«Он алты жасар чемпион» повесі – тұңғыш рет кино тілінде
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» повесін тұңғыш рет экранизациялады. Төрт бөлімнен тұратын телехикая жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында эфирге шығып отыр.
Картинаның режиссері – Нұргелді Садығұлов, сценарийін Нұргелді Садығұлов пен Бекзат Жұмажан жазған. Сериалдағы басты кейіпкер Мұрат Батырбаевтың рөлін жас актерлер Нұрлыбек Есен және Әлібек Қосубақ сомдап шықты. Ал жаттықтырушы Николай Трофимовичтің рөлін Сергей Семыкин ойнайды. Сондай-ақ туындыға Жалғас Толғанбай, Салтанат Бақаева, Ұлан Нүсіпәлі, Гүлшарат Жұбаевалар да түскен. Туындыда табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында бокстан Әлем чемпионы атанған бас кейіпкер, ауыл баласы Мұрат Балтабаевтың бейнесі сипатталады.
«Телехикаяның басты рөліне актер таңдауға баса назар аудардық. Кастинг екі айдай жүргізілді. Бала Мұрат пен бозбала Мұрат сыртқы бет-бейнесімен де, мінез-құлқы, ішкі күйімен де ұқсас болуы керек. Бұл образ – таңдап алынған екі актердің де басты рөл ретіндегі дебюттері», – деді сериалдың продюсері Самат Әлім. Түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Қосқұдық елді мекенінде өткен. «Кейіпкерімнің образы мен мінезі маған жақын. Салмақты бапкердің бойында қаталдық та кездеседі. Телехикая жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, мақсатқа жету жолында еш мойымау керегін көрсетеді. Осыған дейін мен он сегіз картинаға түстім. Жалпы, мені өнерге алып келген – қазақ халқы және қазақ тілі», – дейді шығармадағы басты кейіпкер, жаттықтырушы рөлін ойнап шыққан Сергей Семыкин. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша, «Он алты жасар чемпион» телехикаясы әдебиет жауһарын дәріптеп қана қоймай, жастарға жетістікке жету жолындағы еңбектің маңыздылығын насихаттайды. «Бердібек Соқпақбаев – өз шығармалары арқылы бірнеше буын ұрпаққа бақытты балалық шақ сыйлаған қаламгер. Сол себепті кез келген туындысы экранизациялауға лайық. Бұл жолы таңдау «Он алты жасар чемпион» повесіне түсті. Шығармада қай заманда болса да құнын жоғалтпайтын бірнеше тақырып шебер ұштасқан. Этносаралық достық, ауыл өмірі, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың ерекше үлгісін көруге болады. Телехикаяда кішкентай кейіпкер Мұраттың рөлі арқылы жас көрермендерімізге мақсатқа жету жолындағы еңбекқорлық пен табандылықтың, адамгершілік пен адалдықтың мәнін жеткізуді көздедік. Екіншіден, бұл қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармаларды аудиторияға телеэфир арқылы жаңа форматта жеткізу жұмысының жалғасы», – деді басқарма басшысы.
«Он алты жасар чемпион» – қаламгердің 1951 жылы жарық көрген шығармасы. Повесть кейіннен «Чемпион», «Жекпе-жек» атауымен қайта басылды. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізіліп, жыл бойы кең көлемде аталып өтуде. Жуырда ғана Алматы облысында жазушының ескерткіші ашылып, шығармалары түрік тіліне аударылды. Телехикаяға айналған «Он алты жасар чемпион» повесі де қаламгердің әдеби мұрасын көркемдік тұрғыдан одан әрі байыта түсері сөзсіз.
Айзада Арифханова,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТ
университетінің 1-курс студенті