ТАБАНДЫ ЗЕРТ­ТЕУШІ, БІЛІКТІ ҰСТАЗ
31.12.2023
553
0

Қара шаңырақ – еліміздің жоғары білімінің басты ордасы, әлемге мәшһүр Қазақ Ұлт­тық университеті отандық тарих саласында талай білімпаздар мен дарындарды баптады. Сол оқу орнын тәмамдап, туған университетінде 33 жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан тарихшы-ғалым, ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Берекет Кәрібаев бауырымыз бұл күндері асқаралы 60 жасқа толып отыр.

Б.Кәрібаев – ғылыми ізденістермен қатар, ғылыми және педагогикалық кадрлар даярлау ісіне де белсене араласып жүрген жетекші. Б.Кәрібаевтың ғылыми жолының табысты кезеңі – «Қазақ хандығының құрылу тарихы» ат­ты монографиясының жарыққа шығуы.
Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерт­теулер мен әдебиет­тердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан ат­ты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды деген пікірді зерт­теушілердің бәрі мойындайды. ХІХ ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір кейінгі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақ та осы саяси үрдісте жетекші рөл атқарған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерт­теулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді. Заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде қолда бар деректерге сүйеніп, ұлт­тық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын ашып көрсеткен кәсіби тарихшылардың бірегейі Берекет Кәрібаев болды.
Қазақстандағы мемлекет­тілік мәселесі саяси мәселеге айналған кез­дер болды. Көрші ел идеологтарының «Қазақстанда мемлекет болған жоқ» деген ұстанымдары өз кезегінде қоғамда үлкен резонанс туғызды. Мәселе мемлекет­тік деңгейге көтерілді. Ел басшылығы 2014 жылы Қазақ Ордасының кіндігі Ұлытауда мәлімдеме жасай отырып, кезекті жолдауында алдағы 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі атап өтілетінін жария ет­ті. Осыған сәйкес ұлт­тық мемлекет­тілігіміздің үлкен белесі болған Қазақ хандығы турасындағы деректерді жүйелеу, зерт­теу жұмыстарын халыққа ұсыну қажет­тілігі туды. Осындай сәт­те білікті маман, кәсіби тарихшы ретінде Б.Кәрібаевтың еңбектері, баяндамалары, сұхбат­тары оқырмандары мен тыңдармандарының көңілінен шығып жат­ты.
Отандық тарих ғылымында Қазақ хандығы туралы іргелі зерт­теулер дайындаған Б.Кәрібаевтың алатын орны ерекше. Берекет Кәрібаев Қазақ хандығының тарихын зерт­теудің жаңа методологиясын ұсынды. Ғалым мемлекет­тілік мәселесін тек формациялық тұрғыда танып білудің қиындығына, тіпті мүмкін еместігіне назар аудара отырып, тарихи үдерістің барлық қарама-қайшы тұстарын ашатын тұжырымдаманы ұстану қажет­тілігін атап көрсет­ті. Тәуелсіздікке дейін Қазақ хандығы формациялық бағыт­та зерт­теліп келгендігіне, солай етуге тарихшылардың мәжбүр болғандығына назар аударды. Мұның өзі қазақ мемлекетінің өткенін шынайы қарастыруға кедергі болған. Ендігі кезекте хандықтың тарихын Орталық Азия аумағындағы тарихи үдерістермен байланыстыра зерт­теген ғалым алғашқылардың бірі болып оның деректерінің аясын кеңейтуді, яғни ауызша тарих айту деректерін пайдаланудың қажет­тілігін баса көрсет­ті.
Берекет Кәрібаевтың отандық тарих ғылымындағы зерт­теу нысаны – Қазақ хандығының тарихы. Ғалым бұл мәселемен ұзақ уақыт айналысты және өнімді еңбек ет­ті, толымды монографияларын жарыққа шығарды. Б.Кәрібаев еңбектерінің басты ерекшелігі мынада: зерт­теулер қазақ тілінде жария болды. Сондықтан оқырмандары да көп болды және жұртшылықтың көңілінен шығып жат­ты. Өйткені Қазақстанның соңғы орта ғасырлық дәуірі бойынша зерт­теулер орыс тілінде жүргізіліп келген болатын. Ал Б.Кәрібаев кітаптары ұлт­тық тұрғыдан алып қарағанда жаңалық болды деуге болады.
Тарихшы-ғалым «Қазақ хандығының құрылу тарихы» ат­ты дербес зерт­теуінде әртүрлі тілдерде жазылған көптеген орта ғасырлық жазба дерек мәлімет­теріне, түрік халықтары мен қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарына сүйене отырып, Қазақ хандығының құрылу тарихындағы күрделі мәселелерді жүйелі түрде тереңірек зерт­теген. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы бір кезеңде жүзеге асқан тарихи үдеріс деп есептеп, Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсеткен. Монографияда тақырыпты зерт­теудің теориялық-методологиялық мәселелері, деректері және тарихнамасы арнайы талданған. Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарт­тары, саяси алғышарт­тары, барысы және оның кезеңдері өзара сабақтастықта, логикалық өзара байланыста жан-жақты қарастырылады. «Қазақ» этнонимінің мәні мен мазмұнына тарихнамалық талдау жасалған. Қазақ хандығының құрылуының тарихнамасын алғаш рет зерт­теушілерге жүйелеп берген де ғалым Б.Б.Кәрібаев болатын.
Б.Кәрібаевтың 2015 жылы «Қазақ хандығының күшеюі (ХV ғ. соңы– ХVІ ғ. алғашқы ширегі)» ат­ты екінші монографиясы жарық көрді. Мұнда ғалым көрсетілген уақыт­тағы Қазақ хандығының Мауреннахр билеушілерімен, Түркістан аймағы үшін жүргізілген күрестерінің себептерін, барысы мен кезеңдерін және қорытындыларын зерделейді. Автор мұнда жазба дерек мәлімет­терін ғана емес, археологиялық материалдарды да пайдаланады. «Қазақ хандығының жарты ғасырлық күресі Қасым ханның билігі тұсында мемлекет­тің күшеюіне алып келді» деген тұжырым жасады.
Ғылыммен айналысып, тарихи деректер мен архив құжат­тарымен жұмыс істеу және студент­терге дәріс беріп, ғылым мен білімді ұштастыра білу оңай шаруа емес. Ал ғалым бауыры­мыз осы екі саланы қатар алып жүрген бүгін­гі күндегі бірегей тұлғалардың бірі деп баға берсек, артық айт­қандық емес.
Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен киелі Арал топырағы – қасиет пен тектілік мекені. Осы теңіз төскейінде дүниеге келген Берекет Ақеспе ауылындағы орталау мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы политех­ни­кумда білімін жалғастырады. Оны тә­мам­даған­нан кейін, 1983-1985 жылдары Кеңес әс­кері қатарында қызмет атқарады. Кеңес әс­кері қатарында қызмет атқарып жүрген кезі­нің өзінде де КСРО тарихы мен саясатын өте жақсы, әрі тарихи тұрғыдан талдай біл­гендігін мынадай оқиғадан байқауға болады. Бір­де Ленин бөлмесіне шамамен 80-ге жуық жауынгерлерге дәріс өтіп жатқан капитан сабағына бірнеше әскери шенді адамдар кі­р­іп келеді. Олардың ішінде сол уақыт­та Одақ­қа белгілі генерал да бар еді. Генерал: «Со­вет үкіметі басшысының 1983 жылғы соң­ғы мәлімдемесін кім айтады?» деп сұрақ қойып, бәрінің назарын өзіне аударады. Ге­нерал сұрақты екінші рет қайталап қояды. Бі­рақ та Ленин бөлмесіне жиналған офи­цер­лер мен отырған бірде-бір жауынгер жауап бермеді. Үшінші рет сұрағанда қатар­да­ғы жауынгер Берекет Бақытжанұлы орны­нан тұрып, алдымен өзін таныстырып, соң­ғы қабылдаған Қаулының төрт пунктін ай­тып береді. Жауынгердің жауабына риза бол­ған генерал Берекет Бақытжанұлына әскери алғыс жариялайды. 1985 жылы әскер қатарында болып, жауынгерлік борышын өтеп келген болашақ ғалым С.М.Киров атындағы Қазақ Мем­лекет­тік университетінің тарих фа­куль­тетіне төрт пәннен емтихан тапсырып, 1-ші курс студенті атанады. Жас студент­тің та­рихшы-ғалым болып қалыптасуына уни­верситет қабырғасында дәріс берген про­фессор-оқытушы ғалымдардың септігі мол бол­ды. Сол бір студент­тік шақта тарих пә­ні­нен кіріспе дәріс өткен Ә.Хасеновке «Ағай, сіз дәріс барысында көп айт­қан «қазақ» сөзі қандай мағына береді. Ол сөз қашан пайда болған және Қазақ хандығы қашан құрылған», – деген бірнеше сұрақ қояды. Сол кез­де ұстазы: «Бұл мәселелер әлі күнге дейін тарих ғылымында толық зерт­теліп нақ­тыланбаған, сондықтан болашақ тарих­шы, ғалым болатын сендерсіңдер, оны зерт­теу сендердің үлестеріңде», – деп жауап беріп­ті. Болашақ ғалым осы сәт­тен бастап Қазақ хандығының тарихын зерт­теуді ал­ды­на мақсат етіп қояды. Студент кезінде ғы­­­­лыми ізденістер мен тарихи дерек­көз­дері­­мен жұмыс істеуі, студент­тер арасында өте­тін ғылыми конференцияларда баян­дама жасап, алдыңғы орындарды иеленуі бо­лашақ ғалымның ғылыми көзқарасы мен зерт­теу әдісін қалыптастырады. 1990 жылы «тарих және қоғамтану пән­дері­нің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік дипломмен университет­ті аяқтайды. Болашағынан үміт күткен факультет­тің про­фессор-оқытушылары оны жас маман ре­тінде тарих факультетінің Қазақ КСР та­рихы кафедрасына ассистент қызметіне алады. Сол кез­ден күні бүгінге дейін Берекет Бақытжанұлы аталмыш кафедрада оқыту­шылық қызмет атқарып келеді. Ол ассис­тент, аға оқытушы, доцент, профессор сын­ды қызмет­тік сатылардан өт­ті. 2016 жыл­дан бері университет­тегі Қазақстан та­рихы кафедрасының меңгерушісі қыз­метін атқарып келеді. Кафедрадағы алғашқы қызмет жыл­дарын­да оған ұстаздары ғылыми-зерт­теу жұмыстарымен айналысудың, диссертация та­қырыбын таңдаудың қажет екенін ескер­теді. Марқұм профессор Н.Масанов: «Егер ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихының мәселелерімен айналысатын болсаң, онда сол кезеңдердің жазба дерек­те­рін жүйелі түрде жетік білуің керек», – деп кеңес береді. Ұстазының ақылынан соң, 2-3 жыл бойына ғылыми айналымдарға түсірілген Қазақстан тарихының барлық деректерін жинап, танысады. Ғалымның ең ал­ғашқы мақаласы «XV ғ. соңы – XVI ғ. ба­сындағы Орталық Азиядағы оқиғаларға бай­ла­ныс­ты Қазақ хандығының жүргізген сырт­қы саясаты» ат­ты тақырып­пен 1993 жылы университет қабырғасында жаңадан ғана тарих сериясымен шыға бастаған «Ха­бар­шы» журналының №1 санында жарық көреді. Осы сәт­тен бастап ғалым ініміздің ғылыми мақалалары мерзімді басылымдарда жиі жариялана бастайды. Ол 1996 жылы ҰҒА академигі, профессор Б.Көмековтің ғы­лыми жетекшілігімен «XV ғ. соңы – XVI ғ. І ши­регіндегі Қазақ хандығының Мауерен­нахр мемлекет­терімен саяси қарым-қа­ты­насы» ат­ты тақырыпта кандидат­тық дис­сер­тациясын сәт­ті қорғады. 1999 жылы доцент атағына ие болады. Ал 2010 жылы ҰҒА академигі Б.Көмековтің ғылыми кеңес­шілігімен «Қазақ хандығының құрылу та­рихы» ат­ты тақырыпта докторлық дис­сер­тациясын қорғап, 2011 жылы профессор атағын алады. Б.Кәрібаев жалпы саны 700-ден астам ғы­лыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде 20 жеке монографиялық кітап­тың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазыл­ған кітаптардың, Қазақстан тарихы бойынша 4 тарихи анимациялық фильм­нің сценарийінің авторы. Берекет Кәрібаевтың өзінің докторлық диссертациясын жазуда алдына мынадай негізгі бес принципті қоюы және оны ыждаһат­ты орындауы тарих ғылымымен айналысамын деген жастарға үлгі боларлықтай жағдай. Біріншіден, қазақ хандығының құрылу тарихы Қазақстанда жазылуы керек, екіншіден, Қазақстан аза­маты жазу керек, үшіншіден, қазақ тілінде жа­зылу керек, төртіншіден, Ұлт­тық уни­вер­ситет­тің ғылыми кеңесінде қорғалып, бе­сіншіден, ұлт­тық сипаты бар белгілі бас­падан кітап болып жарыққа шығару керек.
Кезінде тарихшылар Қазақ ханды­ғының құрылған мер­зіміне қатысты түрлі болжамдар жа­са­ғаны тарихтан белгілі. Сондықтан тарихшы-ға­лым Б.Кәрібаев зерт­теушілер келтірген бол­жамдардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, оларды «неге ғылыми орта қабылдамады» деген сұраққа жауап іздеді, зерт­теді және тал­дау жасады. Алайда осы деректердің бәрі­нің нүктесін қойып, өзінің нұсқасын дәлел­деу кәсіби тарихшыға тыңғылықты дайындықты және өз көзқарасына деген батыл сенімді қажет ет­ті. Берекет­тің ұстазы Қазақстанның соңғы орта ғасырлар тарихының білікті маманы, танымал ғалым Клавдия Пищулина болатын. Ол өз кезегінде барлық болжам­дар­ды зерт­тей келе М.Х.Дулати жазып қал­дыр­ған деректерді негіз етіп алды. Берекет Бақытжанұлы әркез ғылыми кеңесшісінен қолдау алып отырды. Ғалымның дербес зерт­теулері мен дәйекті тұжырымдарынан кейін, оның ресми сарапшылары мен ғылыми орта Өзбек ұлысында ғана емес, сонымен қатар 1462 жылы өлген Есен-Бұға ханнан кейін іс жүзінде биліксіз қалып, құлдырау жағдайына ұшыраған Моғолстанда да, әсіресе Жетісуда болған оқиғалардың барысын ескере отырып, сондай-ақ қазақтың іс жүзінде қалыптасқан Ұлы жүзінің жергілікті рулары мен тайпаларының Жәнібек пен Керейге қолдау көрсеткенін ескеріп, Қазақ хандығының құрылуының Мұхаммед Хайдар Дулати айт­қан хижра бойынша 870 жыл, біздің жыл санауымыз бойынша 1465-1466 жылдар деген мерзімге әбден келіседі.
Ел басшылығы осы дерекке сүйене отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы шешімге келді. Берекет Бақытжанұлы 1998 жылы «Еге­мен Қазақстан» газетінің тапсырысымен Қа­зақ тарихындағы Керей хан, Жәнібек хан, Бұ­рындық хан, Қасым хан және т.б. жеке та­рихи тұлғаларға байланысты сериялы жа­рияланымдар жариялады. Сөйтіп, 1998 жыл­дың аяғында «Егемен Қазақстан» газе­тінің тарихшылар арасында тұңғыш лау­реа­т атанды. 2015 жылы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» алтын ме­далімен және «2015 жылғы ЖОО үздік оқы­тушысы» медалімен марапат­талды. 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапат­талды. Сонымен бірге «Жалаңтөс батыр», «Бұхарбай батыр» және тағы басқа оншақты медал­дары­ның иегері. Б.Кәрібаев 2015 жылы Қа­зақ хандығының 550 жылдығының мере­кесін дайындау және өткізу жөнінде құрыл­ған үкіметаралық комиссияның құ­ра­мында жұ­мыс істеді. 2017-2019 әл-Фа­раби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы «та­рих», «ар­хео­логия және этнология» және «түр­коло­гия» ма­мандықтары бойынша философия док­торы (PhD) ғылыми дәрежесін беретін ғы­лыми кеңестің төрағасы, ал 2018-2020 жыл­дары Ұлт­тық ғылыми кеңестің мүшесі бо­лып істеді. Б.Кәрібаев 100-ден астам халық­аралық және республикалық ғылыми кон­ференцияларға қатысып, онда XIII-XVIII ға­сырдағы Қазақстан тарихының этника­лық, саяси, мемлекет­тілік тарихы мәселе­лері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жө­нін­де баяндамалар жасады. Ғалым тек Қазақ хандығының құ­рылу тарихын зерт­теумен шектеліп қал­ған жоқ, оның зерт­теу диапазоны ауқымды. Ол ХІІІ-ХVIII ғасырлар аралығын қамтитын, зерт­теуді қажет ететін өзекті мә­селелермен айналысуда, атап айтсақ Ал­тын Орда дәуіріндегі саяси, этникалық, жеке тұлғалар тарихы, XIV-XV ғғ. Қазақстан ау­мағындағы мемлекет­тік құрылымдар тари­хы, Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі тарихы, XV-XVIII ғғ. қазақ тари­хының мәселелері, қазақ этногенезі мен «қазақ» этнонимінің мәселелері, Қазақстан аума­ғындағы мем­ле­кет­тілік тарихы. Берекет Бақытжанұлының зерт­теуінен туындаған еңбектердің көлемі мол, мазмұны терең әрі өзекті. Оның зерт­теулері нәтижесінде дү­ниеге келген ғылыми мұрасы саналатын ең­бектері – қазақ тарихындағы құнды еңбек­тер.
Берекет Бақытжанұлы табанды­лықпен, мақсаткерлікпен еңбек етуі нәтижесінде алпыс жылдық мерейтойын ірі ғалым, ұлағат­ты ұстаз, Ұлт­тық Ғылым Академия­сы­ның академигі және шын мәніндегі ел ағасы ретінде қарсы алып отыр.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрмет­ті академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір