ЭТНОЛОГТАР ШЫҢДАЛАТЫН МЕКТЕП – ДАЛАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
Табиғатты игерудің аймақтық ерекшеліктері
Этнология (этнография) ғылымының қарқыны әсіресе Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттан қарқынды даму жолына түсті десек болады. Әрине, этнографиялық іргелі зерттеулер мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылып келеді. «Мәдени Мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарламасы, «Ғылыми қазына», «Тарих жылы», «Тарих – халық толқынында», «Мәңгілік Ел», «Қасиетті Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының іске асуы этнология, антропология ғылымдарының өзекті тақырыптарын зерттеуге негіз болды. Қазіргі таңда елімізде тарихи этнография бағытына да, әлеуметтік этнография бағытына да сұраныс жоғары. Тәуелсіздік жылдарында «музейлік этнография» бағыты да дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде этнограф (этнолог) кадрларды дайындау қазіргі таңда Тарих факультетінің, Археология, этнология және музеология кафедрасының «Этнология және антропология» оқу бағдарламасы аясында атқарылады. Магистратура, докторантура бағытында білім алушылардың шетелдік ғылыми ортадан тағылымдамадан өтуі де мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Этнолог, антрополог мамандарын дайындауға грант бөлу, этнографиялық ғылыми жобаларды қаржыландыру істерінің мемлекет тарапынан қолдау табуының өзі «этнология және антропология» бағытын дамыту ісінің мемлекет назарында екенін дәлелдейді.
Білім беру мен ғылымды қатар алып жүру, ғылыми зерттеулер нәтижесін оқу бағдарламасына енгізу білім алушылардың кәсіби дайындығын шыңдау үшін аса қажет. Ұстаз-ғалым әріптестеріміз тек соңғы жылдары «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018-2020); «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-малшаруашылық ландшафтарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері» (2020-2022) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларын білім берумен ұштастыра отырып, оңтайлы жүзеге асырды. Нәтижесінде мерзімдік қоныстарды пайдалану, көш-керуен жолдарын игеру, суды пайдалану, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ тал, жүзгін, көкбұта, сексеуіл, жыңғылмен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшеліктері нақтыланды. Зерттеулер барысында белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, жойылу қаупіндегі әрі шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды.
Садақ ұстаған аңшы – екі қасқыр-адам итпен бірге. Құлжабасы
Зерттеуге алынған жаңа бағыттар
Қазіргі кезде біздің ұстаз-ғалымдар білім берумен қатар жүзеге асырып отырған «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле ауданы, Тарбағатай және Алакөл алабы) мәдени мұрасын пәнаралық (археологиялық және тарихи-этнографиялық) зерттеу» атты 2022-2024 жылдарға арналған мақсатты ғылыми жобаның бір бағыты – аймақтық этнографиялық зерттеу. Қазақстанның әр өңірінің ғасырлар бойына қалыптасқан этнографиялық аймақтық ерекшелігі бар. Аймақтық ерекшеліктер әлі күнге толық зерттелмеген. Қазақ халқының әртүрлі өңірлерінде аймақтық ерекшеліктерге қарай қалыптасқан тарихи мәдениеті, ру-тайпалық құрамы мен дәстүрлі шаруашылықты жүргізу ерекшеліктері, материалдық және рухани мәдениеті аса күрделі ғылыми зерттеулер қатарына жатады. Осыған байланысты қазақ халқының бір аймақтағы сан ғасырлық тарихы, олардың қоныстану тарихы мен этностық құрамы, саны, тұрмысы, дәстүрлі шаруашылығы, қоғамдық қатынастары, материалдық мәдениеті, соның ішінде баспанасы, тұрмыстық бұйымдары, киім-кешектері, тағамдар жүйесі, рухани мәдениеті, яғни отбасылық әдет-ғұрыптары, халықтық білімдер жүйесі, наным-сенімдері, некелесуге, өлікті жөнелтуге қатысты жосын-жоралғылары қамтылады. Өңірдің аймақтық ерекшелігін көрсететін байырғы этнографиялық ұғымдар мен категорияларды жинақтап, бір арнаға тоғыстырып жүйелеу, осыған орай жергілікті этнографиялық сөздерді жинау, тіл ерекшеліктері сияқты іргелі тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерделеу маңызды шара болып есептеледі. Әсіресе жекелеген аймақ қазақтарының этносаяси, этномәдени, этношаруашылық, әлеуметтік-демографиялық тенденцияларын ғылыми біртұтас зерттеу, қазақ жерінің әр аймағында өмір сүрген қазақтардың аймақтық ерекшеліктерін негізге алып, тарихи этнографияны ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық игеру отандық этнология ғылымында басты орынға шығып отыр.
Сондай-ақ білім мен ғылым саласында атқарып жүрген қос қызметіміздің бірі – «Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетіндегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооархеологиялық зерттеу» атты 2022-2024 жылдар аралығындағы зерттеу жобасын жүзеге асыру. Жоба орындауға тапсырыс беруші: Қазақстан Республикасы Жоғары білім және Ғылым министрлігі. Жоба орындаушылар тобын этнографпен қатар, зооархеолог, геоархеолог, зоолог мамандар құрап отыр. Этнозоoархеология – этнологиялық, археологиялық және зоологиялық зерттеулерді біріктіретін пәнаралық ғылым саласы, Қазақстанның іргелі ғылыми зерттеулерінде бұл бағытта қолданылып отырған тұңғыш жоба.
Қасқыр-адам. Аққайнар Жартас шатқалы
Петроглифтегі қасқыр мен ит бейнесіне этнографиялық көзқарас
Бұл жоба Қазақстандағы аса маңызды тақырыпты этнозоoархеология тұрғысынан зерттеуді көздейді. Археозоологиялық негізгі ақпаратты қасқыр/ит сүйектері мен жерлеулердің талдауларынан, жартастағы суреттерден, этнографиялық талдаулар мен генетикалық зерттеулерден алуға болады. Қазақ және түркі халықтарының Көкбөріге табынуын, Көкбөрінің ұрпағымыз деп санауын палеоэтнографиялық тұрғыда жаңа білімдер негізінде сараптаудың қажеттілігін алға тартады. Қазақ даласында қазақы ит – тазы мен төбеттің азайып бара жатқанының соңғы жылдары қоғам арасында жиі талқылануы Үкіметтің де назарын аударды. Қазақстан үкіметінің Сенаты 2022 жылы 29 желтоқсанда қазақы ит тұқымы – «тазы мен төбет тұқымын сақтау, көбейту» туралы заң жобасын талқылап, аталмыш заңның 2023 жылдың 3 қаңтарында бекуі біздің бұл зерттеуімізге ерекше серпін берді.
Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қасқыр мүсіндері бейнеленген шырағдандар, қасқыр басы бейнеленген ғұрыптық, тұрмыстық бұйымдардың қолданыс аясы мен архаикалық мәні өзіне назар аудартпай қоймайды. Осындай зерттеу кезінде жергілікті археологтар «ит жерлеу» орындарын тауып, сүйектің қазақы ит тұқымы – тазыға тиесілі екенін анықтады. Адаммен бірге тазы қосып жерлеген оба, қорымның табылуы да тазының тарихи рөлі туралы білімді кеңейте түсті. Жерленген тазы сүйектерін тауып, алғашқы зерттеулер нәтижесін ғылыми айналымға ендірген ғалымдар қатарында археологтар – Ералы Акымбек, Мәмбет Шағырбаев, Бағашар Қожахметовты ерекше айтуға болады.
Осы жобаны жүзеге асыру аясында қазіргі таңда біздің ұстаз-ғалымдар қасқырларға, тазы, төбетке қатысты археологиялық және этнографиялық деректердің мәліметтер базасын жасауда. Ол 4 дерекқордан тұрады: жерленген қасқыр мен ит сүйектері (тұрақтарда, қоныстарда, қорымдарда); қолданбалы нысандардағы көркем бейнелер (тас, ағаш, металл, сүйек, саз, қыш, тоқыма бұйымдарда); Қазақстанның петроглифтік ескерткіштерінің жартас-өнер суреттері, тарихи-этнографиялық жазбалар, фотодеректер, статистикалық мәліметтер. Осы құрылған дерек қорларының географиялық орналасуына, мерзімделуіне тақырыптық, сандық-салыстырмалы талдаулар әзірленуде.
Таңбалы петроглифіндегі тазы
Қасқырлар мен иттерге байланысты мәдени-антропологиялық ерекшеліктер: көне жәдігерлер, киелі культ және наным-сенім жүйелері, этнолингвистикалық деректер, қасқыр аулаудың дәстүрлі әдістері, қасқыр терісін өңдеу, тазы мен төбеттерді аңшылық пен мал қайыруға үйрету; қасқыр мен қазақы ит тұқымдарының дене мүшелерін этномедицинада ғұрыптық ритуалда пайдаланудың нәтижесін айғақтау. Қасқыр мен иттің дене мүшелерін этномедицинада пайдалануды қазақ халқы дәстүрлі халықтық білімінде ата-бабаларынан ертеден мұрат еткен.
Археологиялық-далалық зерттеулер Сырдария өзені аңғарында ит қорымдарының ең көп шоғырланған жерлеріне, ал Шу-Іле мен Тарбағатай тауларына оңтүстік пен солтүстіктің әртүрлі климаттық және мәдени әсерлеріне ұшыраған бай петроглифтік мұрағаттарына қатысты жүзеге асырылуда.
Зерттеу тобының мүшелері шетелдік мамандар – Рената Сала (Италия) мен Жан-Марк Деомның (Бельгия) қатысуымен 2022 жылы Шу-Іле өзендері аңғарында орналасқан Еспе, Қарашағыл, Аққайнар шатқалдарында жұмыс жасап, осы жердегі жартас шатқалдарындағы қасқыр, ит және қасқыр-адам (басы қасқыр, денесі адам кейпіндегі мифтік бейне), ит-адам (басы ит, денесі адам кейпіндегі мифтік бейне) бейнелерін тіркеп, паспорттады. Жартастардан бұрын белгісіз болып келген жаңа «ит-адам», «қасқыр адам» бейнелерінің табылып, тіркелуі түркі халықтарының қасқыр тотемі мен ит тотеміне қатысты жаңа палеоэтнографиялық көзқарастар қажет екенін айғақтады. Таңбалы, Құлжабасы, Қаратау, Сауысқандық шатқалдарындағы қасқыр-адам бейнелеріне палеоэтногрофиялық интерпретация жасалуда. Қасқыр-адам бейнесі тотемдік, магиялық рөлімен қатар, аңыздық тұрғыда адам мен қасқыр арасындағы тылсым байланысты, генетикалық байланысты білдіреді.
Этнозоологиялық далалық зерттеулер аңшылық дәстүрлер (қасқыр, тазы, төбетпен байланысты) сақталған өңірлерде жалғасуда. Зооархеологиялық зерттеулер – қасқыр мен иттердің ДНҚ талдауларына үлгілер алу, жинау; Қазақстандағы қазіргі қасқыр мен иттердің, соның ішінде сұр қасқырдың (еуразиялық, каспийлік) және иттердің түрлерінің остеологиялық-генетикалық талдаулары; таңдалған археологиялық орындардағы қасқыр мен ит сүйектерінің остеологиялық талдаулары бағытында өрбіп отыр.
Жоба орындаушылардың этнографиялық тобы дәстүрлі аңшылықта қасқыр аулаудың қазіргі таңда жойылып кеткен немесе жойылу қаупіндегі көне әдістерін зерттеуде. Сонымен қатар кесене қабырғаларындағы, құлпытас беттеріндегі қасқыр/итпен байланысты байырғы символдар мен атрибуттар жүйесі тіркеліп, ғылыми өңдеумен байланысты этноархеологиялық зерттеулер жүргізілуде. Ұстаз-ғалымдардың «этнология және антропология» мамандығындағы білім алушыларды кәсіби дайындауы далалық зерттеулер, яғни практикалық мектепте этноархеологиялық, зооархеологиялық, этнофольклорлық, этноэкологиялық, этноботаникалық әдістер пәнаралық тұрғыда жалғасады. «Далалық мектеп» – мамандардың методологиялық мәдениетін көтеретін тиімді дәстүр.
Соңғы жылдары білім беру бағдарламамызға «Медия-этнография» пәнін қостық. Баланың бойына ізгі қасиеттер отбасының тәлімі арқылы дариды. Одан кейінгі баланың тәрбие алатын жері – оқу орны мен қоршаған ортасы, қоғамдық орындар, көше. Ұлттық құндылықтардың дәстүрлі тамырын таныту ісі бала, оқушы, жастарға ғана емес, ата-ана, орта, үлкен буын, қоғамның әртүрлі саяси, мәдени, интеллигенция қауымы мен блогерлер арасында да жүруі керек. Шоу-хабарларда, түрлі мәдени бағдарламаларда, кино саласында этнолог сарапшының болуы маңызды. Медия-этнографияны кеңінен жүзеге асыру үшін біз бен БАҚ өкілдерінің бірлесіп жұмыс жасауын жолға қоюымыз қажет.
Тәттігүл КАРТАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Археология, этнология және музеология
кафедрасының профессоры, этнограф