ТАМШЫЛАРДЫҢ КӨЗІНДЕ СҰРАҚ ҚАЛҒАН
Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ
Сөз аулаған күн
Қадалдым неге жалғыз нүктеге,
Сүңгі-мұз кірпік, көз жаурап.
Үйлесім таппай мынау тірліктен,
Кеңістікте ұшқан сөзді аулап.
Шақшадай баста зымыран ойлар
Табаным жерді мекендеп.
Тізбегін сөздің аңдумен өттім,
«Тұсымнан қашан өтер?» деп…
Сан соқтырады сиқыр сөз-әлем,
Аңғал жандарға тек біздей.
Жалған сәулеге көз арбалғанда,
Өтті де кетті жеткізбей!
Көл бетінен де жылылық іздеп,
Айды да көктен қызықтап.
Қос мекенді өмір кешкеннен соң ба,
Алаң-салаңмын, ұмытшақ.
Жүректі шаншыр сезімдерім көп,
Жай таппас жыр боп тынғанша.
Сиқырлы Сөзді зарыға күтіп,
Құсұйқы болған түн қанша?!
Шаттыққа шомам сөз аулаған күн,
Бөліспей қалай іркемін?!
Кестелі жырмен
Жылаған жүрек
Көз жасын еппен сүртемін!
Баудың жібі
«Қайда қалды» дейсің бе «балғын күнің»?
Балғын күнді есіме алдым бүгін.
Сырлы ыдысқа жататын бояп анам,
Қой жүнінен иірген баудың жібін.
Баудан кейін тоқылар басқұрыңыз,
Жоғалмасын осы бір дәстүріміз.
Басқұр тоқу келмесе қолыңыздан,
Қолы шебер біреуге тапсырыңыз.
Ғұмыр кешкем жоқ па өзі мен ертеде?
Әлде жылдар бізді тез жөнелте ме?
Шырышталған сырмақтың оюларын,
Тіккен кездер есімде көлеңкеде.
Шоқысы мен шоқысы иықтасқан,
Тау сығалар, күн тұрса сүйіп бастан.
Ат суарған баланың қалжыңы аздай,
Көлеңкесі өренің тиіп-қашқан.
Су алғалы барғанда тас тұмадан,
Шелегіңді ап қашқан жақсы ма адам?
Мен оқуға кеткен күн қылжақбас ұл,
Автобустың соңынан шапқылаған.
Көлік жүйткіп шыққанда бұраң белге,
Қол бұлғайсың туған жер, мұнар көлге.
Бір ноқат боп ол артта қала берген,
Шапқылаумен «жетем» деп біраз жерге.
…Қараша үйге еге боп бір ермегі,
Маңдайына түсіпті жыл өрнегі.
Қимылымен айтып ед, «есейдің» деп,
Тізесінде отырған жүгермегі.
Кейін қайтқан бар кімнің бала шағы?
Қуған сайын белдерден әрі асады.
Жер ошақта құрт қайнар кешегідей,
Жүгермектер көбікке таласады.
Санай ма екен енді олар бізді бөтен,
Біз жоқта да күн солай күлді ме екен?
Ақ боз ат мен кеткен күн қамшы жеген,
Неге сонша ұрғанын білді ме екен?!
Жолықтырма, тәңірім, қайғы еліне,
Тозаң қонғыш көңілдің әйнегіне.
Мүйізіндей сол баудың көлбейді өмір,
Келдім екен, дариға-ай, қай жеріне?!
Ақ жайықтың бетінде ай екеуміз
Қайық шөлдеп қарбытып толқын жұтты,
Ақ Жайықтың бетінде ай екеуміз.
Оттан қашып, қош көрген салқындықты,
Бірімізге біріміз сай екеміз.
Қалқып жүрген көз салып суретіне,
Айдың созған сүт қолын қайтармаймын.
Қайық жазған жазуды су бетіне,
Оқып шықтым ішімнен, айта алмаймын!
Тамшылардың көзінде сұрақ қалған,
Ағыспенен жарысқан қиял қандай?
Жағалауда самсыған шырақтардан,
Жапырақтың жанары ұялғандай.
Исін сездім балдырдың өзін көрмей,
«Қош келдің!» деп тұрғандай су астынан,
Қандай ғажап шақ мынау, Жайық мені,
Аспанменен, айменен ұластырған!
Толқын келіп шаймаса құм да жүдеу,
Қалатындай үзіліп арман әні.
Қайта-қайта сүңгиді суға біреу:
«Ақ Жайыққа көп болды бармағалы!»
Ағып кетсем Каспийге апарады,
Толқын, сенің ырқыңа қалай көнсем?!
Қайтайықшы ай үйге,
Бұдан ары,
Бас айланар төменге қарай берсең!
Ақ Жайықтың бетінде ай екеуміз…
Жауған шығар
Жауған шығар Алтайға қырбақ деген,
Қараша бұл өмірге бізді ап келген.
Балаң ақын болуға жарамай жүр,
Шеше саған жаза алмай бір жақсы өлең.
Қайтқан құстар оқыса үздіге жыр,
Мазалаған шығар ой сізді не бір.
Қауыншының қақ тілген қарбызындай,
Қақ бөлініп өтуде біздің өмір.
Жаза алмайсың деп мені күледі өлең,
Ай үндемес төбеме түнегенмен.
Сырқыраса аяғым өзіңді ойлап,
Шырт ұйқымнан солдатша түрегелем.
Жақсы көрдің несіне шексіз мені,
Барар едім, бір сызық өткізбеді.
Ғафу ақын қолына түспей кеткен
Сыйлар едім байлықты, жеткізбеді.
Әлемдегі ең ғажап асыл әнсің,
Көз жасыңды балаңнан жасырарсың.
Қайтпас сапар әкемді алып кетіп,
От та жағып, отын да тасығансың.
Кім қарады сол кезде хал-жайыңа?
Қырық жаста көндіктің сарғаюға.
Алты бала қолында бір-бір қалам,
Сызық салып бергеміз маңдайыңа.
Төзе білдің салса да аспан бүлік,
Шетімізден оқуға аттандырып.
Ұзатылып алысқа кете бардық,
Жиегіне көзіңнің жас қалдырып…
Арғы бетте күн аяз, алаңдадым,
Күттім бүгін тағы таң ағарғанын.
Жалынамын, аман-сау жүріңізші,
Саған тағы жақсы өлең жаза алмадым…
Менің әкем
Менің әкем – жерде емес, көктегі адам,
(Бір-ақ түнде көкке ұшып кеткен адам).
Бір адамға «Әй, сен!» деп сөйлеместен,
Ренжітпей ешкімді өткен адам
Өріс қандай, ол кезгі қоныс қандай!
Ай да біздің төбеде толысқандай.
Будақтаған ауылдың түтіні де,
«Сағынарсың бізді әлі…» деп ұшқандай!
Сыбызғыдан бір әуен есілмес құр,
Болды ақыры жетпес ой, шешілмес сыр.
Сонан бері аспанға аңтарылтып,
Көрінбеді, амал не, отыз бес жыл!
Көлбеңдейді маңымда көбік адам.
Тиянақсыз көрінер көбі маған.
Сағыныштың моншағын көзге тізіп,
Кей сәттері абайсыз төгіп алам.
Бұл ғұмырдың алды – шу, арты қандай?
Сабырымды сағыныш сарқығандай.
Ажал неге болмаған әділетті,
Келісімге келетін, тартып алмай….
Балалығым шашылды…
жинағам жоқ.
Теріп алып біреуге сыйлағам жоқ.
Тастап кете алмаймын, ит өмірді,
Ұл мен қызым сағынып, қиналар деп…
Көздің нұры көп күтіп селдіреді,
Қарашығым ағарды, мөлдір еді…
Мінезі де ,түрі де аумайтұғын,
«Әкесінің қызы» едім, ел біледі….
Күз дегенің…
Жерге түскен жемістер, солған гүлім.
Айтып жатыр бір мезгіл болғандығын.
Көңілшектеу жапырақ тез сарғайып,
Сабырлысы сездірмес тоңғандығын.
Жиі-жиі бұлт бізге жуықтайды.
Көлге бала жүзуге құнықпайды.
Жылтыр сөзі секілді кейбіреудің,
Көрінгенмен күн көзі, жылытпайды.
Сағынышты есіңе сала жүрер,
Сарғаюдың азабын дала білер.
Жәндік біткен тығылад жер қойнына,
Қайтқан құс пен қалған құс – бәрі әбігер….
Мезгіл осы дыбысын білдірмеген,
Одан ешкім қашуға үлгермеген.
Күз – солғындау бояудың жиынтығы,
Күз дегенің – шертпе күй, күмбірлеген!
Күз дейсің бе?
Мынау күзден жылылық іздейсің бе?
Көздің жасын көлдетті бүгін маусым,
Сарғыш көйлек киінген қыз кейпінде.
Жуып-шайып барады жолда барын.
Дәрменсізбін,
Жаңбырдан қорғаладым.
Тамшылардың төзе алмай екпініне,
Төге салды ағаштар қолда барын.
Жатты жерде жапырақ, сыр бүкпеді.
Бұтақтар да шуласып, дүрлікпеді.
Қыз дегенің соңына сағыныштың
Қояды екен осылай бір нүктені…