МҰНАР ДА МҰНАР ДҮНИЕ…
Ақын Манарбек Қыдырбайдың шығармашылығы жайлы ой-толғау
Cәні кетті-ау қорқау толы ортаның,
Сол себепті жалғыз өзім жортамын.
Шын мәнінде достарым көп ақпейіл,
Бірақ олар адамдар ғой…
Қорқамын!
(Манарбек Қыдырбай,
«Жұпарлы жаңбыр» кітабынан).
Құдіретті де қасиетті поэзия әлеміне саяқ жүріп, жалғыз өзі жорта жүріп келген осы бір ақын жігіттің жүріс-тұрысындағы бір кербездікті байқай отырып, «бұл не қылған керім-кербездік екен?» деп сынай да қараған, ойлана да қараған кезім болды.
Жас қой, бәлкім, жастықтың желігі, енді-енді бүр жара бастаған ақындықтың көктем лебі де бар, ол да қуаттандырып, қанат бітіріп, желпініп жүретіні содан шығар деп ойлағанымын.
Ақын Манарбектің бәйге алаңы мына мұнар да, мұнар кең дүниенің шексіз, шетсіз алабы! Сол шексіз де шетсіз дүние алабын жыр апшысымен қуыруға ақын Манарбектің ой әлемі, жүрек сезімі, көңіл қиялы жетер ме екен?! Осыны ойладым да, ақынның қолымдағы «Жұпарлы жаңбыр» жыр кітабын ұзақ уақыт қайыра-қайыра оқумен болдым. Ақынның әр жырынан ой іздедім! Таптым!
Өлең аулап тасқа біткен қынадан,
Шөл қандырдым тылсым қайнар
тұмадан.
Сұлу ойға шомылдырдым санамды,
Жүрегімді алшақ ұстап күнәдан.
Көздерімді Күн нұрына өптірдім,
Маңдай терді ақ самалға кептірдім.
Құба таңнан тауды жортып
торымен,
Кеш батқанда өлең аңқып кеп
тұрдым…
(«Өлең болып туармын», 59- бет).
Осы бір «Өлең болып туармын» атты алты шумақтан тұратын Манарбек ақынның жырынан оның өз айналасындағы бар жаратылысты көкірегіне қондыра білгендігі және сол көкірегінде жатқан әлемнің тылсым сырынан үн мен әуез естіп, кез келген адам баласы көре де алмайтын мұнар да мұнар дүниенің бояуын да, ойын да, мұңы мен қасіретін де, махаббаты мен ғадауатын да жүрек көзінің жыр тілімен жеткізуге ұмтылған ойының жүйріктігін аңдадым.
Әманда ақын ойы суреткерлікке ұласып, ұштасса игі! Ақын Манарбектің жалпы суреткерлігі, өз айналасындағы тіршілік атаулының жайы мен күйін жыр полотносына сөзбен салуға келгенде ой бояуын қанық әрі әрлі етіп түсіре алатын өзіне тән шеберлігі бар.
Найзағайымен аластап теген көкті,
Меруерт моншақ шашудай
себелеп өтті.
Жұлынған гүлдің жанарын
жаңбыр шылады,
Жуынған гүлдің жамалын
көбелек өпті.
Бір ғана сәт себелеп өткен жаңбырдың құдыреті мен қасиетін суреттеуге келгенде ақын қиялы қиядағыны шалады, сол жаңбыр жұлған гүлдің жанарындағы жасты көреді, сол жаңбыр жуған гүлді өпкен көбелекті көреді және де:
Шудалы бұлтты аспанның
күркірін алып,
Бусанды дала жаңбырға
кірпігін малып,
Сырғалы гүлден сырғыған
тамшымен бірге,
Кеш кемеріне құлады бір күнім ағып…
Кеш кемеріне құлады бір күнім ағып!, – деп ақын Манарбек мұнар дүниенің адам баласының басынан «сырғыған тамшымен бірге» сол тамшыдай болып өтіп бара жатқан өмірдің, кетіп бара жатқан уақыт керуеннің көшін қимастықпен «кеш кемеріне құлады бір күнім ағып» деп екі қайталап күрсінеді де, сенің де жүрегіңді шымыр еткізеді.
Бүгінгі бұлыңғыр заманның адам көңіліндегі ала да нала бұлтын ыдыратып, көк аспанда жарқ етер күннің жарық сәулесімен нұрландыра алатындай қасиет бар ақын Манарбектің жырында.
Қиялым бар көкті кезген қырандай,
Қос жанарым қарашығы бөрінің, – деп өз болмысын әйгілеген Манарбектің кез келген ақын байқай да, көре де білмейтін өмір ақиқатын ертеректеу сезініп келе жатқан жайы бар.
«Бірін-бірі талап жеген пенденің» («Ақтабан», 20-бет) осы күнгі тіршілігін сезіне біліп, «Адалдығын итаяққа сатпаған» (Ақтабан», 19-бет) хаюанның тіршілігінен артық көретін ақын жанының мұңға батып, сыр шертер сәттерінде тербелер де, тебіренер де кездері аз емес-ті. Өйткені Манарбек ақынның жүрек түпкірінде мәңгілік тербеліп бір сағыныштың жатқанын аңдау керек.
Жүрек түкпірінде мәңгілік тербеліп жатқан сол сағынышын көкті кезген қыран қанатының қиялымен өзінің туған топырағына қондырып, бөрінің қарашығындай қос жанарымен балалықтың іздерін шарқ ұрып өткен күндерден іздейді. Биіктен сөйлейді, асқақтай сөйлейді, адал сөйлейді ақын жүрегі.
Жаннаттай жанға жайлы ұйық мекен,
Өрісің арқа-құлжа, киік-бөкен.
Кіндік қаным тамған жер, беу,
Делуін,
Мен сені бар ғаламға сүйікті етем! – дейді ақын Манарбек! Айтса да, жырласа да өзі туған мекенінің бәсін арттыра сөйлеп тұрған ақын үнінен әлдебір қыранның шамырқанған да ширыққан мінезін («Туған жер», 39-бет) аңдауға болар еді. Манарбек ақында қыранның алғыр мінезі болмаса, жаны да, ойы да кіршіксіз таза болмаса, ол мынаны: «Кіндік қаным тамған жер, беу, Делуін, мен сені бар ғаламға сүйікті етем! – деп айта алар ма еді деп ойға қалдым.
Ми қатпарын меңіреулік жаулаған,
Мезі қылды, екі жүзді дау қоғам.
Жансарайы ұқсамайтын ешкімге,
Сырт келбеті Көксеркеден аумаған,
Мен де бір күн…
Өр тұлғалы тау болам!
Осы бір жыр жолдарына («Тау баласы», 38-бет) қайра бір зер салып, ақын жүрегінің сырына қайра бір құлақ түрелікші. «Жансарайы ұқсамайтын ешкімге» өр тұлғалы тау болғысы келетін ақын Манарбектің бар жан дүниесі, бар бітім-болмысы да өз туған жерінің құнарлы топырағынан нәр алып, таза ауасы мен кәусар бұлағының тазалығындай мөлдірей жаралған адами келбетін таныр едік.
Осы күні қулығы мен сұмдығы жоқ, жаны да, ары да таза, ой-өресі биік те терең жан баласы болса, сол жалғыздықтың күйін кешіп өмір сүрмек. Бәлкім, мына екі жүзді қоғамнан мезі болып, жалғыздықты сезіне бастаған мұнар дүниенің Манарбек ақынның өр тұлғалы тау болғысы келетіні де содан шығар!..
Ақын Манарбектің дүние кеңістігінің адалдығы мен тазалығын, мейірімі мен жақсылығын тек өзі туып өскен туған жерінен іздей беруінің де сыры тереңде жатыр екен.
Өткен күн елесі санамда,
Мен кеше боз жусан даламда.
Бабамның салтымен күн кешкем,
Киіз үй дейтін ғаламда.
Өткен күн елесі миымда,
Мен кеше жүрсем де қиырда.
Дәстүр мен салтымды бермедім,
Замана соқтырған құйынға, –
дегенді айта білген ақынның («Жадымдағы жаңғырық», 42-бет) «киіз үй дейтін ғаламда» дүние танымы қалыптасқандығын ескерсек, енді ол адамның да биіктігіне, аспанның да биіктігіне қиял көзін киіз үйдің шаңырағынан көкке көз сала отырып іздейтін болады.
Түндігі түрулі киіз үйдегі жүк аяқта жатып, күн сәулесінің жарығы мен жылуынан қуат алып, туырлығы түрулі киіз үйдің саумал самалының иісі мен лебіне желпініп өскен Манарбек ақынның ендігі жыр ғұмыры жұмақ жер, жұмақ жыр болып жалғаса берері бар. Мұны ақын өзі айтады:
Айнакөлге шомылғанда Ай мүсін,
Жалын жүрек алақанын жайды шын.
Ақ отау деп ақ қағазға қондырдым,
Алып қашып жасын жырдың
Ләйлісін.
Пырақ жырға қарғып мініп
бұлт астым,
Арасында жүрсем дағы кіл қастың.
Сауық құрып сексен көлде сенделмей,
Сауырына өлең өрдім Пілтастың!
Баураса да жер шоқтығы көркімен,
Айықпадым жұмақ жырдың
дертінен,
Қанжар қанат қыран ұшса елтемін,
Қанат қағып Бөлектаудың бөркінен!
(«Жұмақ жер-Жұмақ жыр»,
46-бет).
Көкше даласының апшысын қуырып, шаңын көтере шабар ой-қиялы Құлагер тектес жүйрік ақын Манарбек Оқжетпестің биігінен қыран болып саңқылдап, кербез Көкшенің қайыңы мен қарағайының әр бұтағына байланған жапырақ сылдырының сыры мен сұлу Көкшенің сексен көлінің айдынына қонған аққу құстың сыңсыған махаббатын жүрек тілімен жырлай берері анық. Біз соған тілекшіміз!
…Мұнар да мұнар мына дүниеде қыран қиялды, тұлпар шабысты, бөрі жанарлы, «итаяққа» адалдығын сатпайтын текті Манарбек Қыдырбай атты ақын бар! Зер сал, тыңда ғалам!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ПІКІРЛЕР2