Абзал ҚҰСПАН, Мәжіліс депутаты: Көшіргеннің өзінде дұрыстап көшіру керек қой
25.08.2023
382
4

 

Апта басында (21.08.23) Жазушылар одағына Мәжіліс депутаты Абзал Құспан келді. Одақтың қызметін шығармашылықпен қатар ұлт­тық, мемлекет­тік маңызы бар мәселелермен үйлестіре жүргізуді батыл қолға ала бастаған Басқарама төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов аз-кем кіріспе сөз сөйлеп, депутатпен кез­десуге шақырылған қонақтарға: «Ал, алдымен Абзал мырзаны тыңдайық, содан соң ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды айта жатарсыздар», – деді.

Мереке Құлкенов:
Мен Мемлекет басшы­сы­ның қабылдауында болғанымда «Мәдениет туралы» заңда ұлттық әдебиетіміз туралы жазылмағандығын айттым. Ол кісі заңға толықтырулар енгізу керектігін айтты. Расында, еліміздің «Мәдениет туралы» заңында жазушы жайында бір-ақ ауыз сөз бар. Бірақ жазушы құқығы, баспа, шыққан кітаптың таралымы, кітаптың насихаты жөнінде арнайы бап жоқ. Менің ойымша, заңға жазушы, баспа, таралым және насихат деген бір бөлім кіруі керек деп ойлаймын.

Карима Сахарбаева:
Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Бізде дәулескер домбы­рашылардың статусы төмен екені баршаға мәлім. Заңда домбырашы статусы және оның құқығы туралы жазылу керек.
Ахметжан Ашири: Ұйғыр театрында қызмет істеп жүргенімде театрға шығармамды өткіздім. Бірақ маған қаламақы берілмеді. «Неге?» – десем, «сіз осында жұмыс жасап жатырсыз, айлық аласыз», – дейді. Бұл да еліміздің заңында көрсетілмегендіктен, мен үнсіз қалдым. Бұл мәдениет туралы заңның кемшін тұсы деп ойлаймын.

Дулат Исабеков:
Абзал Құспанның айтқандарын тыңдай отырып, біраз нәрсеге қанықтым. Ойлап отырсам, бәрі өзімізден екен. Өзіміз бас көтере алмаймыз. Оған себеп, тұрмыстық ахуал. Тұрмыстық деңгейінің нашарлығына байланысты жазушылар үндемейтін болды. Әйтсе де жазушылар ел ішінің жайын айту мен жазудан жалыққан емес. Бірақ соны еститін құлақ, көретін көз, ескеретін билік жоқ. Газеттің тұтас нөмірін бір мәселеге арнасаң да селт етпейді. Ал енді мына отырыста сөз болып жатқан жайттарға қатысты қысқаша ұсынысымды білдірейін.
Бірінші, шетелдерде қазақ әдебиетін насихаттау туралы заң керек.
Екінші, мемлекеттік баспа ашу керек. Мемлекеттік баспа ашылса жекеменшік баспалармен бәсекелестік туындайды. Ал бұл жазушыларға тиімді болар еді.
Сұлтанәлі Балғабаев: Заң қабылдау атүсті қарайтын мәселе емес. Ол жылдар бойы әбден зерттеліп, дұрыстығына көз жеткізіп қана жүзеге асатын дүние. Қазір жазушыларға баяғы кеңес одағының заңы келмесі анық. Сол үшін, жаңа заманға бейімделе отырып, тиімді заң шығару дегенді мен қолдаймын.

Смағұл Елубай:
Абзал ініміздің айтып отырған тұжырымдамасымен мұқият танысып болған соң, жазбаша пікір беруіміз керек. Бізде ұмыт қалып жүрген тағы бір мәселе, жазушыларға әдеби агенттік керек. Әдеби агенттіксіз біз қалай шетелге шығамыз? Дамыған, капиталистік мемлекеттер әдеби агенттіксіз жұмыс істей алмайды. Тағы бір айта кетерім, телевидение қазір тек әртістерді байытуда. Бізді жылдап-айлап сөйлетеді. Бірақ бір тиын төлеген емес. Бұл – жазушылардың статусының жоқтығы.

Ақын-жазушы ағаларына орнынан тік тұрып сәлем берген Абзал Темірғалиұлы еліміздегі «Мәдениет туралы» заңды түбегейлі өзгертуіміз қажет екендігін айтып отырған жұрт­тың құлағын елең еткізді. Әдет­те біздің депутат­тар шығармашылық ортаның адамдарымен «сіз-біз» дескен сыпайы әңгіменің ғана тиегін ағытып нақты мәселе жөнінде пікірлесуге жоқ қой, сондықтан шығар, Абзалдың «Мәдениет туралы» заңды өзгертуіміз қажет» дегені томсыра­йып отырған жұртқа «тосын жаңалық» болды.
– Бізде, – деді депутат, – көшірме заңдар көп. Бірақ сол көшіргеннің өзінде дұрыс көшіре білуіміз керек қой. Мысалы, «Мәдениет туралы» заңды алайық. Көшірме. Әр мемлекет заңды өзінің ішкі мазмұнына ыңғайлап, халқының сана-сезіміне, тұрмыс-салтына лайықтап қабылдайды. Ал, біз қайтеміз? Біз келсін, келмесін кез келген заңды келсаптай етіп өзімізге аударып ала саламыз. Біт­ті шаруа. «Көшіргенде де дұрыстап көшіру керек» деп отырғаным сол – біз өзге елдердің өзін қорғайтын, өзінің құндылықтарын әспеттейтін заңдарына мойын бұрып қарамаймыз. Мысалы, Қытай өз мәдениетін «ұлы мәдениет» деп таниды. Қытайдың ұлы мәдениетіне ғасырлар тереңінен келе жатқан қытай мәдениеті, – жазуы, әдебиеті, музыкасы, т.б. кіреді. Сол себепті Қытай өкіметі алдымен өзінің төл мәдениетінің дамуына мол қаржы бөліп, жағдай жасаудан тартынбайды. Батыстан келген өнер Қытайда «кірме мәдениет» болып есептеледі де, ол Қытайдың төл өнерінен кейінгі орында тұрады. Бізде керісінше. Төл өнеріміз – төменде, сырт­тан келген өнер – төрде.
Зер сала зерт­теп қарасам, Орта Азиядағы көршілеріміз де ұлт­тық мәдениетін ұлықтап отыр екен. Мәселенки, қырғыз елінде «Манас эпосы» туралы арнайы заң бар, манасшылардың мәртебесі бар. Әзербайжандар «Әзербайжан халқының фольклорын қорғау туралы», «Әзербайжан халқының кілем тоқу өнерін қорғау және дамыту туралы» заң қабылдаған. Еуропа елдерінде ұлт­тық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік акт жұмыс істеп тұр. Ал біздің заңнамада «жыр», «жырау», «жыршылар» туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ. Есесіне «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілері, олардың айрықша мәртебесі туралы жазылса, тұжырымдамада (Қазақ­стан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын айтады.-ред) мектеп жасындағы жеткіншектерімізді балет пен операға жетелеп апару арқылы оларды көпмәдениет­ті тұлға ретінде қалыптастыру көзделген. 2022 жылы Қазақ­станда «Оқушының мәдени нормативі» деп аталатын құжат қабылданған екен, сол жерде сөзбе-сөз осылай жазылып тұр.
Депутат­тың дерегіне сүйенсек, «Астана балет» театрының бір жылдық гастролдік іссапары үшін мемлекет­тік тапсырыс аясында 1 218 176 776 теңге қарастырылса, Әуезов театрына – 67 029 000 теңге, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекет­тік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына – 28 272 000, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекет­тік академиялық қазақ музыкалық драма театрына – 11 804 000 теңге бөлінген.
«Неге бұлай? Бұл не деген әділетсіздік?» – деп ышқынуға болады осы арада. Айқайла, ышқын, сақалыңды жұл – бәрібір заңнан ат­тап кете алмайсың. Себебі бізде мәдениет саласының шенеу­ніктері дәстүрлі және классикалық өнер туындылары деген ұғымды қолдан жасап, дәстүрден классиканы жоғары қояды. «Дәстүрлі» – қазақ халқының ұлт­тық өнері, «классика» – Батыс елдерінің өнер туындылары. Сондықтан «Астана Опера» театрының биылғы жылдық бюджеті – 5 578 541 000 теңге болса, «Астана балет» театрының 4 миллиардтан астам бюджеті бар. Оны айтасыз, «Астана балет» («АБ») театрына мемлекет өз есебінен салып берген ғимарат­ты өзі жалға алуға мәжбүр болып, сол үшін «АБ»-ға жылына бюджет­тен 1 млрд 292 млн теңгеден астам қаражат құйып отырады екен. Мұндай қырғын ақша қазақ театрларының «түсіне де кірмейді». Қысқасы, дәстүрлі мәдениетіміз заң жүзінде де, іс жүзінде де қорғалмаған. Ендеше «Мәдениет туралы» заң мүлде өзгеріп, қайтадан қабылдануы қажет. Заң және заңның тиісті нормалары болмай, қазақ мәдениеті дамымайды.
«Ашушаң» ақын-жазушы ағаларымен кез­десу барысында депутат Абзал Құспан талқыға салған тағы бір мәселе – Қазақ­стан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы болды.
«Балта сабынан аспайды» демекші, «Мәдениет туралы» заңымыздың сықпыты анандай болып тұрғанда, тұжырымдаманың ұсқыны қандай болсын? Онда да сол баяғы – «классиканы» дәріптеу, «классиканы» төбеге көтеру. Тұжырымдама тап осы қалпында қабылданып кетсе, «атынан ат үркетін», «мүйізі қарағайдай» ақын-жазушы мен жырау, жыршының, артист пен мәдениет қайраткерінің ойбай ат­танынан түк шықпайды. Содан кейін әдетімізше, «жартасқа бардым, күнде айқай салдым – одан да шықты жаңғырық» деп жылап-сықтап отырамыз. Солай екен, демек, дәстүрлі мәдениетімізді тұқыртатын Тұжырымдаманы тұсаулап тастауымыз керек!
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қатысқан Жазушылар одағындағы жиын соңында Молдахмет Қаназ, Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Әлия Бөпежанова, Жұмаш Кенебай, Әділғазы Қайырбеков, Бақытжан Қанапиянов, Бигелді Ғабдулин бастаған қаламгерлер осы байламға тоқтады.

Д.ҚАСЕНҰЛЫ

ПІКІРЛЕР4
Аноним 01.09.2023 | 15:20

Өте жақсы бастама. Өзіміздің салтымызға ыңғайлы мәдениетімізді көтермей, жазушыларды қолламай ел болмаймыз.
Сондықтан халық жаппай қолдау көрсетуіміз керек

Аноним 01.09.2023 | 16:22

Керемет бастама!!!

Аноним 01.09.2023 | 16:25

Керемет,алға Жаңа Қазақстан!

Аноним 01.09.2023 | 16:39

Керемет бастама! Өз дәстүрімізді өзіміз көтермесек ешкім келіп бізді көтермелемесі анық. Алға ағалар! Алла жар болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір