ӨЛЕҢНЕН ІЗДЕП ӨМІРДІ…
22.07.2022
1000
0

 

Нұржан Әліш

Қасқырдың монологы

(Серік Ақсұңқарұлының ізімен)

Тыңдалмаса түнектегі тұнық ән,
Көк бөрімін көкке қарап ұлыған.
Ит қоғамның илеуінен түңіліп,
Айдың салқын сәулесімен жылынам.

Иесіне сұқтанатын сырт­таның,
Абалаумен атырады құр таңын.
Көктөбет­тер, күшігіңді жем етер
Кектен туған менің көкжал ұрпағым.

Иі жұмсақ ит қоғамның – бағы – мұң,
Сынағына сынбайтұғын сағы мың,
Сыпырса да тексіз тірі терісін,
Киесіне табынатын тағымын.

Ей, ит қоғам, азық емес жуындың,
Мен ұлысам айға қарап ұлыдым.
Байға қарап сұқтанғам жоқ, себебі,
Түздің еркін тағысымын, ұғынғын.
Әке рухымен сырласу
Әке, сенің қабіріңе түнейін,
Бейітіңнен ұлыңа бір тіл қатшы.
Тұршы орныңнан, қолтығыңнан сүйейін,
Айта алмаған, армандаған мұңды айтшы.

Қанжығаңды қанға малып қайтайық,
Күреңге мін, көк тазыңды ерт, әкем, тұр!
Саят құрып, аңға барып қайтайық,
Жолыңызды үйде тосып шешем жүр.

Ей, Алламның сүйген құлы, табайық,
Көңіліңді әуен сүйген, күй тұнған.
Кіші ұлыңды үйлендіріп алайық,
Тұршы енді, ояншы, әке, ұйқыңнан.

Тербелесің өзге әлемнің әніне,
Тастадың ба жалған жаққа бізді анық?
Неге асықтың, мәңгі өмірдің мәні не?
Анам отыр хор қызынан қызғанып…

Нар тұлғаңнан қалған еді құр сүлде,
Қайғырмағын, ойлап бізді күрсінбе.
Әке, сенің қабіріңе түнейін,
Қайтайықшы, тұршы орныңнан,
жүрші үйге?
Ана
Тау көтермес тағдырыңның салмағын
Жүрегіңмен көтердің.
Ақ сүтіңмен өлшенеді әр бағым,
Өміріммен өтермін.

Өзің жайлы әуен басқа, ән басқа,
Төгілмесін көзіңдегі тұнық көл.
Табаныңа тиген шөп пен әр тас та,
Жұмағыңнан үміткер.

Көктем – сенің көңіліңнен көшірме,
Сәл мұңайсаң, қабағыңды бағамыз.
Жанарыңнан жаздың отын өшірме,
Әйтпесе біз тоңамыз.
Күн мен Гүл
Сен гүл сияқтысың,
Мен күн сияқтымын.
Шуақ шашайын жүзіңе,
Құлпырып бүршік ат бүгін.

Сен жерден өсесің,
Мен көкте көсеммін.
Мәңгілік көктеміңе,
Шуағымды төсермін.

Сен күнді сүйесің,
Мен гүлді сүйемін.

Жаңбыр қызы
Қоштасарда күн күркіреп үніңде,
Жылап едің сен жаңбырдың тілінде.
Көңіліңнің көк бұлт­тары төбемнен,
Жаудырады жасыңды әлі.
Мұның не?

Екеумізді екі айырған тағдырдың
жазуы да.
Жазығы не жаңбырдың?
Жүрегімді жүрмін мен де жүз жамап,
Жыртығына нұрын жалғап әр күннің.

Жанарыңнан жаңбыр жауса үзілмей,
Көктем менің күңіренген күзімдей.
Қауызына шық тұнып тұр гүлдердің,
Ең аяулы сенің мұңлы жүзіңдей.

* * *
Жазармын соңғы жырымды,
Ғарыштан хабар келгенде.
Ғазал мұң сорлы ғұмырды,
Сүруді маған берген бе?

Сен сонда күліп тұр маған,
Жылама, жоқтама мені.
Жүйкеңді мұң ұқтырмаған,
Жұқартпай сақта әдемі.

Мен жүрмін өз әлегіммен,
Сен де жүр өз әлеміңмен.
Мұң аңқыр сөз, әуенімнен,
Рухымды сез әуе, күннен.

Сол кезде дұға тілерсің,
Сол кезде жылап, күлерсің.
Сол кезде сүйетінімді,
Сүйе алмай бірақ білерсің.

Сүйе алмай тірі бейнемді,
Сүйерсің құры жейдемді.
Сүйе алмай кеш түсінерсің,
Өзіңді сүйіп өлгенді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір