АШАРШЫЛЫҚТЫ ЗЕРТтЕУ ТЕК СТАТИСТИКАДАН ТҰРМАЙДЫ
Газетіміздің өткен аптадағы санында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Советтік гегемония. Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты «Алқа» отырысын өткізген болатынбыз. Сала мамандары өз пайымдары бойынша ашаршылықтың ұлтымызға тигізген алапат зардабын және оны зерттеудің заманауи әдістемелерін ұсынған еді. Газетіміздің поштасына Alikhan Bokeikhan University «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы Еркін РАХМЕТУЛЛИННЕН осы тақырыпқа байланысты пікір келіп түсті. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. 
Отандық тарихнамада ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси өзгерістер мен аграрлық реформалар егжей-тегжейлі зерттелген мәселелердің санатында екенін баса айтқанымыз жөн. Әсіресе «Қайта құру» кезеңі мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ХХ ғасыр тарихының «ақтаңдақ» парақтарын зерделеу қарқынды түрде жүргізілді. Соңғы отыз жыл көлемінде қазақ даласын жайлаған алапат ашаршылық тақырыбында іргелі зерттеу еңбектері жазылды, ғылыми диссертациялар қорғалды, яғни күні бүгінге дейін жеткілікті деректер қоры қалыптасты. Ашаршылық қасіретінің себебі мен салдарын айқындау тұрғысында жүйелі жұмыстар атқарылды. Бірақ бұл аталған мәселені толық зерттеліп бітті дегенді білдірмесе керек.
ХХ ғасыр тарихын зерттеушілердің алдында тұрған ендігі міндет – ұжымдастыру кезеңінің картинасын жаңа әдістемелік ұстанымдар арқылы зерделеу, архив құжаттарына жаңаша пайымдаулар жасауы қажет. Мәселен, қазақ даласындағы 1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылықтың «геноцидтік», «этноцидтік» сипатын ғылыми тұрғыда дәйектеп, халықаралық басылымдарда жариялау, осы ұстанымдардың әлемдік ғылыми қауымдастықта берік орнықтыру – бүгінгі жас тарихшылардың мойнына жүктелген миссия деп айтар едім. Әрине, ашаршылық мәселесін егжей-тегжейлі зерттеген марқұм Талас Омарбеков, Қайдар Алдажұманов, Жұлдызбек Абылхожин сынды көрнекті тарихшы-ғалымдарымыз бұл қасіреттің бүтіндей қазақ ұлтына жасалған қастандық екенін әлдеқашан құжаттық деректер негізінде дәлелдеп қойған. Ал жаңа заман тарихшылары осы көзқарасты одан әрі тереңдете зерделеп, шетелдік аудиторияда кеңінен танытуы керек.
Сонымен қатар Қазақстандағы ұжымдастыру науқаны және оның салдарынан туындаған ашаршылық, қазақтардың шекара асып босып кетуіне қатысты статистикалық деректер әлі де нақты емес. Жаңа құжаттардың табылуына байланысты бұл статистика әрқашанда өзгеріске ұшырап отыратыны анық. Екіншіден, босқындардың жеке деректерін анықтау мүмкін болмай отыр. Осы мәселе тұрғысында да біршама ізденістер қажет екендігі анық.
Үшіншіден, ашаршылық ақиқатын ашуда батыстық ғалымдардың жаңа зерттеу әдістерін қолдану қажет-ақ. Мысалы, сол жылдары балалардың туу көрсеткіші қандай деңгейде болды, тіпті жаңа туған балалардың саны, салмағы қандай болды деген сияқты мәселелердің өзімен-ақ біршама жағдайлардың бетін ашуға болар еді.
Әрине, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы мәселелерді зерделеп жүрген соң, отандық зерттеушілерден бөлек, шетелдік ғалымдардың да еңбектерін үнемі назарда ұстаймыз. Мысалы, Стивен Уиткрофт, Марта Брилл Олкотт, Роберт Девис, Роберт Киндлер, Изабель Огайон, Никола Пианчиола сынды ғалымдардың еңбектері ашаршылық мәселесін батыстық ғылыми ортада кеңінен таныстыруға мейлінше үлес қосты. Жоғарыда есімдері аталған шетелдік ғалымдардың зерттеулерінде бірқатар методологиялық артықшылықтарымен қатар, қазақ тіліндегі деректерді пайдалану көсеткіші төмен екенін айтар едім. Мысалы, ашаршылық тақырыбын қазақ қоғамын жете танымай, тек архив құжаттарына ғана сүйеніп алып шығу біржақты көзқарас болып қалары сөзсіз. Әсіресе ашаршылыққа қатысты ең маңызды деректер – сол жылдардағы куәгерлердің естеліктері. Шетелдік авторлар осы естеліктерге терең бойласа, қазақ халқының қасіретін, жанын түсінер еді.
Әрине, шетелдік авторлардың ішінде ашаршылық қасіретін зерделеуде көзқарас тұрғысынан қазақ ғалымдарының ұстанымдарына жақын келетін Изабель Огайонның зерттеулері қазақ аудиториясына етене жақын деп айтар едім. Ең алдымен, автор еңбегінің орыс және қазақ тіліне аударылуы – зерттеудің маңыздылығының бір қыры болса керек.
Алапат ашаршылықтың себебін, салдарын тарихымызға өшпестей жазып қалдыруымыз керек. Бұл тек зерттеуден ғана тұрмауы тиіс. Мәселен, көпшілік қауымға түсіндіру, насихаттау, санасына сіңіру үшін көркем шығармалар мен деректі және көркем фильмдерді жиі түсіруіміз керек. Ашаршылықтан сабақ алу тек қана статистикадан тұрмайды. Ел арасында сол кезеңнің алапат картинасын суреттейтін естеліктер мен деректер жетерлік. Тіпті бір адамның өмірі арқылы өрілетін сюжеттер де баршылық. Осы мәселелерді жас ұрпаққа сіңіру ой еңбегімен айналысатын қаламгерлердің міндеті дер едім. Аталған мәселе бойынша көптеген көркем, ғылыми шығармалар мен фильмдер жетерлік. Бірақ жас ұрпаққа насихаттау, бала санасына жеткізу үшін креативті идеялар мен жаңа қадамдар қажет-ақ.