Майнерлер 75% табысты отандық криптобиржада айырбастауға міндетті
26.03.2023
252
0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы» заңына қол қойды. Бұл заң сәуір айында күшіне енеді. Заң жобасына атсалысқан мамандар бұл қадамға қаржы жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барғанын айтты.

Майнинг дегеніміз – жалпақ тілмен айтқанда цифрлы ақша. Бұл саланы дөңгелетіп отырғандар осы ақшаны сатумен, алумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда бұл инвестиция десек болар. Қазақстан заңнамасында цифрлы активтер деген сөздің өзі жақында ғана пайда болды. Дәлірек айтсақ, 2020 жылы Азамат­тық кодекске бұл ұғым енгізілген. Енді майнингпен айналысатындарға қатысты заңнама толықтырып, қаржы жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларды бақылауға алу жолға қойыла бастады. Себебі майнинг фермаларын құратындардың арасында салықтан қашып, астыртын жұмыс істейтін алаяқтар да бар. Сондықтан ел қаржысы түгелдей шетел асып кетпеуі үшін, өз елімізде қалуы үшін арнайы заңнама қажет. Қазір бұл сала Қазақстанда қарыштап дамып келеді. Тіпті 2021 жылы еліміз криптовалюта өндіру бойынша АҚШ-тан кейін екінші орын алған. Дегенмен дәл осы жылдан бастап елде энергия тапшылығы басталды. Майнинг табысты сала болғанмен, электр энергиясының соры. Себебі бір құрылғының өзі сағатына 3,5 кВт электр энергиясын тұтынады. 2022 жылдан бастап майнерлер тұтынған 1 кВт үшін бір теңге салық төлейді. Ал заңсыз майнингпен айналысатындар салықтан жалтарып отыр. Энергетика министрлігінің жедел тобы оннан астам майнинг субъектілерін анықтап, олардың электр энергиясын өшірген. Бұл сала әлі заңмен реттелмегендіктен олардың жұмысына басқа да шектеу қоя алмайды. KEGOC өкілі Нұрбол Нұртаза заңсыз майнингтер 1000 мВт электр қуатын тұтынатынын айтып отыр. Ал ресми түрде техникалық шарттар алып жұмыс істеп жатқан майнерлер 400 МВт тұтынады. Бұл дегеніміз майнинг саласында жұмыс заңнамаға сай болмаса, бұл қаржы саласында да, электр энергиясы саласында да елге қауіпті болмақ. Мысалы, Қытайда майнинг фермалары өте көп қуат талап еткендіктен олардың жұмысына тыйым салынды, кейіннен олар электр энергиясы арзан елдерге, Ресей мен Қазақстанға жаппай көше бастады. Ал олардың жұмысы ретсіз болса, бұл біздің елдегі халықтың өмір сапасына кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстандағы майнерлердің көбі шетелдік пулдарға өз қуатын біріктіріп келгеннен, уәкілетті органдар олардың нақты табысын анықтай алмай келген. Енді цифрлық майнинг тек аккредит­телген тау-кен бассейндерінде жүргізіледі. Бұл дегеніміз – оларды бақылауға таптырмас мүмкіндік. Ал мамандар цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеу арқылы отандық майнерлердің табысын нақты анықтауға және оларға қатысты салық нормаларын қолдануға мүмкіндік береді деп отыр.
Жалпы цифрлық активтер туралы заңнама біраз талқыға түскені белгілі. Өткен жылдың соң­ғы аптасында Парламентте Үкімет пен Ұлт­тық банктің осы мәселеге қатысты ұстанымы әзірше өзгермейтіні, крипто­валютаға сенбейтіні, криптовалютамен табыс та­уып жүрген адам биржада тіркелуге мін­деттелетіні айтылды. Солардың бәрін отандық биржаларға ауыстырудың нәти­жесінде айырбас­тау операцияларының ашықтығын қам­тамасыз ету жоспарланған.
Сол кез­дегі Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева журналистермен кездес­уде нормативтік-құқықтық актіні әзір­леуге екі себеп түрткі болды деп айтқан еді. Біріншсі – ел аумағындағы цифрлық майнингті реттеу, екіншісі криптовалюталық экожүйе құру. Алғаш­қы себеп – ел аумағында цифрлық майнинг­ті реттеу қажеттігі. Цифрлық майнингті заңдастырудың болмауы, энергия шығынына, бақылаудан тыс қалуына әсер етеді.
Сәуірде күшіне енетін заңда майнерлер 2024 жылдан бастап табысының 75 пайызын отандық криптобиржаларда айырбастауға міндетті. Олардың салықтан бөлек, сыйақыға қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, криптобиржадағы операциялар үшін төлем де алынады. Жоспар бойынша крипто­бир­жа­лар мемлекеттік кірістер комитеті­нің ақпа­раттық жүйелерімен интеграцияла­нады. Майнингке қажетті құрал-жаб­дықтардың реестрі де енгізіледі. Соның нәтижесінде Қазақ­станда жеткізілетін құрал-жабдықтар бақылауға алынады.

А.Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір