Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі
Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын Қажытай Ілиясұлының 85 жылдық мерейтойына арналған әдеби-мәдени кеш және «Қажытайдың Бәйгетөбесі» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтті. Рухани шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҰПУ, Әскери құрлық институты және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, ұстаздар, студенттер мен оқушылар, әдебиетсүйер қауым өкілдері қатысты.
Кештің шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары – аппарат жетекшісі Ғалым Қалибекұлы өз сөзінде Қажытай Ілиясұлының сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі – ақын, сатирик, мықты журналист әрі күйші, композитор, атбегі, құсбегі, міне, бір басында осындай қаншама өнері бар тұлға екенін айтып өтті. «Қажекеңнің мықтылығы осы өнердің бәрін, бірін кем қалдырмай қатар ала жүріп, соңына жетітомдық мұра қалдырды. Сол мол мұраны бүгінгі оқырманға жеткізуде Қажытай ағамыздың қадір-қасиетін білген жеңгеміз, өзі де үлкен ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Руда Зәйкенованың еңбегі зор. Ақын қаламынан туған шығармаларды шашау шығармай жинақтап, кітап етіп баспадан шығарып, бүкіл жұртқа танытты. Бүгінгідей үлкен шаралардың бәрін ұйымдастырып, басы-қасында жүрген жеңгеміз Қажытай ағамыздың шырақшысы десек болады. Бүгінгі Қажекеңнің 85 жылдық мерейтойына арналған тың естеліктер ақын тұлғасы болашақта бұдан да биіктей бермегін көрсетті. Иә, биік таулар ешқашан аласармайды»,– деп түйіндеді сөзін Ғалым Қалибекұлы.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлы ақынның адамдық болмысына тоқталып, шығармашылық тұлғасы туралы естеліктерімен бөлісті. «Қарымды қаламгер Қажытай Ілиясұлы тұлпар тектес тұлға еді. Әдебиетте де тұлпар шабысынан бір елі танбай, тік көтерілген биігінен бір елі де шегінбей, тек қана құнарлы, көркем дүниелер жазды. Қажекеңнің қаламынан қалған бірде-бір туындысын ешуақытта шаң баспайды. Бұл туындылар уақытынан оза жазылған дүниелер деп есептеймін. Олар жас ұрпақтың, келешек буынның қолында жүреді, жазу үстелінде жатады. Оған менің сенімім кәміл. Себебі поэзия болсын, сатира, қарасөз болсын, әдеби сын, көсемсөз болсын, барлық жанрда Қажекең бірде-бір осал дүние жазған жоқ. Тек қана оқылатын, оқырманға қажетті, құнарлы шығармалар жазды. Ұлт руханиятындағы, ұлт әдебиетіндегі Қажекеңнің орны әрқашан да төрде, биікте болатынына берік сенімдімін», – деді профессор.
Қажытай Ілиясұлының 85 жылдық мерейтойына арналған әдеби-мәдени шаралар бұдан біршама уақыт бұрын басталып кеткен. «Осының алдында Талғар әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет үйінде Қажытай Ілиясұлының шығармашылығына арналған әдеби-сазды үлкен кеш өткізілді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ақын шығармашылығына арналған дөңгелек үстелдер, әдеби кештер, ашық сабақтар мен арнаулы семинарлар өтті. Қажекеңнің жұбайы, белгілі абайтанушы ғалым, профессор Руда Зәйкенқызы Қыздар университетінде 35 жылдан артық уақыт қызмет етіп келеді, – деді бізбен әңгіме барысында осы университеттің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Айнұр Арғынтайқызы. – 5–10-сыныптарға арналған абайтану оқулықтарын жазды. Өзі ғылыми жұмыспен айналыса жүріп, ағайдың артында қалған мұрасын шашау шығармай жинақтап, жүйелеп, ақынның 80 жылдығында Қажытай Ілиясұлының шығармалар жинағының жеті томдығын шығарды. Ал биыл бүгін баршамыз көріп отырған тың естеліктер жинағын жарыққа шығарды. Осы жұмыстың бәріне бас-көз болып, мәдени-көпшілік шаралардың өз деңгейінде өтуіне мұрындық болып отырған Руда Зәйкенқызына баршамыздың ырза-ықыласымыз шексіз».
Кеш шымылдығы Қыздар университетінің студенттері ақын өлеңдері мен сатиралық шығармаларынан дайындаған әдеби композициямен жабылды.
Есілжан ХАБЫЛХАХ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің журналистика
факультетінің 2-курс студенті