БАЗАРБАЙ БИДІҢ БАЗЫНАСЫ
Бастауын Жоңғар Алатауының қарлы сілемдерінен алатын Басқан өзені Сарқан өңірін көктей өтіп, ақыры Алтай көліне келіп құяды. Ертеректе Үлкен және Кіші Алтай көлдерін кемеріне келе толтырып, одан ары ағып шыққан соң, бұл өзеннің суы енді Сарыбұлақ атауын алатын. Жыландай ирелеңдеп Аралқұм даласын артында қалдырып, Лепсі өзеніне Талдысайдың тұсынан келіп құюшы еді. Тағы бір тармағы Ақсу өзеніне жетіп жығылатын. Ал бүгінде Басқанның суы мүлде азайып, Аралқұмға жетер-жетпестен шағылдарға сіңіп, жым-жылас жоқ болуда.
Сарқанға қарасты Көктерек ауылынан оңтүстік-шығысты бетке алып жиырма үш шақырымдай жол жүрсеңіз, осы айдаладағы Басқан өзенінің бойында жападан-жалғыз тұрған биік күмбезге кез боласыз. Жалпы мазардың ауқымы да, формасы да қазақтың дәстүрлі киіз үйіне келеді. Осыдан бір жарым ғасырдай бұрын салынған, кезінде көркі алыстан көз тартатын архитектуралық ансамбльдің қазіргі таңда батыс жақ беті жауын мен желден тозып, мүлде опырылып қалған. Алыстан арнайы алдырған ағаштан өрнектеп, төбесіне тіккен әдемі шаңырағы бұл күнде күннен қурап, күмбездің ортасына құлап түскен.
Бұл маңайдың жалпы атауы Сарыөлең өлкесі болғанымен, мына күмбез орналасқан жерді ел-жұрт бұрыннан Сарыбел деп атайды. Бүгінде тек жортқан аң мен ұшқан құсқа ғана мекен болған осынау жерде жүз отыз төрт жыл бұрын қаншама жылқының жал-құйрығын күзеп, саз балшыққа араластыра отырып құйып, мықты кірпіштен қаланған мына мазарда Базарбай би мәңгілік тұрағын тапқан. Ұрпағы соншама ұлықтап, ғасырлар тезіне төтеп беретіндей үлкен күмбез салған Ақтауұлы Базарбай жайлы мәлімет мерзімді басылым беттері мен әдебиеттерде арагідік кездескенімен, ел аузындағы әңгімеге жиі тиек болып жатады.
Сөз ыңғайы келгенде айта кетсек, кезінде бүкіл қазақ даласына аты шыққан, қарағаштай қалың Найманның ішіндегі Матай елінің асқан байы, белгілі кәсіпкер Тұрысбек Маманұлымен иық тіресіп бірге жүріп, тығыз шаруашылық байланыс орнатқан Тәсібек болыс осы Базарбай бидің ұлы болып келеді. 1928 жылы 19 қыркүйекте Лепсі уезі Өлкелік комиссиясының Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге тоғытылып, жер аударылғанын сарғайған архив құжаттары айғақтайды. Базарбай жайлы қолда бар деректерді сараласақ, оның XIX ғасырдың алғашқы ширегінде өмірге келгенін байқаймыз. Кейінгі уақытта бидің басына мәрмәр тастан ескерткіш орнатып, төңірегін абаттандыру ісін қолға алып жатқан жанашырлары, оның туған уақытын 1832 жыл, ал өмірден озған кезеңін 1888 жыл деп қашаған екен.
Садыр руына қарасты Мәмбетейге жататын Базарбай жігіт болып, ат жалын тартып мінгеннен, ерте ел билігіне араласып, өмірінің соңына дейін би болып төрелік айтқан, бай болып маңайындағыларға қол ұшын беріп, ел басқарған тарлан тұлға.
Осы Базарбай би мен Қаракерейдің аты тарихта қалған белгілі биі Бекбосын Домбайұлы көзі тірісінде жақсы қарым-қатынаста болғанын бірқатар деректер растайды. Қысқа ғана ғұмыр кешкенімен Бекбосын Домбайұлы өз заманында атақты Алшынбай, азулы Құнанбай сынды сұлтандармен дәм-тұздас болған. Оның белгілі ақын Дулат Бабатайұлымен, қу дауысты Құттыбай бимен, ұлы Абаймен де кездесіп, әңгіме-дүкен кұрғаны туралы аз-кем мәліметтер ұшырасады.
Филология ғылымының докторы Нысанбек Төреқұлдың 2006 жылы «Қазақстан» баспа үйінен жарық көрген «Даланың дара ділмарлары» атты жинағында мынанадай мәлімет бар: «Садыр – Найман елінде Базарбай деген мықты кісі болыпты. Жыл сайын оның ұлы Тәсібек ағайыны Қаракерейден жылқы барымталап, олжалаған малын туыстарына пышақ үстінен үлестіріп жібереді екен. Осыдан әбден запы болған ел адамдары Бекбосын шешенге келіп: «Төлегетайдың екі баласы бір-бірімен шабысып жатыр деген атаққа қалармыз. Базарбайға тоқтау айтпасаңыз болмас», – дейді.
Бекбосын Базарбай ауылына аттанып, ат басын қонақ үйге емес, байдың өз үйіне тірейді.
– Уа, сөйлес! Кім бар? – деген дауысты естіген Базарбай:
– Мынауың кім? Барып білші, – деп күтуші жігітін жұмсайды.
– Кімсің? – деген күтуші жігітке Бекбосын аты-жөнін айтпай:
– Қаракереймін, – деп жауапты қысқа қайырады.
Бұған шамданған Базарбай:
– Каракерей болса, менің бабам Садырды көріп пе? – деп, күтушісін қайыра жұмсайды.
– Көрдім, – деп саңқ ете қалады Бекбосын. – Шұбар аты астында, шолақ найзасы қолында, Алатау мен Тарбағатай арасында күңіреніп жүр екен, жарықтық. Жұмаққа барайын десем, Құдайдан қорқамын, тозаққа барайын десем, сайтаннан қорқамын. Балам Базарбайға айта бар, ағам Қаракерейдің жылқысын өзіне қайтарсын, – деп үш қайтара сәлем айтты.
– Апыр-ай, менен бір ағаттық кетіпті. Өзіңді көрмесем де, сөзіңді естуім бар еді, Беке! – деп, Базарбайдың өзі үйден атып шығып, Бекбосынды қолтықтап түсіріп алыпты.
Осыдан кейін барып Қаракерей мен Садыр арасындағы барымта сап тыйылған екен».
Даланың жазылмаған заңдарын жетік меңгерген Базарбай бидің өзінің замандас ағасы Күшік-Тобықты болысының старшыны, шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбай Өскенбайұлымен сыйлы қарым-қатынаста болғаны жөнінде артында қалған ұрпақтары әртүрлі әпсана айтады.
Бұрынғы Семей облысына қарасты Шыңғыстауда мекендеген аға сұлтан Құнанбай мен Базарбай ауылының арасы онша ұзақ та жер емес. Қосағына жараған жау атын алып, төтелеп суыт жүрген жолаушы бұл екі араны төрт-бес күнде еркін еңсеретіні анық.
1846 жылы Лепсі уезіндегі Шұбарағаш – Ойжайлауға Омбыдан патша ағзам жіберген генерал Вишневскийдің Ұлы жүз қазақтарын Ресейдің боданы ету мақсатында арнайы жүргізген экспедициясының жұмысына хорунжий Құнанбай Өскенбайұлы да қатысып, жоғары деңгейде өткен келіссөздерде өзінің белсенді қайраткерлігімен ерекше көзге түседі.
Осы экспедиция құрамында болған поляктың саяси қайраткері, жер аударылушы Адольф Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар немесе Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» атты сапарнамалық күнделігінде атақты аға сұлтанға: «Құнанбай – өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да, шалғай ауылдардан келіп жатады. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған, әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған», – деп әділ баға берген.
Құнанбай қажы осы сапарында жер жәннаты Жетісудың құйқалы пұшпағы Шұбарағаш – Ойжайлаудың керемет табиғатына тәнті болғаны соншалық: «Мынандай ғажайып сұлу жерді көрмеген, менің көзім шынымен, соқыр екен», – деп айтқан екен деседі, Лепсінің көнекөз қарттары.
Жалпы, Құнанбай қажының Жетісу өлкесінің жақсы-жайсаңдарымен етене танысып, тығыз араласа бастауы да осы кез сияқты. Себебі Ұлы жүздің бес рулы елінің тағдырын шешуге байланысты жүргізілген аталмыш келісімге Лепсі уезінің сөз ұстайтын беделді билері, төрелері мен бай-бағландары да қатысқан. Ал бірақ Базарбай бидің Құнанбай сұлтанмен таныстығы қашан басталғаны бізге беймәлім.
Тарихта саяси қайраткерлігімен қоса, аса қаталдығымен де аты шыққан ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың үстінен неше мәрте қылмыстық істер қозғалғаны белгілі. Соның ішіндегі негізгісі – әмбеге әйгілі болған Бөжейге қатысты жер дауы, анығына ешкім жетпесе де, кезінде Қодар мен Қамқаның өлімі де аға сұлтанға айып болып тағылғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі.
Аңызға сенсек, ауыл арасында болған бір қылмысқа байланысты Құнанбай сұлтан өзінің аталас туыс інісін қатты жазалап, жерді адам бойымен бірдей етіп қаздырып, әлгі бейбақты соған тіке тұрғызып, қылқа мойнына дейін көміп тастапты. Мына қатал жаза жайлы естіген Базарбай би шыдай алмай, Шыңғыстауға қарай жедел жиналып, жолға шығады. Ондағы ойы кейінгі кезде басы дауға көп қалып жүрген замандас ағасы Құнанбайға басу айту болатын. Қасына серік етіп Матай елінен шыққан от ауызды, орақ тілді Шерубай шешенді ертіп алады.
Төрт құбыласы түгел, бір дуанды уысынан шығармай жиырма екі жыл бойы басқарып отырған Құнанбай сұлтанның бәйбішесі мен қалған әйелдерінің отаулары жеке-жеке шаңырақ болып, жан-жағына шашырай орналасса, өзі соның ортасындағы он екі қанатты ақ шаңқан киіз үйде бөлек отыратын. Басқаларына ұқсамайтын, сәні мен салтанаты жарасқан осы үйге қанаттас аға сұлтанның алыстан келетін сыйлы қонақтар түсетін тағы бір киіз үй тігілген. Құнанбайдың мінетін аттары байланатын мама ағаш үйіне жақын орналасып, ал қонақтардың ат ағашы одан әудем тұста орнатылады екен. Әртүрлі талап-тілек, арыз-шағыммен аға сұлтанның құзырына бас ұрғандар немесе алыстан келген қонақтар, сырттағы ат ағашқа аттарын байлап, көліктерін сонда қалдыратын. Өздері жаяу-жалпылап Құнанбай сұлтан жатқан үйге рұқсат алған соң ғана кіретін болған.
Егер кімде-кім бұл тәртіпті бұзса, ат-шапан айыбын тартатын. Дәл осындай тәртіпті өз ауылында Базарбай би де ұстанатын. Дегенмен осы жолы суыт келген Базарбай би әлгі дағдыны бұзып, өзін тоқтатқандарды тыңдамай, Құнанбай сұлтанның отауына тіке кіріп келеді. Замандасының мына баса-көктеп кіруі тегін емес екенін ұққан әккі сұлтан, тыстан: «Ассалаумағалейкум», – деп ішке енген қонағының алдынан өзі шығып, қошемет көрсетіп төріне шығарады. Құнанбай қажы Жетісу жерінен келген мейманына арнайы тай сойдырып, балғын етпен баптап, күрең тостағанмен қымыз тартып, ерекше ықыласы мен құрметін танытады.
Ағалы-інілі қос замандас бірнеше күн бойы емін-еркін әңгіме соғып, іштегі сырларын ақтарып, ел жағдайы мен ішкі және сыртқы саясатқа шолу жасайды. Қазақ даласында жүріп жатқан әртүрлі өзгерістерді талқылайды. Себебі бұлар ел билігін ұстаған кезең – қазақ тарихындағы өте бір тартысты, қарама-қайшылықтарға толы жылдар тұғын.
Олар би, аға сұлтан атанып, кезінде биліктің үш тұтқасы – қазақтың дәстүрлі дала жарғыларын, ресейлік патша өкіметінің заңдары мен ережелерін, шариғат жолын қатар ұстанды. Ежелгі қазақ салт-дәстүрлерінің негізіне сүйене отырып, ақ патшаның шамына тимей, жалпақ жұртқа оңтайлы шешімдерді жүзеге асыруға тырысты.
Қайтар жолға шығар сәті таянған уақытта Базарбай би уәжді базынасын айтып, Құнанбайдың інісіне жасап отырғаны шектен шыққан қатыгездік екенін мойындатып, байғұсты бұғаудан босаттырып жіберген екен. Жалпы, қазақ білетін Құнанбай сұлтан билік тізгінін қолға ұстаған кезде ел арасындағы барымтаға, дінбұзушылыққа, ұрлық-қарлық пен зинақорлыққа қатаң тыйым салып, қылмыскерлерді аямай жазалап, өлім жазасына кесуге дейін баратын. Көшпелі қазақтың дала заңдары мен мұсылмандық шариғаттың асқан білгірі болған аға сұлтанның қарамағындағы қалың елге ықпалы жүріп, абыройы асып, оларды тегіс мойындатқан. Алты Алашқа атағы шыққан Құнанбай сұлтанның өзі құрметтеп, тізгінін тең ұстап, айтқан уәжін мойындауы – Базарбайдың да тегін адам болмағанының айқын айғағы болса керек.
Соңғы жылдары кең байтақ еліміздің көптеген елді мекендерінде кеңестік заманның сарқыншағы ретінде қалған, кешегі империялық саясаттың идеологиясына сай, болмаса негізсіз қойылған жер-су аттары өздерінің бұрынғы тарихи атауларын қайтарып алып жатыр. Сонымен бірге өткен замандарда өмір сүріп, артына мол мұра қалдырған, ел басқарып өз деңгейлерінде төрелікте болған тұлғалар мен билік айтқан билердің, белгілі батырлар мен жомарт бай-бағландар есімінің қазақстандықтардың рухани санасында қайтара жаңғыруы – құптарлық дүние.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңадан құрылып жатқан Жетісу өлкесінің тарихында айтарлықтай орны бар Базарбай бидің есімі де облыс орталығы Талдықорған қаласындағы көшелердің біріне берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Базарбай бидің ұрпақтары мен қоғам белсенділері бастап кеткен осынау игі шаралар Талдықорған қалалық мәслихаты тарапынан қолдау табатынына сеніміміз мол. Дала даналары деуге тұрарлық Базарбай секілді бабаларымыздың үлгілі өмірі, ел басқарудағы өзіндік қолтаңбасы мен игілікті істері өскелең ұрпаққа өнеге болары анық.
Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті