МҮЙІЗ: ЖАЗУ ЖӘНЕ РӘМІЗ
Жазудың ең алғашқы түрі тас дәуірінде пайда болды. Алғашқы адамдар оны тасқа қашап жазды. Ол суретке негізделген жазу еді, сондықтан сурет жазуы деп аталды. Бұл – қазіргі пиктографиялық жазу, яғни алғашқы адамдар ойындағысын жеткізу үшін тасқа сурет салған. Белгі ойлап тапқан. Сосын, жазу пайда болған.
Ерте кезде оюды «мүйіз» деп атаған. Мүйіз жазу мағынасын білдірген. Мүйізден жасалған үшкіл затты «біз» дейді. Біздің көмегімен әртүрлі заттарға оюлар арқылы өрнектелетін жазуды «мүйіз жазуы» деген. Мүйіз жазуы – қаған ұрпақтары мен орда ұлықтары қолданған өте құпия жазу. Ол жазуды ақпарат жеткізуге және адамды құтқаруға пайдаланған. Бұл жазудың өзге жазулардан ерекшелігі әріптің оң жағы мен сол жағы бірге жазылады. Егер жазудың бір жағы өшіп кетсе, екінші жағы арқылы оның мазмұнын түсінуге болады. Мүйіз жазуы – шумердің сына жазуы, ғұнның ілмекті жазуы, викингтердің руно жазуы, мысырдың суретті жазуы, көктүріктің бітік жазуы, кытайдың таңбалы жазуы, үндінің сөрелі жазуы, ұйғырдың өрме жазуы, арабтың өрнекті жазуы, тайландтың жылан жазуы, армянның шұбар жазуы, гүржінің орай жазуы сияқты әлемдегі жазу өнерінің бір түрі. Бірақ ол жазу ішінара белгілік атауын сақтағанмен, әріптік мағынасын жоғалтқан. Десе де бұрынғы мүйіз жазуы, қазіргі мүйіз оюында сақталып тұр!
Мүйіз оюы – оюдың ең көне түрі. Ол – мал-жанның көбею белгісі. Мүйіз оюы ай мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, шолақ мүйіз, өркеш мүйіз, теріс мүйіз, төрт мүйіз, қырық мүйіз, төбел мүйіз, марал мүйіз, бұғы мүйіз, арқар мүйіз, қошқар мүйіз т.б. түрлерге бөлінеді.
Мүйіз рәміз ретінде түріктілдес көшпелі тайпалардың арғы тегі, біздің ата-бабаларымыз – сақтарда, ғұндарда, көктүріктерінде маңызды рөл атқарды. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген сақтар (дұрысы – Сақа елі. Б. з. д. I мыңжылдық) мен ғұндар (дұрысы – Күн елі. Б.з.д. III ғ. б.з. V ғ.) күнге, айға, т.б. табиғат күштеріне табынды. Оны – «Тәңірінің ісі» деді. Өздерін табиғаттың бір бөлшегі санап, мойындарына ортеке (таутеке), ілбіс (барыс), қыран (бүркіт, сұңқар), үкі, бөрі, бұқа, қабан, бұғы, марал т.б. аң-құстар мен жан-жануарлардың бейнелері бар қасиетті бойтұмарлар тақты. Бойтұмарлар шайқас кезінде жауынгерге рух беріп, оқ дарытпайды, жеңіске бастайды деп сенді. Сақ пен ғұнның Тәңірі текті әулеттерінің рәмізі – «ортеке мүйізі» болды. Ортеке мүйізі – киелілікті, тектілікті, қуатты төрді, билікті білдірді. Көктүріктерінің де Тәңірі текті ашина әулетінің рәмізі – Ортеке мүйізі еді (ашина – Еуропа деректерінде – авар). Ортеке мүйізі Күлтегіннің (Күл Тигин. 684–731 жж.), Білге қағанның (ресми атағы – «Моғылан» (Могилан, Мерген). 683–734 жж.) бітіктастарында бейнеленген. Моғылан қағанның атын Шыңғыс хан (дұрысы – Шыңқұз; құз – хан тағы, билік иесі) қағанатына «Моғыл» (Моғол) деп берген. Алтын Орда дәуірінде бұл үрдіс жалғасып, Өзбек, Ноғай есімдері халық атауларына таңылды. Жалпы бұл дәстүр ертеден бар. Алаш халқының атауы – Алаш баһадүрдің, Селжұқ сұлтандығының атауы – Селжұқ сұлтанның, Осман империясының атауы – Осман сұлтанның есімінен шыққан. Шыңғыс хан – сол ежелгі дәстүрді жалғастырып, қандас-тектес түрік тайпаларының мүдделерін бір арнаға тоғыстыра білген даңқты тұлға. 2019 жылы Моңғолияның Өтүкен аймағындағы Номгон жазығында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде, Күлтегін батыр мен Білге қағанның әкесі, Екінші Түрік қағанатының (Шығыс Түріктері. 682–744 жж.) негізін қалаушы – Елтеріс қағанға (Илтеріш, ресми атағы – «Құтлық». 650–691 жж.) тиесілі ескерткіш кешені мен жазуы табылды. Жазбада Тәңірі, Түрік, Құтлұғ, Түмен сөздері бары анықталды. Бұл ескерткіш Түрік атауы тұңғыш рет аталған деп есептеліп жүрген Орхон (Орхун) ескерткіштерінен де әрірек, ең көне жазба ескерткіш болып шықты. Жазудың жоғары жағында айдаһар тәрізді екі бөрінің басы бейнеленген. Кешен қақпасына қойылған 51 балбал тастың 5-інде ашина әулетінің Ортеке мүйізді рәмізі бедерленіпті.
Қазір ортекенің «таутеке» деген атауы жиі қолданылады. Қазақ арқардың аталығын – құлжа десе, тауешкінің аталығын – таутеке дейді. Ескі кезде «тау» сөзін «тағы» деген мағынада қолданған. Кейбір түрік халықтары тауды «тағ», «тақ», «тоғ», «дағ» деп айтады, яғни тауешкі деген – тағы ешкі, таутеке – тағы теке. Ал атаулары ұқсас ешкі малы (үй жануары) мен тауешкінің (үй жануары емес) талтақ әрі артқа қарай сәл жапырылған қайырма ұшты келетін мүйіздері ұқсайды. Айырмашылығы – тауешкі бөрте түсті келеді. Бөрте түс – ол сұр түс. Қазақтың әр ертегісі: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде…» – деп басталады. Қасқыр да өзінің «бөрі» атауын осы бөрте түстен алған. Бұрын ат құлағында ойнаған жігітті қазақ «ортекеге» теңеген. «Ортекедей орғыған оңға-солға, ойнақтап ортекедей ойын салған» т.б. сөз тіркестері, ортеке биі, ортеке күйі кеңінен танымал. «Ортеке» орындаушылық өнері ЮНЕСКО тізіміне енді. Ортекенің құрметіне Жетісу облысындағы бір елді мекен Текелі деп аталады. Ортеке – «Қызыл кітапқа» енген аша тұяқты, мүйізді жануар.
Айдын Рысбекұлы,
геральдист
ПІКІРЛЕР8