ҰЛТ РУХЫНЫҢ МӘҢГІЛІК КӨКЖИЕГІ
«Абайды қазақ баласы түгел танып, тегіс білуі керек».
Ахмет Байтұрсынұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында: «Абай – біздің рухани тірегіміз, ақыл-ойымыздың темірқазығы. Оның мұрасы – ұлттық құндылықтарымыздың алтын арқауы. Біз Абайды ұлықтау арқылы өзімізді, болмысымызды тереңірек танимыз. Сондықтан Абай институтын Конфуций, Гёте, Сервантес сияқты әлемдік мәдени-ағарту орталықтарының үлгісінде дамыту – маңызды міндет», – деп атап өткен еді.
Бұл – ұлы Абайдың рухани мұрасын жаһандық деңгейде танытып, мәдени ықпалдастықты күшейтудің стратегиялық бағыты. Осы мақсатта Сыртқы істер министрлігіне, «Отандастар» қорына және Мәдениет және ақпарат министрлігіне шетелдерде осындай Абай орталықтарын ашу бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.
Аллаға шүкір дейік, мемлекет басшысының өзі ұлы Абайдың шығармаларын бүкіл әлемге кеңінен танытып, насихаттап, шетелдерде Абай орталықтарын ашуға тапсырма беріп жатса, қалай қуанбайсың!
Ойлап қарасаң, қазақтың Абайды білгеніне бір ғасыр, ал терең зерттеп, оқи бастағанына 80 жыл ғана уақыт өтіпті-ау! Кеңес өкіметі орнағаннан кейін біз, қазақтар асыл ойымыз, кемеңгер ғұламамыз Абайдың рухани мұрасынан айырылып қала жаздағанымыз тарихи шындық қой.
Сонау өткен ғасырдың 10–20-жылдарын еске алайықшы. Абайдың қайтыс болғанына 10 жылдығын атап өтуді қолға алып, күллі қазаққа ұлы ақынның өмірі мен ақындық өнерін кеңінен таныту мақсатында ертерек қамданған «Қазақ» газеті болды. Газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген мақала жазып, елді дүр сілкіндірді. Ал Міржақып Дулатов өзінің Абай туралы мақаласында былай деп еді: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Халық ағарар, өнер-білімге қанар. Сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…»
Бабамыздың айтқаны пайғамбардың сөзіндей дәл келді, жылдар, ғасырлар өткен сайын біздер – ұлы ақынның ұрпақтары оған жақындап келеміз. Оның ойлы өлеңдері мен парасатты қара сөздері – халқын шексіз сүйетін жас ұрпақтың рухани азығына айналды. Бүгінгі таңда Абайды білмейтін біреуді көрсек, құбыжық көргендей шошына қарайтын болдық. Қазан төңкерісіне дейін және кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұлы ақынның шығармашылығын бұқара халыққа жан-жақты таныстыруда біздің сол кездегі зиялыларымыз Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Кәкітай Ысқақұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов, Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Самат Әбішұлы, ағайынды Белослюдовтар, Смағұл Садуақасов, т.б. зиялы азаматтар белсене ат салысты
Семейде 1918 жылы шыға бастаған «Абай» журналында ақын шығармаларын зерттеген және ғажайып талантына тәнті болған мақалалар мен оның өлеңдері, қара сөздері жиі шыға бастады.
Әсіресе «Екеу» деген бүркеншік атпен жарияланған Абай өмірі мен шығармашылығы туралы танымдық-зерттеу мақалалары оқырмандарды елең еткізді. Бұл «Екеу» қазақтың енді таныла бастаған қос таланты Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов еді.
Екеудің «Абай» журналында жарияланған «Абайдың ақындық өнері һәм қызметі» және «Абайдан соңғы ақындар» деген мақалалары Абайдың қара сөздері мен аудармаларына терең талдау жасаған зерделі дүниелер еді. Бұл мақалалар болашақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің кейінгі жазатын ғылыми монографиялық еңбегі мен «Абай жолы» эпопеясына апаратын алтын соқпақ еді.
Бәрі осылайша өз жолымен, жүйелі басталып келе жатқандай әсерде еді. Бірақ кеңес үкіметі бұндай мазмұнды сара бағытқа келіспейтінін көп кешікпей аңғартты.
Бәрі Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген Абай туралы жазылған мақаласынан басталды. Міне, осы сын мақаладан кейін ұлы ақын шығармасын бағалауға арналған ой-пікірлер екіге жарылып, таптық сипат алып, қарама-қарсы екі бағытта дами бастады. Пролетариаттық бағыттағы сыншылардың пікірі «Абайдың шыққан тегі – феодалдық, үстем тап өкілі, сондықтан оның шығармалары кеңес өкіметінің идеясына қайшы келеді, оны мүлде насихаттамау керек» дегенге саяды. Қазақстанда Абай шығармаларына үрейлене қарап, өре тұру Орталық большевиктер партиясының ұстанған бағыты болатын. Өйткені бұл кезең большевиктер партиясының тап күресі, пролетариат диктатурасы туралы өз идеяларын қалың бұқараға сіңіруге кіріскен кезең еді. Қоғамды тапқа бөліп, жаңа пролетариат мәдениетін жасауға ұмтылу ақыры тұрпайы социологиялық танымға алып келді. Біздің көптеген ақын-жазушыларымыз солардың шылауында кетті. Кетіп қана қойған жоқ, Абай шығармаларын халыққа жеткізуге елеулі кедергілер жасады.
Жиырмасыншы жылдары Абай шығармашылығын терең түсініп қолдайтын Мұхтар Әуезовті қоршаған зиялылар көп еді, 1937 жылы Мұхтар Әуезовтен басқа ешкім қалған жоқ.
Алайда ұлы Абайдың шығармашылығын қызғыштай қорғау жолында өзінің терең білімі мен дарқан дарынының, парасаты мен асқан зиялылығының арқасында қарсыластармен жалғыз өзі табанды күресе білген, ұлы Абайдың шығармашылығы мен биік тұлғасын халқына қайта алып келген де Мұхтар Әуезов болатын.
Кемеңгер жазушы, қайтпас қайсар күрескер ұлы тұлға Мұхтар Әуезов ұлы Абайдың шығармашылығын зерттеп, талдаған ғылыми мақалалар мен монографиялар, көркем эпопеялар жазып қана қойған жоқ, біртуар тұлғаның қоғамдағы орнын белгілеп берді. Басқа еңбегін айтпағанның өзінде Абайдың өмірбаянын төрт рет қайта жазғаны неге тұрады?!
Ол тұңғыш рет Абай өмірбаянын 1933 жылы, содан соң 1940 жылы, одан соң 1944 жылы жазып, ұзақ жыл жарияламай, ең соңында 1950 жылы жазған соңғы нұсқасын салыстыра оқығанда, осы төрт нұсқаның өзіне жазушының қаншама жылдарын сарп етіп, дер кезінде айтарын айта алмай қиналғанын аңғару қиын емес.
Мұхтар Әуезов – Абайтану ғылымының негізін салушы ғана емес, осынау жан-жақты ғылымды толыққанды жасаушы ғұлама.
Егер кемеңгер Мұхтар Әуезов болмаса, біз Абайды дәл осылай таныр ма едік, танымас па едік.
Егер ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің қолымен «Абай жолындай» ғажайып эпопея жазылмағанда, Абайды бүкіл әлем таныр ма еді, танымас па еді. Үлкен сұрақ. Әрине, Абай туралы шығармалар әлі талай жазылар, бірақ «Абай жолының» жөні бөлек қой.
«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла…» деген хәкімнің жұмбағын шешу – ұрпақтың рухани міндеті. Абайды құр жаттап қана қою жеткіліксіз – Абайша ойлау, Абайша сезіну, Абайша әрекет ету – ұлтқа серпін беретін бағыт. Ұрпақты Абаймен тәрбиелеу – елдігімізді мәңгі ету жолындағы рухани кепіл деп айтар едім.
Биылғы мереке – осы асыл мұраны ардақтау мен оны жаһандық деңгейде дәріптеуге бағытталған тарихи кезең. Бұл мерейтой бір ғана тарихи датаның айналасында өтпеуі керек. Біз үшін бұл рухани реформаның өзегіне айналуы тиіс. Абайдың өлеңдерінен бастап қара сөздеріне, философиялық мұрасынан бастап қоғамдық көзқарасына дейін – қазақ ұлтының ішкі жаңғыруының кілті жатыр. Бүгінгі таңда әлемдік өркениет биігіне шыққысы келген әрбір ұлт өз рухани тамырын қайта жаңғыртып, оны қазіргі заманмен үндестіре білуі шарт. Абай – осы үндестіктің алтын көпірі. Біздің көрнекті абайтанушымыз Мекемтас Мырзахметов ғылыми айналымға енгізген оның «Толық адам» ілімі бүгінгі жаңа заман адамы үшін де өмірлік бағдар. Шіркін деп ойлайсың осындайда, Абайдың «Толық адам» ілімін мектеп және жоғары оқу орындарына қашан бағдарламаға кіргізер екен деп.
Біздің қаламгерлер қауымы, зиялы жұрт – осы ұлы мұраның шырақшысы. Жазушылар одағының алдында тұрған мақсат – оның ұстанымдарын бүгінгі әдебиетте, өнерде, қоғамда тірілту.
Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген ұлағаты қазақ әдебиетінің халықаралық дәйексөзіне айналуы тиіс. Біз, осылайша, ұлт ұстазының мұрасын ұлықтап қана қоймай, Абайдың «Толық адам» ілімін бойына сіңірген толқынның қалыптасуына жол ашамыз.
Мақаламды Мұхтар Әуезовтің сөзімен аяқтағым келеді: «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма? Айтыңдаршы! Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деген ақынның өз өлеңін өзіне айтуға болады. Абай халқының алып азаматы болғандықтан мәңгі өлмейді»…
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы,
Ұлттық Құрылтай мүшесі