ТАҢҒАЛАТЫН ЕШТЕҢЕ ҚАЛҒАН ЖОҚ
Көне кітаптардың жазуынша, қарияларымыздың айтуынша, біз осы күні кіші қияметте, бірінші ақырзаманда өмір сүріп жатырмыз. Оның бірнеше белгілері бар. Әншілердің көбеюі, сөз ауруларының асқынуы, саудагерлердің молаюы бұған басты дәлел.
Светқали НҰРЖАН,
ақын
Қазір кез келген нәрсені қолға алғанда рухани дүниелерді басшылыққа алу қажеттігін ескере бермейтін болғанбыз. Бүгінде не нәрсенің де құндылығы құлдырады, мән-мағынасы аяқ асты болды, құны қашты. Поэзия деген қасиетті дүниені мамандыққа айналдырып, меңгеріп алатындар көбейді. Сол сияқты өлең техникасын да әбден өз икеміне көндіріп алып, жыр толғайтын толқын келді. Бәрін дүние табудың құралына айналдырған сөз саудагерлері көбейіп кетті. Осылайша жақсы қайсы, жаман қайсы, шын қайсы, өтірік қайсы, саф қайсы, пәк қайсы, лас қайсы, ара-жігін ажырата алмайтын қоқыр дүниеге белшемізден баттық. Тақпақ қайсы, өлең қайсы, оны да ажыра алмайтын жағдайға жеттік.
Бұны мүмкін уақыттың сыны деп, бәлкім, уақыттың шыны деп қабылдау керек шығар. Бұдан да серпілетін кез болады әрине, ал әзірше сол тұман мен күмәннің ішінде жүрміз.
Бүгінгі күн бәрін меңгеріп, өзіне икемдеп алғандардың дәуірлеп тұрған уақыты. Алайда, саф, асыл дүние түбінде бәрібір жарқырап шығатыны белгілі. Қоқыр да кебек те ұшып жоғалады, көбік те кетеді. Уақытын ғана күту керек. Қолымыздан басқа не келеді. Уақыты жетпей оның бәрін елеп-екшеп, асылы мен жасығын ажырату мүмкін емес.
Осы күнгі жастардың пірі техникалық мүмкіндіктерге сүйенген әншісымақтар емес пе. Қоғамымыздың «Пайғамбарлары мен Құдайлары» балағы шолақ шалбар киген, бір құшақ сақал байлаған діндарлар емес пе. Сондықтан қайсыбіріне таңғаламыз. Таңғалатын ештеңе қалған жоқ. Тек Құдайдан үмітіңді үзбей, күніңді кеше бересің, басқа амалың да жоқ.