ДОМАЛАҚ АНА ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
15.01.2023
4425
2

Әдебиетімізде Домалақ ана туралы бірнеше әпсана бар. Сол аңыздардың бірінде Нұрила анамыздың атасы Мақтым Ағзамның түс көргендігі айтылады. Түсінде Қожа Ахмет Ясауи баба аян беріп: «Жалғыз немере қызыңа әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен кім ұстаса, сол адамға некесін қиып қос! Үбірлі-шүбірлі бақытты болады» депті. Ояна кетсе, түсі екен. «Иә, Құдай, осы түсімді Пайғамбардың өзі жорып, Нұрила қызымды бақытты қыла гөр, әумин!» деп бата қылыпты. Ол уақытта Нұрила сегіз жаста болса керек, мешітте дәріс алып жүрген кезі екен. Жылдар жылжиды. Нұриланың жасы он төртке толады. Бір күні Нұрила құдыққа суға барады. Ол уақытта суды түйе мойнақ қауғамен тартатын. Нұрила қауғаны құдыққа түсіріп, су тола түйе мойнақты кері тарта бергенде, шығыр ағытылып кетіп, қауға-мау­ғасымен қыз терең құдықтың түбіне күмп ете түседі. Бұл жайтты ойнап жүрген балалар көріп, ауылға хабар береді. Құдық басына елден бұрын жеткен Бәйдібек құдыққа еңкейіп қараса, қыз қауғадан ұстаған күйі су бетінде қалқып тұр екен. Нұриланы құдықтан тартқан Бәйдібек қыз құдық аузына жеткенде білегінен ұстап, шығарады. Мұздай судан тоңып қалған Нұриланы Бәйдібек шапанына орап, атасының үйіне апарады. Келесі күні Түркістаннан Нұриланың Мақтым атасы келеді. Мәселенің мән-жайына қаныққан ақсақал бірде көрген түсін есіне алып, Қожа Ахмет бабасының аяны бойынша немересінің білегінен кім ұстаса, сол адамға ұзатуға тиіс екенін айтады. Келесі жылы Нұриланы Бәйдібек биге ұзатып, бірнеше күнге ұласқан той болады.

* * *

Тағы бір аңыз желісі: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үй­ір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған.
Бірде Алатау асып келген жау Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты дегенді естіп Бәйдібек елден жасақ жиып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрила: «Байеке, малдың құты құла айғыр қолда қалды, амандық болса, алты күннен ке­йін жылқы жауға қайыру бермей қайта келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» деп өз отауына кіріп кетеді. Арада алты күн өткенде байлаулы құла айғыр жер күңіренте күшпен кісінейді. Сол күні шығыста қалың шөп көрінеді. Ереуіл барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек» дейді.

* * *

«Ертеде Сыр бойында Бәйдібек деген бай өмір сүріпті. Екі әйелі болыпты. Тоқалы аласа бойлы, толықша әйел болғандықтан жұрт оны «Домалақ» деп атап кеткен, шын есімі Нұрила екен. Нұриланы бертін келе ақыл-парасатына қарай ел құрметтеп «Домалақ ене» деп атаған.
Бәйбіше тұрғанда тоқалға күн бар ма? Үлкен әйел күндестігін жасайды. Бірде бәйбіше түнде Домалақ ананың үйіне түйе болып келіп сүйкенеді. Сонда бәйбіше екенін біліп жатқан Домалақ ене төсегінен тұрмай:
– Атшу-атшу, жануар, түйемісің, мыңға жеткін, қастық еткен адам болсаң, жаман ниетің өзіңді атсын! – деген екен.
Күндердің бір күнінде ауыл көшеді. Бәйдібек бай балаларын ертіп, ертерек қоныс таңдауға кетеді. Бәйбіше Домалақ енені жұртқа тастап кетеді. Біраз уақыттан кейін ауылды шабуға келе жатқан жаудың қарасы көрінеді. Жұртта жалғыз қалған Домалақтан жөн сұрайды. Оларға басқа жол көрсетсе де, жау көштің ізіне түсіп, ауылды шауып, барлық жылқыларын айдап әкетеді.
Кері келе жатып, ескі жұртта қалған Домалақ енені көріп, жау басшысы аяушылықпен:
– Мына олжадан қалағаныңызды алыңыз, – деп ұсыныс жасайды.
Сонда Домалақ ене:
– Онда, ана жал-құйрығы ұйысқан кәрі арық, сары биені қалдырып кетіңдер, – дейді.
Шапқыншылар сол екеуін қалдырып кетеді. Сол күні түс ауа Бәйдібек ұлдарымен жаудың артынан қуып келеді.
Жолай жөн сұрағанда Домалақ ене:
– Сендер жауды қумаңдар, олар көп, босқа мерт боласыңдар! Мына сары бие тұрғанда жылқы ешқайда кетпейді. Кешке өз аяқтарымен қайтып келеді, – дейді.
Олар Домалақтың айтқанына құлақ аспай жаудың ізіне түсіп, артынан қуып барып, ұрыста бірқатары қаза табады. Ал жылқылар жаудың айдауына көнбей, жан-жаққа бытырап, сол күні кеш қарая сары биеге келіп шұрқырай жиналады.
Міне, осындай көптеген тапқыр да ақылды істері арқасында Домалақ ана халық арасында аңызға айналып, үлкен беделге, сый-құрметке ие болған» деген аңыз да бар.

* * *

«Бір күні Домалақ ана түс көреді, түсінде Бәйдібек баба қасына шақырып жатыр екен. Бұл түстен соң, Домалақ ананы Ташкенттен Боралдайға көшірмек болады. Осылай жолға шыққан олар үш күн дегенде Бала бөгенге жетеді. Осы жерде Домалақ ана балаларынан: «О дүниелік болып кетсем, Бәйдібекеңнің қасына қойыңдар. Егер жолда өлсем, ары-бері сүйремеңдер, сол жерге қойып, басыма белгі қоярсыңдар» деген тілегін айтады. Домалақ ана өзеннен беті-қолын жуып, дәрет алып, кіші бесін намазын оқып, дұға етеді. Бетін сыйпап, енді ұмтыла бергенде, орнынан тұра алмай, о дүниеге аттанып кете барады. Сөйтіп, 1456 жылдың 28 мамыр айында 78-ге қараған жасында қасиетті әулие ана Нұрила (Домалақ ана) дүниеден өтеді. Ал кесенесі XI-XV ғасырлары бірнеше рет жөнделіп, 1966 жылы ақ тастардан қайта қаланған» дейді көне көздер.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 16.01.2024 | 20:23

Күшті болыпты жылағым келіп кетті😭😭😢😢😥

Аноним 12.02.2024 | 21:30

Өте керемет аңыздар😊

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір