Театр драматургтің жазу үстелінен басталады
12.06.2023
323
0

Маусым айының бесі күні Алматы қаласындағы Достық үйінің Мәжіліс залында Қазақстан театр сыншылар бірлестігі мен Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Акаде­миясы, сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бірлесе ұйымдастыруымен «Отандық драматургия және театр өнері: диалог, үдеріс» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Зиялы қауым өкілдері мен театр сыншылары, режиссерлер, БАҚ өкілдері қатысқан шарада бірінші боп сөз алған ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев құттықтау сөзін айтты. Содан соң дөңгелек үстел модераторы театртанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан құрметті қонақтар мен баяндамашыларға сөз кезегін берді.
Мәлік Отарбаевтан кейін ақын, ҚЖО Басқарма Төрағасының бірінші орын­басары Нұржан Қуантайұлы Жазушылар Одағының жанынан құрылған «Драматургия секциясының» атқарған һәм атқармақ жұмыстарын баян етіп, осындай жиындардың көп өткізілуі қазақ драматургиясының дамуына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

 
«Мемлекетке театр керек пе? Онда…»

Бұдан соң жазушы-драматург Дулат Исабеков микрафонға жақындады.
«Осы уақытқа дейін 26 пьеса жазып­пын. Оның түгелге жуығы сах­наланды. Бүгінгі отырыс менің не жазып-жазбағаным емес, театр өне­ріне байланысты. Ал қазақ театр өне­рінде қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.
…«Театр киім ілгіштен басталады» деген ұғым ескірді. Театр драматургтің жазу үстелінен басталады. Менің қазіргі драматургтердің оқитынына, біліміне күмәнім бар. Өйткені көбі кітаптың бетін ашпайды. Кафканы білмейтін, Сартр­ды естімеген, Булгаковты оқымаған, Чеховтың атын ғана білетін «қаламгерлерді» көзіммен көрдім. …Шәкірттеріме үнемі айтып отырамын, драматургияның қиындығы – тек жазу процесінде емес. Драматургтың лексиконында «білмеймін» деген сөз болуы керек. Ол бәрінен хабардар болуға тиіс. Қазіргі драматургтердің көбі «білмеймін» деген сөзді білмейді. Сондықтан дарынды да білімді драматургтер тапшы. Бұл – бірінші мәселе.
Екіншіден, театрдың қадірін кетіріп болдық. Өйткені билеттердің бағасы өте-мөте арзан. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ қойылым көруге барған көрермендердің көбі залда отырып әрлі-берлі қозғалады, тамақ жейді, білгенін қылады. Мұның бәрі театрды сыйламағандықтан және билет бағасының тегін кірді деп айтуға боларлықтай құнсыздығынан. Шетелден келген әнші-әртістердің концерт­терінің бағасы удай қымбат. Халық оған да барады және театрдағы мәдениетсіздігін көрсетпейді. Себебі рухани демалу үшін айтарлықтай ақша төлеген. Біздің өнер олардан кем бе еді?!
Тағы бір мәселе. Бұрын театрлардың репертуарын бекітетін ұжым болған. Онда белгілі драматургтер мен театр сыншылары, сахна майталмандары мүше болатын. Кезінде өзім де сол ұжымда қызмет еттім. Қазір оның бәрі құрыды. Әр театр репертуарын өзі қабылдайды деді. Сондықтан көркемдік сапасы төмен пьесалар да көрерменге ұсыныла беретін болды. Тіпті жергілікті жерлерде әркім өз ата-бабасын батыр қып көрсетпекке тырмысып, сахнаға алып шықты. Соның нәтижесінде инкубатордан шыққан балапандардай қойылымдар қаптады. Батырлардың аты ауысты демесеңіз, бәрінің сюжеті – бір. Құрылымы ұқсас, берері жоқ дүниелер көрерменді жалықтырды. Қысқасы, драматургтеріміз «адамзат» деп аспаннан жерге түспейді, «ұлттық» деп жердің астына тығып жібереді. Ортасын ұстауға болмас па екен?!
Жергілікті жерлердегі театр деп айтып қалдым ғой… Облыстардағы театрлар Мәдениет және спорт министрлігіне емес, облыс әкімдігіне қарайды. Ал министрлік облыс әкіміне бұйрық бере алмайды. Осы орайда өздігінен түсінікті бір дүние шығады. Облыстардағы театрлар қайтадан Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына өтуі керек. Қаржыны кім берсе, театр соның айтқанымен жүреді. Демек, жоғарыдағыдай жағдайларды тыйып отыруға мүмкіндік ашылады.
…Егер мемлекетке драматургия керек болса, театрды қажет етсе, онда оған қамқорлық жасау керек. Қаламақы беруді заңды тұрғыда жолға қоюға тиіс», – деді Дулат Исабеков.

«Жаңа Қазақстан: театр, драматургия және жемқорлық»

«Менің баяндамамның тақырыбы алғашында «Жаңа Қазақстан: театр және драматургия» еді», – деді Дулат Исабековтан кейін сөз кезегі тиген жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев. «Бірақ мен бұған тағы бір сөз қостым. Яғни «Жаңа Қазақ­стан: театр, драматургия және жемқорлық». Менің бұл сөзіме ешкім ер тоқымын бауырына алып тулай қоймас. Өйткені біздің елімізде тәуелсіздік алғаннан ке­йін жемқорлықтың жүйесі бүге-шүгесіне дейін жасалған. Егер Мәдениет және спорт министрі жемқорлықтан ада болса, бұрынғы министрі ұсталмас еді. Бұған осы министрліктің жауапты қызметкерлерінің де темір тордың арғы жағында жатқаны туралы ақпараттарды қосыңыз.
…Мен осыдан біршама уақыт бұрын жаңа министр Асхат Ораловқа қазақ теа­трының қазіргі жағдайы және болашағы туралы он бес беттен тұратын хат, сол хаттың негізінде мақала да жазғанмын. Ал министрліктен жауабын оқығанда не күлерімді, не жыларымды білмей дал болдым. Өйткені ондағылар театрдың не екенін білмейді екен. Жауапта: «Театр туралы ереже жоқ» деп жазылған. Театр туралы ереже бекітпесе, Мәдениет және спорт министрлігі отыз жыл бойы не бітіріп келген?
Кейде театр басшыларымен әңгімелесіп тұрамын. Олар сөз арасында «Ана фестивальге мынадай қойылым апардық, мына фестивальден орын алдық» деп мақтанады. Бұл ғана емес, олардың біраз уақыты осы фестивальдерге дайын­дықпен өтеді екен. Жалпы театр бізге фестивальден орын алу үшін ғана керек пе? Театр халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып, сол арқылы ақша табуды көздемейтін бе еді? Дұрысы, театр жарыс-бәйгелерге емес, халыққа арналса керек. Министрліктің мәліметінше, былтыр алпыстан астам фильм түсірілген, оның елуі прокатқа шықпапты. Бұл – халықтың ақшасы далаға кетіп жатыр деген сөз. Театрдың да хәлі осы. Мен осы уақытқа дейін бірде-бір театрдың «Мемлекеттен осынша қаржы алдық, оның мынадай қайтарымы болды» деген есебін естіген емеспін», – деді Сұлтанәлі Балғабаев.

«Театр сыншылары тасада қалып жатыр»

Сұлтанәлі Балғабаевтан кейін сөз алған театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс: «Тәуел­сіздік алғалы бері кәсіби білім алып, театртанушы атанған 122 маман бар. Сондай-ақ бұған дейін театр­танушылар 38 жеке монография, 92 ұжымдық монография, 2 оқулық, 81 оқу-әдістемелік құрал, 6182 мақала жазып, жариялапты. Кеңестік кезеңде ұлттық театрымыз дәл осылай зерттелмегенін ескерсек, онда бұл нәтиже Тәуелсіздігіміздің жемісі деп бағалауға әбден лайық. Келесі кезекте «театртанушылар мен театрдың өзара байланысы қандай?» деген мәселеге тоқталайық. Бұл театр директорлары мен көркемдік жетекшілеріне тікелей байланысты.
Қазіргі кезде еліміздегі елуден астам теа­тр болса, театр сыншыларымен байланыс орнататындарының саны онға жетпейді. Яғни бұ күндері әр театр өз қазанында өзі қайнап, мамыражай өмір сүріп жатыр. Олар, біріншіден, театр репертуарына пьеса қабылдарда театр сыншыларының іс-сапар шығындары мен қаламақысын төлеу туралы ереженің жоқ екенін сылтауратып, ешбір театртанушыны шақырмайды. Екіншіден, Республикалық театр фестивальдерін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына театр сыншыларын араластырмайды. Елімізде жылына бірнеше театр фестивалі өткізіледі. Ал көркемдік сапасы үнемі жақсы бола бермейді. Мәдениет және спорт министрлігі фестиваль өткізу ісін бір ізге түсірмеген. Шетелдерде мұндай фестивальдерді тікелей театр сыншылары ұйымдастырады, соған сәйкес қай ұжымның қандай бағдарламамен қатысатынын репертуарына қарап іріктейді. Біз де осы жүйеге көшуіміз керек.
…Өз елімізде өткізілетін түрлі дәрежедегі фестивальдерге отандық театр сыншылары аз тартылады. Халықаралық фестивальдерге шетелдерден мамандар шақыртылғанымен, олар қаламақысын алдын ала алып, бірақ бірсыдырғы дүние жазып немесе түк жазбай қайтып кетеді. Демек, оларға берілетін қаржы – құмға су құйғанмен бірдей. Олардың мақалаларын оқыдық, оқыдық та, отандық театртанушыларымыздың олардан бір мысқал кем емес екенін, керісінше, көп жағдайда артық білетінін бағамдадық. Бұдан былай шетелден театр сыншыларын шақырып, оларға қойылымдарды талдатсақ, келісімшартқа «Қаламақы мақала жазылғаннан кейін ғана төленеді» деген сөйлемді қосуымыз керек. Сонда ғана еліміздің театр өнеріндегі құбылыстар шетелдерде насихатталады.
…Облыстардағы театрлардың әдебиет бөлімінің меңгерушілерінің басым бөлігі театртанушылар емес. Басқа саланың мамандары.
Содан кейінгі мәселе, театр туралы жазылған мақалаларды жариялайтын арнайы басылым жоқ. Бірақ «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттері ғана жазғанымызды кері қайтармай, жариялап отырады. Осы орайда аталған басылымдардың ұжымына шексіз алғысымызды айтамыз», – деді.

Тобықтай түйін 

Бақыт Нұрпейістен кейін театртанушы Меруерт Жақсылықова «Заманауи драманың тақырыптық-жанрлық ерекшеліктері» тақырыбында, театртанушы Сания Қабдиева «Современная театральная критика и вызовы времени» тақырыбында, Қазақстан театр сыншылар бірлестігінің Президенті Анар Еркебай «Қазақстан театрларының отандық авторлардың шығармаларын сахналау тәжірибесі. (2019-2022 жж.)» тақырыбында, театртанушы Айжан Ахмет «Қазақстандық жас драматургтердің жаңа бейне жасаудағы ізденістері» тақырыбында, театртанушы Жансая Тұрмағанбет «Бүгінгі қазақ драматургиясы мен режиссурасы тандеміндегі негізгі проблемалар» тақырыбында баяндама жасады. Газеттің форматы мен көлеміне байланысты көп ретте тақырып ауаны өзгеріп, драматургия емес, театр сыны туралы мәселелер айтылғандықтан, бәріне жеке-жеке тоқталып жатпадық және бұл дөңгелек үстелдің мазмұнына айтарлықтай әсер етпейді.
Дөңгелек үстелдің қорытынды сөзін Мәлік Отарбаев түйіндеп, модератор Аманкелді Мұқан жиында көтерілген негізгі мәселелерді өзек етіп, жауапты органдарға хат жолданатынын хабарлады.

Асылан Дәуіт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір