ҰЛТ­ТЫҚ ТАРИХ пен ҰРПАҚ АЛДЫНДА АРЫМЫЗ ТАЗА БОЛСЫН
12.03.2024
377
0

(«Ақтабан шұбырынды» оқиғасының ақиқаты)

Қазақ тарихындағы ең бір қаралы кезең «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын өткен жылы Қазақ­стан жұртшылығы бір жыл бойы жетім қыздың тойындай етіп шала-шарпы атап өт­ті. Тарихшы деген атымыз бар, азды-көпті тарихи ғылымға сіңірген еңбегіміз бар болған соң, сол кемшін көріністерді көзімізбен көргесін үн шығармай қала алмадық. Өз басым ұлт­тық қасірет болған «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының 300 жылдығына 10 ай, 8 ай, 6 ай, 3 ай… қалды деп 2022 жылы дабыл қағып едім, алайда ешқандай баспасөз «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты бірде-бір мақаламды жарыққа шығармады. Неге олай болғанын аздап түсінсек те, түсінбеген болдық. Енді, міне, ұлт­тық тарихымыздың сол кезеңі хақында жарияланған мақалаларға тарихшы-ғалым ретінде біз де пікір айтып, үн қосайық, сол мақалалардың ала-құла тұстары болса соны да айтайық деген ойға келдік.

Ақиқат­ты айт­қанның айыбы жоқ, біз тәуелсіз ел болғалы 33 жылға аяқ бассақ та, қанымызға тереңірек сіңіп кет­ті ме қайдам, әйтеуір бұрынғы құлдық психологиядан әлі де толықтай арыла алмай жүргеніміз ара-тұра көзге от­тай басылатыны рас. Пендеміз ғой, кейде сондай жайт­тарды көргенде біздің тарих ғылымының «жетіп, өсіп болғаны осы болса жетіскен екенбіз» дей жаздайтынымыз да бар. Өйткені соншама академиктеріміз бен докторларымыз бар болса да, Қазақ тарихының кейбір салалары баяғы таз қалпында қалып жатыр десек, артық айт­қандық болмас еді. «Диплом – білім емес, диссертация – ғылым емес, доктор – ғалым емес» деген Қазақ­станда соңғы жылдары шыққан қанат­ты сөздердің шындыққа дәл келетіні айдан анық болып келеді ме деп те қорқамыз.
Әңгіменің турасына көшсек, Қазақ елінің басындағы «Ақтабанды шұбырынды» ат­ты тарихи ауыр жылдар туралы ақиқат­ты әлі де айта алмай келеміз, яғни орыстар жазып берген жалған тарихты 32 жыл егемендік жағдайдың өзінде со күйінде жалықпай қайталап жүрміз. Аллаға шүкір, ғалымдарымыз жетіп- артылады. Тіпті докторлар мен академиктердің көптігінен Қазақ­стан алғашқы орын алатынын ескерсек, кешірілмейтін жағдайлар өте көп екені шындық.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы ағамыз Б.Нұржекеұлының мақаласы өткен жылы басылды. Б.Нұржекеұлынан басқа да атақты докторлар мен академиктер аталған тақырып бойынша мақалалар жариялады. М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Б.Кәрібаев. Қ.Әбдезұлы, Д.Мәсімханұлы және басқа бір топ азамат конференция өткізді және мақалалар жариялады. «Алматы ақшамы» және «Қазақ университеті» газет­терінде олардың баяндамалары мен тұжырымдары жарық көрді. Шындығын айтар болсақ, сол конференциялар мен мақалаларда айтылғанның көпшілігі әдет­тегі жалпылама сөздердің деңгейінде.
Мысалы, Б.Кәрібаевтың «Аласапыран жылдар ақиқаты» ат­ты мақаласы «Алматы ақшамы» газетінің екі санында жарық көрді (143-144 сандары, 30 қараша және 2 желтоқсан 2023). Бұл мақалада алдымен көзімізге от­тай басылғаны – Шоқанның атымен жарық көріп, әлі күнге шейін қазақ елін шатастырып келе жатқан «Абылай» ат­ты мақаладан сілтеме алғаны. Автордың Шоқанға сүйенгені бізді қуант­ты, алайда аталған мақала Шоқандікі емес, Левшиндікі екенін әлде білмегені, әлде ескермегені – аса өкінішті жағдай… Енді былай, сол «Абылай» ат­ты мақаланың бірде-бір оқиғасы тарихи шындыққа дәл келмейді. Ол – қазақтардың тарихын бұрмалап арандату үшін Левшиннің тапсырыспен жазған мақаласы. Оның көп сөйлемдері «История Киргиз кайсаков…» кітабында жазғандарының кейбір көшірмесін және көптеген ақылға сыймайтын жайтты жазып, қазақ Шоқанның атынан жариялаған… Ол сонымен қатар Қазақ елін бір алдағанымен қоймай, ғалым Шоқанды да Қазақ интеллигенциясына құбыжық етіп көрсет­ті. Сондықтан ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің зиялылары шын аты Мұхаммед Қанафия – Шоқан туралы ешқандай лебіз қалдырмады… Сондай-ақ Шоқанның өзі жазған мақалалары көп жағдайда әлгі мақаладағы фантазияларға қарсы келеді. Ал Левшиннің сол мақаласы қазақ тарихын бұрмалау жағынан өз миссиясын артығымен орындады. Оған дәлел – Б.Кәрібаевтың осы мақаласы, яғни әлі күнге дейін Қазақ тарихымен нәпақа тауып жүрген тарихшылардың негізгі қайнар бұлағы болып келе жатыр. Осы сілтемеде Қалдан Серен және оның Қазақ жеріне басып кіргені айтылады. Ал ол кез­де Қалдан Серен әлі қоңтайшы болған жоқ еді. «Абылай ғасыры» деп атау және басқа шындыққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын дөрекі қопалдықтар сол Левшиннің жазбасында лықылдап толып тұр. Алайда Шоқанның жазғандары оған қайшы келетінін тағы бір рет айтып ескертуге міндет­тіміз. Мысалы, «Б.Кәрібаев алған сілтемеде Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрт­тар тұс-тұстан олардың ұлыстарына ойран салды» деген сөйлемдер осы мақаланы Шоқан жазбағанын анау башқұрт­тар деген бір-ақ сөз айқын дәлелдеп тұр…
Берекет Кәрібаевтың мақаласындағы «Оқиғаның алғышарт­тары, себеп салдары мен сабақ» деген тарауы көзімізге тағы да от­тай басылып еді, әт­тең қарнымыз ашып, көңіліміз су сепкендей басылды. Егер қысқаша айтсақ, «Ақтабан шұбырындының» негізгі алғышарт­тары – 1720 жылға шейін Шығыс Қазақ­станда Ертіс бойы өңіріне орыстар крепостарын құрып, Өскеменге шейін кіріп алғаны, соларға арқа сүйеген жоңғарлар Жетісу (қазіргі Алматы облысы) және Қырғызстанның үлкен бөлігін иеленіп алғаны. Олар Левшин жазғандай, «Ақтабан шұбырындыны» бастау үшін Жоңғариядан келген жоқ. Демек, Қазақ­станның ішінде отырып шабуыл жасады.
Бексұлтан Нұржекеұлы және Қ.Әбдезұлы И.Унковскийден жоңғарлардың Ташкент, Сайрам, Қарамұрт қалаларын алғанына сілтеме беріпті. Әт­тең, сол кітапты жөндеп қараса, алатын аса құнды мәлімет­тер жетерлік-ау… Жалпы қорыта айтсақ:
1. Біздің жоғарыдағы «ғалымдар» ойлағандай Жоңғарлар ол кез­де Шығыстан келген жоқ. Олар 1720 жылға шейін Ертіс бойы Қазіргі Алматы облысы мен Қырғызстанның көп жеріне қоныстанып алған еді. Ал Өскеменғе дейінгі Ертіс бойындағы қазіргі Қазақ­станның Шығыс бөлігін орыстар мен жоңғарлар иеленіп алған болатын;
2. Жоңғарлар қазіргі Алматы облысында қоныстанып отырып-ақ қыста қазаққа қарсы шабуылдар жасаған болатын… Сондай ақ «И.Унковскийдің кітабынан Ресей мен жоңғарлардың керемет достығын және олардың қазаққа жасаған неше түрлі қастандығын қалайша көрмейсіз», деп мақала жазғанмын.
Жалпы, жоғарыда көрсетілген мақалалар мен баяндамаларда қазақ даласына нағыз «Ақтабан шұбырындыны» Ресей жасағаны туралы бір сөз айтылмайды. Бұл біздің тарих ғылымының шерменделігін, әлі де шынайы тарих алыста қалғанын көрсетеді.
3. Қ.Әбдезұлының мақаласында («Алматы ақшамы» 14.12.2023)…
«Ақтабан шұбырындыда» Үш жүздің қазағы Орталық Азияға қарай ауып көшкенде…», – деп Левшиннің Шоқанның атымен жариялаған мақаласындағы сөйлемдерді қайталап шығыпты. Левшиннің мұндай сандырағын, яғни осы сілтемені талай тарихшысымақтар әлі күнге дейін пайдаланып жүр. Осылайша, біреудің қисынсыз жазған жаласын шындай көреміз. Ал Батыс Қазақ­станның халқы «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған жоқ. Қаптап келе жатқан орыс әскерлері мен қалмақ әскерлерін Әбілқайырдың басшылығымен Еділден асырып қуды;
4. Ал «Ақтабан шұбырынды» оқи­ғасының алғышарт­тары туралы айтсақ, Ресейдің қолшоқпары болған Қайып хан туралы тарихшыларымыз бір ауыз лебізсіз келе жатыр. Біздің байқауымызша, дәл осылай, яғни тарихшылар ретінде біз айтып отырған ескертпелер ескерілмеген күйінде жеті томдық Қазақ тарихында жарық көретін сияқты. Қайып хан 1715-1718 жылдары орыстарды Ертіс бойына қоныстандырды. Сол сатқындығы үшін оны қазақтар Түркістанда өлім жазасына бұйырған еді. Әрине, қылмыскерді өлім жазасына бұйыру – тек Билер кеңесінің, яғни Билер институтының ғана ісі екенін ұмытпасақ, Төле би мен Қазыбек бидің тікелей басшылығы мен Қайып қылмыскерді Түркістанда өлтірген еді.
Өз басым Қайып хан мен І Петрдің байланысы туралы сонау 1984 жылы академик Ә.Марғұланның басшылығымен зерт­теу жасаған едім. Қайып хан барлық хат­ында Ертіс аймағына орыстарға қамалдар салуға рұқсат бергені аз болғандай, Ресейдің досы Жоңғарға қарсы соғысқа әскер сұрайды. Салыстырып қарасақ, дәл сол кез­дегі Әбілқайыр хан Ресей басшыларына жазған хат­тарында: «…Тыныштық орнатайық, қазақ еліне казачьи отрядтардың шабуылын тоқтатыңыз», – деп өтініш жазған болатын.
Сонда қалай, Қайып хан орыс пен жоңғар арасындағы қазаққа қарсы коалициялық мықты қатынас барын білмегені ме? Білсе де хан болып отыру үшін мемлекет мүддесінен гөрі қара басының қамын ойлаған адам екені осыдан-ақ белгілі емес пе? Ол қазақтың ата жауы Ресейден барлық хатында әскер сұрағаны қай сасқаны…
Қазақ тарихында орыстарға арқа сүйеп қазаққа хан болуға тырысқандар Қайып, Барақ және Абылай (яғни үш адам) болғаны – тарихи шындық. Бұларды орыс тіліндегі атауымен айтсақ, «ханы самозванцы» деп атайды. Әрине, Барақтың қолы хандыққа жетпеді. Оны өлтірген адамдарды Төле би құптады және қолдады… Ал Абылай өлімнен, яғни Орта жүз қазақтарының жазасынан оңтүстікке қашып құтылды. Бәрібір ұзаққа бармады, сарт­тардың қолынан жараланып, сонда қайтыс болды. Ең болмаса, Оңтүстіктің қазақтары оны қолдағанда, әрине, сарт­тар Абылайға тиісе алмас еді… Бірақ оны олар да қолдаған жоқ.
Қорыта айт­қанда, жоғарыда көрсеткеніміздей «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты мақалалардың ешқайсысы сын көтермейтін, бірінің айт­қанын екіншісі қайталайтын, яғни бұрынғы көне сарынмен жазылған дүниелер. Ал қазақ баспасөзінде соңғы 33 жылға жуық тәуелсіздік кезінде «Ақтабан шұбырынды» туралы ақиқат туын көгімізге көтерген бірде-бір мақала жарық көрмегені өзекті өртеуде. Қазақ­станның тарих ғылымы докторлары көп болса да көрші елдермен салыстырғанда арт­та қалғанын мойындауымыз керек. Бұл ауруды 32 жыл егемендіктің өзі қаншама қаражат шығарса да емдей алмай келеді. «Ауру қалса да әдет қалмас» деген осы шығар… Біздің үкімет тарихымызды жөндеуге миллиард­таған қаражат бөлді. Әрине, оның қызығын талай тарихшылар көрді, талай тарихшыларға нәпақа болды. Алайда тарихымыздың кейбір салалары таз қалпында қалып жатқаны жүректі сыздатады.
Біз қазір өз қолы өз аузына жеткен арқалы азамат сияқты тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымыздың көптеген саласындағы ақтаңдақтарды жабатын уақыт жет­ті… Олар Қазақ мемлекетінің (хандығының) тарихы және орыс қазақ қатынасының көпсалалы тарихтары сол орыстар жазып берген күйде жатыр. ХVІІІ ғасыр хандарының әрқайсысын өзіне тиесілі орындарына қоюымыз керек. Ең болмаса, жеті томдық тарихымызды ойдағыдай етіп шығарса дұрыс болар еді. Сонда бүгінгі де, ертеңгі де қазақ ұрпағы алдында, ұлт­тық тарих алдында арымыз да таза болады.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір