ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТ­ТЕУШІ
13.05.2025
39
0

Алдымен, алқалаған әлеуметке аймаңдай ақын болып танылып, ғажайып ғазалдарымен жыр көзесін ұсынған Амантай Шәріп ағамыз бүгіндері парасат­ты академик, әмбебап әдебиет­танушы, алғыр алаштанушы, жүйрік публицист, бұқаралық ақпарат құралдарын басқарған білікті басшы ретінде дүйім жұртқа белгілі. Біздің алдыңғы аталарымыз – академиктер С.Қирабаев, С.Қасқабасов, Ж.Әбділдин, К.Нұрпейісовтер алаш арыстарын ақтауға тас қамалды бұзып жол ашса, сол ағаларының соқпағын іркес-тіркес келе жатқан інілері іліп әкетіп, жалғастыра кеткен. Дәл сол кезеңде балауса буын жас шәкірт болған, бүгіндері алды академик атанған Б.Омарұлы, Д.Қамзабек, Е.Тілешев, С. Аққұлыұлы секілді майталман ғалымдардың маңдайына қуғын-сүргін көрген алаш тұлғаларының, олардың қараңғы қоймаға батырылған мұрасын жарыққа шығару, еншілеу, еге болу нәсіп болыпты.

Зар заман ақыны М.Мөңкеұлы, С.Сәдуақас­ұлы, Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев шығармалары ғылым нысанына сәт­ті айналды. Ал Амантай Шәріп ағамыз түгел Түркістанның туын көтерген қайсар қайраткер Сұлтанбек Қожанұлының мұрасын жарыққа шығарды. 1994 жылы жарияланған «С.Қожанұлы – әдебиетші» деген еңбекте көрнекті қайраткердің түнекте жатқан құнды қазыналары алғаш рет жарыққа шығып, халқымен қауышты. Амантай Шәріпті әу бастан құрыш қаламға еге журналист десек, қаламын ұштап қайраған, ереуіл атқа мінгізген – қазақ журналистикасының киесі, темір тәртіп иесі Темірбек Қожакеев. Жас ғалым бұл еңбегінде архивтік құжат­тар мен ескі баспасөз деректерін молынан пайдаланып, сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің қалыптасу сипаты, әдеби сынның хал-ахуалы, поэзия, проза, драматургияның алғашқы үлгілері, әдеби-саяси тартыстар, ұлт зиялыларының ұстанған бағыт­тары, түрлі көзқарас байламдарына байыпты талдау жасайды. С.Қожанұлының қазақ әдебиетінің іргесін кеңітуге жол ашқан қайраткерлік қадамдары, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж. Аймауытов секілді көптеген тұлғалардың шығармашылығына жасаған қамқорлығы, заманмен бетпе-бет келген өткір публицистикасы, шешендік өнері, әлеумет­тік ағартушылық бағыт­тағы өлеңдері, ақиқат­ты таразылаған әдеби танымдық толғамдары толық зерделенеді. Шындығын айт­қанда, 1994 жылы мұндай дерек пен дәйекке толы С.Қожанұлы туралы еңбек жоқ еді, бұл рет­те тарихшылардан гөрі әдебиетшілер ерте қамданып, алға озғанын айта кетуіміз керек. Түркістан халықтарының бірлік туын көтерген С.Қожанұлы рухының еліне оралуы, қасаңданып тұмшаланған тарихи санамызға сілкініс жасаған құбылыс болды, ал бұл Амантай Жарылқасынұлының иығына ауыр салмақ, зор жауапкершілік жүктеген оқиға еді. Ғалым ке­йіннен «Қайраткердің қаламгерлігі» (1995), «Сұлтанбек Қожанұлының шығармалары» (2009), «Алтын арқау» (2009) секілді туындыларында бұл тақырыпты зер соққан ұстадай құлпыртып шыңдай түсті.
Жүрдек қалам иесінің «Қазақ поэзиясы және ұлт­тық идея» ат­ты іргелі де күрделі еңбегі 2000 жылы мыңжылдықтар тоғысында жарқ ете қалды. Ғалымның монографиялық еңбегінде атажұрт, Отан идеясының көркем бейнеге, сырлы рәмізге, ұлт­тық кодқа айналу құбылысы сонау көне түрік заманынан арқау тартып, бүгінгі күнге де­йінгі ұзақ мерзім қамтылады. Атамекен, атажұрт, Отан, туған жер қасиеті, яғни киелі жағырапиямыз туралы ұлт­тық сана, ұялы ұғым – дәл қазір де күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Ғалым «даламыздың, кең байтақ Отанымыздың тұтастығы қасиет­ті сипат алып санаға орнығуына бағзыдан бері дәстүрі үзілмей жалғасқан ақын-жыраулардың зерлі өлең-жырлары көмкерген көркем сурет, бірегей бітім-бейне қалыптауы негіз болған» деген түйінді уәж айтады. Сонау Орхон-Енисей жазбаларындағы көне түркілік «Көк аспан, қара жер», «Ыдық-Жер-су», «Өтүкен», «Ұмай ана», «Ергене-қон» аңыз-әпсанасы Қазақ хандығы заманында Жерұйық, Жиделібайсынға ауысқанын әдеби-мифтік біртұтас көркем таным аясында саралайды. Жайлы қоныс, бақыт­ты мекен іздеген Асан қайғы, Өтеген батырдың сапары утопиялық мәнде болса, отарлау келген соң жер тарылғанда Барсакелмес, қайырсыз қоныс, заманақыр сарыны халық поэзиясында пайда болып, антиутопия бел алғанын тиянақты талдайды. Көне түркілік Өтүкен ұғымының сан ғасырлар керуенінде Сарыарқаға ұласқанын сараптаған ғалым Арқа ұғымының Ертістен Еділге де­йінгі кеңістіктегі ақын-жыраулар поэзиясында бірегейлік сипат алған қастерлі ұғым, Отан туралы байтақ түсінік екенін байыптаған. Жалпы, бүгінгі энциклопедияда кез­десетін Арқа ұғымының ауқымы тар, ал халық санасында, жыраулар поэзиясында сурет­телетін Арқаның қастерлі кеңістігі толағай да шалқар ұғым екенін айтуы – әлі де талай зерт­теуге жүк болатын мазмұнды пікір. Монографиядағы «Жер отары және антиутопия», «Қос өзен» ұғымы және «Сарыарқа» сөзінің идеялық-көркемдік эволюциясы», «Кеңес қазақ поэзиясындағы туған жер тақырыбы», «Абай және ұлт», «Қазақ поэзиясындағы ағартушылық ағым. Алаш идеясы» секілді тараулар бір-бірімен сабақтас, қанат­тас ұғымдарды сан ғасырдан жалғасқан өлең-жырлармен өре талдауы жемісті әрі бұл тақырыптардың салмағы, нәрі өз алдына талай жеке зерт­теулерге арқау, ой-түрткі боларлық дүниелер.
Амантай Шәріпті, алдымен, елге ақын ретінде танылған дедік. Алаштанудың қыруар шаруасын арқалап жүргенімен көңілі шалқығанда жыр айдынына көк ала үйрек ұшырып-қондыратын әдеті әлі де бар екенін жақыннан араласқандықтан байқайтынбыз. Түркі академиясында «Ортақ түрік әдебиеті» оқулығын әзірлегенде әзербайжанның күрескер ақыны, қуғын-сүргін құрбаны болған қаһарман ақын Хүсе­йін Жавид өлеңдері Амантай Шәріп аударуында кәдеге жарады:
Бір заманда айбыны асқан Тұранның,
Жетегінде жиһангерлік ұранның,
Қаһармандық даңқпен тарқап шерлері,
Түріктердің түкті жүрек ерлері.
Жердің жүзін шапқын қылды шаңдатып,
Үкім айт­қан әрбір сөзін аңдатып.
Түріктердің кісінесе айғыры,
Бағынбаған қалды әлемнің қай қыры?!
Бұл өлеңнен Күлтегін эпосының күмбірі, Мағжан жырының тұлпар арыны бірден аңғарылады. Көп тіл білетін, әзербайжан тілінен төте аударма жасап отырған білгір ақын Амантай Шәріптің қаламы Хүсе­йін Жавид кереметін оқырман санасына ұялатады. Қазақ-әзербайжан әдеби байланыстарына қалам тербеп жүрген Амантай Шәріп Түркі академиясы жобасы аясында жарық көрген Оңтүстік Әзербайжанның шайыры Булут Қарачорлу Сәһәнд ақынның 12 700 жолдан тұратын «Атамның кітабы» деген көлемді дастанын тәржімалап шықты. Бұл – «Қорқыт ата кітабы» дастанының ізімен туған көркем туынды. Ағайынды ел алып империялар тепкісімен екіге жарылып, бергі бет­тегі Әзербайжанда Кеңестік идеология салдарынан «Қорқыт ата» кітабына зиянды деп үрке қарап, ал арғы бет­те Иранда Қорқыт атаға ты­йым салынған алмағайып заманда Булут Қарачорлу Сәһәнд шайырдың құбыладан жаңылмай, тарихи жадыны оятып, шежірелі дастан жазуы рухани ерлік еді. Міне, осы телегей теңіз жыр Қорқыт атаның аруағы аунаған Сыр елінің шайырларының сарқытын ішкен Амантай Шәріптің аударуымен жақұт­тай жарқырап оқырманға жет­ті. Булут Қарачорлу туындысында түркі дүниясының тұтастығын, әзербайжан елінің бүтіндігін ту етеді, дастанға Қорқыт атаны арқау еткенімен бүгінгі өз елінің тұрмыс-тіршілігі, әлеумет­тік-қоғамдық өмірі көркемдікпен кестеленеді. Оқырманға ой салатын небір даналық нақылдар, аңыз-әпсаналар, табиғат сұлулығын адам көңіл күйімен ұштастырған пейзаждар жыр тілімен өрнектеледі:
Көкке жылу ұйыды да,
Түнектен төс аршығасын.
Жартас жапты иығына,
Алтын түсті таң шұғыласын.

Керуен ояу, жүріп өтсе,
Жүгін артып, сапар шегіп…
Мақсатына бірі жетсе,
Бірі жолда жатар шөгіп.

Шаңдауыт жол, зілдей көштің,
Шөл шаршатып, құм қапқаны…
Қайда бармақ, білмейді ешкім,
Қайдан келмек, жұмбақ тағы.
Булут Қарачорлу шайырдың буырқанған жыр лебі алашқа жет­ті. Қасиет­ті Қорқыт атаның ізі, қара қобызының сазы, оғыз-қыпшақ жұртының дүбірі қалған Қазалыда туып, тораңғылы, сексеуілді шағыл құмда аунап өскен оғылан – бүгін алты алашқа әйгілі ғалым, қарымды қаламгер, ұлт мұратының жоқшысы. Өзі де Асан қайғыдай Жиделібайсынға сапарлады, Тывада Саян тауы шатқалындағы Алаш өзені аңғары бұлағынан су ішті, Өдүген топырағына бас иді. Лайым керуен сапар ұзаққа жалғаса берсін, Қорқыт ата рухы жебесін!

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
Түркі академиясының сарапшысы,
фольклортанушы ғалым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір