ОЮ-ӨРНЕК – ҚҰПИЯ ЖАЗУ
01.10.2024
258
0

Бұл жазбаны оқымай тұрып, «тұтқынға түскен ханның қарақшыларға ою-өрнекті кілем тоқып беріп, оны сарайға сат­тырып, осы ою-өрнек жазуы арқылы сарайдан көмек алып, аман-есен құтылып шыққаны» туралы Қазақтың сүйікті ертегісін еске түсіріңіз. Мұны аты ұмыт болған белгілі ханнан қалған тарихи аңыз деуге болады.

Ою-өрнек біткенді басында құлжа мен қошқар мүйізінен пайда болған болар деп шамаладым. Алайда неше мыңжылдық зират­тардан табылған патшалардың мұрасы менің көзқарасымды күрт өзгерт­ті.
Ою-өрнектің шыңына шыққан нұсқалары тек қазақ халқында сақталған. Содан ке­йін қазақпен тамыры бір ноғайларда бар. Бізге тілі ең жақын бауырлас халық болған қарақалпақтың өзі ою-өрнекті қолдана бермейді. Алтайлықтарда ою жоқ. Алтайдағы тағы бірнеше түркі халқында да ою жұтап тұр. Түрік, түрікпен, әзербайжан сынды оғыздар мен өзбек, ұйғырларда ою-өрнек тағы жоқ. Анау Орал мен Еділдегі татар, башқұрт ағайындарда да сол. Бүкіл түркі халқын тексере келе, ою-өрнекті мейлінше қолданатыны тек қазақ халқы болып шықты.
Ең қызығы, осынша түркі халқы қолдана бермейтін ою-өрнекті біздегідей ерекше қолданбаса да, біршама қолданатын түркі емес, тілі өзгешелеу болса да, тарихы тамырласатын бір топ қауым бар. Бұлардың дені Сяньби мәдениетінің өкілдері. Ою-өрнекті барынша жақсы қолданатын халық – сібе халқы. Сібеден ке­йінгі ою-өрнекті өмірінен үзбейтін дағұр, эвенкі, орочон, нанай деген Солтүстік-Шығыс Қытай мен Қиыр-Шығыс Ресейде жасайтын халықтар. Қазақтың жоғары деңгейдегі ою-өрнекке ие қауым болуы, жаңағы аталған қиыр шығыстағы қауымдардың ою-өрнекті барынша қолдануы, генетикалық тұрғыда қазақтың жарты бөлігі олармен бірыңғай C гаплогруппасында болуы, түп тарихының тоғыса беретініне қарап қазақтың басым көпшілігін ұстаған рулардың кезінде Алтай, Хинган таулары мен Моңғол үстірті, Хуанхэ алабында іргелі елдер құрған, ұлы патшалар шығарған қауымдар ретінде әйгілі болғанын көреміз. Шығу тегі осы өңірлермен байланысты ру топтарына дулат, албан, суан (жартысы), сары-үйсін, шапырашты (жартысы), шанышқылы, шақшам, жалайыр (жартысы), керей, қоңырат, найман (жартысы), алшын қатарлылар кіреді.
Қазақ­стан жерінде табылған көптеген зират мұраларында аң бейнесі басым болып, ою-өрнек мәдениеті жоққа тән. Алтайдағы Пазырық қорымынан табылған мұраларда ою-өрнек үлкен өнер ретінде сақталған. Біздің ою-өрнектің тарихын түсіндіріп бере алатын бай мұралар солтүстік қытай жеріндегі билеушілердің зират­тарынан табылып отыр. Осы патшалардың, патшалықтардың өмірін зерт­теу арқылы біз Хуанхэ алабында гүлдеген ежелгі түркі мәдениетінің аса үлкен қуатын, ол мәдениет­тің ұлылығын ке­йінгі қытай жұрты меншіктеп отырғанына көз жеткіземіз. Түркілердің қытай жерін билеп-төстеуінің Ғұн империясынан әрі неше мың жылдыққа ұласатынын көреміз.
Ою-өрнек қошқар мүйізінен емес, әуелі сиыр мүйізі мен көзін бірлестіріп өрнектеуден пайда болды. Бұл бір қарағанда, үкінің құлағы мен көзін өрнек­теген сияқты көрінеді. Соған қарап, әуелгі ою түрі үкінің қас-көзінен пайда болды дей жаздайсыз. Сәл үңіліп қарасаңыз, үкінің бет пішінінен аумайтын өрнектің екі жағында сиыр құлағының жапырақтанып қалқиып тұрғанын көресіз. Ең алғашқы ою түрінің негізінен сиыр бейнесіне арналуының себебі Ұмай ананы кие тұтудан келіп шыққан. Ұмай ананың киесі месопотамиялық сақтар деп саналатын шумер мифологиясында сиыр мүйізді қалпақ киген бейнеде көрсетілген.
Қытайдың солтүстігінде, Хуанхэенің орта және төменгі алабында осыдан 3700–3100 жыл бұрын күншығыстық сақтардың өз атымен аталатын Шақ деген патшалық болды. Бұл сөз қытай тіліне «сауда» деген мағынаны алғаш орнықтырған сөз. Ке­йінгі дыбыстауда шаң деп айтылады. Олар сауда-сат­тығы дамыған қалалар мен егіншілігі өркендеген ауыл-қыстақтарды құра білді. Бұл бейне Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы отырықшы сақтардың соғды атанып, ке­йін келе соғд сөзі сағд, сарт болып «сауда» деген мағына беретін сөзге айналғаны сияқты барыс еді. Бұл патшалықтың тақты-шақ, Хион (Иын) деген екінші, үшінші атаулары бар. «Оғызнама» шығармасында Шағам деп ауызға алынатын ел осы патшалықтың жалғасы болған шаңян деген патшалық еді.
Міне, осы кезеңде егіншілікпен айналысқан халық құнарлылық үшін сиыр мүйізді қалпақ киген Ұмай ананы кие тұтып, соқа сүйрейтін өгізді берекелі мал ретінде қастерлеп, зат­тарға оның бет-бейнесін ою ретінде оя бастады. Оның мүйізі ұлы өнердің бастауы болды. Қазмойын өрнек, қармақ өрнек алғаш рет осы кезеңде жарыққа шықты.
Бұл патшалықтан ке­йін дүниеге Жоу патшалығы келді. Әуелі Батыс оу болды, одан ке­йін Шығыс жоу болды. Бұл патшалық осыдан 3100–2300 жылдар аралығында өмір сүрді. Шаң әулетінің тұтас кезеңінен жоу әулетінің алғашқы кезеңіне де­йін ең басты өрнек сиыр мүйізі мен көзін тірек етсе, үнемі қолданатын қосалқы өрнек ретінде қазмойын өрнек пен қармақ өрнек танымал болды. Ою өнері барған сайын ширап, бұл кезеңде табан өрнек келіп қосылды.
Ал оның алдындағы Шақ деген патшалықтың негізгі тұрғындары күншығыстық сақтардың атауын сиық деген атпен сақтап қалған, рулық жіктелуі үш сиықтан тұратын алшындардың етене жақын туысы, шежіреде кеншен деп аталған қауым еді. Солтүстік-шығыс Қытай мен қиыр шығыс Ресейдегі ою-өрнек қолданатын қауымдардың барлығының тарихы алшындармен астасып жатады.
Ою-өрнектің құпия сарай жазуы екені анықталып жатыр. Мұны «мүйіз жазуы» дейміз.
Неше мыңжылдық археологиялық өрнектерге зер жүгіртсек, қазақтың ою-өрнегінің атасы Солтүстік қытай жерлеріндегі өте көптеген ескі патшалық зират­тарынан шығып отыр. Ою-өрнек жағынан Қазақ­стан топырағындағы ескі мәдениет­тер бізге тым жақын емес. Генетикалық қорытынды бойынша да Қазақтың 60 пайыздан астамы Солтүстік Қытай, Моңғолия, Қиыр-Шығыс Ресей жағынан келіп отыр. Ғұндар мен сяньбилер, түріктердің де тарихта ең белсенді болған топырағы осы. Хуанхэ мен Енисей – түркі мәдениетінің екі үлкен алтын бесігі.
Осындай ою-өрнектерді мүйіз деп айтамыз. Мүйіз сөзі жазу деген сөз. Славяндардың пиши, писать, письмо, пишите сөздері де, моңғолдың бичих, бичсэн сөздері осы түркілік мүйіз сөзінен бастау алады. Қазақтың мүйізден жасалатын үшкіл зат­ты біз деп те атайтыны бар. Осы біздің көмегімен сол ескі жазулар зат­тарға ойылып жазылған. Біз әдет­тегі жағдайда етік тігуге қолданылады.
Ою-өрнек арқылы жазылған жазу­лардың үш түрлі ерекшелігі бар. Бірінші, әріптің оң және сол жағы сөзсіз бірге жазылады. Егер бір жағы өшіп кеткен жағдайда екінші жағы арқылы хат мазмұнын түсіне аламыз. Екінші жағынан, бұл жазу тек патша ордасының ақсүйек­тері мен ұлықтар арасында ғана қолданылады. Бұл құпия ақпарат жеткізу, өзін құтқару жолдарына пайдаланылған. Үшінші жағынан, ою-өрнек жазуындағы сөздер ең ескі археологиялық сөздерден тұратындықтан, ою-өрнек жазуын ақсүйектер ғана мән беретін архаизмдер сөздігі деп білуге болады. Көне ақсүйектер ордадағы әр затқа бедерлеген осы жазулар арқылы жас ұрпақты дүние таным мен сөз өнеріне баулыған. Бұл жазулар ке­йін келе орда сыртына өрнек өнері болып таралып кейбір таңбалық атауын сақтағаны болмаса, өнерпаз келіншектердің қолымен барынша түрленіп түпкі әріптік мағыналарын жоғалта бастаған. Сондықтан сіз үйіңіздегі ою-өрнектерден ештеңе түсіне алмайсыз. Ал зират оюларынан көп нәрсе түсінуге болады. Арабтың өрнекті жазуы, қытайдың таңбалы жазуы, шумердің сына жазуы, мысырдың сурет­ті жазуы, көк түріктің ілмекті жазуы, үндінің сөрелі жазуы, көне ұйғырдың өрме жазуы, тайландтың жылан жазуы, армянның шымал (шұбар) жазуы, гүржінің орай жазуы секілді бұл да – әлемдегі ең сүйікті, киелі жазу өнерінің бірі. Ою-өрнек жазуларының тілі туралы «Ою-өрнек жазуларын тірілту» немесе «Жойыл­майтын хат» деген іргелі зерт­теу тақырыптары күн сәулесіне таранып дүниеге келер. Ою-өрнек жазуларын оқып, бабалардың бал-шәрбат тарихына мастанып отырған ұрпақтарыңыз өздеріңізге ізетпен сәлем жолдайды.

К. ҚИЗАТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір