Бірлігіміз жарасқан Қазақстан
29.04.2023
190
0

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде  1 Мамыр- Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» шығармашылық фестивалі өтті. Көпконфессиялық еліміздің мәдениеті, салт дәстүрі, музыкасы мен әдет-ғұрыптарына арналған салтанатты  шаралар  бір аптаға   жалғасып, мектеп қауымдастығы мен қонақтарына мерекелік көңіл-күйді сыйлады.

 

Зияткерлік мектептің 21 шаңырағының оқушылары әр халықтың тарихын баяндады, мың бұралып ұлттық билерінің өрнектерін көрсетті, әндерін шырқады, түрлі этностардың музыкасы ойналды, ұлттық аспаптар таныстырылды. Бір апта бойы әр шаңырақтың ата-аналары мерекелік дастарханды ұйымдастырып түрлі ұлттық тағамдарды даярлауға арналған шеберлік сағаттарды өткізді.

Фестиваль аясында зияткерлер әр халықтың мінезін, қалыптасқан әдет-ғұрыптарын зерттеп жеткізе білді.  Ұйғыр, дұнған, үнді, татар, орыс, корей, түрік ,басқа да халықтар мәдениетіне  арналған күндер өз мерекелік бағдарламаларымен ерекшеленді.

Фестиваль  ХХ ғасырдағы ұлттық саясаттың салдарынан Қазақстанға жер аударып,  тамырын тереңге жіберіп туыс болып кеткен этностармен қатар, жаһандық заманның талабымен қазіргі таңда елімізде мекендеп жатқан батыс, шығыс ұлттарының  мәдениеттерін де айшықтады.

Жапония күнін зияткерлер шоу элементтерімен байытып сумолардың жарысын ұйымдастырғаны көрермендердің ыстық ықыласын тудырды. Италия күнінде қосымша білім беру педагогы Омарқазы Бекенұлы атақты Сан-Ремо байқауының әншілерінің репертуарынан ән шырқап, жиналған оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерді тәнті қылса, биші қыздар «Тарантелла» итальяндық көңілді биімен көрермендердің ду қол шапалақтарын суырып алды.

Түркия күнінде ата-ананың орындауында бауырлас елдің сазды әні шырқалып, Тұманды Альбионның күні скрипкада ағылшын композиторларының туындысының сүйемелдеуімен қойылған дәстүрлі шай ішу рәсімі қойылымымен есте қалды.

Зияткерлердің  толеранттылықтарын, ашықтығын, жаһандық азаматтықтарын паш еткен «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» фестивалі NIS қауымдастығын біріктіріп, достық пен татулық, білім мен бірлікті ту еткен салтанатты мерекеге айналды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір