КИЕЛІ КИМЕШЕК – АНАЛАР ТӘЖІ
15.03.2024
152
0

«Өркениет әлемі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағында жазушы-этнограф, алты кітаптың авторы, Шымкент қаласындағы әжелер кеңесінің төрайымы, тәлімгер Клара Лаханқызының «Кестелі кимешек» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оқырманға жол тартқан жаңа кітапта қазақ әйелдерінің әдемілігін арттырып, ажарын ашатын киелі кимешектің қасиеті мен ұлттық тәрбие туралы кеңінен жазылған. Рухани шараны Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан жастар Одағы және Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов ашты. Кітаптың тұсауын кесу рәсімі Республикалық «Ер намысы» қоғамдық білестігінің төрағасы, спорт ардагері, профессор Ерболат Алиядин мен шекара әскерлерінің және Ауған соғысының құрметті ардагері, полковник Қабдолла Ермекбайұлына бұйырды.

Қазақ қоғамында ұлттық киім мен зергерлік, қолөнері бірге дамып, біте қайнасып келеді. Қазақы киімнің әдемілігі мен өю-өрнегінде, әрбір әшекейінде бабаларымыздың қайталанбас қолтаңбасы сақталған. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұлттық киім түрлеріне тоқталайық:
Шекпен – су өтпеу үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім.
Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан.
Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон, т.б.
Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбау үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Бабалардың көзіндей болған осы ұлттық киімге үлкен құрметпен қарайтын халқымыз баскиімнің киесі бар деп есептеп, оны ешкімге кигізбеген, жерге тастамаған, жоғары іліп қойған және сыйға бермеген. Бас киімдердің ішінде кимешекті ханның тәжіндей құрметтеген.
Жаулық – әйелдердің басына тартатын орамалы. Жібектен, матадан, жүннен, мақтадан тоқылады. Жүннен тоқылғанын «бөкебай» деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын «бөртпе» десе, шашақ шығармай тоқыған түрін «салы» деп атаған. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін «шәлі» деген. Күндік кимешектің үстінен орайтын ақ матаны жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданған. Ел аналарының күндігінің қарқарадай мол оралу себебі, жол-жөнекей бір адам қаза болса, кебін болған немесе жаугершілікте жарақат­ты байлауға қажет болып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған. Осы тектес асыл қазыналарымызды қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына дарытуда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында дүниеге келген Клара Лаханқызының еңбегі зор. Ол жүрген жерінде қыз-келіншектерге киелі кимешектің денсаулық пен тазалыққа пайдасы жайында айта отырып, кітап бетіне түсіріп, зерттеп-зерделеп жүр. Кішкента­йынан қаламгер болуды армандаған Клара Лаханқызы жазушылыққа кеш келсе де «Өмір – керуен», «Ғажайып мекен – Қаратау», «Асыл қазына», «Әлібек би» атты тарихи романдар, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, әкесі Атемов Лахан туралы «Отан үшін от кешті», «Кестелі кимешек» атты кітаптар жазып, руханиятқа үлесін қосты. Жазған шығармалары бүгінде түрік, ағылшын тілдеріне аударылған. Клара Лаханқызының лирикалық өлеңдерінен шабыт алған сазгерлер ән жазып, тыңдаушылар назарына ұсынды. Оңтүстік Қазақстанның сауда, құрылыс саласына елеулі еңбек сіңірген Клара Атемова «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кіндік қаны тамған қасиетті мекенін дамыту мен өркендетуге өз үлесін қосып, қа­йырымдылық көмектер көрсетті. Бұл еңбегі елеусіз қалмады. Халықаралық Жазушылар одағының «Ұлт мақтанышы», «Михаил Шолохов», «Халық құрметі» ордендері мен «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» медалін иеленді. Сондай-ақ «Қазақстанның Алтын кітабы» мен «Шымкент қаласы энциклопедиясы» кітаптарына енді. Түркістан өңірінде Клара Лаханқызы жүрегі жомарт меценат ретінде де жиі айтылады. Мұқтаж жандарға қолынан келген көмегін аямайтын асыл жан, ұлттық мүдде мен рухани жаңғыруға бағытталған ауқымды іс-шаралардан да қалыс қалған емес. Ол 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасына 10 жыл толуына орай әсем ою-өрнекпен жабдықталған киіз үйді ел игілігіне пайдалануға берді. 2019 жылы Бәйдібек ауданында қойылған тарихи жәдігер – Қарабатыр ескерткішінің құрылысына да қомақты қаржы бөлді. Одан бөлек, еліміз жаппай қиындыққа тап болған кезде мемлекеттің «Біз біргеміз» акциясына белсенді атсалысып, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Клара Лаханқызы кәсіпкер ғана емес, озық ойлы, кестелі сөздің шебері ретінде Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі Алаш ардақтыларын еске алу үшін ұйымдастырған «Танылмай жүрген тұлғалар» конкурсының жеңімпазы аталып, әдебиет әлемінде айтары бар тұлға ретінде танылды. Оның жан-жақтылығы, рухани тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да жемісті еңбек етіп келе жатқаны – әкенің құты, ананың сүтімен дарыған асыл қасиет. Асыл анамыз – «Әлібек би» атты тарихи романындағы Байғабыл тегі Бегманұлы Әлібек бидің шөбересі. Аузы дуалы Әлібек би 1880 – 1920 жылдар аралығында Ташкент облысы Янги-Юль ауданына қарасты елді мекендерде билік құрған. Кеңес Одағының 1928 жылы 28 тамыздағы «Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» қаулысы кезінде ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын зорлықпен тартып алған «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген атпен тарихта қалған зұлматта «байдың тұқымы, кулак» деген айып тағылып, жаламен Одессаға жер аударылған. Бірақ Әлібек биден көп жақсылық көрген сол жерде тұратын қазақ, өзбек, тәжіктер жиналып, Кеңес өкіметінің билік өкілдеріне: «Әлібек биге жала жабылды. Ол – шіріген бай емес, халыққа қайырымдылық жасап жүрген жомарт адам. Оның елге жасаған сауапты істері көп. Соның бірін айтар болсақ, өз қаржысына «Сорлысай» каналын қаздырып, қиындық көріп отырған халықты сумен қамтамасыз етті», – деп араша түсіп, қуғын-сүргіннен аман алып қалады. Этнограф анамыздың «Кестелі кимешек» кітабындағы деректерге үңілетін болсақ, қазіргі таңда кимешектің 16 түрі белгілі. Оның 12 түрі орталық музей қорында сақталған. Клара Лаханқызы: «Халқымыздың сүйікті ақыны Мағжан Жұмабаев айтпақшы, жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қалай иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қалмақ». Сондықтан болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарға сүйенгеніміз абзал. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз сан ғасырлардың сүзгісінен өтіп, бала тәрбиелеудің жазылмаған заңына айналған. Егер ата-баба жолынан, салт-дәстүрімізден айырылсақ, алдымыздағы жарығымыздан айырыламыз. Ал қараңғыда соқырмен теңбіз. Ұлттық рухани байлығымыз – ұлттық иммунитетіміз!» – дейді.
Аталған кітаптың таныстырылымына «Өркениет әлемі» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, қоғам қайраткері Қанат Жанатұлы, Д.А.Қонаев Халықаралық қорының өкілі Дәулет Жанботаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағамбетова, ақын, ардагер журналист, батыр ана Бекемкүл Батырбекқызы, «Қазақы дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Медеу ауданы бойынша төрайымы Айсара Кубиеева, Алғабас халық театрының мүшесі Забира Шекебайқызы, ақын, журналист, қоғам қайраткері
Жанайым Ауғанбай, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері, Д.А.Қонаев төсбелгісінің иегері Дәурен Мұқанов қатысып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен киелі кимешек жайында тың деректер айтып, кітап туралы пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Республикалық «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы Клара Лаханқызын Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, қоғамның дамуына қосқан айрықша үлесі мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атанды.

Алма СЕРІКҚАЛИ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір