа басшылық жасап келеді.
«Біздің музейде Абайға қатысты екі құнды экспонат бар. Ол туралы бұған дейін ешқайда хабар-ошар жарияланбаған-ды. Ақынның биылғы 180 жылдығы қарсаңында соны қазақ қаламгерлерінің төл басылымына ұсынғанды жөн көріп отырмыз», – деген ақын-директор сөзіне біз, әрине, қуанып қалдық.
Соның бірі – «музей қорының құнды заттары және коллекциялары жөнінде мәлімет» деп аталатын құжаттарда атап көрсетілгендей шапан (камзол) болса, екіншісі – әйел көйлегі. Екеуінің де материалы – жібек мата. Шапан, яки камзол деп аталатын заттың ұзындығы – 198, ал әйел көйлегінің ұзындығы 123 сантиметр. Екі заттың да жеңінің ұзындығы 50 сантиметр екені атап көрсетіліпті.
Мәліметте сонымен бірге бұл екі зат Мұса Шауымов деген кісіге хакім ақынның тарапынан сыйға тартылғаны және Мұсаның Найман ішінде Сыбан табынан екені, оның Абайдың әйелдерінің біріне туыс болып келетіні айтылған. Ал осы екі затты Мұсаның қызы Күләш деген кісі музейге осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, нақтылап айтқанда, 1970 жылы тапсырған көрінеді. Мәліметте бұдан басқа ешқандай анықтама жоқ, яғни сол кездегі музей қызметкерлерінің құнтсыздығынан Күләш Мусина деген кісінің қайда тұратыны, Абаймен жақын қатынаста болған әкесі туралы мәлімет сұрастырылып жазып алынбаған.
«Сосын біз Семейде тұратын елдің жағдайын біледі-ау деген белгілі әдебиетші, тарихшыларға сұрау салдық. Өкінішке қарай, олар бізге Мұса Шауымов туралы нақтылы дерек айта алмады», – дейді Қайрат мырза.
Ал біз болсақ, өз тарапымыздан ақынның Сыбан еліне күйеу болмағанын айта келіп, бірақ көрші жатқан екі елдің ежелден құда-жегжат болғанын теріске шығармаймыз. Қалай болғанда да, Мұса Абай әулетімен құдандалы болған секілді. Солай дей отырып, Абайдай данамен сыйлас болған адам жөнінде «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы сұрау сала отырып, бір деректің табылатынына да сенеміз. Музей басшысы кезінде толтырылған мәліметте әлгі екі заттың алғашқысы «шапан-камзол» деп қосарланып жазылғанмен, оның шапан екеніне күмән келтірмейді. Демек, бұл дүниелер Абайдың тарапынан Мұсаның өзі мен әйеліне сыйға ұсынылған деп білеміз.
Бұған дейін осы бағалы экспонаттар музейге келушілер назарына ұсынылған да көрінеді. «Бірақ оларды қайта жөндеуден өткізіп барып, ақын өміріне қатысты атаулы көрмеге қоюды да ойластырудамыз», – дейді Қайрат Сабырбай.
Өркениетті елдерде ғұламалардың түстеніп кеткен жерлерінің өзіне бір белгі қойылып жататынын естіп те, көріп те жүрміз ғой. Сондықтан Абай сыйлаған адам тегін кісі болмаса керек! Ал осыған орай, кім бізге қандай сүйінші хабарайтар екен?!
Дәулет Сейсенұлы,
жазушы-журналист
Суретте: хакім ақын тарапынан Мұса Шауымов отбасына сыйға тартылған шапан мен әйел көйлегі