Сал мен сері
Сіз сал-серіні көріп пе едіңіз? Оның кім екенін білесіз бе? Қазақ халқы елдің қошеметіне бөленген ерке өнерпазды сал-сері деп атаған. Кешегі Ақан сері, үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Біржан, Дәурен салдардың тарихта қалған есімдері сізге де таныс болар? Қазақ топырағы сал-серіден ажыраған емес. Күні кешегі Шашубай мен Иса, Сәкен, одан бергі Ақселеу аға, бүгінгі Досхан аға, Аманжол ақындар сал-серілердің жалғасы емес деп кім айтар?
Ал белгілі жазушы, қарымды қаламгер, өзінің сұлу көркімен, теректей сұңғақ бойымен ерекше де еркін ғұмыр кешкен Серік Байхоновтай ерек тұлғаны қалай ұмытарсың? Ботадай жанары бұлақ көзіндей мөлдіреген Секең – салдың үстінде ғұмыр маусымын өткізген қаламы қарымды қайраткер. Иә, «Сал үстіндегі маусым» атты телехикаясы Серіктің шығармашылық ғұмырының шамшырақты кезеңі болғанын естен шығара алмаймыз. Кейін бұл тележобасын 1988 жылы «Жалын» баспасынан дәл осы тақырыппен кітап етіп бастырып шығарды. О заманда, бұ заман мынау Шардарадан Сырдарияға дейін салмен жүзіп, телехабар түсіру кімнің ойына келген? Осы хабар «Қазақстан» телеарнасының да стереотипті қозғалысына түрткі болғандай. Телеарналарымызда пойыздың ішінде отырып, табиғат аясында жүріп, көлік үстінде, жолсапар аясында хабар түсіру еркіндігі пайда болды. Бөшкеден сал құрастырып, көгілдір дария үстінде жүзіп бара жатқан келісті азаматтың мағыналы әңгімесі өзінің мазмұндық ерекшелігімен қазақ қоғамын еркіндікке жетелеген еді.
Кез келген адам табиғат аясын Серіктей сүйіп және жан-тәнімен түсініп, оны күнделікті тіршілікпен байланыстыра алмайды. Бұл орайда дария бойында туып, толқынға сүңгіп өскен қаламгердің тапқырлығы, жаңашылдығы, қиялының байлығы, батылдығы себепкер болса керек. Телехабар қаншалықты қызық болса (өкінішке орай телетүсірілім телеарна қорында сақталмады, десек те, әр көрерменнің жадынан әлі өшкен жоқ), кітап соншалықты тартымды тілмен өрнектелген. Бас алмай, бір деммен тұшына отырып, лезде оқып шығасың. Сүйріктей сұлу сүбелі ойлар оқырманды жетелеп, кеудесін үмітке толтырып, алға қарай тартады.
Тілінің майы тамып, әр оқиғасын балдай шұбалтқан көркем тіл иесі өнерде ғана емес, өмірде де аса қызық адам болатын. Әңгіме айтқанда, аузына кіріп кете жаздап, ентелей тындайтындардың қатарынан екенімді жасыра алмаймын.
Климатолог-эколог қырын танытқан тұсы да 80-жылдардан соңғы осы кезең болар. Сырдарияның Қазақстандағы бөлігін салмен жүзіп, аралап, су бойындағы сапарын Арал теңізінде аяқтаған қаламгер не айтпақ болды? Бірнеше жүздеген жылдар бойы Сырдария мен Аралды зерттеген ғалымдардың еңбектерін зерделей көкірегіне түйіп, табиғатты аялау, тәңірдің өзі берген су көзін сақтау қажеттігін тебірене толғап, туған жеріне деген перзенттік махаббатын келешекке аманат етіп қалдырмақ болды-ау деген пікірдемін. Айна қатесіз солай. Сырдария – алаштың айнасы, сұлулық көзі, береке бастауы, жағалауындағы еңбеккер елдің нәпақасы.
Арал теңізінің тартылуы, Сырдария ағысының төмендеуі6 бұл – әлемдік қасірет. Айнадай жарқыраған теңіздің көз алдыңда құрдымға кетуі – адамзат баласының да жер бетінен жоғалуы. Қаламгер өзінің суреткерлік қабілеті мен біліктілік қасиетін ұштастыра отырып, бұл қасіреттің себеп-салдарына тыңғылықты талдау жасайды. Жасап қана қоймай, сал үстінде жүзіп, әрбір дәлелін көзге көрсетеді.
Орта Азиядағы су көздерін зерттеудің қолға алынғанына бірнеше ғасыр өтті. Тарихшы Н.И.Веселовский, саяхатшы
В.В.Радлов, астроном Ф. Шварц, академик В. В. Бартольд, профессор А.И.Воейковтардың ирригацияға қатысты түрлі тұжырымдары бір-біріне кереғар пікір тудырып келді. Десек те Серік Байхоновтың зерттеулері шындыққа жанасады. Себебі қаламгер – Қазақстандағы ирригациялық ілімнің дәстүрлі жалғастырушысы. Ең бастысы, Байхоновтың жүрдек қаламы ғылым мен ілімнің дамып, негізгі су көздеріне түрлі тәжірибе жасалып, тиянақты пікір қалыптастырудың қолайлы кезеңіне дөп келді.
Серік Байхонов талантты жазушы ғана емес, Қазақстан аймағының шекарасын, шөп пен өсімдік түрлерін, жер аймағын жетік білетін зерделі қабілет иесі еді. Оның қаламынан туған әр сөйлемі «туған жер», «өскен өлке», «алтын бесік», «Отан» деп сөйлеп тұратыны анық. Сыр бойын жағалай өскен қалың жиденің бұрқыраған жұпарын шығармаларына сіңіре білген қаламгердің айтпағы табиғат пен адамдардың қарым-қатынасына келіп тіреледі. Ғалымдар мен зерттеушілер өз танымдарына сүйенсе, Байхонов сәби күннен өз түйсігіне сеніп, туған жер табиғатының болмысын зерде көңілімен түйсініп өсті. Жаны табиғатпен біте қайнасып, қоршаған ортаны қорғау үшін қолына қалам ұстады. Табиғатты түсініп, оны алақанда аялау тенденциясы Шыңғыс Айтматовтай заңғар жазушыдан бастау алса, бұл соқпақта Байхоновтың да ешкім қайталай алмас өз үні, өзіндік ізі айшықталып жатыр. Осы айрықша қолтаңбасы оны ауылға, елге, қоғамға танымал етті. Иә, ол – жиһанкез, иә, ол – саяхатшы, иә, ол – жер мен ел, өлкетанушы. Қалай десек те6 қоғамдық мәдениет саласында айшықты өрнегін мәйекті тілмен, сұңғыла көңілмен жеткізген қалам иесі.
Осынау дүние танымы кең, еркіндікті жанына серік еткен ерекше қаламгер қысқа ғұмырда өзінің айтарын толық айтып кете алды ма? Жоқ, әрине. Тіршіліктің көп күрмегі тұсау болған болар деген пікірге келіп тірелеміз. Жұмбақ пен құпияға толы шым-шытырық өмір жолында ол нені іздеді екен? Ол да белгісіз. Бәлкім, алаңсыз отырып, ақ парақ бетіне көкірек түйіндісін тұтас ақтарғысы келген болар? Бәлкім6мынау қатал өмірден жылылық тапқысы келді ме екен? Қалай болғанда да әлденені іздеумен, іштей армандаумен кеткені анық. Бұл қисынын таптырмас қу тірлік кімдерді шаршатпаған? Әлде қанжарынан қан тамшылаған қатал заман қаламгерлік қайратын қайрақ тасқа салды ма екен, кім білсін? Әзірге бәрі жұмбақ. Жылжыған жылдар қыртысы уақыт өте келе дүдәмал дүниенің бәрін түгелдей ашып, сан сұраққа жауап береріне сенімдіміз.
Ауылдағы шолақ көшеден, іргесінен бір құлақ су аққан жатаған үйден шыққан балаң жігіт арман қуып Алматыға келді. Биік тау, көк аспан, жасыл желек аясында топшысын нығайтты, қанатын қомдады. Ел мен жерді, тау мен тасты, бертін келе бүкіл әлемді түгел аралаған қаламгердің өмір жолына үңілсек, ол үнемі табиғатпен сырласыпты. Туған өлкесі мен елін қаламымен қорғапты. Жарық әлемге махаббатын тынбай жолдапты. Бәлкім6 ағысы асау дарияның үстімен салмен жүзіп өтуі де осы себептердің салдары болар?.. Сырдарияның үстімен сал түгілі қайықпен жүрудің өзіне батырлық керек. Тұп-тұнық болып ағып жатқан лай судың мінезі тереңде. Асау толқыны арпалыса ағып, гүрілдей жөнелгенде, жағалаудағы жартастарды опыра құлатып, жолындағысын жайпап өтіп, алға ұмтылып кете барады. Біздің Сырдария осындай өзен.
40 жылдан астам уақыт бұрын қазақ оқырманы жарты әлемді шарлаған Том Сивириннің қызықты хикаяларын, «Джу» атты яхтамен Тынық Мұхитты қақ жарып өткен Дончо Папазовтың жолжазбаларын, саяхатшы Тур Хейердалдың басынан өткен оқиғаларын қызыға оқыған болатын. Содан кейін де сал үстінде жүзіп, су көздерінен сыр іздеген Серік Байхоновқа қалай сүйсінбесін?! Оның үстіне судың алып қоймаларын көздің қарашығындай сақтамаса, ежелгі атамекеніміздің Гоби немесе құм басқан Такла Макан шөлдеріне айналып кетпесіне кім кепіл деп дабыл қаққан қаламгер қайраткерлігінің шынайылығына ниет тоғыстырған да болар?
Дария жағасында дүниеге келіп, бесігі толқын ағысының шуылымен тербелген қаламгер бала күнінен теңіз хикаяларын оқып өскен. Әлем жиһан кездері мен саяхатшыларын үлгі тұтып, кітап кейіпкерлеріне еліктеген. Сал үстіндегі маусымына да осындай ішкі дайындықпен шыққан. Себебі осы сапарында су мінезін жақсы білетіндігі әрбір жазбасынан айқын аңғарылып отырады.
Аңызға айналған Арнасай, құмға сіңген Құмиян тағдыры, су бояуының сан құбылған өзгерісі, айдын бетіндегі жанталасқан тіршілік, өмір үшін күрес «Сал үстіндегі маусым» кітабында өте шебер әрі жеңіл тілмен суреттеледі. Қарапайым күнде көріп жүрген судың да мұншама көп атауы боларын кім білген? Алып су бассейні, теңіз, айдын, қойнау, шалқар, атырау, су қоймасы, арық, қарық, орма, жап, атыз, айналма, саға, құйылыс, осылай бір-біріне жалғасып кете береді. Судың атауы қайталанбайды. Оның сан алуан мінезіне, құбылған бояуына қарап, жаңа атау беруді мақсат тұтқан қаламгерді жаңылыстыру да қиын.
Айналып келгенде, жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, көңілден өшпеген «Сал үстіндегі маусым» хикаяты кейде Шоқан Уәлихановтың Қашқария сапарына да ұқсайтыны бар. Карта тілін жақсы білетін қаламгер өзі де жүрген жолдарын картаға сызып, жолжазбасына түсіріп отырған. Көркем әдебиет тілі, ғылыми және тарихи зерттеу, ирригация мен гидротехника ілімдері қатар өрілген осы дүние қаламгердің әдеби, мәдени өмірімізге қалдырған қомақты қазынасы екенін айтқым келген еді. Қолға қалам алуымның да бір себебі сол болатын.
Талантты жазушы Серік Байхоновтың «Сал үстіндегі маусымы» аяқталған жоқ. Мезгіл маусымы біткен жоқ. Ол мәңгілік құшағындағы кеңістікке заман ағысымен, уақыт толқынымен ілесіп, алға жүзіп бара жатыр.
Шәмшия ЖҰБАТОВА