Өр Отаным – Қазақстан
Адам шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап кіндік қаны тамған жерімен ерекше тылсым байланыс орнайды. Отанға, туған жерге деген ыстық сезім, үлкен сүйіспеншілік әр адамның жанын тербеп тұратыны содан болса керек. Алысқа жолаушылап кетіп, туған жерге оралған сәтте атамекеннің тауы да, тасы да ғажап күйге бөлейді. Отанды гүлдендіріп, туған топырақтың сүйем жеріне сызат түсірмей ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың асыл парызы.
Ұлы ағартушы, халқымыздың рухани көсемі А.Байтұрсынов: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан өссін» деген екен. Біз жас буын өкілдеріне тек перзентіміз ретінде ғана емес, еліміздің ертеңі, нұрлы болашағы деп қарауымыз керек. «Жастық шақта алған білім – тасқа ойылған нақыш» деген сөз бекер айтылмаған. Біздің білім ордасы да Республика күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізіп, жоспарлы түрде атқарып шықты. Елін, туған жерін сүйетін, халқының өткені мен бүгінін тереңдете оқып, тарихтың зерделі де шежірелі беттеріне үңілген оқушылар жүректерінен шыққан ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп, «Елім менің» тақырыбында толғана жазды. Егеменді мемлекетіміздің дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде өркендеп келе жатқанын, өзінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранын бекіткен Республика екенін эсселеріне арқау етіп, қазақ болып туғандарына мақтанатынын жеткізді.
Мақтансаң – мақтан елім деп,
Тани біл елдік таңбаңды.
Елтаңба, Туың, Әнұран –
Шырқатты биік арманды.
Тәуелсіздікке тән белгі –
Қасиетті осы рәміздер
Еліме рух, мән берді,
Иесі оның – мына біздер, –
деп жалынды жыр оқыған 9-8 сынып оқушылары «Еліміздің нышандары» атты ертеңгілікте Әнұранды шырқады.
Сондай-ақ 5-6 сынып оқушылары ұлтымыз бен ұлттығымызды, кең-байтақ жерімізді білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, өткір тілмен, қастерлі сөзбен қорғаған тұлғалар хақында да зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әр тұлғаның ғұмыр жолына, еңбектері мен болмысына жеке-жеке тоқталып, талдап шықты.
Түрлі ұлт өкілдерінің ұл-қыздары білім алатын мектебімізде қазақ тіліне, қазақ жеріне деген құрмет орасан. Әр оқушы Қазақстан Республиксында, бейбіт елде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтады.
Гүлжан АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
Алматы қаласы Жетісу ауданы №137 жалпы білім беретін
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары