НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ЕКЕНСІЗ СІЗ, ГЕРАҒА
12.02.2016
1211
0

belger-1a(Герольд Карлович Бельгердің рухына)

Нағыз қазақ екенсіз Сіз, Гераға,

 Ғашық болған кербез, дархан далаға.

 Еуропаның менмендігін менсінбей,

 Сіңіргенсіз даналықты санаға.

 

 Жыл өтіпті Сіз кеткелі арада,

 Ашиды жан тұз сепкендей жараға.       

 Тойымсыздық тұншықтырды әлемді,

Алпауыттар түсер ме екен сабаға.

 

Адамзаттың жаны ышқынып, шырылдап,

Тағы қандай сұмдықтарға ұрынбақ.

Ғаламшарды меншіктенсем деп енді,

Мықтылар жүр көкке қарай қырындап.

 

Жүректілер жүгенсізбен күресіп,

Кейбіреудің айдарынан жел есіп,

Бір басына ие болмай мәңгіріп,

Дарақылар даңғойларға ілесіп.

 

Өтей алмай парызды да, қарызды,

Құлазыды талай адам жаны ізгі.

Парасат пен пайым емес бұл күнде,

Материалдық құндылықтар маңызды.

 

Жомарт болып көлгірсуден танбаған,

Еселеумен қарымтасын қамдаған.

Жылтыр сөзді  жылпостар көп, жымысқы,

Ақ пейілді аңқауларды арбаған.

 

Жағдайды айтып болымсыздық жайлаған,

Ақиқаттың жолынан Сіз таймаған.

Талантсыздар бетпердесін аштыңыз,

Арамзаға болмадыңыз «жайлы адам».

 

Өте шыққан өмірде бұл қас-қағым,

Кеңейттіңіз көркем ойдың аспанын.

«Герольд ағам шығармама шаттанды»,

Деп марқайды Сіз дем берген жастарың.

 

Шабыт сыйлап рухыңыз жырыма,

Төгілгендей кеудеме бір шұғыла.

Өз қазағың әруағыңа бас иіп,

Ас беруде бүгін адал ұлына!

Жадыра Дәрібаева,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір