ДҮНИЕ ДЕ ӨЗІ, МАЛ ДА ӨЗІ, ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛСЕҢІЗ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясына биыл 80 жыл. Осы жылдар ішінде Академия еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына зор үлес қосып, талай ғалымдардың қалыптасуына жол ашты.
Жаһандық кеңістікте өз орнын айқындауға ұмтылған еліміз үшін ғылымды өркендету стратегиялық маңызы зор бағыт болып отырғандығын айғақтайтын мерейтойға негізделген іс-шара ЕТЭК колледжінде өтті.
Ұйымдастырушысы ОКЖ қарасты N20 кітапхана бөлімшесі болды. Кездесуге Академияның М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, phd докторы Ерқанат Қуатбекұлы қатысты.
Кездесу модераторы болған “Сенімен Болашақ” РҚБ Алматы филиалының жетекшісі, журналист Меруерт Мәулетқызы қатысушыларға жиынның маңыздылығын, өзге іс-шараға ұқсамайтын тұсын жеткізді. Кітапхана меңгеруші Лаура Мәулітшәріпқызы болса тағылымдық іс-шараның негізгі мақсаты ғылымның қоғамдағы маңызын насихаттау, жастардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру екенін алға тартты.

Сөз алған спикер қазіргі технология дәуірінде қарқынды дамып жатқан ЖИ мен ғылымның байланысын жіктеп берді.
“Қазіргі кезеңде жасанды интеллект білім беру, ғылым, медицина, өндіріс, экология, ауыл шаруашылығы және күнделікті өмірдің барлық саласына қарқынды еніп келеді. Осы тұрғыдан алғанда жаңа технологияларды, жаңа әдіс-тәсілдерді еркін пайдаланатын жастардың ғылымға келуі, оны саналы әрі жауапты қолдануды қолға алуы, халық ауыз әдебиетін электронды форматқа көшіріп ұсынуы– ел ғылымы үшін өте маңызы бар міндет. Ғылым жолы — ізденіс пен еңбек жолы. Ол табандылықты, шыдамдылықты қажет ететін”, — жол деп тоқталды.

Іс-шара барысында спикер IT саласында оқитын жастармен пікір алмасып, ғылым мен ЖИ байланысын, болашағын жеткізді. Тағылымдық шара жас ұрпақты ізденіске, білімге ұмтылуға және ғылымға қызығушылық танытуға үндеді.
М.Бөлек,
журналист