СЕКСЕНГЕ КЕЛГЕН СЕРІ ДОС
Иген ХАСЕНҰЛЫ 1942 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылында дүниеге келген. Ол баспагер, жазушы, аудармашы, сондай-ақ қазақ энциклопедиясының іргетасын қалаушылардың бірі ретінде қазақ руханиятына зор үлес қосты.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген қаламгер 1965-1970 жылдары Республика халық шығармашылығы үйінде драматургия бөлімінің редакторы, 1971-1997 жылдары Қазақ энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың 1-орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақ энциклопедиясының қазақ тілінде жатық сөйлеуіне, ғылыми терминдердің қалыптасуына мол қызмет жасады. Балаларға арналған «Ол кім? Бұл не?», «Негеш», «Алматы», «Атырау» энциклопедияларын шығаруға тікелей жетекшілік етті. 1998 жылдан бастап «Атамұра» баспасында жетекші м аман бола жүріп, тарих саласындағы оқулықтар мен энциклопедиялық басылымдарды баспаға әзірлеу ісіне көп еңбек сіңірді.
1960 жылы біз алғаш танысқанда Иген 18-де, мен 19-да болатынбыз. Содан бері 62 жыл өтті. 75 шәкірт бір фәкүлтетте оқыдық. Ол кезде Кеңес өкіметінің адамы болатынбыз, кәзір тәуелсіз Қазақстанның қартымыз. Құдайға шүкір, біреуден ілгеріміз, біреуден кейінбіз, біраз тірілеріміз әлі біргеміз, татумыз. «Кіммен-кім бірге оқымай жатыр», – деп сол 75-тің түлегі екі-ақ адам араласпады, қалғанымыз қырғый-қабақ болмадық, қыймас, сыйлас өмір кештік, соны үлкен азаматтық олжа санадық. Иген мен жұбайы Ырыс та сол 75-тің қатарындағы қыймасымыз. Ырыс Қапалдан, мен Жәркенттен, сондықтан мен оны қарындасым десем, ол мені ағам дейді. Иген де: «Аға, ассалаумағалейкүм!» – деп амандасады.
Бір күні Иген әлдебір әңгіме айтып отырып, Ырысқа қатысты бірдеме деп қалды. Мен аңқауланған боп, «Қап, сенің бүйтетініңді білгенде қарындасымды өзім-ақ алып алатын едім ғой», – деп ем, ішек-сілелері қатып Иген мен Ырыс әбден күлген-ді. Біздің өмірімізді осы тектес еркелік пен әзілдер әдіптеп, жарастырып келе жатыр. Дәм-тұзы жарасқан жерде көре алмаушылық, жамандаушылық болмайды, себебі бір-біріңе көңілің бұзылса, дәм атады.
Иген өтірік айтпайды, өтірік жазбайды, тек өз басынан кешкенін ғана қағазға түсіреді. Сондықтан оның жазған әңгімелерін мен Игентанудың қосымша құралындай көрем. Аз жазады, саз жазады. Оның аз жазғанынан гөрі жасаған аудармалары мол.
Иген төрт ағайынды. Үлкен ағасы Әбілда, одан кейін Берген, жалғыз әпкесі, Сапы деген ғажап жездесі болды. Бәрі о дүниеге аттанып кетті. Қазақ бауырмалдықты қатты бағалайды. Ондай бауырмалдық өз туыстарында болмаса, қызыға қарайды. Игеннің бауырлары бауырмалдықпен көгеріп-көктеген жандар еді, жатқан жерлері жайлы болсын. Бәрі Жаңа Арқаның «Жеңіс» деген шаруашылығында өмір сүрді.
Иген 60-қа келгенде үлкен ағасы Әбілда ақсақал немересін ұзатып той жасады. Қыздың әкесі Зейнолла қызын ұзатып тұрып, тойды Тұрсынжан Шапайдың «Дариға Дәуренін» айтып, әнмен өзі ашты. Ондайды мен оған дейін де, одан кейін де көрген емеспін. Бұлар – өнер қонған, өнерді өте қадірлейтін әулет.
Қазақтың әйгілі әншісі Игілік Омаров – сол ауылдың адамы. О кісі науқас екен, Иген екеуміз көңілін сұрап, кіріп шықтық.
Тағы бір барғанымда, бірден Берген ағамыздың үйіне түстік. Сарысу өзенінің оң жағалауындағы оқшау жер. Ол үйдегі жеңгеміздің қымызы бүкіл Жеңістің қымызын жеңіп кететін бал еді. Сізге өтірік, маған шын, дем алмастан, үш ақпар кесесін бір-ақ қотарып тастадым. Сөйтіп отырғанымызда Бергеннің кіші ұлы Бәкен: «Мен көкемді сағынып бір ән шығарып едім, соны айтып берейінші», – деді. Әрі сағыныштың, әрі шексіз құрметтің сезімі көмейі мен домбырадан аңқый жөнелді. Ән де, әнді айтқызып отырған бауырмал сағыныш та еріксіз көзіңе жас үйіртеді. Бергеннің қызы Сандуғаш та әдемі әнші. Неге әртіс болып кетпегенін бір Құдай біледі. Игеннің әпкесі тұратын Жәйремге барғанымызда сол Сандуғаштың әнін бір сағаттай жұрттың бәрі сүйсініп тыңдады. Сандуғаш әйгілі әнші Роза Әлқожаның – ең сыйлас құрбысы. Жақсының қасында жақсы ғана жүреді деген – осы.
Жалпы, Жаңа Арқаға барсам, «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деген Потаниннің сөзін еріксіз еске аламын. Олардың атқа мініп жүрген әрбір азаматының, кем дегенде, бір-екі өз әні бар. Иген де одан құр емес, оның өз әнін де, өзге әнін де мен өмір бойы еміне тыңдап келем.
Қамыс сыбызғының көмейінен шыққандай оның үні мені үнемі рахатқа бөлейді. Оның Сәкенге, немересіне арнаған әндері – қазақтың қанына біткен қыймастықты бейнелейтін туындылар.
62 жыл бойы әй дескеніміз жоқ, шәй дескеніміз жоқ, оның дауысын естісем, соноу он тоғыз жасымдағы жағдайым көз алдымда дөңгелене қалады. Дүние шіркіннің ойқылы мен шойқылы, ащысы мен тәттісі – бәрі сыйластықтың қасында түкке тұрмай қалады. Қатарыңмен бірге өмір сүрудің қандай бақыт екенін біреу білсе де, біреу білмейді-ау, әттең?!
Игеннің еліне сіңірген еңбегін мемлекетіміз де ескеріп, оған «ҚР еңбегі сіңген қайраткері» деген құрметті атақ берді. Адам бойындағы ең асыл қасиет – қарапайымдылық. Сол қарапайымдылықпен қаламын тербеп, 80-нің биігіне көтерілген қаламдас досыма тек: «Жолың болсын! Өмір жасың ұзақ болсын!» – деп тілеймін. Ол өмірдің ащысын да татты: екі бірдей қызын жер қойнына тапсырды. Ырыс екеуі ол қасіретті де қайыса, майыса көтерді. Менің келінім бес жыл бойы бала көтермей жүрді. Мен Алматыға қайтып, Иген Жаңа Арқада қалатын болды. Оның атасы үлкен молда болған, аса білімдар кісі екенін естіген едім. Кетерімде: «Атаңның басына барып, мен үшін бір перзент сұра», – дедім. Сұрады. Өмірге келесі жылы тұңғыш немерем келді. Оның да қызы бірнеше жыл бойы бала көтермей жүрді.
Ол Айзаш екеумізді Астанаға шақырды. Біз қызымызға батамызды бердік.
Келесі жылы Иген мен Ырыс та жиен немере сүйді. Соның бәрі Құдайдың шапағаты мен шынайы тілегіміздің жүзеге асқаны шығар деп ойлаймын. Бауырым, досым! Ұзақ бірге болайық!
Бексұлтан
НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері
ТУАБІТТІ ЭНЦИКЛОПИСТ БОЛДЫ
Иген екеуміз сексеннің сеңгіріне бірге шығып отырмыз. Бірге өсіп, бірге қайнастық, бірге жұмыс істестік. Біз журналистикамен, жазушылықпен айналысқанда ол энциклопедияға ден қойып, танымдық мұраға бет бұрды.
Энциклопедиялық жанрдың, білімнің ерекшелігін екінің бірі біле бермейді. Онда журналистикадан ерекшелік мол. Алдымен лаконизм, қысқа да нұсқа жаза білу шарт. Ол алдымен осы ерекшелікті жылдам меңгерді.
Иген Хасеновты «Қазақ энциклопедиясымен» бірге жасасты десе болғандай. Басылымдағы қызметін Мұханбетжан Қаратаевпен бастап, Рымғали Нұрғалиевпен жалғастырып, ұлттық тарих пен танымның дамуына үлкен үлес қосты.
Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл қызметтің астарында үлкен еңбек жатыр. Игенмен бірге қызмет істегенде бір байқағаным – ол алдымен энциклопедиялық танымдық мақалалардың маңызын, оған деген жауапкершілікті жақсы түсінетін.
Қысқасы, осы жанрдың республикадағы белді маманы болды. Одан кейін екеуміз «Атамұра» баспасында бірге қызмет істедік. Онда да энциклопедиялық жанрдағы кітаптар шығарылатын.
Әсіресе, ұлттық этнографияға байланысты кітаптар есте қалыпты. Соның бірде бірі Игеннің қатысуынсыз шықпайтын. Себебі, дала баласы есебінде ол қазақтың салт-дәстүрін өзгелерден жетік білетін.
Құрдасымның тағы бір ерекшелігі – әншілігі. Әсіресе, Арқа әндерін нәшіне келтіре орындайтын. Оның үстіне әндердің тарихын да жетік білетін.
Оған менің көзім «Атамұрада» ән кітабын шығарғанда жетті. Бір сөзбен айтқанда, Иген Хасенов өз заманының алдыңғы қатарлы энциклопедист қаламгері болды.
Игеннің әдебиеттегі еңбегін айтпағанда, басты артықшылығы, ерекшелігі осында дер едім.
Кәдірбек Сегізбаев,
жазушы