ӨМІРДІ БІЛУ МЕН ЖАЗУ
(Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау» романы туралы)
Әдебиет айдынындағы бүгінгі қозғалыстарға баға беріп, дәл диагноз қою тым қиын. Пікір алуандығын да ескеріп, талғам мен әдебиет туралы түсініктің әр түрлі деңгейін де естен шығармай сөз айтқың келгенмен, оқыған тым аз ғана дүниеңді бәлсінгендей боласың ба деп қорқасың. Адамдардың көбі әсершіл, өзімшіл болған уақытта әділет тұрғысынан пікір айту да қиындап барады. Топқа, мүддеге байланысты жіктелген пенделердің көңіл ауанын бағып, аңдап сөйлеп, ақырын басатын жағдайға тап келгендейміз. Қазір бір шығарманы мақтаудың, бір қаламгерді бағалаудың да түкке керегі жоқтығын іштей сезесің. Себебі, сенің пікірің көп ешкімге қызық емес. Ал бағалау, ол – уақыттың құзырында. Бүгін біреуді біз мақтағанмен, әлдеқандай белгілі деңгейде тәуір жазылған шығарманы жер-көкке сыйғызбағанымызбен, ертеңгі күн не деп
тұр – оны бір Жаратқан ғана біледі. «Сөзсіз классик!», «Көзі тірі классик!», «Классика!» деп оңай бағалана салатын қаламгерлер мен шығармалар, оны айтып отырған замандас ертеңгі ұрпақтың талғамына жауап бере алмай қалса, ұят кімге келеді? Айтушыға ма? Әлде мақталғанға ма?
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау» романын талқыланғанда айтылған сөздерді оқып отырсаң, осындай ойға қаласың. 134 беттен тұратын шығарманы роман жанрына телігеннен кейін, қызығып оқып шықтық. Жал-құйрығы күзелген роман жанры бүгінгі күні жастардың қаламынан сирек шығады. Әр кезеңдерде романдардың түрі мен формасы өзгеріп отырған. Соған сәйкес көлемдері де әр түрлі еді. Дилогия, трилогия, тетрология, пентология болып жазылып келген роман көлемі бүгінгі күні күрт қысқарған. Оған ең алдымен модернистік, постмодернистік ағымдардың әсері болса, екінші жағынан оқырман талғамы мен талабы да ықпал еткендей.
Үлкендер де, жастар да толассыз кітап шығарып келеді. Олар туралы ішінара рецензиялар мен пікірлер жазылып қойғанмен, жаппай бақылау жоқ. Кімнің не жазып жатқанын, кімнің не шығарып жатқанын есепке алатын адам жоқ. Тәуелсіздікпен бірге келген осы бір еркіндігіміз кітап шығару мәселесінде қатты байқалады. Тым еркін жазатын болғандықтан, әлемдік проза үлгілерін де әдебиетімізге әкелдік. Тәуелсізбіз! Жазушы да – тәуелсіз! Не жазам десе, қалай жазам десе де еркі! Бірақ жазушы қауым бар, оқырман ортасы бар. Әркімнің өз пікірі бар. Тағы да тәуелсіздігімізді ескерсек, кім не айтам десе де еркі! Жеке басқа тіл тигізбесе болды… Қалай мақтасақ та жарасады… «Менің жеке пікірім» деп алдын ала қорғанып алып, содан кейін сөзін бастайды. «Әрине, бұл менің өз ойым» деп аяқтайды.
«Қылтұсау» – жастар өмірінің лабиринті, жастық шақтың тұсалуы, жас өмірдің қыл үстінде тұруы» деп жазылыпты кітап аннотациясында. Шығарма формасы екі-үш көріністі кезек-кезек баяндау арқылы жүзеге асады. Америкадағы Бадди мен Фрэнктің, қазақ даласындағы Әмір, Ғабит сияқты жастардың өмірін қатар суреттеу арқылы жастық кезеңнің ауыртпалығын жазады. Жазушы Ғабит арқылы қоғамдағы бай-манап балаларының еркін өмір сүріп, ойына келген істі жүзеге асыру мен оңай ақша табудың жолына түскен әдеттерін әшкерелейді. Әмір керісінше әділетті, еңбекқор адамның рөлінде. Ата-анасынан ерте айырылған Әмір балалар үйінде өскен. Інісі Батырды америкалық отбасы асырап алған. Ата-анасынан, бауырынан айырылған Әмірдің бар сенері – еңбегі. Оған Ғабит те адал дос емес. Ал Ғабит байдың баласы. Әкесі бар жағдайды жасағанмен, Ғабит өмірін өзі сүргісі келеді. Қарындасы Айару Франкфуртта оқиды. Америкадағы Бадди – Қазақстандағы Әмір – шетелде оқитын Айару – Әмірдің «досы» Ғабит байланысы шығармада шашаусыз берілген. Оқиғалардың қиюы, реті жұмыр. Есірткімен айналысатын Джош, Фрэнк өмірі де сенімді жазылған. Америкада есірткіні пиццаға салып сататын наркобарондар, енді Қазақстандағы Шу алқабынан тауар тасымалдамақ. Ол үшін Баддиге қазақша үйреніп, Алматыға келу керек. Бадди қазақша үйрену үшін сонда оқып жүрген қазақ жастарын іздейді. Әрине, қыздарды. Онда ол алдымен Диана, содан кейін Айару деген қыздармен танысады. Баддидің өңі азиаттықтарға қатты ұқсағаннан кейін оны Фрэнк «азиат» деп атайды. Бадди бокспен шұғылданып жүргенде туыстарының үйіне қонаққа кеткен ата-анасы сондағы табиғат апатынан қайтыс болады. Екі айда есін жиған Бадди боксын тастап, күн көру қамына кіріседі. Фрэнк досына хабарласып, пицца сатуға жұмысқа тұрады. Тапсырысты белгілі мекенге уақытында жеткізіп тұру керек. Аппақ-Фрэнк ақырын-ақырын Баддиге саудаларының сырын ашады. Ол кезде Қазақстандағы Ғабит те марихуана пайдаланып, есірткімен айналысатын Мараттардың ортасына түседі. Оқиға осылай ширай келіп, Ғабит пен Баддидің жолдары әуежайда түйіседі. Роман соңында Бадди Әмірдің сатылып кеткен бауыры – Батыр болып шығады. Ғабит– Баддидің Америкада тіл үйренген оқытушысы Айарудың ағасы. Бадди-Батырдың америкадағы досы Фрэнк те өзінің атамекені Кенияға кетеді. Шығарманың қысқаша фабуласы осындай. Бір жағынан жазушы «ер туған жеріне» деген идеяны ұстанғандай. Оның кейіпкерлері бұзық жолға түскендерімен, түбімен құрыған, рухы әлсіз жандар емес. Егер дұрыс насихат айтып, жақсы жолдастарға жолықса, тәп-тәуір адам қатарына қосылады. Бірақ келген ортасы қандай болса, адамның да солардан онша алысқа кетпейтіндігін жазушы анық көрсеткен.
Роман желісі америкалық сценарийлерге ұқсайды. Ондағы Ричард пен Мариянаның өлімі, Фрэнк пен Баддидің жолығуы, шығарма соңында кейіпкерлердің туыс болып шығуы да схематизмнің көрінісі сияқты. Әу бастан-ақ оқырман Баддидің асыранды бала екені, Әмірдің ауруханада тәрбиешісінің әңгімесінен кейін Баддидің Батыр екендігі белгілі. Сафура мен Тамшының тағдыры да өмірде жиі кездесетін тағдырлар. Бұл шығарманы оқып отырған кезде өмірде жоқ, болмауы мүмкін жағдайды кездестіре алмайсыз. Өмірде болғандай етіп жазады. Журналист Әмірдің қылмыс әлемінің серкелері туралы жазған оқиғасы да біздің өмірде кездескен жағдайлар. Ондай дүниелерді естіп, кинодан көріп жүрдік. Детективтік элементтер расымен кездеседі. Бірақ түгел ол жанрға да ауып кетпейді. Поляк жазушысы Парандовский бір нәрсені өте дұрыс айтқан сияқты: Жазушылар кейде өз идеяларының құрбандары болып қалады. Оларда бір керемет идея болғанымен, өз ойларындағы оқиғаға шынымен араласпай, өз қиялдарында ғана ойлағандықтан жазулары соншалықты сәтті шықпайды. Онда қозғалыс, кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңілген психологизм болмайды.
Дарханның осы шығармасын оқып отырып, біз де осындай ойға қалдық. Бір қарағанда, сол өмірді жақсы білетін сияқты. Бірақ одан соншалықты бейхабар екендігін де аңғардық. Осы шығармада жастардың өмірі жазылды дегенмен, бүгінгі қазақ әдебиеті үшін, қазақ қоғамы үшін қаншалықты өзекті тақырып? Ол жағы белгісіз. Шығармада көркем баяндау, суреттеу, кейіпкерлердің жан дүниесіне тереңірек үңілу онша байқалмайды. Құрғақ баяндау бар. Тілдік жұтаңдықты да айтпасқа болмас. Бадди мен Фрэнк үйлеріне қыздарды шақырғанда, кеуделері үлкен қыздарды «кеуделерімен көк тіреген» деп суреттеу жазушы үшін қаншалықты сәтті екенін қарапайым оқырман да оңай аңғарады. Екі айдың ішінде жазылған шығарма көтерген мәселесі, мазмұн ауқымдылығы жағынан да да роман деп айтуға келмейді. Бір ғана қоғамдық дертті екі-үш адамның арасынан оңай алып шығуға болмайды. Тұтас қоғамдық мәселелердің жиынтығы жоқ, фрагменттері ғана бар шығарманы хикая деп атаса болатын сияқты. Қазіргі кезде қысқа роман жазу сәнге айналған сияқты. Қырық беттік шығармаларды да роман деп ұсынған жазушылардың тынысы сол қырық беттің өзін баяндауға ғана жарап тұрған кезде, оны роман деп айтуға ыңғайсызданасың. Үшінші кітабын шығарып отырған Дархан Бейсенбекұлының ойы жинақы, сөйлемдері дұрыс құралған деп айту оғаштау. Өйткені, ол кезеңнен өтіп кеткен. М.Мағауиннің: «Біз жиырма бес жасымызда қалыптасып қойған жазушы едік» деген сөзін жазушы ақсақалдың бүгінгі ізбасарлары айта ала ма екен?
Әдебиеттің дәл бүгінгі хәлі адам аярлықтай. Жастар кітап оқымайды деп кінә тағатын үлкендердің өзі сол айыптан алыс емес. Билік басындағы адамның әдебиет туралы ештеңе білмей, жазушылармен кездесу өткізіп, кіл сыйлықтармен ғана аты байланысты қаламгерді зор санап, оның өзінде атын ғана атаумен шектелуі әдебиетке деген қарым-қатынасын аңғартса керек. Бұл бүгінгі биліктің тұтас сөз өнеріне деген көзқарасы сияқты. Айта-айта жауыр болған гонарар мәселесі шешілмесе де, таралым баяғы межеден аспай тұрса да, жазушылар еңбегін тоқтатар емес. Бұл не деген жазуға құмарлық деп сүйсінесің. Бір жағы оңай жаза берудің, кітап шығара берудің соңы неге әкеледі деп алаңдайсың. Бұл баяғы жазушылықтың ең зор мансап болған кездегі инерциясымен келе жатқан үрдіс сияқты. Кәсіби жазушы емес адамдардың кітап шығаруы баяғы өздерінің бала армандарын «сәті келгенде» орындау ма деп қаласың.
Бір оқығанға жарайтын бұндай шығармаларды тегі керегі жоқ деп айта алмаймыз. Өзіндік оқырмандарын табар. Дегенмен, әңгімелеріндегі адам жаны сағынатын лирикалық сезімдер мен ой ағыстары көлемді шығармаға келгенде жоғалып қалмаса екен, арнасынан адаспаса екен деп тілейсің. Бәлкім, «Қылтұсау» жазушы ізденісінің бір көрінісі шығар. Бүгінгі прозасының бір деңгейі болар.