Алаш және «Манас»
«Халық поэзиясының алып мұхиты» деп, М.Әуезов зор бағалаған «Манас» эпосын зерттеуге Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұландардың қосқан үлесі ұшан-теңіз екені баршаға аян. Осы орайда М.Әуезовтен ілгеріде немесе онымен қатарлас тұстас тұлғалардан «Манас» эпосын зерттеумен, жинап насихаттаумен айналысқан зиялылардың еңбектері әлі де жеткілікті зерттелмей келеді. Қазақстан Жазушылар одағының арнайы жобасымен Қырғыз Республикасы Мемлекеттік орталық архивінде, Қырғызстан Ғылым академиясында, А.Османов атындағы Ұлттық кітапхана қорында болғанда осы мәселеге назар аудардық.

Деректерге қарағанда, «Манасты» жинау жұмысы 1922–1925 жылдардан бастау алғаны байқалады.
«Манасты қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаев оқып шыққан. Алғашқы қолжазбаларда ол кісінің шетіне жазған сөздері де бар еді. Осыдан кейін Мағжан юмор түрінде бірнеше шумақ жыр да таратқан. Кейбір үзінділері есімде қалыпты. Шолақ болса да келтірейін:
Кокыйлап кыргыз кезесин,
Писпек, Токпак арасын.
Адасып жүрип арада,
Жарылмасын шанашын…
Семетей мен Манасын,
Кысыр хиса болмасын…
Атандын көри, кокый-ай,
Эл болмайсын окумай» –
деп жазады сол оқиғалардың куәсі болған, Алаш зиялыларының төл шәкірті, қырғыз ғалымы Хусаин Қарасаев. М.Жұмабаевтың бұл өлеңдері ақынның «Алатауда» цикліне енген жырларының ауызша жеткен бір нұсқасы деуге болады.
Деректерге қарағанда, М.Жұмабаев Ташкентте сабақ беріп, Қазақ -қырғыз білім комиссиясының мүшесі болған кезінде, халықтарымыздың этнографиялық қазынасын жинайтын экспедицияны тікелей басқарған (ӨзР БМА. Ф.34.Оп.1.Д.1191. Қараңыз: К.Б.Орузбаева-Даниярова, А.С.Даниярова. Базаркул Данияров-алгачкы агартуучу. Бишкек, 2022. 46-б). Осы бағыттағы ауқымды да маңызды шаруаны Алаш ардақтысы Х.Досмұхамедов үйлестіріп отырған.
Бұл мәліметтерден ақын М.Жұмабаев жомоқшы С.Оразбақов жырлаған «Манастың» қолжазбасын алғашқылардың қатарында оқып сараптама жасаған, сонымен бірге өзінің шәкірттері Қ.Тыныстанов, Б.Данияров, Х.Қарасаев, тағы басқаларға қазақ-қырғыз эпостары мен фольклорын жинау туралы ақыл-кеңес беріп, халық мұрасын жинау ісіне жетекшілік жасағаны байқалады.
Манастануға Мағжан Жұмабаевтың қосқан үлесі 1923 жылы жариялаған «Қырғыздың ауыз әдебиеті» деген арнайы мақаласында кеңінен көрініс табады: «Қырғыздың ауыз әдебиетінің дені һәм сұлуы – әңгіме әдебиет, мұның ішінде батыр жырлары мен ертегілер сықылды… Қырғыз батыр жырларынан «Манас», «Семетей», «Сейтек» жырлары аз ғана қырғыз елінің ұзақ заман бір жақтан Қытай, Моңғолмен, екінші жақтан Ауған, Иранмен алысқанын жырлайды… Қысқасы, қырғыздың өте бай ауыз әдебиетінен батыр жырлары мен ертегілері қалса, жалпы түрік әдебиеті ішінен аса, жалпы жаһан әдебиеті ішінен күмәнсіз қадірлі орын алуға хақы бар», – деп жоғары баға береді (М.Жұмабаев. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Астана, 2023. 454-б.).
Алайда «Манасты» шұғыл жинамай салғырттыққа салынса, өкініш болатынын ескерткен көреген ақын мәселені төтесінен қояды: «Бір күндерде қалың қырғыздың еңкейген шалынан еңбектеген баласына шейін жатқа білетін Манас, Семетей, Сейтек жырларын бұл күнде екі-үш-ақ шал айтады дейді. Мынау екі шал мәңгі суын ішкен жоқ шығар. Бұлар өлсе, әдебиетіміз бағасыз, қымбатынан айырылып қалғаны да. Осыны ойлап жинауға кірісетін қырғыз-қазақ азаматы болу керек еді. Бірақ бұл күнге шейін соған кіріскен азамат көрінбейді. Үкіметтің, білім мекемелерінің белсеніп кіріскен түрі жоқ. Тәшкендегі қазақ-қырғыз білім комиссиясының жиырма бірінші жылы әдебиет жинау үшін Жетісуға шығарған экспедициясы Жетісудағы қалың қырғыздың аузынан бір-ақ ертегі жазып алып қайтыпты. Күлерсің бе, жыларсың ба?» деп жауапты шаруаға немқұрайлы қараған замандастарын сынап өтеді. Зиялыларға үндеу тастап, «Ендігі айтылатын сөз, әсіресе қырғыз азаматтары қолын тигізіп, уақыт оздырмай, ауыз әдебиетті жинау керек. Анау шалдар өліп қалмай, әсіресе үш батырдың жырын жазып алып қалу керек», – деп дабыл қағады.
М.Жұмабаевтың бұл әйгілі мақаласын ақынның шәкірті Зияш Бектенов Кеңес Одағы құламай тұрғанда жариялап, партиядан сөгіс естігенде: «Манас туралы Гитлер мақала жазса, соны да жариялауға дайынмын», – деген екен.
Алаштың алдаспан ақыны Мағжан, осылайша, «Манасты» жинауға, зерттеуге соқпақ-сорап ашады, мақала жазып қана қоймай, бұл істі алға жылжытуды ұйымдастырудың басы-қасында болғаны байқалады.
Мағжан Жұмабаевтың есімі аталғанда, алдымен, қырғыздың ақыны, мемлекет қайраткері Қасым Тыныстановты еске алмау мүмкін емес. Дарынды ақын Мағжанның дәрісін тыңдап, тікелей шәкірті болған, ұстазына еліктеп өлеңді қазақша жазып бастаған. Сабақтың үзілісінде Мағжан сол шәкіртіне «Ей, Қасым, сен мандолин ойнап жүр екенсің. Оныңды тоқтат. Искусство тектес болады. Сен мандолин шертпе. Соған ауып кетесің. Сен – ақынсың!» – деген екен.
Ұстаз бен шәкірттің осындай етене байланысынан болар, Қасым Тыныстановты қудалау архив деректеріне қарағанда, 1928 жылдан басталғаны білінеді. Сол жылғы мамыр айында қабылданған қаулыда «Об идеологическом уклоне», «Дискусси по поводу содержания сборника стихов Тыныстанова», «Уклон шовинистического порядка» деген талқы-тарауларда Қасым Тыныстановтың 1924 жылы жарияланған жыр жинағы талқандалып, қырғыз ортасына таралған алаш идеологиясымен уланған, қауіпті тұлғалар мен олардың шығармалары сынап-мінеледі. Әсіресе Қ.Тыныстановтың «Манас күмбезінде» деген өлеңі ауыр сынға ұшырайды. Осыдан-ақ, «Манас» эпосын жазып алу, зерттеу ісі, тіпті Манастың атын атаудың өзі қандай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешкенін көруге болады.
Идеологиялық тазалау жұмыстарына арналған комиссия оқулықтарды да сүзгіден өткізіп, мектепте оқу бағдарламасына енген 14 оқулықтың 6 идеологиялық зиянды, 4 мүлде жарамсыз, тек 4 оқулықты ғана қайтадан редакциялап пайдалану туралы қаулы қабылдайды.
Оқулықтардың авторлары – Е.Арабаев, Қ.Тыныстанов, Солтонаев секілді белгілі зиялылар. Осынау төтенше қаулыда мектеп бағдарламасынан аласталған екінші нөмердегі оқулық – М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» деген оқу құралы. Қаулыда «Методику родного языка для начальных школ признать идеологически невыдержанной и совершенно устарелой» деп атап көрсеткен (Қырғыз Республикасы Мемлекеттік орталық архиві. Дело №23, Опись 1127).
М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» оқулығы 1923 жылы Түркістан баспасөз тарату мекемесі тарапынан Ташкентте жарық көрген. Ал 1925 жылы Мәскеу қаласында Қара Қырғыз автономиялық облысы ревкомының тапсырысы бойынша, «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» деген атпен қырғыз тілінде басылып шыққан. Кітаптың алғы сөзін «Сөз башы» деген атпен Е. Арабайұлы 1924 жылы үштің айының (қаңтар) 14-інде жазған. Қырғыз тіліне аударған да Е. Арабайұлы деген пікір бар (Ш.Елеукенов. Мағжанның «Бастауыш мектепте ана тілі» еңбегі хақында//«Жұлдыз» журналы, 1993. №1). Қысқасы, қырғыз бүлдіршіндеріне ана тілінің уызын шашқан ұлы педагог Мағжанның бұл еңбегі қырғыз мектептерінде 1925–1928 жылға дейін бағдарламада болып, кесірлі қаулының күшімен жойылады. Әйткенмен, артына ғибратты із қалдырған Мағжан жолы Алатаудың арғы бетінде жалғаса бергені ақынның аманатын арқалаған төл шәкірттері Қ.Тыныстанов, Б. Данияров, З.Бектенов, Х.Қарасаев бастаған зиялылардың халқы үшін жасаған жемісті еңбегінен айпарадай көрінеді.
Жалпы, «Манас» жырын жазып алу туралы алқалы жиынға 1922 жылы Ташкенде Түркістан басшылары Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұловтар қатысқаны туралы деректер бар. Игілікті іске қазақ-қырғыз «Талап» ұйымын құрған Х.Досмұхамедов бастаған алаш игі жақсыларының да шарапаты мол болған. Осы ұлттық ояну кезеңіндегі қазақ-қырғыздың барша зиялысы үшін «Манасты» жазып алып қалу ісі ең маңызды болғаны, олардың барлығы бұл шаруаға жанашыр, жанкүйер болғаны анық. Сол себептен де Алаш ардақтыларының әзиз есімін әйгілі жомоқшы Сағымбай Орозбақов «Манас» жырында меруерт жолдармен өшпестей таңбалап кеткенін бүгіндері біз көріп-біліп, сүйініп отырмыз. Әлемге әйгілі «Манас» жырында Сағымбай Орозбақовтың дуалы аузына ілінген тұлғалар – А.Байтұрсынов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, О. Жандосов. Барлығы да – қазақ-қырғызға жол бастаған игі жақсылар. Жомоқшы оларға алып жырды жазуда ұшыраған қиындықтарды білдіріп, арыз-мұң айтады, арқа сүйеп, аруақтана түседі:
«Жусуп Абдыракманов,
Журт бийлеген баарың ук.
Байтурсунов, Кожонов,
Баш тарыкы бабаңдын
Байкап көргүн ойлонуп,
Адабият жөнүнөн
Айткан акын бакырга
Назарың сал толгонуп!»
Қырғыздың ел басшыларының бірі Жүсіп Абдыракмановтың атын атап, арзу сөзін бастаған манасшы А.Байтұрсынов пен С.Қожановқа арқа сүйеп сөйлеп: «Бас тарихы бабаңның, байқап көргін ойланып», – деп уәж келтіреді, Ақаң мен Сұлтанбектің өзін қолдап демейтініне үміт артады, шүбәсіз иланып, толғауын жалғастырады: «Әдебиет жөнінен, айтқан ақын пақырға, назарың сал толғанып» – деп «Әдебиет танытқыш» авторына арнауын жалғастыра түседі. Одан кейінгі шумақтарда жомоқшы даналықпен бұл «Манас» жырының қазынасы қырғыз бен қазаққа ортақ, терең тамырлы екенін түсіндіріп, Манас пен Ер Көкше екеуінің атын қатар айтып, тегеурінде ел басшылары Т.Рысқұлов пен О.Жандосовқа салмақ сала сөйлейді:
«Рыскулов, Жандосов,
Манас, Көкчө бабаңыз.
Бар жомогун табабыз,
Өтүнөбүз арыз айтып,
Өкүмөттөр караңыз».
Шабыты шалқып отырған жыршы қазақ Ер Көкшенің де ертек-әпсанасын Манаспен қатар жырлап, қырғыз бен қазақтың аруағын ортақ тербеп отырғанын, екі халыққа да езуінен енші беріп отырғанын бұлдап, бағалап үн қатады. «Және үш жылда таусылмас, Алаштың арыстан Манасы» – деп серпіле түседі. Міне, жыры да, сыры да ортақ болған егіз елдің ақ жүрегінен ақтарылған ақиқаты.
Ұлы жыршы, дана жомоқшы Сағымбай Орозбақов Ленин дәуірі, большевик идеологиясының қысымы ұлғайып, заман тарылып тұрғанынан толық хабардар. Ақыры зар заман, тар заманға, одан кейінгі бор заманға ұласады. 1928 жылдан қысым көргенімен ақын, қайраткер Қ.Тыныстанов, Е.Арабаев, М.Әуезов бастаған топ қызыл дауылдан ыға жүріп, рухани күресін жалғастыра түседі. Ақыры 1935 жылы Бішкекте «Манас» жырын баспаға дайындау, орыс тіліне аудару туралы комиссия құрылып, үлкен жиын өтеді. Бас баяндаманы Қасым Тыныстанов, екінші баяндаманы Мұхтар Әуезов жасап, жырдың қырғызға ғана емес, әлемнің ақыл-ой жауһарынан орын алатын құндылығын жан-жақты талдап береді. Нәтижесінде, «Манас» жырын жариялауға қаулы алынып, редакциялық алқа құрамы бекітіледі. Бұл 17 адамнан құралған беделді топ сол дәуірде қырғыз-қазақ руханиятының көшбасшыларынан еді. Тізімде қазақтан 3 тұлға бар: 10.Профессор Асфандияров; 12.Жазушы Сәкен Сейфуллин; 13.Тоғжанов (1935 ж. 9 көкек, №10 протокол, латын қарпінде. Қараңыз: Фонд 23, Опись 1, Дело 1127).
Профессор, тарихшы Санжар Асфандияров – сол кезеңде Ұлт мәдениеті институтының тарих секторының жетекшісі, Оқу ағарту комиссарының орынбасары болса, Ғаббас Тоғжанов – Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ал Сәкен Сейфуллин университетте ұстаздық қызметте еді.
С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы 1935 жылы қырғыз тілінде жарық көреді. Ақын «Әдебиет тарихы» еңбегінде, «Қырғыздың Семетай, Манас деген атақты батырларын бір ай жатқа сыдыртып айтқанда әрең таусылатын ұзақ жырларын жатқа білетін жыршылар бүгінге шейін бар», – деп жазған болатын.
Манастануға жол ашқан марғасқалар туралы мақаламызға дерек жинауда жәрдем жасаған Қырғыз Республикасы ҰҒА Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик А.Акматалиев, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік орталық архивінің директоры М.Момунов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкеновке алғыс айтамын!
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
ақын, филология ғылымдарының
кандидаты
ПІКІРЛЕР2