АЛАШ, «АРЫС» және ҒАРИФОЛЛА
01.10.2024
171
0

(Ағам бар еді…)

Тағы бір қайрат­ты қазақ өмірден өт­ті. Ұлт­тық колориті мол, зият­ты зиялы. Күллі еңбегін құндылықтарды қастерлеуге, жәдігерліктерді жаңғыртуға арнаған зерделі зерт­теуші – Ғарифолла Әнес… Әлеумет­тік желі оны егіле жоқтап жатыр. Жоқтайтындай бар…

Ұлт руханиятында айрықша із қалдырған, өрісі мен өнегесі көп Ғарифоллалар баршылық. Қай-қайсысы да елдік мәселелерге барынша атсалысты. Бірі – өнерімізді өрлет­ті. Тағы бірі – ғылымымызды төрлет­ті. Сондай-ақ ұлт мұрасын жинауға, зерт­теуге, жариялауға жанын салып, тынбай тер төккен тағы бір Ғарифолламыз бар еді. Ол – Ғарифолла Әнес. Бір өзі – бір институт­тың жұмысын жасаған ғибрат­ты ғалым. Бір өзі – бір архивтің ісін жүргізген мәртебелі мұрағатшы. Бір өзі – бір баспалар үйінің шаруасын атқарған білікті баспагер. Бір өзі – бүкіл арыстың жиған-тергенін жалықпай саралаған абыройлы алаштанушы.
Жалпы өзімізге үлгі болған Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп, Мақсат Тәжімұратов, Марат Әбсеметов сынды ағаларымыз Алаш арыстарының мұрасын зерт­теуді тым ерте бастап жіберген-ді. Ардақтыларымыздың тұлғасы мен туындысына әлі де толық баға берілмей жатқан тұста олар бұл іске тас-түйін дайын тұрды. Жылымық жылдардың жайлы лебі сезіле түскен шақта Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнес Қазан, Ташкент, Мәскеу, Орынбор және басқа тарихи мұраға бай қалалардың архивтерінен баға жетпес құнды дүниелер тапты.
«Елін сүйген ерлердің ардақты есімдерін ресми орындардан бұрын аруаққа сыйынып, алдымен, өзіміз-ақ ақтап жібергендей едік», – деп еске алатын ол. Бұл рас еді. Заманның түзелер сыңайын күн ілгері барлаған ғылымдағы аға буынның өкілдері жас перілерді томағасын алып, топқа салуға әзірлеп жат­ты. Бұл көшті сол кез­дегі сарыуыз зерт­теушілер, бүгінгі азулы алаштанушылар Дихан Қамзабекұлы мен Сұлтанхан Аққұлұлы бастады.
Еліміздегі білдей бір ғылыми-зерт­теу институтында жұмысын жап-жақсы атқарып, алдағы жылдарға арналған жоспарларын түзіп, өз ауанымен тірлік кешіп жүрген Ғарекең бір күні шұғыл шешімге бел буды. Ол Қазақ­станның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұрасын зерт­тейтін «Арыс» қорын құрды. Тәуелсіздік алғанымызға бір-ақ жыл өткен-ді. Бұл қор содан бері үздіксіз жұмыс істеді. Бұл қордың басшысы содан бері бір күн де дамыл көрген жоқ. Қаншама тұлғаны шыңыраудан шығарды. Қаншама кітап басты. Қаншама энциклопедия түзді. Қаншама тарихи мұраны қатарға қосты. Қаншама архивтің есігін қазақ жұртына айқара ашып берді. Қаншама қазақ басылымының кітаби нұсқасын әзірлеп, оқырманға ұсынды. Енді кім жалғастырады оны? Жалғастырған күнде де дәл өзіндей бола ала ма?!
Ғарифолла әйгілі қорын құрған соң көп уақыт өтпей-ақ мен одан сұхбат алдым. Бұл кез­де ол қалың қара шашы желкесін жапқан, тіпті онысын Оралхан ағаның үлгісімен иығына қарай жібере салған, отыз бес жастағы ойлы жігіт еді. Көзі өткір, қайраты мол. Қайыс­пас Қарадөң батырдың қара күші мол қажырлы ұрпақтары секілді қай іске де құлшынып, сақадай сай тұрды. Екеуміздің осы сұхбатымыз «Жас Алаш» газетінің 1992 жылғы 3 қыркүйектегі санында жарияланды.
Сол сұхбат­та ол өзінің «Арыс» қорын құру жөніндегі мақсат-міндетін былайша тәпсірлеген-ді: «Халқымыз саңлақтардың мұрасымен қайта табысып жатыр ғой. Жөн-ақ. Ал енді есімдері де, еңбектері де жалпақ жұртқа кеңінен танымал емес, шын мәнінде, ұлан-ға­йыр мұра қалдырған, бірақ жылдардың қалтарысына мықтап жасырылған боздақтарымыз қаншама?! Олардың мұрасын кім іздемек? Оқырманы он мыңдап саналатын, мүйізі қарағайдай көзі тірі қаламгерлердің өзі қағаздың жоқтығынан кітаптарын шығара алмай жүргенде, жарты ғасырдың жамылғысын жамылып, жер қойнында жатқан арыстардың асыл дүниелерін бастыруға кім ұсынады? Осындай әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық міндет арқалаған сансыз сауалдар Қазақ­станның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұрасын зерт­тейтін «Арыс» қорын құруға деген ниетімізді оят­ты».
Ол осы бағдарламалық тұжырымдамасына әрдайым адал болды. Күн-түн демей тынбай еңбек ет­ті. Әрине, «Арысты» Ғарекең жалғыз өзі ғана жеке-дара жетектеп, бүкіл бейнет­тің басы-қасында тау көтерген Таусоғардай жалғыз өзі ғана жүрді десек, артығырақ болар еді. Оның жанында әркез қазақтың мықты зерт­теуші жігіт­тері болды. Қай-қайсысы да жан аямай, ынта-ықыласымен ортақ іске үлес қосты. Дегенмен бар салмақтың бәрібір басшыға түсетіні баршаға аян. Мұны қор жетекшісі де үнемі атап көрсетіп отырғанын айтуға тиіспіз.
Мәселен, жаңағы сұхбатымызда Ғарекең қашаннан бойына біткен қарапайымдылығына басып, әдепкі тұжырымын одан әрі сабақтап: «Бұл – осынау маңызды іспен тек біздің ұжым ғана айналысады деген сөз емес. Мұны жұртымыз болып жұмылатын қасиет­ті парызымызды атқаруға үлес қосқымыз келгені деп бағалау керек», – деп тиянақтай түскен еді. Үлес болғанда қандай! Таудай үлес. Алтын қор. Асыл қазына. Қазақ жұртындағы барлық кітапханалардың ажарын ашып тұрған дүниелердің бірсыпырасы – Ғарифолла Әнес шығарған кітаптар. Оның баспасынан жарық көрген жәдігерліктер ұлт зиялыларының жеке кітапханаларының да құндылығын арт­тыра түседі. Образды түрде айтсақ, Ғарифолла ағамыз дайындап, бастырған кітаптардан кішігірім бір кітапхана жасақтауға болатын шығар…
Ғарекеңмен үзеңгілес жүргелі қашан. Ол бәрімізге үлгі-өнеге көрсет­ті. Оның қабілет-қарымы шығармашылықтың қай саласын да айшықтап тұрар еді. Осыдан отыз екі жыл бұрын алған әлгі сұхбатымызда оған «Кезінде көркем дүниелер жазып жүргеніңізді де білетін едік…», – деп ой тастап, тағы бір сауалға жетелеппіз. Ал оның жауабы былай болды: «Асқар таудай арыстарымыздың маржандай асыл әрі сүйекті дүниелерін оқығаннан ке­йін өзімнің шимай-шатпақтарымды жазуға қаламым жорғаламай-ақ қойды. Әуелі солардың баға жетпес мұраларын шығарып алайық, өзіміздікі қайда қашар дейсің…»
Солай! Ол мақсат-мұратын орындау үшін өзінің жеке шығармашылығын екінші кезекке ығыстырды. Бұдан әдебиет те, ғылым да ұтыла қойды деп ойламаймыз.
Сонымен, өмірде өте қарапа­йым болса да, үндемей жүріп-ақ адам айт­қысыз ұшан-теңіз іс тындырған Ғарифолла Әнестің болмыс-бітімінің ерекшелігі неде?
Біріншіден, ол Алаш мұрасын шашау шығармай зерт­теуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұған оның ішкі рухани дайындығы мол болды. Қазақтың аса танымал, өте әлеует­ті азамат­тарымен бірге Тіл білімі институтында қызмет істеп, ғылыми мектептен өт­ті. Одан соң тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы іспет­ті, қазақы құнары бай «Ана тілі» газетінің Тілтану бөлімін басқарды. Бұл басылымның білікті басшысы, ұлағат ұстаханасының бас көрікшісі Жарылқап Бейсенбайұлы іріктеген сайдың тасындай аса талант­ты сарбаздардың сапында жүрді. Киелі шаңырақтың ғылыми деңге­йін көтеру үшін аянбай іс қылды. Мұның бәрі Алаш мұрасын асқан ұқыптылықпен зерт­теп-зерделеуіне зор пайдасын тигізді.
Екіншіден, Ғарекең арыстардың шығармаларын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, күрішті күрмектен айырып, жіктеп-жіліктеп барып ұсынды. Ол құрастырған жинақтарға өте сауат­ты, жоғары деңгейдегі ғылыми түсініктемелер жазылды. Қолға алған дүниесін жүрдім-бардым және шалама-шеккі дайындауға жол берген жоқ. Бұл шаруаға мейлінше фальш енгізбеуге тырысты. Қолжазба қабылданғаннан бастап, баспаханадан шыққанша жұмыс үдерісінің бәрін тікелей өзі қадағалап отырды. Асығыстық дегенді аса ұната қоймады.
Үшіншіден, Ғарифолланың сенсация дегенге жаны құмар емес-ті. Жұрт­тан бірден сүйінші сұрап, жарты әлемге жар салатын әдет­тен аулақ болды. Тапқан дүниесінің өзін сегіз сараптаудан, тоғыз тексеруден өткізген соң ғана ғылыми ортаның талқысына ұсынды. Кітап шығару барысында осындай ұстанымды серік ет­ті. Бүгінгі заманда сабыр сақтайтын сауыты бар мұндай кісілердің өте сирек екені рас.
Төртіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында табылған қанатқақты жәдігерліктің біразын Ғарекең әріптестерімен бірлесіп, баспаға әзірледі. Әсіресе Халел Досмұхамедұлының «Аламан» ат­ты кітабын жарыққа шығарып, жұртшылықты рухани олжаға кенелтуі өз заманындағы елеулі жаңалық еді. Бұдан соң жыл сайын бірнеше жинақ әзірлеп, оқырманның қазынасын молайтып отырды.
Бесіншіден, ол – нарыққа көшкен жылдарымызда сәл тежеліңкіреп қалған энциклопедиялық әдебиет­тің классикалық дәстүрін қайта жаңғыртқандардың бірі. Тұлғалық және мекендік энциклопедияларды бірінен соң бірін шығарып, оқырманның кітап сөресін қастерлі дүниеге толтырды. Сол арқылы мұндай жинақ дайындаудың өзіндік үлгісін де қалыптастырды.
Алтыншыдан, ұлт мүддесін ұлықтаған алғашқы қазақ газет­терінің біразын архивтен іздеп тауып, мәтінін қайта сүзіп, жалықпай жүйелеп, сараптамадан өткізіп, тұтас жинақ ретінде топтастырып, жұртшылықтың кәдесіне жарат­ты. Қазір бұл кітаптар іргелі оқу орындарының журналистика факультет­тері студент­терінің қолдан-қолға түсірмей оқитын құнды жәдігерліктеріне айналды.
Жетіншіден, қазақ жырының табиғатын жақсы түсінетін тиянақты текстолог ғалым болды. Ол бұл тұрғыда қазақ әдебиетін зерт­теуге бүкіл ғұмырын арнаған әлеует­ті әріптесі, теңдессіз ғалым Қабиболла Сыдиықовтың үлгісін ұстанды. Ғарекең ұсынған жинақтардың мәтіндік мазмұнына осы уақытқа де­йін ешқандай сын пікір айтылған емес.
Сегізіншіден, ол әзірлеген кітаптарының корректурасына баса мән берді. Мүмкіндігінше қате жібермеуге тырысты. Қате кетіп бара жатқан дүние­лерді баспаханадан тоқтатып қойып, қайта басқан кезі де болды. Өзінің маңдай терін төгіп, қажыр-қайратын салған еңбегінің оқырманға сапалы күйінде жетуі үшін жан алысып, жан берді.

* * *

Міне, біз осындай адамды жоғалт­тық. Енді тоғыспас жолдар торабын қосып, бір өзі бірнеше міндет атқарған оның орны қалай толмақ?! Рухыңыз шат болсын, Ғареке!

* * *

Ғарекең ғарышқа жол тарт­ты…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір