Абай және «Анабасис»: КСЕНОФОНТ ҮНДЕСТІГІ
04.09.2024
149
0

Ежелгі ойшылдар есімі Абай шығармаларында жиі кез­деседі. Сократ пен Аристодимді сұхбат­тастыра отырып баяндалатын қара сөзі Ксенофонт­тың «Анабасис» еңбегінде кез­десетін әйгілі сұхбат­тың оқиғасымен ұқсас. Бұл – «Сократ хакімнің сөзі» – жиырма жетінші қара сөзі. Бұл туралы Б. Ғабдуллиннің «Абай және Сократ» туралы талдауында да кеңінен айтылады. Ксенофонт оқиғасы мен Абай толғамын мәтіндік салыстыру арқылы ерекшеліктері мен өзара үндестігін текстологиялық жағынан анықтау – өзекті.

«Анабасис» өз кезінде де өте танымал еңбек болған. Ксенофонт – б.з.д. 430 –356 жылдар шамасында өмір сүрген ежелгі грек жазушысы, Афина тарихшысы, саяси қайраткер болса да, бүгінде «Анабасис» туралы деректер аз, әйтсе де, аударылған тілдер жеткілікті екенін байқадық.
Осы жазбамызға Ксенофонт­тың ғылым докторлары Maurice W. Mather, Josern William Hewitt редакциялығымен Нью-Йоркте шыққан 1935 жылғы, академик И.И.Толстойдың редакциялығымен Москвада шыққан «Анабасис» еңбегінің 1951 жылғы басылымы, ежелгі грек тіліндегі (түсіндірмесі ағылшынша) «Anabasis» (Books-I-IY) еңбегінің /University of Oklahoma Press/1962 жылғы басылымы, H.G. Dakyns аудармасымен шыққан John Bickers, and David Widger-тердің 2008, 2013 жылғы нұсқалары басшылыққа алынды.
Аталған басылымдарда бастан-аяқ Кир жорығы сурет­теледі.
Ал Абай баяндаған Сократ пен Аристодим сұхбаты 1857 жылы Москвада жарық көрген (аудармашы И.Синайский) «Анабасисте» айтылады.
Мысалы: «Анабасистегі» Ксеоно­фонт­тың: «Аристодим: В сочинении эпоса больше всего удивляюсь Гомеру, Меланипиду за дифирамбы, Софоклу за трагедии, Поликлиту в ваянии, Зевксису в живописи» деген ойын Абай: «Ол айт­ты: …Гомерге бәйітшілігі себепті, Софокл­ге трагедиясы себепті, яғни біреу­дің сипатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын, – деп. Соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айт­ты», – деп ұлт менталитетіне сай береді.
Осы диалогтегі Ксеонофонт­тың: «Если ты, услуживая людям, видишь, что и они готовы отплатить тебе таковою же услугою; сам ты за твои милости хочешь пользоваться милостями других и подавая советы, замечаешь тех, кто умно пользуется ими: так, и служа богам, на опыте узнаешь, хотят ли они подать и тебе совет касательно вещей, сокрытых от человека, и тогда сознаешь, что божество и столь велико и таких высоких свойств, что в один момент видит все и также слышит все, и, везде присутствуя, в один и тот же момент промышляет обо всем. Поэтому, кажется мне, Сократ учил и своих слушателей воздерживаться от дел нечестивых, неправедных и постыдных не только при людях, но и в уединении, и в пустыне; потому–то и слушатели его должны были уже думать, что все, что бы они не стали делать, никогда не укроется от богов», – деген ой түйінін Абайдың аудармасында өзгеше сипат­та көреміз.
Абай бұл сөйлемдерді: «Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хиқметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? – депті», – деп Сократ­тың сөзімен қорытады.
Жаратылыстың пайда болуы, жан, ақыл ерекшелігі туралы біз келесі диа­логтен анық байқай аламыз: «Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың? – деді. – Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың. Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды, – дейді».
Бұл туралы ағылшынтілді кейбір зерт­теу дерек көздерінде былай жазылады: «In most of his writings, Xenophon pays a lot of attention to building a specific image of the people he chooses to represent. Xenophon omits chronology and usually alters the facts about historical events. Sometimes he even makes up the events completely to achieve the goals of his writing. For example, in Memorabilia, Xenophon carefully rearranges events in Socrates’ life in order to convey Socrates’ teachings and ideas to the reader and to further prove his innocence before the facts that were held against him at the trial. In the Apology of Socrates, Xenophon decides to completely erase major dialogues at the trial in order to amplify Socrates’ words and clearly convey Socrates’ virtue».
Яғни Ксенофонт шығармаларында, өзі кейіпкер ретінде таңдаған адамдардың белгілі бір бейнесін құруға көп көңіл бөледі. Ксенофонт хронологияны азайтып, тарихи оқиғалар туралы әдет­тегі фактілерді өзгертеді. Кейде ол, тіпті өзінің жазушылық мақсатына жету үшін оқиғаларды толығымен ойлап шығарады. Мысалы, өзінің шығармаларында Ксенофонт Сократ өмірінің оқиғаларын оқырманға оның ілімдері мен идеяларын жеткізу үшін, сондай-ақ сотқа ұсынылған фактілер алдында Сократ­тың кінәсіздігін дәлелдеу үшін қолданған.
«Xenophon takes the nature of recollection on a societal level, exposing anamnesis for the popular audience of the writings. While continuing Socrates’ legacy he takes anamnesis to a more popular medium of writing, which furthermore increases the effect of anamnesis and manifests Xenophon’s own image as a preserver of this method. And this popular image of himself is probably one of the motives of Xenophon’s writings. It could be assumed that Xenophon doesn’t desire glory», – деп кең талдау жасалған. Байқап отырғанымыздай,
Ксенофонт танымал шығармалар аудиториясының алдында анамнезді ұсына отырып, қоғамдық деңгейде естеліктер сипаты ретінде береді.
Сократ мұрасын жалғастыра отырып, ол анамнезді жазудың танымал әдісіне көшіреді, бұл сонымен қатар анамнездің әсерін күшейтіп, осы әдісті сақтаушы ретінде, Ксенофонт­тың өзіндік бейнесін көрсетеді. Бұл – Ксенофонт шығармалары танымалдығының негізгі себептерінің бірі. Бұл тұрғыдан алғанда, Ксенофонт даңққа ұмтылмаған деп болжауға болады.
«Құдай табарака уа тағала», «қазірет», «бәйітшілдік», «ол жаратушы жарат­ты, өздігінен кез келіп, солай болып кетпей, басынан біліп істеген хикметімен болса», «адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі» әшкере тұр ғой. «Тахқиқ ойлап тексергенде», «адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне», «һәмма мақұлыхат­ты», «ижтиһад қылуын көргенде» сынды тіркестер – Абай дүниетанымының кеңдігін, оқиғаны оқушы қауым қабылдауына лайықтап, баяндауда еркін стиль қолданғанын көрсетеді. Бұл – Абайдың оқиғаны менталитетке лайықтап беру жолындағы әлемдік биік жетістігі.
Абай да оқырман аудиториясын меңгеруде, оқиғаны жеткізуде өзі туралы көп айта да бермейді, бірақ арада қанша уақыт өтсе де, оның шығармашылық лабораториясының кеңдігіне көз жеткізіп, терең біліміне қайран қаламыз.
Ғаламда әрбір адамның өзіндік орны бар. Абай он бесінші қара сөзінде:
«…Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – дейді.
Адам өз мақсатына еңбекпен, сол еңбектерді өзгелердің дұрыс бағалауымен, сонымен бірге өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
Абай есімі аталғанда, «қазақ халқы» деп әлем танитындай дәрежеде жетуіміз үшін бізге ХХІ ғасырдағы абайтануға зор үлес қосуды қажет етеді.
ХХІ ғасырда, технология дамыды, ақпарат кеңістігі кең деген уақыт­та біз өткен ғасырдың ақыл-ой маржанына мұқтажбыз. Бұл – Абай мұрасының өміршеңдігі.
Сонымен қатар Абай шығармаларын оқи отырып, қазақтың байырғы, мәдени тілдік сөз қолданысы ерекшеліктерімен бірге, ауызекі сөйлеу тілі, ауыз әдебие­ті мен жазба әдеби тілі сөздік қорын, мақал-мәтелдердің қолдану ерекшелігін молынан пайдаланғанын көреміз. Күрделі һәм мағыналы. Абай тілін толық меңгерген, ақын қолданған кез келген сөздің мағынасын түсіндіріп, ойын еркін жеткізе білетін адам ол – бүгінгі және болашақ қоғамның элитасы.
Ертеңгі ұрпақ туған тіліміздегі сөздердің мағынасын түсінбеу дертіне шалдықпауы үшін Абай тілі бүгінгі және болашақ қазақ элитасының тілі болуы тиіс.
Абай мұрасы идеясын қазіргі қазақ әдебиеті тарихында жазылатын шығармалар тақырыбына айналдыру арқылы біз абайтану саласын жаңа бағыт­та дамыта аламыз.
Абай шығармаларының текстологиясын толық зерделеп, ғылыми негіздеу, Абай шығармаларының сөздігін түзу, оның кітапханасын зерделеп, анықтау, Абайды дәріптеуді насихат­тау – бұл уақыт жаңарған сайын жаңғыра беретін игілікті мақсат. Бұл мақсат Қазақ­станның жаңа генерациясын тәрбиелеуге негіз болады.
Қазақ әдебиетінде Абай мұрасымен қатар, жеті ұрпаққа жетелі жөн сілтеп, бағыт беретін шығармалар көп. Сол рухани мұраларымыздың идеясын жаңғырту елді «алысқа жетелейтін» элиталы ұрпақтың дамуына зор мүмкіндік береді.

Арай ЖҮНДІБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір