ҰЛТТЫҚ ӨНЕРГЕ ЖАН БІТІРГЕН ҰСТА
28.07.2023
505
0

Қазақ даласы – дүлдүлдерге, батырларға, хандарға, би-шешендерге, қайраткерлерге, дарындарға бай мекен. Солардың бірі де бірегейі, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз, бұл – Дәркембай Шоқпарұлы. Ол кісі құжаттарға араб әрпімен асқан сыпайылықпен «Дәркембай ұста» деп қана қол қоятын болған екен. Ал «ұста» ұғымы – ауқымы зор, тұғыры биік, құлашы кең қасиетті сөз. Себебі бұл – атадан балаға мирас болып берілетін жауапты іс.

    Қолөнер шебері, педагог, Алашқа қызмет еткен айтулы тұлға 1946 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында туған. Талантты ұлдың қолынан туған асыл дүниелер қазіргі таңда елiмiздiң асыл қазынасына айналды. Дәркембай Шоқпарұлының тірнектеп жиған жәдiгерлерi, қолынан соққан бұйымдар – кейінгі ұрпаққа мұра. Қазақтың дарынды перзенті, шебер, ұста Дәркембай Шоқпарұлы халқымыздың дәстүрлi қолөнерiн өзiне кәсiп еттi. Бұған «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайы» куә. Жастайынан ұсталыққа, ағаш шеберлiгi мен сурет салуға үйiр болған ол кісі еңбекпен есейді. Ағаш түбiрлерi, дiңi мен бұтақ тамырларынан ойып мүсiндеген туындылары – «Ахмет ата», «Қазақ ыдыстары», «Асадал», «Асық», «Теке» және «Мешiн» бетпердесi, тастан қашалған «Студент қыз», темiрден түйiлген «Қыз бен кесiртке», жез-күмiстен жасалған әшекей, зергерлiк бұйымдары сол бiр 70-жылдардың өзiнде-ақ елдiң таңдайын қақтырды. Ол кiсiнiң қолынан шыққан осынау асыл бұйымдар Қазақстан, Орталық Азия елдерi өнер көрмесiнен орын алып, Венгрия, Чехословакия, Румыния елдерiнде және Индия, Бирмада өткен қолөнер шеберлерiнiң жарысына қатысты. Шебердiң қолынан шыққан «Балуан» атты туындысын 1974 жылы Сiбiр қалалары Кемерово, Новосибирск, Омск және Павлодарда өткен Қазақстанның жас суретшiлерi жылжымалы көрмесiнде тамашалаған екен. Бүгіндері Дәркембай ақсақал негізін салған мұражайды шебердiң ұлы Дәулет Шоқпаров басқарып отыр.
Ұстаның отбасында дүниеге келген Дәркембай Шоқпарұлы жастайынан ұсталық өнерге әуес болып өскен. 1972 жылы сол кездегі ҚазПИ-дің, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған. Ал 1972-1982 жылдары Алматы қаласындағы Республикалық қолөнер мұражайында, «Қазреставрация» бірлестігінде бас суретші-реставратор ретінде қызмет атқарады.
Дәркембай Шоқпарұлы қазақтың ұлттық қолөнері бұйымдарын қайта жаңғыртып, осы заманға орай сәнді етіп жасауда көп ізденіп, нәтижесінде ағаш, сүйек, металл, тері, жүн, киіз, мата, ши, қамыс, тас, қыш, шыны, т.б. материалдардан неше түрлі сәнді қолөнер бұйымдарын жасаған. Аталмыш тұлға халықтың ежелден келе жатқан қолданбалы өнер туындыларының озық үлгілерін, ұлттық музыкалық аспаптарын қайта тірілтті. Ол – Алматы облысында тұрғызылған Абдулла Розыба­киев,­ Құланаян Құлмамбет, Мұхтар Әуезов­ке арналған мүсіндердің авторы. Дәркембай Шоқпарұлының қолынан шыққан музыкалық аспаптар кезінде «Адырна», «Алтынай», «Сазген», т.б. ансамбльдерде кеңінен қолданылды. Ол кісінің ұстаздығы да – бір төбе. Хакім Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей Дәркембай шебер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Сәндік өнер және дизайн» факультетінде «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығында білім беріп, шәкірт тәрбиелеп, доцент және 2005 жылы профессор атағын алған.
1996 жылы өз ауылында «Асыл» атты қолөнер шеберхана-мектебін ұйымдастырған Дәркембай Шоқпарұлы этнограф ретінде де кеңінен танылған. Халықтың қолданбалы өнері, оның шығу тегі мен атаулары, этнографиясына байланысты мерзімді басылымдарда көптеген ғылыми-танымдық мақалалар, кітаптар мен әдістемелік-оқу құралдарын, сондай-ақ «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Бесікке бөлеу – бабалар дәстүрі», тағы басқа зерттеу­лер жазып, қазақ этнографиясына да өлшеусіз еңбек сіңірді. Мысалы, шебер «Жылқы терісінен жасалатын бұйымдар» атты мақаласында «аба» деген ұғымды зерделей келе, оған былайша анықтама береді: «Абаны желді күні, әсіресе жауын-шашында сулық ретінде жамылады. Жүрсең – жамылғы, жатсаң – төсеніш. Әмбебап киім – абаны бұл күндері еш жерден кездесіре алмайсыз. Аба – мал баққан жанға қашан да аса қажет киім». Мінеки, өздеріңіз байқағандай, Дәркембай ақсақал – жан-жақты, сан қырлы дарын иесі.
Қиялдан туған заттарға Дәркембай шебер өз ойларын безбендеді. Ол кісінің туған ауылы, бағана айтып өткеніміздей, Ақшиде өмірге келіп, Казатком деген жерде өсті. Осы тарихи топырақтан шыққан Дәркембайдың ағасы – Тұманбай Молдағалиев – марқұм Тұманбай аға көзі тірісінде інісінің зергерлік, ұсталық өнерімен қоса, көкірегінен ақындық бұлағының көзі ашылғанын байқап қатты қуанған екен.
Атакәсіп қиялын баурап, аңсарын жаулап, көздің ұшында сағымдай бұлдырап түн ұйқысын төрт бөлген. Әкесі қартайған шағында ұжымшар ұстасы болып, соқа, шана, тырна, дөңгелек жөндеген екен. Дәркембай ұста Шоқпар әкесінің жұмыстарын көріп өседі. Әкесі арманда кетпеді. Арманын қаршадай баласының кеудесіне құйып кетті. Дәркембай Шоқпарұлы барлық шикізат атаулыны кәдеге жарата білген. Терімен де, темірмен де, ағашпен де жұмыс істеген. Дәркембайдың әкесі Шоқпар Ерғожаұлы, оның тете інісі Алдамберді мен кенже інісі Ахмет – ағайынды ұсталар. Осындай өнерлі отбасынан шыққан Дәркембай Шоқпарұлының ұсталығы – атадан балаға дарыған қасиет. Дәркембай – қазақтың қайталанбас қолөнер иесі, өткен ғасыр өресіндегі ұлттық өнердің жанашыры. Бүгінде жоғалып бара жатқан ұлттық өнерімізбен айналысып жүрген шеберлер санау­лы. Теріден жасалған бұйымдарды халық тұрмысында ерекше бағалаған. Өйткені тері – таза өнім. Торсық, күбі, саба, мес сияқты ұлттық ыдыстарымыздың атын білгенімізбен, түрін түстеп айта алмаймыз. Қазақта «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейтін мақал бар. Дәркембай Шоқпарұлы – ұсталығымен қатар, үлгілі әке, адал жар болған азамат. Оның артынан қалған мұрагері, баласы – Дәулет Дәркембайұлы әкенің ізін жалғастырып, бүгінде қолөнер шебері ретінде көптеген қолөнер бұйымдарын жасап жүр. Тағы бір ұлы – Асыл Дәркембайұлы көп жыл заң саласында қызмет атқарып, қазіргі кезде Еңбекшіқазақ ауданы мәслихатының депутаты ретінде халық қалаулысына айналды. Ұста мұрасы ұрпақтарымен, халқымен жасай беретіні сөзсіз.

Әлібек Байбол

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір