Сегіз қырлы, сексен сырлы
09.08.2024
276
0

Жақында «Атамұра» баспасынан белгілі табиғат жыршысы, анималист жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұрдақын Жексенбайдың «Аспан таулар аясында» атты кітабы жарық көрді. Онда әртүрлі тақырыпта жазылған таңдамалы хикаяттар, әңгімелер, өлеңдер топтастырылыпты. Енді солардың бірнешеуін қысқа да нұсқа түрде атап өтелік.

«Салшы» хикаятында қауіп-қатері көп үлкен дарияда жандарын шүберекке түйе жүріп ағаш ағызған салшылардың ерлігі мен бір-біріне қамқорлығы бейнеленеді. Бұл шығарма кезінде халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жеңімпазы да болған. «Қоңыр қонжық» ­­– кезінде ҚазақССР мемлекеттік баспасөз комитеті, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы «Жалын» баспасымен бірлесе отырып жариялаған үлкен бәйгеде бас жүлдені жеңіп алған шығарма. Нағыз анималистік фильмге сұранып тұрған туындыда жетім қалған қонжықтың адам қолына түсуі, оны орманшының баласы асырап, ақырында оның өзінің енесін атқан браконьерді қолға түсірген хикаясы баяндалады. «Көл тағдырында» 1963 жылдың 7 шілдесі күні «Іле Алатауының інжу-маржаны» аталған Есік көлі мен Есік сарқырамасын жойып, Есік қаласының бір бөлігін жайпап кеткен, оған қоса 52 адамның өмірін қиған алапат сел апаты және ондағы құтқару жұмыстарына қатысқан адамдардың ерлігі суреттелсе, «Қырғынтекше оқиғасында» ел есінен кетпеген тарихи шындық бедерленген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің бір топ жендеті Саты сайының Үйтас жайлауында отырған бір ауылдың адамдарын қырып, үйлерін тонап, желідегі жылқыларын айдап әкетеді. Жолда оларды жасақшылар қоршап алады да, тірі қалмасын білген жендеттер бірін-бірі атып, өз көздерін өздері жояды. Жұрт жиналып, жендеттер қырған 50 адамды бірнеше ортақ қабірге жерлейді де, ол өңірден басқа жаққа көшіп кетеді. Еліміз бодандыққа ұшыраған кезде басынан өткерген нәубеттің осы бір ұшығын көрсету арқылы автор Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін айтады. «Бұғының бұзауқасы» да болған оқиғаны баяндайды, яғни жаңа туған кезде енесін браконьер атып әкетіп жетім қалған бұғының бұзауқасын сол маңда бұзауы өлі туған сиыр емізіп, бұзау етіп алады. Сөйтіп, екі аяқты браконьер енесін атып, өлім ауызында қалған бұзауқаны төрт аяқты сиыр ажалдан аман алып қалады.
Міне, осы шығармалардан-ақ «Аспан таулар аясында» атты бұл жинақтың танымдық, тәрбиелік құндылықтар мен табиғат таңғажайыптарына бай, сегіз қырлы, сексен сырлы кітап екенін көреміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір