«ТАЛАС» ТАЛҚЫСЫ
24.11.2025
46
0

Қараша айының 1-4 аралығында Түркияның Каппадокия аймағындағы Эрджиес тауының етегіндегі тарихи Кайсері қаласында түріктілдес 14 мемлекеттен елуден астам қаламгер бас қосқан жиын өтті. Түріктілдес әр мемлекеттің әдебиетін жеке дария десек, олардың арнасы Талас ауданында бір сағада қосылып, теңіздей толқыды.

Атауы Рим дәуірінен тамыр тартқан, гректің «кесардың қаласы» деген мағынасына ие Кайсери қаласы Түркияның Анатолия өңірінде орналасқан. Шартараптан шайырларды жинаған шаһар шыңында мәңгі ерімес мұз жатқан қарт Эрд­жиес тауының етегіне еркін жайғасқан екен.
Эрджиес тауы атауының бір ұшы түркі тілдеріне келіп тіреледі. Мұнда «эр» — батыр, ер адам дегенді білдірсе, ал «жиес» немесе «кйес» — биік, шың деген мағынада. Аңыздарда таудың биік шыңында батырлар жаттығып, ерлік сынақтарынан өткен деп айтылады. Сондықтан бұл Түркияның теңіз деңгейінен 3917 метр биіктікте орналасқан бесінші географиялық биік нүктесі ғана емес, түркі халықтарының мифологиялық ойында ерлік, күш-қуат символы, жергілікті халық үшін айрықша маңызды әрі қасиетті орын есептеледі.
Түркияның Мәдениет және Туризм министрлігі және TİKA қорының қолдауымен Талас ауданы әкімдігі ұйымдастырған Түрік әлемі ақын-жазушыларының «Талас» кездесуі төрт күндік мәдени-әдеби мерекеге ұласып, гала концертпен аяқталды. Алғашқы күні-ақ келелі шараға төрткүл дүниеден – Македония мен Косово, Әзербайжан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресей, сондай-ақ Башқұртстан, Татарстан, Шығыс Түркістан, Молдованың Гагаузиясынан, Иранның Киркугі мен Туркменшахрынан жыр жалауын желбіретіп жеткен қонақтар ескі таныстай бір-бірімен шұрқырасып, селдей есе жөнелгені көңілге қуаныш сыйлады.
Қазақстандық делегацияны мемлекет және қоғам қайраткері, бауырлас халықтарды біріктіруге, тұтас түркі әлемінің рухани ұлыстығын нығайтуға теңіздей тер төккен бірегей тұлға Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов бастап барды. Делегация құрамында Абайдың 180 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бас жүлдегері, ақын Ұмтыл Зарыққан мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Алмаз Мырзахмет те болды.
Төрткүндік мазмұнды бағдарлама аясында қазақстандық делегация бірнеше ғылыми конференция мен мәдениет орталығының ашылуында сөз сөйлеп, әдеби кештерде өлең оқып, Хидайет Айдоган атындағы әлеуметтік ғылымдар лицейіндегі Мағжан Жұмабаевқа арналған жыр кешінде басты қонақ болды.
Қорытынды кеште сөз сөйлеген Талас ауданының әкімі Мұстафа Ялчын түрік әлемін бір арнаға тоғыстырған ерекше кездесудің маңыздылығына назар аудара келе: «Біздің көкжиегімізді кеңейткен, жүректердегі жыр бұлақтарының көзін ашқан, Түрік әлемін нұрландыру үшін қаламызға алыс жолдан келген барша ақындар мен жазушыларға, ойшылдарға алғыс білдіремін!» – деді.
«Талас» жиыны қорытындысы күні қазақстандық қос қаламгер жазушы-зертеуші «Ахмет Кабакли» атындағы төсбелгі иесі атанды.
Іс-шаралар аясында Түрік дүниесінің мәдени көшбасшысы әрі алтынкөпірі Дүйсен Қорабайұлын Кайсери қаласының мэрі Гөкмен Шешек арнайы қабылдап, руханият, мәдениеттер тоғысы туралы әңгімелесті. Өз кезегінде абыз ақсақал әкімнің иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, алдағы уақытта тамыры бір елдер арасындағы байланысты одан әрі күшейте беру керектігін жеткізді.
Кайсери қаласында селдей көшіп, теңіздей толқыған түрік тілдес қаламгерлер бір-бірімен қимай қоштасып, бірге өткізген жақсы күндер жүректерге алау бергенін, елге жеткен соң соның жалынына ұзақ қарап, естеліктермен жылынатынын айтып тарқасты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір