МЕМЛЕКЕТ ПЕН МЕКТЕП ТІЛІ БІР БОЛСЫН
25.08.2023
188
0

Қай салада да ұлттық мүдде бірінші орында тұруы тиіс

Жылда жаңа оқу жылы басталар тұста ел ішін әбігерге салып, халықты өзара тайталастырып қоятын екі үлкен мәселе бар. Олар – қазақ мектептерінің тасада қалып, «орыс сыныптарына сұраныс көп» деген сылтаудың алға шығуы мен киім мәселесі. Осы жайттардың жай-жапсары мен себеп-салдары турасында ұйымдастырылған «Алқа» жиынына психолог Ғалияш Махашова, профессор, дінтанушы Досай Кенжетай, публицист-философ Әбдірашит Бәкірұлы, Орхус университетінің экономика ғылымдарының магистрі, Siemens Gamesa Renewably Energy компаниясының аға жоба бақылаушысы Қажы Акбар Аюби, саясаттанушы Дос Көшім, «QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Қ.Ә.:Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл мектеп табалдырығынан аттайтын балалардың отыз пайызынан астамы орыс мектебіне барады екен. Әлеуметтік желілерде кейбір ата-аналар қазақ мектептерінің өкілдері мектепте орын қалмағанын алға тартып, балаларын орыс мектебіне беруге үгіттеп жатқанын, амалдың жоғынан сонда баруға мәжбүр екенін айтып дабыл қағып жатыр. Орыс сыныбын толтыру немесе қазақ сыныбын азайтуға мүдделі топтар бар ма, әлде аталған министрлік уақыт өткен сайын қазақ мектептеріне сұраныс артатынын ескермеді ме? Әлде, бұдан басқа да әлеуметтік-саяси себептер болуы мүмкін бе? Мұның соңы неге апарып соғуы мүмкін?

Д.КЕНЖЕТАЙ: Бұл, біріншіден, елдің, одан кейін тілдің өрісін тарылтатын келеңсіз көрініс. Меніңше, бұл сұраққа нақты, біржақты жауап беру қиын. Әрине, мүдделі топтардың бар екені сезіледі. Себебі солтүстік аймақтарда мақсатты түрде орыс тілін талап ету, қазақтың жерін Ресей Федерациясының құрамына қосу туралы түрлі кертартпа пікірлер, негізсіз талаптар шыққаны жайлы көріністер әлеуметтік желілерде қаптап кетті.

Ұлтаралық қарым-қатынасқа ши жүгірту құбылыстарының толассыз өріс алуына қарап, белгілі бір мүдделі топтар астыртын жұмыс жасап жатыр деп айтуға толық негіз бар. Көрші Ресейдің мемлекеттік Думасының бір емес, бірнеше депутатының да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін мәлімдемелерді мінберден жасауы – әртүрлі сепаратистік пиғылдағы топтардың қолтығына су бүркері даусыз. Мәселенің екінші жағы да бар. Қазір көптеген ата-ана «Орыс тілінсіз болашағымыз бұлыңғыр» деп келте ойлайды. Сепаратистік топтар осы түсінікті қазақ қоғамының арасына мақсатты түрде таратып отыр деп ойлаймын. Министрлік мәселесіне келер болсақ, ондағылар, әлбетте, қазақ мектептеріне сұраныс артатынын өте жақсы біледі. Бірақ білу – бір басқа, сезіну – бір басқа. Себебі қазір министрлікте бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар өте аз. Менің ойымша, қай салада да ұлттық мүдде (тіл, құндылық, дәстүр, т.б.) бірінші орында тұруы керек. Сол кезде ғана министрліктің әрбір қабылдаған қарарлары мемлекеттің дамуына тоқтаусыз үлес қосатын бір тетікке айналады. Орыс тілінде білім алуға ынталы адамдардың көбеюі, қазақ тілінде ілім игеруге құлықсыз адамдар санының артуы – егемендігіміздің болашағы үшін аса қауіпті тенденция.
Ә.БӘКІРҰЛЫ: Қазақстандағы осынау құбылыстың себептері саяси, әлеуметтік және психологиялық, менталитеттік факторлармен ғана өлшеніп қалмайды. Бұл – сол факторлардың бәрінің жинақтала келгендегі көрінісі, ақиқаты. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі қоғамдық-әлеуметтік ахуалды алып қарайықшы. Бұл кезде Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды, енді қазақтың ұлттық мемлекеті құрылады деген энтузиазм болды. Сол шақта бәрі жаппай қазақ мектептерін ашу үшін күресе бастады. Яғни ұлттық мемлекетке деген ұмтылыс қарқынды жүрді. Қозғалыстар пайда болды. Міне, осы қарқынмен «ұлттық мемлекет құрылатын болды» деп басқа ұлт өкілдері өзінің тарихи отанына үдере көшті. Содан біршама уақыт өткеннен кейін біздің саяси жағдайымыз басқа бағытқа бұрылды: орыс тілі ресми тіл ретінде сақталып қалды. Алғашқы ұлттық энтузиазм да басылды. Себебі елге жан-жақтан басқа компаниялар келе бастады. Олардың жұмыс істейтін тілі – қазақша емес, ағылшынша, одан кейін орысша, т.б. тілдер болып қалыптасты. Жұмыс істеу үшін жастар сол тілдерді игеруге күш салды. Сол кездегі билік өзге тілдің менталитетімен, анығырақ, орыс менталитетімен тәрбиеленгендіктен, олар қазақ тілін бір жағынан жатсына қабылдады, екінші жағынан, осы мемлекетте қарым-қатынас тілі орыс тілі болғанын жандары қалап тұрды. Өйткені оларға сол қолайлы. Міне, сондықтан халық билік жағына жығылған жоқ, халықты билік өзіне жықты.
Оның тағы бір мәселесі бар. Ол ұлттық болмыс мәселесіне келеді. Қазақы тәрбие, таза қазақы психология ұят, обал, сауап, ар-намыс деген принциптерді алға қояды. Қазақтың ұлттық болмысына жан-жақты шабуыл жасалды. Шабуылдаушылардың ішінде шетелдік институттардың болуы да ғажап емес. Қазақ халқын көнбіс, бағынышты етіп ұстап тұруға тырысты. Бұл авторитарлы билікке алып келді. Авторитарлы билік өзі қалыптастырған мемлекетті құру жемісін молынан көрді. Қазақстанда ұзын саны жүзден көп олигарх пайда болды. Бүкіл Қазақстан экономикасының 70-80%-ы солардың қолына көшті. Мұның нәтижесі – бұрынғы билікті еркінен тыс ауыстырдық, жайлы орын-тағынан құлаттық.
Д.КӨШІМ: Бір сұрақтың төңірегінде бірнеше мәселе бар сияқты. Біріншіден, осы отыз жылдың ішінде біздің орыстілді билік қазақ тіліне – мемлекттік тілге – деген қажеттілік жасаған жоқ. Жасауға ниет те еткен жоқ. Сондықтан орыс тіліндегі мектепке қазақ балаларының баруы жылдан жылға көбейе түседі. Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік туындап, жұмысқа орналасатын жағдайда мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын сертификат талап етілген уақытта, қысқасы, қазақ тілін білмейтіндер өздерінің бұл елде еркін өмір сүре алмайтынын, мемлекеттік тілді білмеу өздерінің тіршіліктеріне, қызметтеріне тікелей әсер ететін кезең туғанын сезгенде, түсінгенде ғана бұл жағдай өзгереді. Сонда ғана Қостанай, Петропавл, Астана, тағы басқа қалалардың тұрғындары «Бізге қазақ мектебі керек!» деген ұранмен көшеге шығады. Ал «орын жоқ деп жатыр», «орыс мектебіне бер деп үгіттеп жатыр» деген сөздер – жәй ғана сылтау. Баласының болашағы үшін күрескісі келмейтін жандардың міңгірі мен күңкілі ғана… Біз Кеңес билігі кезінде Алматының Айнабұлақ деп аталатын ықшамауданында жаңа салынып жатқан мектепті үкіметтен «тартып алғанбыз». Күресе де білу керек. Үшіншіден, әрине, бұл құбылыстың саяси себептері бар. Ол – Тәуелсіздік деген ұғымд ы білмейтін, егемен ел боламыз деп ту көтермеген, сол тудың астында жан-тәндерімен осы жолда қызмет жасамаған, керісінше, метрополияға қызмет еткен, тоталитарлық жүйенің сенімді жауынгерлері болған, коммунистік партияның идеологиясына көзсіз берілген жандардың әлі де билікте отыруы. Олардың сөздік қорында «ұлт», «қазақ», «ана тілім» деген сөздер жоқ…
Бұның соңы неге алып барып соғуы мүмкін дейсіз бе? Екі ғана жол бар. Біріншісі – қазіргі билік осы өліара кезеңді тағы да бес-алты жылға созып, орыстілділердің қатары біршама көбейген уақытта орыс тілін мемлекеттік тілге айналдырып, қазақ тілін қоғамның көптеген салаларынан (бизнес, ғылым, техника, халықаралық сала, әскери сала, т.т.) ысырып тастайды. Екіншісі – қазақтілді қауым телефон шұқығанды қойып, бастарын қосып, күшті саяси-қоғамдық құрылым жасап, билікке келеді де, заңды жолмен мемлекеттік тілге деген қажеттілік жасайды.
Ғ.МАХАШОВА: Қажеттілікті қамтамасыз ете алмау ұйымдастырушылық пен алдын ала анализ жасай алмау салдарынан туады. Тағы бір мән беретін дүние – ата-ана талабының өзгеріп отыруы. Біздің қоғам «қазақ тілінсіз де өмір сүре аламыз» дегенді көрсетіп жатыр. Жарнамалар, тренингтер, семинарлар, сапалы техникалық сабақтар елімізде көбіне қай тілде өтіп жүр? Ал қазақ тілін үйрену тек патриоттық қажеттілік ретінде қалып тұр. Құжаттар да, талаптар да – әлі орыс тілінде. Жаны ашыған әр азамат өзгелерді қайрап емес, өз махаббатымен тілге құрметін көрсетіп жүруі керек. Сол кезде тіл үйренуге жастар махаббатпен келеді. Сол кезде ата-ана қажеттілігі жыл сайын ауытқып отырмайды. Тұрақталады. Әзірге тілге қажеттілік тұрақтамай жатқан соң (бір жыл орыс мектебін таңдаса, бір жыл қазақ мектебін таңдайтындар саны артып) үкімет тарапынан да тұрақты статистикалық болжам болмай жатқан шығар.
Бұл қиындық тек қала мектептерінде туатынын ескерейік. Ауыл мектептерінде тұрақтылық темірдей бекітілген. Сұраныс қандай болса, қажеттілікті қанағаттандыру да сондай деңгейде болады.
Қажы Акбар АЮБИ: Бұл сұраққа жауап беру үшін тарихқа жүгіну керек. Орыс отарлаған соң, қазақтың саны 60-70 пайызға азайып кетті. Содан кейін қалған-құтқанын жинап, қайта қалпына келе бастады. Қазір енді 20 миллионның 70 пайыздан астамы қазақ дейді санақ көрсеткіштері. Тәуелсіздік алған соң Қытай мен Моңғолиядан 1,5 миллион қазақ келіп қосылды. Сөйтіп, қазақ тілінің мәртебесін біршама көтеріп тастады. Ал енді «30 жыл ішінде қазақ тілі неге өз орнына орнықпады?» дегенге келсек, қазақ элитасы орыс тілінде оқып, орыс тілі арқылы жетіліп, байлыққа, мансапқа, білімге ие болды. КСРО құлаған соң да Қазақстан сол элитаның қолында қалды. Олардың дені сол тіл арқылы ғана жетістікке жеткенін ескерсек, орыс тілін жақын тартатыны анық көрініп тұрады. Бір тілді үйренсең, тек грамматикасын ғана емес, сол тілде сөйлейтін ұлттың мәдениетін, саясатын өзіңмен алып жүресің. Бұл осы мәселенің бір себебі. Екінші себебі – орыс тілінде білім алғандар қазір қызметте отыр. Қазақ тілі басым болып кетсе, оларға қатер төнеді. Орыс тілді элиталар үшін бұл тиімсіз. Олар өзі үшін де, ұрпағы үшін де бұл қатерден құтылғысы келеді. «Орыс тілі ең жақсы тіл, Ресей ең дамыған ел» дегендер де ұрпағын сол ұғыммен өсіреді. Қазақ тілі 100 пайыз белең алып кетсе, Қазақстан элитасы жұмыссыз қалады. Бұл өзі табиғи нәрсе. Қауіп төнгенде қарсы шығу табиғаттағы әрекет. Менің ойымша, бұл жерде қазақ тілінің дамуына, қазақ тілді адамдардың көбеюіне деген қарсылық бар. Бұған мүдделі элита бар. 30 жылда қарсылық білдіріп, кедергі келтіргендері де сол үшін болуы мүмкін. Саясат деген – бір соғыс. Қазақ тілін көбейткісі келетіндер де бар, дегенмен экономикалық күш, билік, құдіреті бар элита кедергі келтіреді. Қаншалықты халықты ойласа да, өз мүддесінен тайқып кетпейтіні тағы бар. Қазақ тіліне кедергі келтіру, қазақ тілді адамдардың санын өсірмеу сынды қитұрқы әрекеттерге барады. Мысалы, шетелден қазақтарды әкелу де тоқтап қалды. Бұл да бір саясат. Дегенмен ұзаққа көз тастасақ, уақыт өте, әсіресе Ресей-Украина соғысы жүріп жатқан шақта орыс тілінің қадірі қашты. Бірте-бірте орыс тілі мен Ресейдің абыройы түсіп келеді. Елдің көзі ашылады. Бұлай жалғаса берсе, қазақ тілділердің де саны артып, халық өзіне керегін таңдап, қазақ тілі де өз биігіне шығады деген де үміт бар. Қанша кедергі болғанына қарамастан, қазақ тілі өз орнын табады деп сенемін.
А.АХМЕТЖАНҰЛЫ: Елімізде мектептер қай тілде, қандай негізде болуы керек? Дәл осы сұрақ бір ғасырға жуық дау боп келеді. Түбегейлі шешім әлі жоқ. Неге? Әңгімені әріден қозғайық. 1926 жылы қазақ баспасөзі қақ жарылады. Қақ жарылды деуге тағы келмес, Ілияс Қабылұлы бастаған бір топ партия көсемдері: «Қазақша оқулық жоқ, қазақша оқу құралдары жетіспейді, мектеп жетіспейді, мұғалім жетіспейді. Біз Ленин бастаған көштің соңына ілесіп, мектептеріміз орысша оқыта берсін, біздің балалар заман ағымына ілессін, орысша оқыта берейік», – деген ұран тастайды. Қиқуға сүрен қосатындар қашан да табылады ғой, «Дұрыс айтады, біз қазақша оқып ел болмаймыз, мектеп орысша болсын», – деп бір топ ілесіп, шу ете қалады.
Дәл сол кезде Алаш арыстары шығып: «Біз ел боламыз десек, ұлт боламыз десек, мектеп қазақ тілінде болуы керек», – деп тегеурінді қарсылық көрсетеді. Сондай-ақ жанкештілікпен қазақ тілінде оқулықтар жазып шығады. Тегеурінді қарсы тұрған Алаштың екі қайраткерінің сөзін сөзбе-сөз берейін:
Сол кезде химия пәнінен оқулық жазған Қошке Кемеңгерұлы: «…Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды», – десе, жағрапиядан (география) оқулық жазған Абдолла Байтасұлы: «Мектеп тілі жайынан сөз қылғанда, тым бірыңғай қыңыр кету жарамайды, әзіргі өмірмен, керекпен санасу керек. Біздің мектеп тілі туралы алдымызда көздеген нысана, арманымыз болуы керек. Арманымыз – «түбінде мектеп тілі ұлт тілі болсын!». Бұл ұранды біз ертеден айтып келеміз. Сол ұранымыз әлі де ұран. Ұлт мектептері туралы үкімет ұраны да осы», – дейді. Ал алғаш психологиядан оқулық жазған Жүсіпбек Аймауытұлы: «…Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын», – деп дәлелдейді ойын. Сонымен қазақ даласындағы мектептерді тек орыс тілінде еткісі келген қаскөйлер ісі ілгері баспайды. Кейін 37-38-жылдарда Алаш қайраткерлерінің бәрі дерлік атылды, қуғынға түсті. Екінші жаһан соғысына түсіп, кеңес күшіне енгенде әр қалада әрі кетсе бір-бірден ғана қалып, қазақ мектептерінің көбі жабылды. Құдай басымызға бақ беріп, тәуелсіздік алғанда қазақ мектептері қайта түледі. 2016 жылға дейін қазақ сыныбына барған балалар саны қарқынды өсті. Бірақ 2017 жылдан бастап бұл үрдіс кілт бұзылды. Бұзылу себептері де, үштілдік саясаты, латын қарпі мәселесі, орыс әлемінің көршілеріне қайта қарқынды саясаты, биліктің жалтақтығы мен немқұрайдылығы сынды әралуан болып келеді. Кезінде бір зерттеп те жазғанбыз. 2021 жылы тіпті ел бойынша ең төмен көрсеткішке жетіп үлгерді. Жан-жақтан дабыл қақтық.
2022 жылы Астананың бір мектебінде «Орыс сыныбын ашпасаң, Путинге айтамын!» – деген ақымақ қазақтың сөзін де ет құлақпен естідік. Тойтарыс беріп, қазақ мектебі етіп сақтап қалдық. Алайда Астана да, қазақ билігі де сол істен сабақ алмады. Идеологияның да, тілдің де кетіп бара жатқанын ескермеді, себебін зерттеп, әрекет жасамады. Иә, аралас мектептің көп ашылуына, орыс сыныптарының көбеюіне қарсы боп жүрген біздер популист саналдық.
Әлиханша айтсақ, ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден! Біздің билікке де, басқамызға да мінез керек, батыл шешімдер керек. Әйтпесе, бұның соңы неге соғары қорқынышты! Қазақ ұлтының жалғыз отаны – Қазақстан, қазақ тілінің жалғыз жоқтаушысы – қазақ ұлты! Онда бүгінгі мектептеріміз таза қазақ тілінде һәм ұлттық негізде құрылуға тиіс!

Оқушының
діни сипатта киінуі – зайырлылық қағидаларына қайшы

Қ.Ә.: Оқушылардың мектепке хиджаб киіп келуіне рұқсат беру зайырлылық талаптарына қаншалықты сәйкес келеді? Мұның салдары қандай болмақ?
Д.КӨШІМ: Баяғыда, алғаш рет осы мәселе көтерілген уақытта «Көзге күйік болған көк орамал» деген көлемді мақала жазып, өзімнің пікірімді білдірген едім. Біріншіден, қоғамда кімнің қандай киім киіп жүруінің пікірталасқа ұласуы – зайырлылықтың белгісі емес сияқты. Өзімізге қарап алайық – біреуміздің үстімізден «қазақ киімін» көрмейсіз. Егер ертең біреуміз Абайдың суреттегі киіміндей киім киіп көшеге шықсақ, басқаларымыз ала көзбен қарайтынымыз анық… Бәріміз еуропалықтардың, нақтырақ айтсақ, христиандардың киімін киіп жүрміз. Оған бола бет жыртысып жатқан ешкімді көрмеппін. Екіншіден, талас болып жатқан мәселедегі терминдер мен ұғымдарды анықтап алғанымыз дұрыс. (Бірде біздің экс-президентіміз «хиджаб» пен «ниқабты» шатастырып алғаны бар…). Орамал мен хиджабтың айырмасы жер мен көктей. Өз басым тақия, орамалдарды діни киім деп қабылдамаймын. Әрине, арнайы бекітілген мектеп формасы бар, оны ұстануымыз керек. (Қазір білмеймін, бірақ көп жылдар бойы Қазақстанның орыстілді аймақтарында мемлекет бекіткен форманы емес, бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегі форма-фартукті киіп жүргенінің де куәсі болғанбыз. Оларға «қой» деген билікті көрген жоқпын). Меніңше, мектеп формасына белгілі бір зерленген, арнайы оюы бар орамал мен тақияны енгізуге болатын сияқты. Айтпақшы, бірде Лондондағы мектептердің біріндегі кездесуде сыныптың жартысына жуығының хиджаб киіп отырғанын көрдім. Оларды киімдеріне қарап бөлектеу немесе шеттету болмайтыны анық.
Әрине, жетпіс жыл дінсіздік идеологиясындағы өмір, одан кейінгі отыз жыл исламдағы сан түрлі ағымдардың елімізде еркін жұмыс істеуі – бізді Сенімсіздік пен Күдікке алып келді. Бүгінгі талас – сол сенімсіздіктің салдары ғана.
Ғ.МАХАШОВА: Оқушыларға хиджаб киюге рұқсат беру арқылы оқушының құқығын қорғамайды, ата-ананың қалауын қолдайды. Сондықтан мектепте стандартты талапты форманың болуы қажет қана емес, міндетті және маңызды. Бұл ата-ананың өз билігін баласына шексіз қолданудан оқушыны сақтайды.
Қажы Акбар АЮБИ: Түсінікті болу үшін салыстырмалы түрде айтайын. Дания – демократиялық, зайырлы ел. Қазақстан да зайырлы мемлекет. Дегенмен екі елдің билеу жүйесі екі түрлі, Қазақстандағы саяси жүйе көбіне диктаторлық жүйеге келеді. Халықтың да демократиялық санасы да әлі қалыптасып үлгермеген. Мәселен, Данияда мектепке кім не киіп барса да қарсылық жоқ. Тек беті ашық болса болды. Ондағы дін ұстанымы, саяси ой, азаматтық позицияға еш кедергі жоқ. Және ешкім бір-бірін бұл мәселеге байланысты шеттетпейді. Себебі халықтың демократиялық түсінігі қалыптасқан, өзара келісімге келе алады. Бұл демократияның негізін құрайтын нәрселердің бірі. Дегенмен Қазақстандағы мәселе бөлек. Себебі бұл елдегі дін мәселесі ушығып кетуі әбден мүмкін. Мемлекеттің экономикалық жағдайы төмендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы мүшкіл болғанда, карьера бойынша көтерілу мүмкін болмай, білім деңгейі төмендегенде көбіне екі жолға түседі. Бірі шетелге кетеді, енді бірі дінге беріліп кетеді. Бұл жағдайда демократиялық, зайырлы мемлекеттер секілді екеуіне теңдей мүмкіндік беру қауіпті. Себебі білімі төмен елдегі діншілдер кейіннен көбейіп, олардың жолын ұстанбағандарды шеттетуі әбден мүмкін. Сол үшін Қазақстанда билік тарапынан бұл жағдайды бақылауда ұстап, бәріне бірдей мектеп формасын бекіткені дұрыс деп ойлаймын. Қазақстандағы дін ұстанатындардың жағдайы ушықпауы үшін осындай қадамға баруы керек. Кейін хиджаб кимегендерге зорлық болмауы үшін, бара-бара дін өкілдері тек шариғатқа бағынамыз деп, Ауғанстандағыдай мектептер жабылып, аяғы жақсылыққа апармайды. Егер қазір хиджаб киюге рұқсат берілсе, кейін олар никап та киіп, бетін тұмшалап, білгенін істеуі мүмкін. Бәріне бірдей рұқсат беру үшін алдымен сол деңгейге жету керек. Жоғарыда айтқанымыздай, нағыз демократиялық ел Данияның өзінде орамал тағуға рұқсат болса да, бетін тұмшалауға болмайды немесе буддист болғаны үшін үстін жалаңаштауға рұқсат етілмейді. Яғни әр нәрсенің шекарасы бар. Қазақстанға бұған әлі ерте. Әркімнің дініне, ұстанымына бірдей қарай алатын болғанда ғана бұл қадамға баруға болады. Себебі қазіргі әсіре діншілдермен компромиске келу мүмкін емес. Ал олар күшейіп кетсе жағдай күрт өзгеретінін де есте сақтау керек
Д.КЕНЖЕТАЙ: Зайырлылық – атеистік дегенді білдірмейді. Себебі зайырлылық – идеология емес, танымдық, болмыстық ағым да емес, құқықтық ұстаным. Ол – мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлылық ұстанымы бойынша мемлекет осы дүниедегі, қоғамдағы, осы әлемдегі нақты құқықтық қатынастарды реттейді. Яғни діни билік мемлекеттік билікке бағынады деген мағынада қарау керек. Қазақстан – дәстүрлі ел, құқықтық мемлекет. Осы қырынан алғанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарында құқықтық принцип қатаң сақталуға тиіс. Құқықтың негізгі мақсаты – қоғамдағы теңдікті және әділеттілікті қамтамасыз ету. Білім ордаларында бірыңғай мектеп формасын кию – үкімет тарапынан қоғамда теңдікті қамтамасыз ету үшін бекітілген ереже. Біз бір діннің атрибуты саналатын элементті пайдалануға рұқсат берсек, салдарынан Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық дін өкілдері өзіне тән сыртқы атрибуттарын білім беру орындарында қолданар болса, біздің білім ордаларында қандай хаос болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Яғни білім беру орындарына діни нышанды киім киіп келу – зайырлылық қағидаларына қайшы.
Ә.БӘКІРҰЛЫ: Оның зардабы өте ауыр болады. Әсіре діншілдер мектепке орамал тағып баруға рұқсат сұрап тұрған жоқ, талап етіп отыр. Яғни алғашқы бет-пердесін ғана ұсынып отыр.
Зайырлы мемлекетте зайырлылықтың заңдары іске асады. Мемлекетте норма бекітілген. Яғни барлық мемлекет азаматы сол бекітілген норманы сақтауы керек. Бұл – құқықтық мемлекеттің көрінісі. Ал мектепке орамал тағып баруға рұқсат беруді талап ету – іліктен шілік шығару.

Ортақ форма – теңсіздіктің алдын алатын басты фактор

Қ.Ә.: Хиджаб кию — оқушылардың қалауы ма, ата-ананың талабы ма? Аталған жайт баланың психологиясына қалай әсер етеді, әлеуметтік қырына тоқталып өтсеңіздер…

А.АХМЕТЖАНҰЛЫ: Мектепте мектептің бірыңғай формасы қатаң сақталуы керек. Форма жай киім деп қарауға келмейді. Ол – тәрбие, ол – мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактордың бірі. Біз – зайырлы елміз. Әр дін өкілі өзіне тән киім үлгісін білімге араластырмай, нақты ортақ тәртіпке бағынуы қажет. Адам баласы дін ұстануын ақылы толысқанда өзі шешкені жөн. Бастауыш сыныптың оқушысына хиджап кигізуді ешқандай ақылым қабылдай алмайды екен.
Әлемдегі жағдайларды ескерсек, жалпы діни мәселе жай қарайтын мәселе емес. Тағы бір мәселе, жалпы мектепте хиджаб мәселесімен күресу елдегі діни мәселені реттемейді. Ол – елдегі идеологиялық жағдайдың салдары. Елге ұлттық идеология мен сапалы білім-ғылым керек!
Ә.БӘКІРҮЛЫ: Заң алдында кім жауапты? Заң алдында ақыл-есі түзу, кәмелетке жеткен, азаматтығын алған жандар жауапты. Ал ақыл-есінің ақауы бар адамдар мен кәмелетке толмаған балалар заң алдында жауапты бола алмайды. Өйткені олар саналылық тұрғыдан сол заңды толық түсінуге қабілеті жетпеген болып саналады. Ендеше, дінге қатысты көп мәселені балалар өз еркімен талдап-таразылап, оны ұстануға өз бетінше шешім қабылдады деуге сену қиын. Бұл – оқушылардың емес, ата-ананың қалауы.
Ғ.МАХАШОВА: Баланың Құдайы – ата-анасы. Ол басқа Құдайды тек ата-анасы арқылы таниды. Дұрысы, адам өз санасы еркіндікке жеткенде ғана өз сенімін өзі таңдауға құқылы. Ата-ана түсінігі бойынша, хиджаб киген қыз әдеп сақтап жүреді, хиджаб киген қызға жаманның көзі түспейді, тек имандының көзі түседі. Шындығына келгенде, теріс ниеттегі адам құрбанын таңдағанда оның қандай киім кигенін ескермейді де, қыздың арын киім жаппайды. Ата-ана сөзбен емес, іспен тәрбиелейді. Тек өз әдебін үлгі етіп, баласын құрметтеу арқылы оған өзін бағалауды үйретеді. Өзін бағалауды үйренген қыз да, ұл да әдебі мен әдемілігінен айырылмауға күш салады. Сондықтан мектепте хиджаб киген қыз бала, біріншіден, өз қалауын қалыптастыра алмай өсетінін, екіншіден, өзін өзгелердің ерсі көзқарасынан сақтау үшін қиналып жүретінін ұмытпау керек.
Д.КЕНЖЕТАЙ: Әрине, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің көпшілігі ата-ананың қалауымен немесе қамқоршысының ықпалымен хиджаб оранып жатады. Өз ниет-қалауымен хиджаб тағатындар жоқ емес, бірақ мыңнан біреу ғана десек болар. Мектеп оқушылары – әлі санасы толықпаған, ақыл тоқтатып үлгермеген, өмірлік тәжірибесі жоқ қоғам мүшелері, әлбетте, қоршаған ортаның әсерімен хиджаб киеді. Ғалияш ханым айтып отырғандай, бұның баланың психологиясына кері әсерін тигізу ықтималдығы орасан зор. Болашақта түрлі психологиялық комплекстерге ұшырауы мүмкін. Тұйық, шектеулі, әр нәрсеге салғырт, енжар қарайтын мінез қалыптасады. Ал мұндай адамдардың өзгерістерге бейімделуі баяу жүзеге асады. Сол себептен мемлекеттің даму динамикасына ілесе алмай қалады. Ал мемлекет бір адамды жетілдіру үшін ондаған жылдар қаражат бөледі, қамқорлық жасайды, нәтижеде өнім ештеңе аспайтын пайдасыз болып шығады. Сондықтан діннің негізгі постулаттарынан ұзақ кейбір адамдардың субъективті діни көзқарастары қоғамның өркендеп дамуына кедергі екені даусыз.
Қажы Акбар АЮБИ: Балада критикалық сана жоқ қой. Бала ата-анасы қалай киінсе, солай киінеді. Сол сияқты достарына да қарайды. Қазір Қазақстанда оранып шығатын блогерлер де, жұлдыздар да көп. Сыни ойлай алмайтын бала солай істеу керек екен деген ойға келеді. Сол үшін балаға кінә артуға болмайды. Айналып келгенде халықтың, жұлдыздардың ағымына қарай бала да соған бас бұрады. Ата-ана білімді, білікті, таяз ойламайтын жандар болғаны дұрыс.

ТҮЙІН: Газетіміздің «Алқа» отырысы аяқталған тұста ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Біздің мемлекетіміз – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Мектеп те – зайырлы. Оқушылардың киімі мен формасына қатысты 2016 жылы бекітілген бұйрық бар. Ол ешқандай өзгеріске түскен жоқ. Сондықтан оқушылар заң аясында, белгіленген тәртіп бойынша мектепке формамен келуі керек», – деп мәлімдеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір