АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, ҚАЗАҚСТАН!
12.02.2016
1997
0

Ырысбай ТоқтанЫрысбай ТОҚТАНҰЛЫ

Ырысбай Тоқтанұлы да өзіне тән ақындық ерекшелігімен атамекеніне андыздап келе жатқан ақын… Қазақ өлең сөзінің қуаты мол дариясына жылға-жылғадан омыраулап келіп қосылатын жыр бұлағы жаратылғанынан бері ғапыл-дүниенің, Тәңір шебердің «Бол» деген жалғыз пәрменімен орнай қалған мына әлемнің ғажайып келбетіне қызықпаған ақын бар ма екен?.. Ырысбай тоқтамына үңілген уақытта тіршілік кеңістігінің өзгеше әсер беретін жаңа суретіне тап келгендей күйге бөленесің. Адам баласының маңдайына шақтап жазған ғұмырының мәнін іздейтін ақын тірліктен байсал тапқандай ұстамды сөйлеуге бейіл…

Қазақстан

Ассалаумағалейкум, Қазақстан!
Ағарыстан,
Бегарыс,
Жанарыстан
Тараған тарлан қазақ амансың ба?
Әлемдік арыстармен қол алысқан.

Көкейіне тоқыған көк тәңірін
Қарсы алыңдар!
Ырысбай Тоқтанұлын!
«Бісміллә!» деп аттадым босағаңды,
Жүрегімді ерітіп, отқа құйдым.

Ақ сәлемі
Мен келдім арғы беттің,
Алатаудың сыртында қаңғып өстім.
Мұрындығы жырылған тайлағы едім,
Жүз жылдың алдындағы қанды көштің.

О, қу тағдыр!
Мұң шағам жылап кімге?
Хан Абылай келтірген құлақ күйге…
Аталарым үйінде ұйықтап жатып,
Қытайлық боп оянған бір-ақ түнде.

Қан жылатқан қан сызық…
Екі бөліп,
Екі жүрек боп өскен жетім едік.
Маңдайымнан сылашы «мүсәпір» деп,
Таңдайымды көтерші…
Көшімді өбіп.

Қайырып, Ақ патша қанатымнан,
«Берсе – бала, бермесе – шалы» атылған.
Ессіз ел!
Елім-айлап қаш-қашында
Алты қырдың астынан ән асырған.
…Есімізді енді-енді жия бастап,
Қарқараның қайғысын туажаттап.
Келді, міне, Ырысбай Тоқтанұлы
Жұрағаттап…
Өз елін ұлағаттап.

Айқасып атам өлген өрді көріп,
Ес-ақылым жиылды елдік еміп.
Бодандықтан бұлқынып аққан қанның,
Бодауынан жатқанда теңдік өніп…

Әр таң сайын арман ғып…
Күтіп жүрдім,
Сен жаққа ұшқан құстың түсін қудым.
Бір өмірім жеткенше тілеп жүрем,
Бір түйір топырағыңның бүтіндігін.

Қазақстан!
Көк түрік!
Көктің ұлы!
Пана тұтам ғаламдық шоқтығыңды.
Ғасырлық қасіретім тарқар еді,
Бір иіскетсең, Шіркін-ай!
Көк туымды.
Әкелші, бір иіскейін
Көк туымды!

Ол кім?

Қазақ елінің Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевқа

Хан порымы – қасқа маңдайлы,
Атағынан аспан аунайды.
Қарашаға құлағы бұрулы,
Қара ошаққа шуағы сіңулі,
Ақылына ай бағынған дәуірдің сеңгірі,
Көптің көпірі,
Көңілдің көрігі,
Десі мен намысын ешкімге бермейтін,
Балқан тауға құлашын сермейтін,
Уызынан ұлылыққа жарыған,
Туған халқына махаббаты дарыған,
Сөзі құдіреттің шекеріндей,
Өнімі таудың етегіндей,
Қас талантымен қаланған жалғыз мұнара,
Досы – халқы, дұспаны – дүбәра…
Тебіздігі теңіздей телітімді,
Тебінгісі тер сүзген тегі пірлі.
Әр қадамы басқан аңыз бен тарих,
Заманымыздағы заңғар нән ұлық –
Ол кім?
Ол – Қазақтың қағаны – Назарбаев!

Биіктік бейнесі
Тікені көп ескі жұртта нар жатыр,
Гүл бақшаны қиялына келтірмей.
Биік таудың ұшпасында қар жатыр,
Мәңгі бақи серпілмей.

Нар пейілді бақыты үшін өзгенің,
Татқанына сордың ашты кермегін.
Бірақ елдер елемейді нарлардың,
Гүлді қорғап, тікенді езген еңбегін.

Тау пейілді бақыты үшін өзгенің,
Тіреп тұрса тіршіліктің шеңберін.
Бірақ елдер елемейді таулардың,
Бұлт шүйкелеп, бұлақ өрген еңбегін.

Тікені көп ескі жұртта нар жатыр,
«Ала күлік» жей алмайтын болған соң.
Биік таудың ұшпасында қар жатыр,
Биікті ешкім жеңе алмайтын болған соң.

Сұлулық келбеті
Сенің теңің бола алмайды мың баян,
Мың мәжнүн құл сезімін сыйлаған
Мен-мен деген, ел жеңбеген мың жігіт,
Бере алмайды қолыңа да су құйып.
Қас мүсінін сап алтыннан құйса да,
Қасиетін бар табиғат жиса да,
Сенің ғажап сымбатыңды
суреттейтін қаламгер,
Мынау Майқы-қазақтан сөз таба алса,
маған кел!
Сұлулықты мойындау да –
бір ғаламат дүние екен,
Құдіретті таба алам ба!..
(таба алмадым сізге тең).
Айға,
Күнге,
Жұлдыздарға теңеуге де қимаймын,
Сендегі бар сұлулықты
қай тілменен жырлаймын?
Тереңдік те,
Биіктік те,
Кеңістік те бір өзің,
Сендегі осы сұлулыққа табынады жүрегім.
Сені менің көзімменен,
Көңілімменен көрген ел,
Мәңгі бақи сұлулықтың құшағында тербелер.

Дархандық даналығы

Мен мұңдымын,
Мұнармын,
Тау белдеулеп ұйыған…
Шөлдеген бұлт шығармын,
Желпіп кетер желде жоқ.
Құрау үшін құнды мән,
Бар шабытты сарқып ап.
Жер жастанып тынығам,
Түсінетін пенде жоқ.
Кеше ғана арқырап,
Найза ойнатып жүрдім мен.
Бүгін қалдым сансырап,
Жөңкілетін жөн де жоқ.
Ылғалға зар бумын мен,
Қандыра алсаң шөлімді…
Тірілгелі тұрмын мен,
Маған қазір сол керек.

***

Қара бұлт,
Дала күңгірт,
Жайлау үсті даңғаза,
Құдай атқыр!
Арқан бастыр!
Қазық орнат жел бауға.
Түңлікті тарт!
Өрені жап,
Бұзау байла, қой қайда?
Бие сауып,
Желіні ағыт!
Тілімді алсаң болмай ма?!
Ойбайласаң ойбайла!

Қалың бұйрық орындалып боларда,
Келіп жетті алай-дүлей боранда.
Мұндай кезде бұдан өзге мұң бар ма,
Сап-сап боран,
Сақта дейміз я, Алла!

Шатыр-шұтыр,
Шақыр-шұқыр,
«Бісміллә» деп сол майдан,
Желге сүйеп,
Бақан тіреп,
Асыламыз желбауға.
Су жүрмесін,
Үй іргесін,
Айландыра морлаңдар,
Ап қалыңдар!
Сақтаныңдар!
Қоңыр үйді қорғаңдар!

Өте шықты арыстан бұлт күркіреп,
Басқа үйлерді жатқан шығар сілкілеп.
Біздің үйдің күйеулері ерлеп тұр,
…Құрбы қыздың үйін кімдер тұр сүйеп?!

Кестеші қыз

Он саусағы сыйғандай бір оймаққа,
Шеберлігі жыр болған бір аймаққа.
Бір әдемі аруға ғашық болдым,
Ғашықтықты салған соң құдай басқа.

Гүлдері түйе табан, жарқанатша,
Сенде түй сол шашақты айлаң асса!
Ғашық болмай қалуың мүмкін емес,
Осындай өнері бар ай қабаққа.

Киім жапқыш, жүк жапқыш, айна қабы,
Бір-біріне сәйкесіп жайнап алды.
Жапырақтар, аноу бір жүрекшелер,
Жүрегімді мәңгілік байлап алды.

Өрнегі көздің жауын алады екен,
Мынау құс бейішке ұшып бара ма екен?..
Қазақтың арулары үйде отырып,
Табиғатқа жан әкеп салады екен.

Бір демде-ақ кесте құмар кісі болдым,
Білмеймін бұны қалай түсінер кім?
Мен қашан шаңырағымды гүлге малып,
Төріме төрт кісімді түсіремін?

Шым кестелі түскиіз, ал шымылдық,
Ал шымылдық ішінде жан сүйініп,
Шіркін-ай! Осы қыздың шайын ішсем,
Шай емес берер ме екен алтын құйып.

Өрімшілік

Ағам менің керемет өрімші еді,
Теріні талқыға сап езуші еді.
Өгізге деп, атқа деп, атаққа деп,
Әр түрлі қамшы жасап беруші еді.

Біресе көгін түйіп керегенің,
Біресе қынын қайып селебенің.
Бір ауық қолы байыз таппайтұғын,
Мақтаныш қып осы бір қол өнерін.

Құйысқан, өмілдірік, ноқта, жүген,
Тізгін-шылбыр, арқан-жіп, тартпа, айыл, көн,
Тұсамыс, шідер, шеттік, қанжығаны,
Әдемі қып ысатын сапсалғымен.

Тұратын қайыс аңқып үйдің іші,
Қидың исі, қатық-құрт, сүрдің исі.
Шіркін-ай! Бәрі келіп қосылғанда,
Танауымның қанатын мың құрышы.

Ет желініп, қол сүртіп өрімдерге,
Бата беріп иілген келіндерге.
Бүгін ойы жетпейді мың ақынның,
Сондағы бір шал айтқан шежіреңе.

Қамшы үйірген жауының жонын тіліп,
Қазақтың бір өнері өрімшілік!
Өрімшінің үйіне өзімсініп,
Бара алмай жүргенім-ай қолым тиіп.

Қаражон

Қаражон жотасындай жер шарының,
Етектеп ел жайлаған кең сауырын.
Жұпарына мас болып ескен самал,
Алқасын айқалаған Хантәңірдің.

Аспан асты астау жон жатыр алып,
Үйсін тауда үстінен бақыланып.
Шыңырауда Қордайдың суы тасып,
Алтын шашып кететін ақыра бұлт.

Тұғылдың кезеңіне жол бұрылса,
Көркемдігін сезер ең жердің мұнша.
Үш құштай тегерекпен, қайыңдылар,
Лап етіп көрінісі көзге ұрылса.

Алтай жайлап қыртысын шайлай алмай,
Мал қайтатын құйрығын майдан алмай.
Күнде жиын, күнде той ел қайтатын,
Қай жұртына қонғанын аңғара алмай.

О, менің сайран жоным, қайран жоным!
Бұл күнде қорғалатын жайдан болдың.
Әлемдік мұрағаттар қатарынан,
Қалқараға жетіп тұр жайған қолым.

Жалынан қаңтарылған жаннат жайлау,
Көркіңді көрген адам қарап тойды-ау.
Түріндей түскиіздің жібек салған,
Сенен ешбір дүниеде жер аспайды-ау!

Сонау сақ…
Бері қарай үйсіндерден,
Қаражонға ел бар ма сүйсінбеген.
Әсет ән сап, Таңжарық жырын төгіп,
Қожекедей қайғысын күйші жеген…

Шоқанның сапарында Қашқар барған,
Жер ме екен шабытына астар болған.
Жүсіпбектің дуалы демі дарып,
Көдек, Шарғын, Қойдымға мақтан болған…

Мен де сенің жар қылып бір қызыңды,
Жандырғалы жүр едім жұлдызымды.
Сенен алғаш үйреніп қайтқан едім,
Шын сүю мен өмірде шын күлуді.

Кемесіндей төңкеріп қойған Нұқтың,
Тумысыңнан түрленіп сен қалыпсың.
Еншісіне тигенің қандай бақыт,
Етек-жеңі өзіңдей кең халықтың.

О, Тәңіртау, құдіретіңе бас ұрдым!

Ақбас шыңдар мұрагері ғасырдың,
Аңызақ жел әрін шаймас тасыңның.
Үңірейген шың-құздарды,
Шатқал адыр, қар-мұздарды,
Кеудесіне сыйғызып,
Шопан қазақ төрінде отыр асылдың,
О, Тәңіртау, құдіретіңе бас ұрдым!

Көк сеңгірлер, көк сағым боп шақырдың,
Тұлғасындай батырдың,
Бура ағын боп ақырдың.
Мамыражай малды ауылда,
Бауыр басқан қойнауымда,
Маған бақыт –
Табанымнан ызғары өтсе тасыңның.
О, Тәңіртау, құдіретіңе бас ұрдым!
Асқар таулар, алмасы бар тасыңның,
Шыр айналған бос бұлтындай асудың.
Өмір бойы бір тынбаған,
Көшіп-қонып сусылдаған,
Қайсар халқым қазағыма құшақ болып ашылдың
О, Тәңіртау, құдіретіңе бас ұрдым!

Көк қорымдар, көп шежіре жасырдың,
Саңылау көрсет сәулесіндей жасудың.
Айғайы бар заманның,
Айбары бар бабамның
Пәруана сенен туған жер,
Қазағымның мәртебесін асырдың,
О, Тәңіртау, құдіретіңе бас ұрдым!

Үйсіннің обалары

Қобыз тартқан қоңырау замананы,
Қосық тартқан жеңімпаз бабаларды,
Еріксіз көз алдыңа келтіреді,
Қатар тұрған Үйсіннің обалары.

Әйтеу бір қалған белгі атыстардан,
Ашылмаған қазына, ақықталған.
Сонша үлкен даламды иемденіп,
Сонша үлкен обаны қайтіп қазған?!

Ел намысын қорғаған жан пида ғып,
Жер астында жатыр-ау алтын хандық.
Қайсар жұрттың аруағы қолдаған соң,
Қырылдық һәм, тірілдік, таусылмадық.

…Ас болмаған асыл тас, кенішіңді,
Ашамыз деп заманның көзі тұнды.
Бір кезгі ата тарихын жұмбақтаған,
Аман болшы, бабамның кері үтірі.

Мен сенің байлығыңды аңсамаймын,
Есігіңді жауып ал хан сарайым.
Сен қаншалық құпия болған сайын,
Мен соншалық жүгіңді арқалаймын.

Көбесін толқын жеген көксулықпын
Тәңіртаудан түскендей аспан ағып,
Көксу жатыр көкпеңбек көкке қарғып.
Жағасында тайраңдап балалар жүр,
Көксудың көк қайраңын бетке жағып.

Көксудың жағасында біздің ауыл,
Бір күн қар, бір күн ашық, бір күн жаңбыр.
Тояттап тоғайында сайрандаған,
Сауысқан, суық торғай, құр, қырғауыл.

Арқырап асау Көксу ақса қайнап,
Өткел бермей жатады аспанға ойнап.
Бозбала ар жақтағы ғашығына,
Хаттарын лақтырады тасқа байлап.

Бақ тілеп қара қазан, сары балаға,
Біздің ел табынады тауға ғана.
Жылда бірер адамды жей салады,
Көксу тасып айналса айдаһарға…

Бұп-бурыл сақал-мұртын көк сүңгі ғып,
Ала қыстай тұрады Көксу ұлып.
Көзіңе оттай ыстық басылады,
Көксудың жағасынан көш шұбырып.

Бозадыр дейтін осы ана таудан,
Бекерге Көксу емес аға салған.
Көксудың асты жанып жатқандай ма,
Суы қайнап шығады арасаннан.

Тасы емес, Көксудың талшығы көк,
Көксуды айт арнасы асыл тау суы деп.
Біздің ауыл ежелден Көксу бойлап,
Алашапқын болмапты алтын іздеп.

Дертке дәру, малға өріс, жанға шуақ,
Көксудың ұялаған арнасын бақ.
Көксудың суын ішіп есейген ел,
Аман-есен болса екен Алла сыйлап.

Білегімді білеткен көкке менің,
Көксу көктем, көкбалақ, көк кемерім.
Көксудің толқынына тоғытылған,
Қырық жамау тірліктің бөстегі едім.

Мендегі оттың құлқы, дестің ұрқы,
Үлкен арман, үміттер Көксудікі.
Көзімді ашып үйреткен асау өзен,
Ерлікті, естілікті, тектілікті.

Көбесін толқын жеген көксулықпын,
Көксуда көрпе қылғам көктің бұлтын.
Табанымнан Тәңіртау қарып өстім,
Көкжалмын, көкжұлынмын, көк кіндікпін.

Көненің көркін баққан көксушылмын,
Көксу құсап көпірдім, көп бұлқындым.
Көксудағы шал біткен күн райын,
Көзбен бағып, шешетін көктің сыры.

Құдіреттің суындай сырға қанып,
Көкірегін көкпеңбек нұрға малып,
Көксу ағып түсті ме деп қаламын,
Көк аспанның көзіне шың қадалып.

Ер жігіт туған жермен мақтанады,
Көріп қайт Көксу дейтін астанамды.
Маған қатты ұнайды Көксуымның,
Текесті бір байытып тастағаны.

Өлім мен той

Ана дөңде торқалы той, қунақы әуен қоздап тұр,
Мына дөңде топырақты өлім, қаралы ауыл боздап тұр.

Ана дөңге ат қойып жылап барған бар қауым,
Мына дөңге жайбарақат іркеді аттың шаужайын.

Ана дөңнің алақайы жылытады жүректі,
Мына дөңнің қаралы үні сырқыратар сүйекті.

Ана дөңде жаңа ғана мүлгіп тұрған мұңсыз жұрт,
Мына дөңде тост көтерді томағасы сілкініп.

Ана дөңде ұзын сонар сүре жатыр оқылып,
Мына дөңде ұзын сонар тілек жатыр тоқылып.

Той мен өлім ағайынның көтеретін беті екен,
Ет жақының болмаған соң елдің жайы осы екен.

Өлім мен той қатар өтсе болады екен сөлекет,
Иә, алла! Өліге иман, тіріге бер берекет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір